Сөз туралы түсінік

Скачать

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ МИНИСТРЛІГІ

Ы.АЛТЫНСАРИН АТЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ БІЛІМ БЕРУ АКАДЕМИЯСЫ

ОҚУ БАҒДАРЛАМАСЫ

ҚАЗАҚ ТІЛІ

(Оқыту қазақ тілінде жүргізілетін мектептер үшін)

1-4 сыныптар

Бағдарлама авторлары:

Уәйісова Г.И.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың мектепке дейінгі және бастауыш білім беру теориясы мен әдістемесі кафедрасының профессоры, п.ғ.к.

Жұмабаева Ә.Е.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың мектепке дейінгі және бастауыш білім беру теориясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.к., доцент

Игенбаева Б. Қ.
Астана қалалық білім беру жүйесі педагог кадрларының біліктілігін арттыру институтының Оқыту мазмұны мен әдістері
кафедрасының доценті, п.ғ.к.

Мадиева А.Т.
Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру
академиясының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру ҒЗИ аға ғылыми қызметкері

Көнеева Қ.Х.
Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру
академиясының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру ҒЗИ ғылыми қызметкері

Алматы

2009
І. Түсінік хат

Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес Тіл және әдебиет білім беру саласына енетін Қазақ тілі оқу пәніндегі тілдік бірліктер (сөйлеу, сөз, сөйлем, мәтін, тілдің дыбыстық, мағыналық жүйесі), дұрыс жазу ережесінің орфографиялық, пунктуациялық минимумы.
Қазақ тілі оқу курсының пәні – сауат ашу, қазақ тілінің дыбыстық, лексикалық жүйесі мен грамматикалық құрылымын меңгеру үдерісі.
Қазақ тілі пәнін оқытудың мақсаты – алғашқы тілдік мағлұматтарды, сөйлеу әрекетінің барлық түрлерін меңгерген, сауатты жазу, оқу дағдылары жетілген, интеллектісі мен шығармашылығы, қатысымдық құзыреттілігі дамыған, алған тілдік білімдерін өмір жағдайларында қолдана білетін жеке тұлғаның қалыптасуы мен дамуына мүмкіндік жасау.
Қазақ тілі пәнінің міндеттері:
6 жастағы оқушыларды оқу әрекетіне психофизиологиялық тұрғыдан дайындау;
оқушының тілін дамыту жұмыстарын сауат ашу кезеңдеріне сәйкес ұйымдастыру;
дұрыс, түсініп және мәнерлеп оқу, жазу дағдыларын қалыптастыру;
кіріктіріле жүргізілетін оқу және жазу жұмыстарын сауат ашудың әр кезеңдеріне сәйкес жүргізу;
тілдік қарапайым түсінік, орфографиялық, пунктуациялық біліктілік қалыптастыру;
сөйлеу әрекетінің түрлерін (оқылым, тыңдалым, жазылым, айтылым) меңгерту және сөйлеу жанрларын әр түрлі жағдайларда қолдана білуге үйрету;
алғашқы тілдік фактілерді танымдық нысан ретінде меңгерту, оларды талдау, салыстыру, топтау және жинақтау дағдыларын қалыптастыру;
тілдік материалдар негізінде теориялық білім беру арқылы оқушылардың теориялық ойлауы мен тілін дамыту;
оқушылардың сауатты, көркем жазу дағдыларын жетілдіру;
диалогтық және монологтық сөйлеу дағдыларын жетілдіру;
өздігінен мәтін құру, өз ойларын ауызша және жазбаша еркін жеткізе білу дағдыларын жетілдіру;
оқушының бойында адами құндылықтарды: қайырымдылықты, сүйіспеншілікті, елжандылықты, имандылықты дамыту;
қоршаған ортамен ізгі қарым-қатынас жасауға тәрбиелеу.
Оқу пәні мазмұнын іріктеуді реттейтін дидактикалық негіздер. Бастауыш мектепте оқытылатын тілдік материалдар мазмұны оқушылардың жас ерекшеліктеріне орай ғылымилық, сабақтастық, жүйелілік, түсініктілік дидактикалық ұстанымдары негізінде сұрыпталды. Бағдарлама мемлекттік стандартта көрсетілген құзыреттіліктерге бағдарланып жасалғандықтан басты ұстаным ретінде коммуникативтік ұстаным алынды. Бұл ұстаным тілдің сөйлеу және таным құралы екенін терең ұғынуға мүмкіндік береді.
