О. Жандосов -қайраткер, қаламгер

Скачать

1998 жылдың «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» болып аталғаны жұртшылыққа мәлім. Журнал басшылары жылдың осылай аталуына байланысты тарих қойнауынан материал берсек дегенді айта берді- Сондай нұсқауларға сәйкес елімізде 1917-1937 жылдардың аралығында шыққан мерзімді басылымдарды қарап шығуға тура келді.
Сол мерзімде «Мухбир», «Көмек», «Тілші», «Еңбекші қазақ», «Советская степь», «Жаңа мектеп», «Қызыл Қазақстан» сияқты басылымдар жарық көріпті. Бұларда көптеген проблемалық материалдар жарияланған. Олардың авторлары мемлекет қайраткерлері мен интеллигенция өкілдері. Солардың арасынан газет, журналға көп қатысқандардың бірі -Ораз Жандосов екен.
Біз Ораз Жандосовты ірі мемлекет қайраткері ретінде жақсы білеміз. Ал, оның публицист болғанын, кезінде проблемалық мақалаларды көп жазғанын жалпы журтшылықтың біле бермеуі мүмкін. Ораз Жандосов өз уақытысында өте сауатты болған адам. Ол орыс және қазақ тілдерін жетік меңгерген азамат. Мұның, әрине, өзіндік себептері бар.
Айталық, оның әкесі Қиқым кедейліктің тауқыметін көп тартады, жастайынан орыс байларына жалданып, күнелтеді. Міне, бұл оның орыс тілін үйренуіне түрткі болады. Осыбір оқиға себепші болған болу керек, кейіннен ол баласы Оразды Алматы (Верный) қаласындағы орыс гимназиясына оқуға береді.
Зерек бала бұл оқу орнында жақсы оқиды. Сондықтан да болу керек, оны достары кезінде «ғалым бала» деп атап кеткен.
Орыс гимназиясын ойдағыдай бітірген Ораз қызметте біртіндеп өсе береді. Кейіннен ол Қазақстан Өлкелік партия комитетінің үгіт-насихат бөлімі басшысына дейін көтеріледі. Осы жұмыстарда жүргенде ол қазақ халқының келешегі үшін жан аямай тер төккені байқалады. Әсіресе ол халық арасынан шыққан таланттарды қолдауға үлкен күш салады. Ілияс Жансүгіров, Жамбыл Жабаев сияқты еліміздің біртуар ұлдарының творчестволық жағынан өсуіне жағдай жасайды.
Сондай-ақ ол мемлекет алдында тұрған проблемалар жөнінде көптеген мақалалар жазған. Бұл мақалалар сол кездегі «Еңбекші қазақ», «Советская степь» газеттерінде және басқа журналдарда басылған. Бір атап көрсететін нәрсе - ол мақаланы екі тілде бірдей (орысша, қазақша) жазған. Оларда көкейкесті мәселелер тілге тиек етілген. Солардың кейбіреулерінің фактілері бүгінгі біздің тұрмыс-тіршілігіміздегі түйткілдермен үндесіп жатады. Сондықтан біз сол мақалалардың бір-екеуін қаз-қалпында оқырманға ұсынуды жөн көрдік.
Ауылға бет бүрдық
Елде әлі де болса саудагерлердің, алыпсатарлардың ықпалы күшті. Елдің байына, ескі әдетіне сүйеніп, ауыл мен қала арасында делдалдық қылатын, кедейдің еңбегін өндірмейтін, бар тапқанын қағып алатын солар. Олар көп жерде кедей шаруасы алға баспайды.
Шикі күйіндегі шаруаға сауда-саттық, ақша араласқан дәуірде жоғарыда айтылған алыпсатардың, саударгерлердің ылаңынан ауыл шаруасы, әсіресе, әлсіз шаруалар алғашқы кезде жарлыланады. Осы дәуір қазақ елінің көп жерінің басында бар.
