Бұл бiр аласапыран жыл болды

Скачать

Бұл бiр аласапыран жыл болды. Басталғаны жаңа, соған қарамастан, қаржы әлемiнiң көрiпкелдерi 2008 жылға осындай баға берiп қойды. Аласапыранның неден басталғанын ғаламдық экономикадағы ахуалға қатысты хабарларды қадағалап отырған жұрт бiледi. АҚШ президентi Джордж Буш американ экономикасын сауықтыратын бағдарлама ұсынатынын, ипотекалық дағдарыстан зардап шеккендерге салықты жеңiлдетуге дайын екенiн мәлiмдеген кезде жап-жақсы ниет топалаң туғызады деп сезiктенбеген шығар. Қалай болғанда да, инвесторлардың көңiлiн орнына түсiруi тиiс сөздiң әсерi мүлдем, керiсiнше, шықты. Өйткенi, Буш сауықтырам дей отырып, науқастың бар екенiн мойындап қойды. АҚШ экономикасындағы ахуалдың көңiлдегiдей емес екенiн инвесторлар бұған дейiн де бiлетiн. Бiрақ оны өзге елдiң әңгiме қылғаны бiр басқа да, президенттiң өзi айтуы бөлек нәрсе екен. Артынша, яғни өткен дүйсенбi күнi таңертеңгiсiн (Мартин Лютер Кинг күнiн мейрамдауға байланысты ол күнi американдық биржалар жабық болды) Азия мен Еуропаның қаржы рыноктарында акцияларды жаппай сату басталды. Себеп қарапайым – АҚШ экономикасындағы дағдарыс ғаламдық экономикада өсiмнiң төмендеуiне апарып соғады, онда трансұлттық корпорациялардың да табысы азаяды. Мұндай жағдайда биржадағылар қаржы рыногынан шығып, нақ ақша ұстай тұруды немесе оны сенiмдi активтерге (мысалы, алтын) салуды дұрыс көредi. Жұрт ең алдымен Солтүстiк Америка рыногы үшiн жұмыс iстейтiн компаниялардың акцияларынан құтылуға асықты. Сейсенбiде жағдай мүлдем қиындап кеттi. Таңертеңгi сауда кезiнде жапондық индекс Nikkei 5 пайызға бiрден құлады. Қаржы рыногында 5 емес, 0,5 пайыздың өзi сұмдық көрсеткiш. Мысалы, жаңағы бес пайыздық кұлдилау жапондық компаниялар акцияларының 140 миллиард долларға арзандауына тең болды. Елдiң экономика, сауда және өнеркәсiп министрi Акира Амари рынокты жайпап бара жатқан апатты тоқтатуға үкiметтiң шарасыз екенiн, көмектi АҚШ-тан күтетiнiн мәлiмдедi. Ол не iстей алады?

АҚШ-та бұл мәселеге керемет ықпал ете алатын институт бар, ол – Федералдық қор жүйесi (бiздегi Ұлттық банкке ұқсас орган). Елдегi федералды банктердiң коммерциялық банктерге несиенi қанша пайызбен беретiнiн шешетiн осы — ФҚЖ. Егер ол ставканы төмендетсе, коммерциялық банктерден несиеге сұраныс көбейедi, сәйкесiнше олардан кәсiпкерлер мен тұрғындар көптеп несие ала бастайды. Мұның экономикадағы жалпы сұраныстың жандануына себеп болатыны түсiнiктi. (Жоғарыда бiз әлемдiк экономикадағы өсiмнiң қарқыны Құрама Штаттардағы сұраныстың деңгейiне байланысты екенiн айттық). Бiрақ әдетте ФҚЖ бұл шараға асқан сақтықпен барады, өйткенi, пайыздық ставканың төмендеуi инфляцияның өсуiне апарып соғады.

Әлем қаржы рыноктары дегбiрсiз күткен ФҚЖ-ның кезектi отырысында оның басшысы Бен Бернанке пайыздық ставканың 0,75%-ға төмендетiлетiнiн айтты. (Ideaglobal-дың АҚШ бойынша бас экономисi Джосеф Брусуэластың айтуынша, пайыздық ставка жарты пайызға төмендегеннiң өзiнде ипотекалық кредит алған жұртқа түсетiн салмақ 20 млрд. долларға жеңiлдейдi, бұл қысқа мерзiмде экономикаға тәуiр серпiн бередi). Пайыздық ставканың төмендейтiнi анық-ты, сондықтан да инвесторлар үш күндiк зобалаң кезiнде жеңiлдеп қалған акцияларды тиiмдi бағамен сатып алуға кiрiсiп кеткен болатын.

Аптаның екiншi жартысында жағдай бiршама тұрақталып, қаржы алаңдарында котировкалар қайтадан жоғары жыбырлай бастады. Алайда, сарапшылардың басым көпшiлiгi бұл – уақытша құбылыс, ФҚЖ биржалардағы топалаңды тоқтатқанымен, АҚШ экономикасының төмендеуiн тежей алмайды деп отыр.