Сауат ашу оқу пәнінің мазмұнын түзу мен іріктеудің ұстанымдарына сауат ашудың мақсат-міндеттеріне сәйкес болу, алты жастағы балалардың жас ерекшеліктерін ескеру, ұлттық және аймақтық ерекшеліктерді ескеру ұстанымдары жатады. Бұл ұстанымдар ауызша және жазбаша коммуникацияны жүзеге асыратын тілдің графикалық, дыбыстық-әріптік жүйесін тұтастай қабылдауға, оқушылардың оқу қызметінің қалыптасуына мүмкіндік жасайды.
Қазақ тілі оқу пәнінің мазмұнын түзу мен іріктеудің басты функционалдық және коммуникативтік ұстанымдары пәндік құзыреттіліктерді қалыптастыруға бағытталады. Ал қолжетерлік ұстаным оқу мазмұнын линиялық-концентрлік жүйемен орналастыру арқылы жүзеге асырылады. Материалды концентрлі оқыту тілдік ақпаратты сыныптан сыныпқа (2,3,4) өткен сайын біртіндеп күрделендіре түсуге мүмкіндік береді.
Бағдарламаның грамматикалық бөлімінің құрылымы 2 бөліктен тұрады: бірінші бөлігінде – тілдік білім, екінші бөлігінде – алған білімдерін тәжірибеде қолдану біліктері, яғни құзыреттіліктерін қалыптастыру көзделеді.
Оқу пәнінің мазмұндық желілері
Қазақ тілі бағдарламасының мазмұны тілдік деректер, заңдылықтар мен ережелер, сөйлеу қызметі және оның түрлері, тілдің әлеуметтік-мәдени қызметі, көркем әдебиет – тілдің жоғары көрсеткіші желілерін қамтиды.
Сауат ашу пәні бойынша:
тілдік деректер желісіне қазақ тілінің дыбыстық және әріптік жүйесі, сөз, сөйлем, сөйлеу және каллиграфия туралы қарапайым тілдік білімдер;
сөйлеу қызметі және оның түрлері желісіне сөйлеу туралы қарапайым түсінік беру, сөйлеу әрекетінің түрлерін жүзеге асыру, берілген сөйлеу жағдайына сәйкес күрделі емес диалог, монолог құрастыру мәселелері;
тілдің әлеуметтік-мәдени қызметі желісіне сөйлеу этикеті нормасына сай әңгімелесу, диалог мақсатына сәйкес сұрақ қою және жауап беру жатады.
көркем әдебиет – тілдің жоғары көрсеткіші желісі оқушылардың көркем шығарманы түсіну және бағалау дағдыларынан көрінеді.
Қазақ тілі пәні бойынша:
тілдік деректер желісі тілдің дыбыстық-лексикалық, морфологиялық және синтаксистік жүйесі туралы мағлұматтарды;
сөйлеу қызметі және оның түрлері желісі тіл және сөйлеу жөнінде түсінік беруді, сөйлеу қызметінің түрлерін (оқу, жазу, тыңдау, айту), сөздерді орфоэпиялық нормаға сай айтуды меңгертуді көздейді.
тілдің әлеуметтік-мәдени қызметі желісі тілді оқыту үдерісінде тұлғаны әлеументтендіру құралы ретінде жүзеге асырылады.
Пәні бойынша оқу жүктемесі.
Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында ұсынылған базистік оқу жоспарына сәйкес Сауат ашу пәні аптасына – 7 сағаттан, апта ұзақтығы – 5 күн, барлық сағат саны – 224, оның ішінде:
дайындық кезеңі –56 сағат (1-тоқсан);
әліппе кезеңі – 112 сағат (2,3-тоқсан);
әліппеден кейінгі кезең – 56 сағат (4-тоқсан).
Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында ұсынылған базистік оқу жоспарына сәйкес Қазақ тілі пәні 2-3-сыныптарда бірінші жарты жылдықта аптасына – 3 сағат, екінші жарты жылдықта – 4 сағаттан, 4-сыныпта аптасына – 3 сағаттан оқытылады. Оқу жылындағы барлық сағат саны:
2-сыныпта – 112 сағат;
3-сыныпта – 112 сағат;
4–сыныпта – 96 сағат.
Оқу пәні мазмұнының вариативті бөлігі.
Пәнді оқытудың вариативті бөлігі оқушылардың білімдерін одан әрі жетілдіре түсу мақсатында пайдаланылады. Білім алушылардың тұлғалық ерекшеліктерін ескере отырып, олардың өз ойларын еркін және дәлелді түрде ауызша да, жазбаша да сауатты жеткізе білуін жетілдіру мақсатында сынып оқушыларының сұранысына орай арнайы сабақтар ұйымдастыру қажет. Мәселен:
1-сынып Әріптер сыры, Тіл дамыту.
2-сынып Сөздер сыры, Сауаттылық елінде.
3-сынып Қызықты грамматика, Грамматика еліне саяхат.
4-сынып Грамматика әлемі, Мәтін және грамматика.