Жыл сайын шаруасынан қол үзіп, жұмыс іздеп қаңғырғандардың, белшесінен борышқа батып, малдан айырылып, шарасыздан егін шаруашылығымен айналысқандардың көбеюі бұған дәлел. Мұның бәрі жөнді жүргізілмеген сауданың нәтижесі. Кедейленіп, күнін көре алмай, ауру қаптап құрып бара жатқан ел аз емес.
Өкімет басында байлар болса - бұл жол тура капитал тұрмысына бастар еді. Бірақ бізде, Қазақстанда еңбекшілер өкіметі. Шаруаның, сауданың, ақшаның тұтқасы еңбекшілер өкіметінің қолында.
Кеңес өкіметі тұсында бұрын езілген елдердің алға басуы капитал дәуіріне соқпай өтеді. Бұл Ленин жолы. Бұрын езілген елдерді, соның ішінде қазақ елін капитал дәуіріне соқтырмай, алға бастырдық.
Бұл жұмыстарды іске асыруға қосшы ұйымы ұйтқы болуда.
Өкіметтің шаруашылық, сауда жұмыстарын (қоныстандыру) қарыз, ұйым шаруа) сияқтыларды ел ішінде дұрыс жүзеге асырып отырушы осы қосшы ұйымы...
Еңбекшілер төңкерісінің бар мәні - капитал дәуіріне соқпай алға басуда. («Қызыл Қазақстан» .журналы 1921 жыл, 15 қыркүйек).
Қазақстанды зер ттеу қоғамы
Соңғы екі жылдағы жұмыстардың қорытындысы Қазақстан одақтық шаруаға шикізат беру жағынан күрделі орын алатындығын көрсетті. Сондай-ақ Қазақстанның астық шаруашылығының келешегі үлкен екендігі көрінді. Және Қазақстанның кен байлығының да мол екені байқалды.
Міне, бұлардан талай мәселелер туындайды. Егін, мал, жер шаруашылықтары жөніндегі бұрынғы әдістер қазіргі жүргізіліп жатқан социалистік құрылыстардың қажетіне төтеп бере алмайды.
Осылардың барлығын жиіп келгенде, менімше, ғылым және мәдениет жұмыстарының ішінде қазіргі күнде ең алдымен көзге де, ауызға да бұрын түсетіні: ғылыми зерттеу жұмыстары, тәжірибе жұмыс-тары.
Қазақстанды зерттеу қоғамы 1920 жылы Орынбор қаласында құрылды. Қазіргі уақытта оның 600-дей мүшесі бар. Мүшелерінің 48-і қазақ, партия мүшелері - 62. Қазақстан зерттеу қоғамының оқуқанасында 37.772 ғылыми кітап бар. Қоғам баспа кітаптарын алмасып отыру жөнінен Кеңес Одағында 350 мекеме, шет елдерде 50 шамалы орындармен қатынас жасап
келеді.
Қоғамның экспедицияға - шығу жұмыстары мақтарлық емес, нашар. Жұртшылықтың тұрмыс-жайын тексеру, ескі мәдениетті зерттеу жөнінен бірақ рет экспедиция жасалды. Оның жұмысын жандандыруды қолға алуымыз керек.
Тегінде Қазақстанның өзінде арнаулы ғылыми-зерттеу институты болғаны жөн. Бұл мәселе Қазақстан өкіметі орындарының алдына қойылып отыр. Алматы қаласында жоғары дәрежелі екі мектеп (мемлекет университеті мен мал дәрігерлік институты) болуы - бұл мәселенің шешілуіне жеңілдік келтіруде.
Қоғам жұмысын күшейту үшін керекті істің бірі - қоғамға қазақ қызметшілері мен ауыл, поселке оқығандарын көбірек қатыстыру, көзі ашық қара шаруаларды қоғам ісіне тарту керек. Сонымен қатар жалпы аймақ тану жөніндегі әдебиеттердің басылуын күшейту қажет. Бұл жұмыс бізде өте нашар. Қазақстан ғылыми-зерттеу және тәжірибе лабораторияларына ділгер. Бұларды ұйымдастырмай, татымды іс шығару мүмкін емес.
«Еңбекшы қазақ» газеті
1929 жыл, 31 қазан


Скачать


zharar.kz