Наурыз! Жыл басы. Наурызды тойлау бізде жақсы үрдіс ала бастап еді, Кеңес дәуірінде ұмыт қалған осы мейрам жалпыхалықтық той ретінде Тәуелсіздік алған елімізде жаңа сипатпен мерекеленетін дәстүр енген. Әрине, ниет түзу, қазір де Наурыз келгенде бір дүрлігеміз. Несін жасырамыз, бірақ осы мейрам бүгінде аяқастылау болып барады. Наурыз тойын кім қалай, қай кезде өткізем десе өз еркіне айналып, біреу ерте, біреу кеш, үздік-создық тойлайтын болды. Рас, ауа райына да байланысты шығар, бірақ Наурыз тойы киіз үй тігіп, тек сол күні ұлттық киім киюімізбен, әндеткенімізбен, қазан-қазан көже пісіргенімізбен қызық па? Осылай жасап, бір ізді Наурыз тойын атағаннан да біз Наурыздың қадірін білмей жүрміз, мәні түсіп кеткенін байқай бермейміз. Бұлай атап өтуіміз, көктем мейрамының қадірін кетіруіміз есті халықтың мінезіне жараспайтын қылық. Әйтпесе, Наурыз тойы апталап, айлап тойланады деген рет жоқ, бұрын-соңды ондай ғұрып болмаған. Енді былайғы жерде осыны әдетке айналдырсақ – мазаққа ұшырармыз. Бұл – жараспайтын іс! Содан кейін, Наурыз мұсылмандар ғана атап өтетін мейрам деу қате, Наурыз Шығыс халықтарының жаңа жылды қарсы алу тойы – төл басы – көктем тойы, демек, халықтық той! Осы реттен Наурыз тойы белгілі бір күнде 22 Наурыз күні тойлануы керек. Және бір айта кетерлік жәйт, республика жұрты Жаңа жыл тойымен шатасып болды. Бүгінде бізде баяғыша 1 қаңтар календарь бойынша Жаңа жыл болып есептеледі — үлкен той! Дүбірлетіп өткізіп жүрміз. Сонда Наурыз қай жаңа жыл? Қазақтардың жаңа жылы ма? Халық қай календармен жүруі керек? Осының ара-жігін ашатын кез жетті.
2. Жыл сайынғы он төртінші ақпан “Махаббат күні” — “Қасиетті Валентин күні” делінеді, католиктер мейрамы. Ертеде бұл күні Еуропа елдерінде ғашықтар бір-біріне гүл, түрлі бағалы сыйлықтар сыйлайды екен. Жасы да, кәрісі де. Еш әбестігі жоқ, жақсы дәстүр. Гүл ұсыну, түрлі сыйлықтар беруге қарсы болмағанымызбен, дәл осы күні біздің ағайындардың желігуі жөн бе? Әр ұлт-ұлыстың өз дәстүрі, салты, ғұрпы бар, оған ешкім де қарсылық жасамайды, дамысын, өрбісе игі. Бірақ “Қасиетті Валентин” күніне қазақтың жасының да, жасамысының да елігуі ерсі жәйт. Біреудің атына мінгесе кету қай мәдениетке жатады, ойласайық, ағайын! Енді бізге АҚШ-тағы “Хелоуин” тойы да келіп жетті. Жылда 31 қазан күні жастарымыз бастарына әзірейілдей көрінетін қорқынышты маска киіп, беттерін бояп, үстеріне әлем-жәлем бір пәле киім киіп алып, сарнайтынды шығарды. Бұл не ғажап? Текті жұрттың тектілік мінезі қайда? Мерекенің де мерекесі бар, абайлайық!
3. Жүрек тітіркенетін хабар — “адам сатылады” деген хабарды есту. Қазаққа жат сөз. Бүгінде осындай сөздер жиі айтылып, жиі жазылады. Әсіресе балалар жайында осындай сөзді естігенде тұла-бой түршігеді. Бұл не сөз? Қандай сауда?