ІІ. білім беруден күтілетін нәтижелер

Оқу пәнінің күтілетін нәтижелері ұзақтығы 2 жылдық оқытудың әрбір 2-циклына арнап бекітілген білім беру мақсаттарының жүйесіне сәйкес құрылады.
Бастауыш білім берудің әрбір циклі оқушылардың белгілі бір деңгейдегі оқу жетістіктерін меңгеруі үшін білім беруді ұйымдастыруға бағытталған:
оқу жетістігінің 1-циклында – 1-2 сыныптардан кейін;
оқу жетістігінің 2-циклында – 3-4 сыныптардан кейін.
Оқу жетістігінің 1-циклы бойынша (1,2-сыныптардан кейін) оқушылар мыналарды біледі:
Қажетті ақпаратты алу мен таңдаудың тәсілі ретінде сөйлесім түрлері туралы қарапайым түсінігі бар: сөйлеу, сөйлем, сөз, буын, дыбыс туралы қарапайым түсінігі бар және олардың сызбаларымен жұмыс істей алады;
Кез-келген жағдайда ақпаратты беру мен қабылдау үшін шағын көлемдегі мәтіндерді жағдайға сәйкес пайдаланады: мәтін түрлерін күнделікті өмір жағдайларында қолданады: Отбасында, Мектепте, Қоғамдық орындарда т.б.
Оқу және өмірлік жағдаяттарда қарым-қатынас жасау үшін сөйлесім әрекетін пайдаланудың қарапайым тәсілдерін біледі: тіл және сөйлеудің мәні мен қажеттілігін, ауызекі және жазбаша сөйлеудің бір-бірінен ерекшелігін біледі.
Қоршаған ортаны тану мен қарым-қатынас жасау құралы ретінде ана тілі мен басқа тілдердің маңыздылығын біледі: заттар, құбылыстар туралы жазбаша және ауызша түрде мәтін құрай алады, өз ойларын еркін, дәлелді түрде жеткізе алады.
Топтағы және командадағы бірлескен жұмыс барысында қарапайым сөйлеу дағдыларын қолданады: сөйлеу әдебі сөздерін (амандасу, қоштасу, алғыс айту, өтініш айту) қатыстырып, диалогқа түседі.
Қойылған мәселелерді шешу үшін сөйлеу дағдыларын қолданудың қарапайым тәсілдерін біледі: оқу міндеттерін шешу үшін тілдік ақпараттарды өңдейді және пайдаланады.
Кез келген жағдаяттарды қарапайым талдау, бағалау және шешу үшін сөйлеу түрлерін таңдау қажеттілігін түсінеді: оқылым түрлерін (саналы түсініп оқу, дұрыс оқу, шапшаң оқу, мәнерлеп оқу) орынды қолданады.
Кез келген жағдаяттарда проблемаларды шешу үшін қарапайым сөйлеу дағдыларын пайдаланады: Дүкенде, Кітапханада, Емханада тақырыптары бойынша жағдаятқа еніп әңгімелеседі, өз ойын түсінікті жеткізеді.
Оқу жетістігінің 2-циклы бойынша (3,4-сыныптардан кейін) оқушылар мыналарды біледі:
Қажетті ақпаратты алу мен таңдаудың тәсілі ретінде сөйлесім түрлері туралы қарапайым түсінігі бар: оқыған, тыңдаған хабарламаларды қабылдайды және одан өзіне қажетті түйін жасай алады; көрген оқиғалары жөнінде өзіндік ой-пікірлерін айта және жаза алады.
Кез-келген жағдайда ақпаратты беру мен қабылдау үшін шағын көлемдегі мәтіндерді жағдайға сәйкес пайдаланады: алған білімдерін әр түрлі жағдайда дұрыс қолдана алады (орфографиялық, орфоэпиялық, пунктуациялық сауатты болуы); мәтін түрлерін жағдайға сәйкес таңдап қолдана алады.
Оқу және өмірлік жағдаяттарда қарым-қатынас жасау үшін сөйлесім әрекетін пайдаланудың қарапайым тәсілдерін біледі: тіл және сөйлеудің мәні мен қажеттілігін, ауызекі және жазбаша сөйлеудің бір-бірінен ерекшелігін біледі; өзіне таныс ортада өзгелермен пікірлесе біледі.

Қоршаған ортаны тану мен қарым-қатынас жасау құралы ретніде ана тілі мен басқа тілдердің маңыздылығын біледі: сөйлеу ортасына, сөйлеу мақсаты мен тақырыбына сәйкес диалог, монолог құрай алады; мәтін түрлерін (әңгімелеу, сипаттау, пайымдау) игереді, заттарды, құбылыстарды ауызша, жазбаша түрде сипаттай алады.
Топтағы және командадағы бірлескен жұмыс барысында қарапайым сөйлеу дағдыларын қолданады: әр түрлі жағдайларға байланысты сұхбат, диалог құра алады; сөйлеу әдебі сөздерін (амандасу, қоштасу, алғыс айту, өтініш айту) қатыстырып, диалогқа түседі.
Қойылған мәселелерді шешу үшін сөйлеу дағдыларын қолданудың қарапайым тәсілдерін біледі: оқыған мәтін мазмұнына өз пікірін білдіреді, мәтін кейіпкерлеріне мінездеме береді; оқу міндеттерін шешу үшін тілдік ақпараттарды өңдейді және пайдаланады.
Кез келген жағдаяттарды қарапайым талдау, бағалау және шешу үшін сөйлеу түрлерін таңдау қажеттілігін түсінеді: сөйлеу түрлерін орынды қолдана алады; хат, құттықтау жаза алады.
Кез келген жағдаяттарда проблемаларды шешу үшін қарапайым сөйлеу дағдыларын пайдаланады: күнделікті қарым-қатынастағы тілдік этикет нормаларын (сәлемдесу, қоштасу, алғыс айту) біледі; өздеріне таныс аң, құстарды сипаттай алады.

ІІІ. оқу пәнінің базалық мазмұны

Оқытудың 1-циклына сәйкес білім мазмұнының құрамы, құрылымы, көлемі:
Мектепке алты жастан бастап келетін оқушыларға арналған Сауат ашу оқу пәні дәстүрлі үш кезеңге бөлініп оқытылады: дайындық кезеңі, әліппе кезеңі, әліппеден кейінгі кезең.
Осыған сәйкес әрбір кезеңнің өзіндік және нақты міндеттері қарастырылады: Дайындық кезеңі:
1) оқу қызметіне психологиялық-физиологиялық дайындық: зейінін, есте сақтауын, қиялын, ақыл-ойын, байланыстырып сөйлеуін дамыту;
2) оқуға дайындық: сөзге дыбыстық талдау мен сөзден дыбысты дұрыс бөліп алу тәсілдерін қалыптастыру, олардың саны мен сапасын анықтау; сөздің дыбыстық құрылымын моделдеу және оны дауысты дыбысқа бағдарлай отырып оқи білу тәсілдерін қалыптастыру;
3) жазуға дайындық – дәптер бетін дұрыс бағдарлауын қалыптастыру, қол қозғалыстарын жетілдіру (сурет салу, айналдыра сызу, бояу, штрихтеу), әріп элементтерін жазу;
4) коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыру барысында продуктивтік-шығармашылық қызметін дамыту: берілген сөйлеу жағдайына сәйкес күрделі емес диалог, монолог құрастыру;