Өткен аптада аяқталған Дүниежүзiлiк экономикалық форумға қатысушылар да пессимистiк көңiл-күйде болды. Жиында баяндама жасаған Morgan Stanley банкiнiң кеңесшiсi Стивен Роуч пен Нью-Йорк университетiнiң профессоры Нуриель Рубини АҚШ экономикасы кемiнде бiр жыл бойы құлдыраумен болады және оның салқыны өзгелерге тимей қоймайды деп ескерттi. Әсiресе, экономикасы АҚШ-пен тығыз байланыстағы елдердiң көп зардап шегетiнi түсiнiктi. Ал әлемдiк экономикадағы жаңалықтардың ықпалын оңай сезе қоймайтын елдер жақындап келе жатқан дағдарысты қалай қабылдамақ? 2007 жылдың екiншi жартысында әлемнiң дамыған елдерiн шарпып өткен кредиттiк дағдарыс Қазақстан экономикасына сырттан құйылатын қаржының күрт азаюына апарып соқты. Мұның салдары — банктердiң iшкi рынокқа несие берудi азайтуы, сөйтiп, Қазақстан экономикасының тежеуге түсуi. Инвестициялық банк J.P. Morgan-ның зерттеуi бойынша, 2007 жылдың соңғы үш айында республика экономикасы 5,7%-ға ғана өскен. Ал өткен жылы инфляция 18,8% болды.

2008 жылы Қазақстан банктерi шетелдiк кредиторларға шамамен $10-12 млрд. қайтаруы тиiс. Ал өздерi сырттан алатын кредит әрi кеткенде $4 млрд. қана болмақ. Алайда, Қазақстан экономикасы қатты отырып қалады деуге негiз жоқ. Мұнай, бидай және металдың қымбаттығы арқасында бюджетке, ұлттық қорға қаржы молынан құйыла бередi дейдi J.P. Morgan-ның сарапшылары. Елдiң орталық банкi мен ұлттық қорында жинақталған капитал 38,5 млрд. АҚШ долларына жуықтайды. Осының арқасында дағдарыстан зардап шеккен банк және құрылыс саласына дем беруге болады.

Сонымен, төнiп келе жатқан әлемдiк дағдарыстың ауырпалығын Қазақстан қалай сезiнбек? Елiмiздiң жетекшi экономистерiнiң бiрi — Қанат Берентаевтың болжауынша, мұнайдың бағасы биыл құлай қоюы екiталай, жыл бойы бiр баррелi 80 доллар шамасында тұрады, сондықтан Қазақстан экономикасында айтарлықтай сүргiн болмайды. Бiрақ екiншi деңгейдегi банктердiң сырттан қарыз алуға мүмкiндiгi азаяды. Яғни, қаржы саласы бiраз қысымға ұшырап, өсу қарқыны бәсеңдейдi. Бұл бiр есептен пайдалы да. Өйткенi, шынайы сектор мен қаржы секторы арасындағы қаржылық алшақтық аздап қысқарады дедi ол Жас Алашқа берген сұхбатында. Ал әлемдiк экономикадағы өзгерiстерге қатысты Берентаев мынандай болжам айтады. Доллардың арзандайтыны анық. Әлемдiк қаржы жүйесi көпвалюталы жүйенiң келгенiн дәл осы 2008 жылы мойындауға мәжбүр болады. Резервтiк валютаның рөлiн ендi евро иелене бастайды, ал 2010-2011 жылдары оңтүстiктiк-шығыс азия валютасы дүниеге келуi мүмкiн. Доллар дәуiрi аяқталады. Портфельдiк инвесторлар бiрте-бiрте АҚШ рыногынан шығып, Ресей, Қазақстан сияқты дамушы рыноктарға келе бастайды дейдi сарапшы.

Мәлiметтер Wall Street Journal, РБК daily және Ведомости басылымдарынан алынды

Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде депозиттерге міндетті түрде кепілдік беру туралы Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды

Үстіміздегі жылдың 10 шілдесінде қабылданған Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде депозиттерге міндетті түрде кепілдік беру туралы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кепілдік берілетін өтем мөлшері 400 мың теңгеден 700 мың теңгеге дейін көбейтілді. Сонымен бірге кепілдік берілетін депозиттердің тізбесі кеңейтілді: жаңа заңға сәйкес жеке тұлғалардың барлық депозиттеріне теңгемен және шетел валютасымен сомасына шек қойылмай кепілдік берілуге тиіс. Бұл дегеніңіз жаңа жылдан бастап (Заң 2007 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енеді) коммерциялық банк мәжбүрлеп таратылған жағдайда жеке салымшылардың бәрі Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорынан кепілдік берілген өтемді салым мөлшерінде, бірақ 700 мың теңгеден аспайтын мөлшерде алатынын білдіреді.

Заң Қазақстан банктері салымшыларының құқықтарын қорғауға бағытталған, депозиттерге міндетті түрде кепілдік беру жүйесінің жұмыс істеуінің құқықтық негіздерін, сондай-ақ Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры қызметінің және коммерциялық банктердің депозиттерге міндетті түрде кепілдік беру жүйесіне қатысуының тәртібін айқындайды.

Бұл заңды қабылдау қажеттігі Қазақстанның депозиттерге міндетті түрде кепілдік беру жүйесін таңдаулы халықаралық практикаға жақындата түсуге, жүйенің ашық жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ оған тән болатын тәуекелдерді азайтуға ұмтылыстан туып отыр. Заң әлемдік тәжірибені және халықаралық ұйымдардың депозиттерді сақтандыру саласындағы ұсыныстарын, олардың отандық шарттарға бейімделуін зерттеу және талдау негізінде жасалды.


Скачать


zharar.kz