Шет ел бізден бала асырап алып кетіп жатыр дегенге де қосылмаймын. Баланы шет ел азаматтарына асырап алуға беру деген сөз кісінің басына сыймайтын сөз! Аш болайық, тоқ болайық, сыртқа бала беру — қылмыс! Кешірілмейтін күнә! Қазақ топырағында дүниеге келген сәби қазақ жерінде өсіп-өнсін, қалған несібесі өзіне байланысты, тағдыры біледі. Біздің мемлекет осы жайға қатты назар аударуы керек, адам құқын қорғайтын заң осы тұста қатаң жұмыс істемесе, көп нәрседен ұтыламыз. Бұл жағынан араб елдерінен үйренер тәлім көп, мұсылмандықтың бір парызы – ұлды ұяға, қызды қияға қондыру! Туған жер, алтын бесікте тербетіліп өскен сәби — төл Перзент! “Өзіңнен тумай ұл болмайды” деген сөз рас сөз!
4. Неге қылмыс көбейіп барады? Қылмыс қай жерде де жетеді. Ресейдің “Зона” дейтін көп сериялы (50 серия) фильмі қылмыстың небір сырын әшкере еткен. Өкінішке орай, “Қазақфильм” мұндай сюжетке баруды әлі ойластыра алмай жүр. Тақырып ауқымы кең, тәлімі орасан. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену керек. Біздегі студияда балама жоқ, бәсеке болмаған жерде өсу болмайды, ізденіс аз. Өнер осындайдан ақсайды. Сымбатты өнер жоқта, мағыналы тірлік кемшін.
5. Ауыл! Әркімнің туған ауылы бар. Ауыл қандай ыстық! Бұл жай еміренген сөз емес, ауыл есіме түссе еміренемін. Кімнің де кіндік кесіп, кір жуған өңірі өзіне ғана тәтті, басы жұмыр пенде сол Ауылын өмір бақи аңсап, бар сағынышын Ауылына арнап өтетініне сенемін. Туған жер қымбат!
Әттең, сол Ауыл бүгіндері жоқ. Жер-суы қалпында болғанымен, ажары мүлдем бөлек, табиғаты өзгерген, бұрынғыдай ыстық тартпайды. Неге деп жүруші едім — бақсам, бәрі өзгеріп кетіпті. Салт-дәстүр басқаша, адамдарын танымайсың, ұрпақ ауысқан…
Жер-суы деймін, жер-суы да өзгерген. Көп көл тартылған, бұрынғыдай қамыс-құрақ жоқ, шабындықтар орны қу тақыр, тіпті өзендерге дейін арнасын бұрған. Бұл ненің салдары — ойлап-ойлап тапқаным, бәрі кешегі социализм тұсындағы аста-төк техниканың әсері-ау деймін, бұрынғы жалғыз аяқ жолға шейін бұзылған ғой, айқыш-ұйқыш қазып тастаған алып К700-дің іздері — жер бейне бір жаралы жандай ойдым-ойдым шұқырақ сай. Енді бәрі тым-тырыс, Жер-Ана өзін-өзі емдеп жатқандай… Алаңдайтыным, көп жер жекенің қолына өткен... Бірақ, иесі көрінбейді.
Ауылдың сәні бауырмал адамдарында екен ғой! Сол адамдары бүгін сиреген, дүниеден өтіп кеткендері қаншама? Мәселен, менің ескі ауылымда шамалы ғана жұрт отыр. Ауылға бір барғанымда, қонағасылық ас үшін мал бауыздайтын кісі табылмады. Таңданасың, қатар отырған екі үй шақырмаса біріне-бірі кірмейді. О, ғажап!