Әліппе кезеңі:
1) Дыбыстарды әріппен белгілеу. Бас әріп пен кіші әріптердің баспа және жазба түрлерін біртіндеп енгізу және оларды меңгерту: 1) Аа, Нн, Лл, Рр, Оо, Тт, Уу, Шш, Сс; 2) Ыы, Іі, Мм, ң, й, Ии, Ұұ, Ққ, Ғғ, Ее, Дд, Үү, Кк, Гг, Өө, Әә, Зз, Жж, Пп, Бб; 3) Хх, Һһ, Яя, Юю, Фф, Вв, Ээ, Ее, Цц, Щщ, Чч; 4) Ьь, Ъъ.
2) буындап дұрыс, түсініп оқу тәсілдерін қалыптастыру;
3) бас және кіші әріптерді дұрыс каллиграфиялық тұрғыда жазу, оларды бір-бірімен өзара байланыстыра қосып жазу;
4) коммуникативтік құзыреттілікті жетілдіру: берілген жағдайға сәйкес диалог және монолог құрастыру;
5) баланың рухани-адамгершлік, азаматтық-патриоттық, шығармашылық қасиеттерін тәрбиелеу;

Әліппеден кейінгі кезең:
1) оқу тәсілдерін, оқу түрлерін, оқу жылдамдығын жетілдіру;
2) дыбыс және жұп дауыстылар, буын, әліпби, заттың атын, қимылын, сынын, санын білдіретін сөздер, сөйлем туралы түсінік беру, жазу тәсілдерін (мәтінді көшіріп жазу, естуі бойынша жазу) жетілдіру; орфографиялық және пунктуациялық дұрыс жазу сауаттылығын қалыптастыру;
3) коммуникативтік құзыреттілікті, байланыстырып сөйлеуді жетілдіру тәсілдерін меңгерту (мазмұнын айту, монолог және диалог құрастыру).
Тіл және сөйлеу. Фонетика. Кейбір дауысты дыбыстар және олардың емлесі. Дауыссыз дыбыстардың түрлері (ұяң, үнді, қатаң) және олардың емлесі. Мәтін туралы түсінік. Синтаксис. Сөйлемнің айтылу мақсатына қарай бөлінетін түрлері. Сөз және оның мағынасы туралы түсінік. Сөз құрамы. Сөз таптары. Сөйлеу мәдениеті.

Оқытудың 2-циклына сәйкес білім мазмұнының құрамы, құрылымы, көлемі:
Тіл және сөйлеу. Диалог. Монолог. Сөйлеу тілі мен әдеби тілдің бір-бірінен ерекшеліктері.
Фонетика. Э, в, ф, ч, ц, щ, х, һ дыбыстары. Буын және дыбыс үндестігі туралы қарапайым түсінік. Мәтін және оның құрылымы. Мәтін түрлері. Синтаксис. Сөйлем мүшелері. Сөз тіркесі. Қаратпа сөз. Қыстырма сөз. Жай сөйлем. Құрмалас сөйлем туралы түсінік. Сөз және оның мағыналық түрлері. Тұрақты сөз тіркесі. Күрделі сөздер туралы түсінік және олардың түрлері.
Сөз құрамы. Сөз таптары және олардың түрлену жүйесі. Сөйлеу мәдениеті.

1-сынып
Барлығы – 224 сағат (аптасына 7 сағат)

Дайындық кезеңі – 56 сағат
Психологиялық-физиологиялық дайындық: мақсат қою және міндеттерді шешу біліктілігі.
Оқу қызметін қалыптастыру:
сөйлеуді қабылдауымен, назар аударуды жетілдірумен байланысты: назарын бір объектіден екінші объектіге аудару біліктілігі (сөйлеу, сөйлем, сөз, дыбыс); сөйлеу мазмұнын тыңдауы және түсінуі (көлемі 10 сөйлемнен аспауы керек); сөзді, сөйлемді талдауы; тыңдағанын жүйелі айтып беруі;
логикалық ойын жетілдірумен байланысты: салыстыру міндеттерін шешу, сөйлеу бірліктерін (сөздің дыбыстық құрылымы, мағынасы) салыстыру, жалпы ұғым беретін сөздердің тақырыптық тобын құру: көкөніс-жеміс, үй және жабайы жануарлар, киімдер және т.б.
есті жетілдірумен байланысты: жұмбақ, жаңылтпаш, өлеңді жатқа айту (кем дегенде 5-еу).

Сөйлесім әрекеті түрлерін жетілдіру: тыңдалым және айтылым:
әңгіме, өлең, ертегіні тыңдау; сұраққа жауап беру; мәтін мазмұнын айтып беру: қазақ халық ауыз ертегілері, Абай, Ыбырай және қазақ балалар әдебиеті өкілдерінің өлеңдері;
сөздік қорды байыту және белсенді қолданысқа ендіру; сөйлеу этикеті нормасына, ауызекі сөйлеу талаптарына сәйкес коммуникативтік міндеттерді шешу; сөйлеу этикеті сөздерін (амандасу, қоштасу, алғыс айту, өтіну, кешірім сұрау т.б.), өзіндік бағасын беру үшін әр түрлі саздағы сөйлем түрлерін қолдану; сөздік ойындарға қатысу: Кім көп сөз біледі ?, Артығын тап, Ойлан, тап және т.б.
ауызекі байланыстырып сөйлеуін дамыту: өзі, отбасы, достары, туған жері туралы әңгімесі (Өзің туралы айт, Менің отбасым, Менің туған жерім т.б.); танымдық, шығармашылық қабілеттерін жетілдіру; мәтінді қайта құру тапсырмалары: Мәтінді ары қарай жалғастыр және т.б.; ертегіні сахналау, диалог құрастыру, картинка бойынша немесе өз көргендері бойынша әңгіме, ертегі құрау.

Оқу дағдысын қалыптастыруға дайындық:
сөйлеудің жеке бөліктерге бөлінуі туралы жалпы түсінік: сөйлеудің сөйлемге, сөйлемнің сөзге, сөздің буын мен дыбысқа бөлінуі; сөйлеу бірліктерін графикалық сызба арқылы белгілеу;
сөзге дыбыстық талдау жасау: сөйлемнен сөзді бөліп алу, сөзді буынға бөлу; дыбыстың сөздегі саны мен сапасын, олардың жүйелілігін анықтау; дыбыстарды ажырату: дауысты-дауыссыз, жуан-жіңішке; сөздің дыбыстық сызбасында дыбыстарды графикалық белгілеу: дауыстыны – қызыл шаршымен, дауыссызды – көк шаршымен;
сөздің графикалық сызбаларын оқу: дыбыстық сызбаны сөздің дыбыстық құрылымына сәйкес таңдау және сызбаны дауыстыларға бағдарлай отырып оқып шығу;
ақпаратты сыни тұрғыдан ұғыну: дыбыстық сызбаларды салыстыру, сөздердегі әр түрлі және бірдей дыбыстарды таптыру; сөзден берілген дыбыстың орнын анықтау (басында, ортасында немесе соңында); берілген дыбысқа немесе берілген дыбыстарға, буындарға сөзді айту және таңдау; сөз бен сөйлемді ажырату; сөзді буынға бөлу, сөзге екпін қоя білудің мәнін түсіну, интонация бойынша сөйлемді ажырату.

Жазу дағдысын қалыптастыруға дайындық:
жазуға қойылатын гигиеналық талаптар: кеудені дұрыс ұстап отыру, дәптерді дұрыс орналастыру, қаламсапты дұрыс ұстау біліктілігі, жарық.
дәптер бетін дұрыс бағдарлау (үстіңгі және астыңғы жол, оң және сол жағы), қысқа және ұзын жол туралы түсінік;қысқа жолдың жазбаша тапсырмаларды орындауда сақталуы;көру қабылдауы:түсті, геометриялық фигураларды ажырату, олардың дәптер бетінде орналасуы.
сурет салу, штрихтарды қосу, нұсқаны айналдыра орау, сызықтар мен фигураларды қосу, өрнекті қолдың үздіксіз қозғалысы арқылы бояу, әріп элементтерін жазу, тік, ирек, сынық сызықтарды сызу; таныс заттардың суретін салу.
кіші әріптердің элементтерін жазу (үлгі бойынша).
қол саусақтарының бұлшық еттерін жетілдіруде қолданылатын арнайы жаттығуларда сөйлеу жаттығуларын, жаңылтпаш, өлеңдерді пайдалану.

Әліппе кезеңі – 112 сағат

Ауызекі сөйлеуді жетілдіру
Өлең, жұмбақ, жаңылтпаш, фонетикалық жаттығулар арқылы балалардың назарын сөйлеуге аудару; қазақ тіліндегі барлық дыбыстарды дұрыс айтуға жаттықтыру; алтыжасар балалардың тіліндегі (сөйлеуіндегі) кемшіліктерді жөндеу, сөйлеу аппаратын икемдеу (дыбыстардың артикуляциясын көрсету); сөйлеудің жалпы талаптарын жетілдіру: қарқын, ырғақ, сөйлеу тынысы, қалыпты дауыс қаттылығы, сөйлемді дұрыс интонациямен оқу.
Балалардың сөздігін анықтау, байыту, анықтау, белсенді қолданысқа ендіру және жетілдіру, заттың атын, қимылын, сапасын атауда сөздерді дәлдікпен іріктеу; ойды өрнектеуде, сөздің мағыналық реңктеріне тәрбиелеуде, сөздің көп мағыналылық, омонимдік, құбылыстарын, синоним, антонимдерді (термин қолданылмайды) ажырата білуде сөзді қолдану біліктілігі. Көркем мәтіндегі бейнелі сөздерді түсінуге үйрету. Сезімдік-бағалау сөздерін мәтіннен және өз сөйлеуінен таба білу.
Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, байланыстырып сөйлеуін дамыту жұмыстары. Оқылған мәтіннің мазмұнын айтып беру, әліппе материалдары негізінде диалог құрау; оқығаны бойынша сұраққа жауап беру, мәтінмен шығармашылық жұмыс: мәтінді өз сөзімен айтып беру, сөзбен сурет салу, мәтінді ары қарай жалғастыру, алған әсері бойынша әңгіме құрау; әліппе суреттері бойынша әңгіме құрау;
Оқу жұмысы
1. Сөзге дыбыстық-әріптік талдау: сөздің дыбыстық сызбасын құру: дыбыстың әріпке ара қатынасы, дыбыстық-әріптік сызбаны дауыстыға бағдарлай отырып оқу;
2. Әліпби әріптерінің графикалық бейнесін меңгерту, әдістемелік мақсатқа сәйкестілік, жиілілік, қол жетерлік принциптерімен анықталған әріптерді бірізділікпен ендіру.
3. Дауысты дыбысқа бағдарлай отырып, дұрыс, түсініп, бірқалыпты буындап оқу:
әр түрлі буындық құрылымдағы буындар: ВА (дауыссыз+дауысты), АВ (дауысты+дауыссыз), ВАВ (дауыссыз+дауысты+дауыссыз), ВАВВ (дауыссыз+дауысты+дауыссыз+дауыссыз);
дауысты әріпке негізделген сөз:
ашық және тұйық буыннан тұратын сөз;
бітеу буыннан тұратын сөз;
2-4 сөзден тұратын әр түрлі интонацияда айтылатын(хабарлы, сұраулы, лепті) сөйлемдер;
5-6 сөйлемнен (басында) және 10 сөйлемнен(әліппе кезеңі соңында) тұратын мәтін.
4. Оқудың түрлерін, сапасын, тәсілдерін меңгеру:
сөзді буындап және тұтастай оқу;
үйретпелі, таңдамалы (сұрақ, бөлім бойынша);
саналы, дұрыс, бірқалыпты, мәнерлеп оқу (логикалық екпін, кідіріс, интонацияны сақтай отырып).
5. Сыныптан тыс оқу: балалар әдебиетінен шағын (1-2 бет) көркем шығармаларды оқу; кітапты танысу, суретті қарау, сюжеттің мазмұнын айтып беру, шығарма кейіпкерлерін сипаттау.