Ауылды көтеруге үндеу тастап жатырмыз, бірақ мынандай жағдайда ауыл қалай көтерілер? Әр қырқаның астындағы аз елді қоныстар ауыл болып та жарытпас, түбі, мәселе қиындайды. Ауыл ендігі жерде түске кіретін болмаса қайтсін, әр жүректе бір елес…
6. Бизнес жайлы көп айтып, көп жазамыз. Бірақ осы “бизнес” деген сөздің мәніне назар аудардық па? Күмәнім бар — көбіміз дөп басып, дәл жауабын айта алуымыз екі талай. Неге? Әліппесін білмеген ілім қашан да ұстатпайды, суда шоршыған балықтай қолдан шығып, уыста тұрмас. Осы себепті де алдымен сөздің мәнін, астарын аңғарсақ жаман болмас еді. Ол үшін, әрине, оқулыққа үңілу артық емес. Бұл ретте алдымен бізде төл қазақ бизнесін зерттеген әлі ғылым жоқ. Ғылымы болмағасын, ғалымы да бола бермейтіні және белгілі. Не істеу керек? Амалсыз басқа ел, әсіресе шет ел тәжірибесіне үңілуіміз керек шығар. Мұның өзінде дамыған елдер тәжірибесіне назар аудармасақ болмайды. Ресейдің өзі осылай істеп отыр. Мәселен, Санкт-Петербургтегі “Нева” баспа үйі осы бизнес оқулығын шығарумен айналысады, соның өзінде төл бизнес әліппесі дейтіндей кітап шығара алмай, бұлар да көбіне аударма әдебиет шығарып жүр. Демек, бизнес деген тың сала, біз әлгі кеңес дәуірінде алабағанның ар жағындағы заттың бәрі құбыжық деп жүргенде Батыс бизнес саласында көп ілгері кетіпті де, коммунизмге өтіп бара жатқан КСРО, оның құрамындағы одақтас республикалар бұл шаруашылықтан ада болып қалыпты. Кеше елге нарық еріксіз кіргенде абдырап қалғанымыз осы себептен. Ал енді жекешелене бастағанымызда мүлдем састық. Фабрика-зауыттарды иемденген жұрт не істерін білмей, өзінен-өзі қуыстанып жүріп, басқару жүйесінің жібін босатып алып, абдырап қалды. Неге бұлай болды? Психологиялық дайындық жағымыз кемшін екен, бәрі ұжымдық сүйеу балдаққа үйренген, біреуге қараушылық, қарашылдық, ортақ қазанға қарап машықтанған мамандарымыз жеке ойлау дегенді білмейтін боп шықты.
Басты мін – бизнес оқулықтарын шығаруға әлі машықтанған жоқпыз. Бізге ағылшын Уэйн Монди, Роберт М.Ноу, Шейн Р.Премоның еңбектері әлі жетпей жатыр. Доктор Джуди Бэнди, Мартэн Ламанский, Кендру Ингрэм, Сью Вэзерби, Лили Сучэнди, Дикран Джебей, Стэн Мэлос, Ричард Барлетт, Энн Филдер, Паула Сильва сияқты бизнес саласының майын шағып беретін білгір кәсіпкер мамандардың жұмыстарымен таныс емеспіз. Сондықтан да бизнес бізде көбіне әркімнің өз білуімен жүргізіліп жүр, бұл әдетте әлемдік стандартқа дөп келе бермейді, ақсап жататынымыз осы реттен. Мақсатқа жету үшін арнайы оқу орындарын ашпасақ болмайды. Кадрларымызды жетілдірмесек іс алға жылжымайды. Бұдан соң бизнес саласында оқулықтар шығаруымыз керек, төл әдебиеттер керек. Ол үшін жеке баспа ашқан жөн, оған маман баспагерлер тартылса игі. Өз экономистеріміз осы іске бейімделіп, редакторлық жұмысты жандандырсақ ұтамыз. Арнайы тапсырыспен бизнестің нақты саласында бағыттамалар жазылса көз ашылады. Шет елде оқып жатқан (“Болашақ” бағдарламасымен) студенттеріміздің назарын осы жаққа бұрған дұрыс.