Жазу және каллиграфия жұмысы
әріп элементтерінің (бас және кіші) кескінімен танысу; әріп элементтерін жазу; бас және кіші әріптерді жазу;
бас және кіші әріптер элементтерін өзара дұрыс байланыстырудың негізгі түрлері (төменгі) қол үзбей және үзіп қосу;
бас және кіші әріптерді жұмыс жолына сәйкес жазу;
баспа, қолжазба түрінде берілген мәтіннен сөздерді, сөйлемдерді көшіріп жазу;
5-6 сөзді орфоэпия нормасын сақтай отырып, айту бойынша жазу; 2-4 сөйлемді (2-3 сөзден құралған) айту бойынша жазу;
адам аты мен фамилиясын, үй жануарларының аттарын бас әріппен жазу;
сөйлемнің бірінші сөзін бас әріппен жазу;
сөйлем соңында қойылатын тыныс белгілер (нүкте, сұрау белгісі, леп белгісі).

Әліппеден кейінгі кезең – 56 сағат

Оқу. Жазу. Таза жазу. Тіл дамыту.
1. Қазақ және әлем әдебиеті көрнекті ақын, жазушыларының шығармаларын (көлемі – 0,5 – 1,5 бет) оқу. Мәтінді оқу және берілген тақырыптар бойынша әңгімелесу:
1. Әдептілік, ар-ұят – адамдықтың белгісі.
2. Сарқылмас қазына.
3. Еңбек етсең, емерсің.
4. Күш- білімде.
5. Туған елім, туған жерім.
6. Біз – өте татумыз.
Сыныптан тыс оқуға берілген мәтіндерді өздігінен таңдау: белгілі балалар ақын-жазушыларының өлеңдері, әңгімелері (көлемі-3-5 бет). Шығармаларды іштей және дауыстап оқу, оқығанды айтып беру (1-3 бет).
Кітаппен жұмыста ақпаратты пайдалану: кітаптың негізгі элементтерін айыру (мұқаба, беттер); мазмұнын, иллюстрациялық материалын ажырату, авторын атау; мазмұны бойынша қойылған сұраққа жауап беру, кітапта берілген жағдайға, оның кейіпкерлеріне баға беру.Оқылған кітапты басқа кітаптармен салыстыру, оған баға беру.
Кітап көрмесін, әр түрлі ойындар, балалар кітабы бойынша білгірді анықтау, көркемсөз оқу конкурсын ұйымдастыру. Ертегіні оқу және мазмұнына жақын қайта айтып беру (5-тен кем емес). Өлең, жұмбақ, мақал-мәтелді жатқа білуі (10-нан кем емес).

2. Жазу
Грамматикалық қарапайым түсінік, орфографиялық, пунктуациялық біліктілік қалыптастыру:
1) Тіл бірліктері туралы түсінігі болуы: сөйлеу, сөйлем, сөз, буын, дыбыс, дауысты (жұп дауыстылар) және дауыссыз дыбыс, әліпби, заттың атын, қимылын, сынын, санын білдіретін сөздер.
2) Орфографиялық дұрыс жазу ережесі және оны жазылғанды тексеруде қолдану: тасымал, сөйлемнің бас әріппен жазылуы, т.б.
3) Пунктуациялық ереже: сөйлем соңында қойылатын тыныс белгілер (нүкте, сұрау, лепті);
4) Таза жазу: каллиграфиялық дағдыларын бекіту (әріптерді алфавит ретімен жазу, сөздегі әріптердің бір-бірімен өзара қосылу бірлігі).

3. Қарым-қатынас жасау дағдысын, байланыстырып сөйлеуін жетілдіру
1) Мәтінді талдау арқылы сөздік қорды байыту және байланыстырып сөйлеуді дамыту жұмыстары: оқылған мәтіннің мазмұны бойынша сұраққа жауап, теріп оқу, мұғалім сұрағына жауапты мәтіннен табу, оқылған мәтінге баға беру. Мәтінді әңгімелеу (толық), шығармашылық тапсырмалармен әңгімелеу (мәтінді алған әсерімен толықтыру), мәтін материалы арқылы диалогқа түсу, мәтінді рөлге бөліп оқу; мәтінді бөлімге бөлу, бөлімдерге ат қою, эпитет, салыстыруларды (термин аталмайды) табу және қолдану, мәтіннен шығарма кейіпкерлерін, оқиғаны сипаттайтын сөздерді іздеп табу; оқылған шығармаға өзіндік қарапайым бағасын беру біліктілігі, мәтінге ауызша сөзбен сурет салу; сөйлеуде мағынасы мәндес және мағынасы қарама-қарсы сөздерді, дыбысталуы бірдей, бірақ беретін мағыналары әр басқа сөздерді қолдану.
2) Коммуникативтік қарым-қатынасты іске асырудың тақырыптық үлгісі
1. Мен жылдың осы мезгілін жақсы көремін. Сен ше? Мақсаты: жылдың бұл мезгілінің неліктен ұнайтынын дәлелдеу.
2. Сәлем, бұл мен! Мақсаты: өзі туралы, отбасы, достары, қызығатын нәрселері туралы әңгімелеу.
3. Маған қонаққа келіңіз! Мақсаты:өзі тұрған жерді, оның байлығын сипаттау, қонақтармен әдепті, ілтипатпен сөйлесуге үйрету.
4. Мен қызық ...(кино, мультфилм) көрдім. Мақсаты:әріптесін қызықтыру, көруге шақыру.
5. Мен досыма хат жазамын. Мақсаты: хат жазуға қойылатын жалпы талаптарды анықтау.
6. Кел, ойнайық! Мақсаты:ұжымдық ойындарда қарым-қатынас орнату.

2-сынып
Барлығы – 112 сағат (бірінші жарты жылдықта аптасына – 3 сағат, екінші жарты жылдықта аптасына – 4 сағат)

Тіл және сөйлеу (2 сағат)
Тіл және сөйлеу туралы түсінік. Сөйлеудің күнделікті өмірдегі мәні мен қажеттігі. Ауызша және жазбаша сөйлеу туралы түсінік.
Фонетика (26 сағат). У дыбысы.У дыбысының дауысты, дауыссыз, жуан, жіңішке болып келуі. У әрпінің емлесі. И дыбысы, оның дауысты дыбыс екені. И-дің жуан, жіңішке болатыны. Дауыссыз й дыбысы. И, й әріптерінің емлесі. Я әрпінің жазылуы. Ю әрпінің жазылуы. Дауыссыз дыбыстардың түрлері (ұяң, қатаң, үнді). Б-п дыбыстары. Б-п әріптерінің емлесі. Л, р дыбыстары. Л, р әріптерінің емлесі. Н, ң дыбыстары, олардың емлесі.
Практикум: Сөзге өтілген дыбыстар бойынша дыбыстық талдау жасау. Өтілген әріптерді дұрыс жазу. Сөздің соңғы дыбыстарының өзгеруін байқау. Емлелік ережелерді қолдану.
Мәтін (8 сағат)
Мәтін туралы түсінік. Мәтіннің құрылымы: басы, негізгі бөлімі, соңы. Мәтіндегі азат жол.
Практикум: Мәтіннің сөйлемнен өзгешелігін ажырату. Мәтінді талдау: мәтіннің тақырыбын, тірек сөздерді анықтау. Тірек сөздер, суреттер, сұрақтар бойынша мәтін құрау. Мәтінді бөліктерге бөлу. Мәтінге жоспар құру. Мәтіннің мазмұнын айту.
Синтаксис (12 сағат)
Сөйлем туралы түсінік. Сөйлемнің айтылу мақсатына қарай бөлінуі: хабарлы сөйлем. сұраулы сөйлем, лепті сөйлем. Сөйлемдегі сөздердің байланысы.
Практикум: Сөйлем түрлерін тиісті дауыс ырғағымен айту. Сөйлемдегі сөздерге сұрақтар қойып, олардың байланысын анықтау. Берілген сөздерден сөйлем құрау, сөйлемнің айтылу мақсатына қарай бөлінетін түрлерін ажырту. Сөйлем соңына тиісті тыныс белгілерін қойып жазу. Сөйлемді бас әріптен бастап жазу. Ауызша және жазбаша сөйлеуде, диалогтарда сөйлем түрлерін қолдану.
Сөз (6 сағат)
Сөз туралы түсінік. Сөздің лексикалық мағыналарын байқату. Мәндес және қарама-қарсы мағыналы сөздермен, омонимдермен (термин аталмайды) жұмыс.
Практикум: Сөздердің мағынасын түсіну. Мәтіннен мәндес және мағынасы қарама-қарсы сөздерді табу. Берілген сөдерге мәндес және мағынасы қарама-қарсы сөздерді табу. Мәндес және мағынасы қарама-қарсы сөздерді қолдану. Көп мағыналы сөздердің мағыналарын айыру, олардың әр мағынасына сөйлем құру.
Сөз құрамы (8 сағат)
Түбір мен қосымша туралы алғашқы түсінік. Түбір мен қосымшаның бір-бірінен айырмашылығы. Қосымшаның жұрнақ және жалғау болып бөлінетіні.
Практикум: Сөздерді сөз құрамына талдау. Түбір сөздерді тиісті белгімен белгілеу. Қосымшаның түрлерін ажырату, әрқайсысын тиісті белгімен белгілеу. Жалғаудың сөйлемдегі рөлін байқау.
Сөз таптары (24 сағат)
Зат есім. Жалпы есім және жалқы есім (кісі аттары, жер-су атаулары, жан-жануарларға қойылған атаулар). Зат есімнің жекеше және көпше түрі. Етістік. Дара және күрделі етістік. Сын есім. Сан есім.
Практикум: Өтілген сөз таптарына талдау. Жалқы есімнің емлесі. Зат есімнің жекеше түрін көпше түріне немесе көпше түрін жекешеге айналдыру. Етістіктің дара және күрделі түрлерін ажырату. Сын есімнің рөлін байқау. Сын есімдерді пайдаланып таныс заттарды сипаттау. Мәтіннен өтілген сөз таптарын табу.
Сөйлеу мәдениеті (2 сағат). Амандасу, қоштасу, танысу кезінде қолданылатын сөздер. Алғыс айту.
Жыл бойы өткенді қайталау (10 сағат)
Жазба жұмыстары (12 сағат)

3-сынып
Барлығы – 112 сағат (аптасына 3,5 сағат)

Жыл басындағы қайталау (10 сағат)
Тіл және сөйлеу (2 сағат)
Тіл және сөйлеу туралы ұғымды кеңейту. Сөйлеу мәнерлілігі. Диалог. Монолог.
Фонетика (12 сағат)
Э, в, ф, ц дыбыстары мен әріптері. Ч, щ дыбыстары мен әріптері. Х, һ дыбыстары, олардың айтылу ерекшеліктері. Х, һ әріптерінің емлесі.
Практикум: Өтілген дыбыстарды сөз ішінен табу. Э, в, ф, ц, х, Һ әріптерін қатесіз жазу.
Олардың айтылуы мен жазылуын салыстыру.