Бизнес — сан-салалы, қыр-сыры мол, сиқырлы сала. Бизнес әлемінде бүгіннен қазақ халқын адастырмайтын қам жасамасақ, ертең кеш болады. Әйтпесе қапшық арқалап базар маңынан шықпаспыз. Базар жағалаған — бизнес емес. Осы күнгі мұнайды маңайлап байып жүрген, шағын кәсіпорын төңірегіндегі бизнесмендер әлі нағыз бизнес иесі емес, бизнесті адамның өзі жасауы керек — маңдай терімен. Солар бүгіндері Абай айтқан:
Терін сатпай, телміріп, көзін сатып,
Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман, — дейтін өлеңнің кейіпкері болып жүргенін аңғара ма екен.
Әйтпесе олар тағы да Абай кейіптеген “пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда”, не “әркім жүр алар жердің ебін қамдап” дегеніндей болып шығады. Осындай дана ұлағаттың астарында терең мән бар, ұқсақ болады. Қазақ қауымы үшін ендігі жерде бизнес — терең өнер!
7. Ұлы Дала! Осы бір сөз астарында қанша сыр бар! Ұлы Даланың екінші аты Қазақ дегенді білдіреді. Қазақ — Ұлы Дала! Бұдан әрі тарқата бер…
Ұлы Дала — ұлы Перзенттерімен көрікті! Пейілге қарай Қазақтың Ұлы Даласы Перзентке кенде емес, әттең осы түгенделуіміз аз. Аталық емес, халықтық, рулық емес, жұрттық қалып танытсақ, оңар ек! Скифтердің тұңғыш патшасы Тарғытайдан қазақтың соңғы ханы Кенесарыға дейін, Аттила, Анахарсис, Әл-Фараби, Тоныкөк, Қорқыт, Қашқари, Ясауи, Баласағұн, Дулати, Бейбарыс, Сыпыра жырау, Кетбұға, Майқы би, Асан қайғы, Қазыбек би, Бұқар жырау, Төле би, Әйтеке би, Махамбет, Шоқан, Ыбырай, Абай, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров… Бүгінгі Назарбаев! Есімдер жеткілікті — бар боламыз десек, өткен-кеткен демей, барша Алаш арыстарын — кешегісін де, бүгінгісін де әспеттейік, жүрек осыған жетсе, қазақ аты алысқа кетер…
8. Біздегі білім, оқу ісі саласында ойласатын шаруа аз емес. Өткенге қарау — шегінгендікке жатпайды. Білім негізі — мектепте. Мәселен, ілгері дамып отырған Жапония осыдан бір ғасыр бұрын Еуропаның мәдени күштерін толығымен пайдалана білген ғой. Оның орта дәрежелі оқу орындарында XІX ғасырдың аяғына дейін оқу тек ағылшын тілінде жүргізілгені белгілі, өз тіліне кейін ғана көшкен, қазір жапондықтар жапон тілін бірінші орынға қойған мемлекет. Тіл — жапондықтардың басты байлығы! Ендеше, бізде “орысша сайрай бермей”, өз тілімізге өтер кез келді. Жасырмайық, қазақ та ағылшындардан мол дәріс алған жапондарша орыс мәдениетінен көп тәлім алды. Бұл жасырын шаруа емес. Енді өз бетімізше тырбанатын дәрежеге жеттік. Бұл ретте мектептің рөлі зор. Түзесек мектепті түзейік. Мектепті түзейтін мұғалім. Осы реттен Смағұл Сәдуақасов мұғалімді “мектептің ұстасы” деген. Мұғалім мектепте бар тәрбиенің негізін қалайды. Тіл негізі де мектепте қаланады, осы реттен де көркейтсек, мектепті көркейтейік! Ақшаны төксек оқу-білім саласына салу керек.