Мәтін ( 8 сағат)
Мәтін туралы түсінікті кеңейту. Мәтін тақырыбы және ондағы негізгі ойды анықтау. Мәтіннің құрылымы: басқы, ортаңғы (негізгі), соңғы (қорытынды) бөліктері. Тірек сөздермен жұмыс. Мәтін түрлері: әңгімелеу, сипаттау, пайымдау.
Практикум: Мәтін түрлерін ажырату. Мәтін тақырыбын және мәтіндегі негізгі ойды анықтау. Мәтіннің бөліктерін анықтап, олардың өзара байланысын табу. Мәтінге жоспар құру. Оқылған мәтін бойынша диалог құру.

Синтаксис (16 сағат)
Сөйлем мүшелері. Баяндауыш. Бастауыш. Тұрлаулы мүше. Бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықша. Тұрлаусыз мүшелер. Сөйлем мүшелерінің байланысы. Жалаң, жайылма сөйлем. Қаратпа сөз.
Практикум: Сөйлемді сөйлем мүшелеріне талдау. Сөйлем мүшелерінің байланысын табу және оны сызба рақылы көрсету. Сызба бойынша сөйлем құрау. Сөйлемнің жалаң және жайылма түрлерін ажырту. Жалаң сөйлемді жайылма сөйлемге айналдыру. Сөйлеу тәжірибесінде өтілген сөйлем түрлерін және қаратпа сөздерді қолдану.
Сөз және оның мағынасы (8 сағат)
Сөз мағынасы. Көп мағыналы сөздер. Омоним. Синоним. Антоним. Тұрақты сөз тіркесі.
Практикум: Сөйлемнен сөздерді табу, мағыналарын түсіндіру. Берілген сөздердің синонимдік және антонимдік сыңарларын табу. Мәтіннен тура және ауыспалы мағынадағы сөздерді, көп мағыналы сөздерді табу. Тура және ауыспалы мағынадағы сөздерді, синонимдерді, антонимдерді пайдаланып шағын шығарма, мазмұндама жазу.

Сөз құрамы (8 сағат)
Түбір сөз. Туынды сөз. Түбірлес сөздер. Түбір мен қосымшаның емлесі.
Практикум: Сөздердің түбір сөз немесе туынды сөз екенін ажырату. Берілген сөздерге түбірлес сөздер табу. Түбірге қосымшаны дұрыс жалғап жазу.

Сөз таптары (24 сағат)
Зат есім. Зат есімнің тәуелденуі. Негізгі және туынды зат есім. Етістік. Негізгі және туынды етістік. Болымды және болымсыз етістік. Сын есім және оның зат есіммен байланысы. Сын есімнің салыстырмалы шырай жұрнақтары. Сан есім. Есептік және реттік сан есім.
Практикум: Мәтіннен мағынасы мен сұрақтары бойынша зат есім, етістік, сын есім, сан есімдерді табу. Зат есімнің, етістіктің негізгі және туынды түрлерін ажырату. Зат есімнің тәуелдік жалғауларын ажырату. Етістіктің болымды, болымсыз түрлерін ажырату. Сын есімнің салыстырмалы шырай жұрнақтарын қолдану. Сын есімдерді қатыстырып сипаттау мәтінін құру. Сан есімнің есептік және реттік түрлерін ажырату. Өтілген сөз таптарына морфологиялық талдау жасау.

Сөйлеу мәдениеті (2 сағат)
Пікір таласы кезіндегі сыпайылық: Меніңше, менің ойымша, сеніңше, солай деп ойлаймын және т.б. сөздерді қолдану.
Жыл бойы өткенді қайталау (10 сағат)
Жазба жұмысы (12 сағат)

4-сынып
Барлығы – 96 сағат (аптасына 3 сағат)

Жыл басындағы қайталау ( 8 сағат)
Тіл және сөйлеу (2 сағат)
Сөйлеудің адам сезііне, іс-әрекетіне әсері. Сөйлеу тілі мен әдеби тілдің бір-бірінен ерекшеліктері.

Фонетика ( 6 сағат)
Дыбыс және әріп бойынша берілген ұғымды еске түсіру. Буын үндестігі туралы түсінік. Дыбыс үндестігі туралы қарапайым түсінік.
Практикум: Сөзге дыбыстық талдау жасау. Сөздерге түбір сөздің соңғы буынына қарай қосымшаларды дұрыс жалғау. Мәтіннен айтылуы мен жазылуы сәйкес келмейтін сөздерді табу. Сауатты жазу.

Мәтін ( 6 сағат)
Мәтін және оның түрлері туралы берілген ұғымды кеңейту. Әңгімелеу мәтіні. Сипаттау мәтіні. Затты нақты сипаттау. Салыстырмалы сипаттау. Пайымдау мәтіні, дәлелдей, қорытынды жасай білуге үйрету.
Практикум: Тірек сөздер, суреттер, оқығандары бойынша әңгіме құрау. Заттарды салыстырып сипаттау. Көпшіліктің алдында сөйлеуге дайындау: тақырып таңдау, сөйлеу тақырыбына қатысты материалдар жинау. Өз ойын дәлелдеу. Пайымдау мәтінін құрау.

Синтаксис (10 сағат)
Сөз тіркесі. Сөйлемнің бірыңғай мүшелері. Құрмалас сөйлем туралы түсінік. Қыстырма сөз.
Практикум: Сөйлемнен сөз тіркестерін табу. Сөйлемді сөйлем мүшелеріне талдау. Сөйлемнің дара, күрделі мүшелерін ажырату. Сөйлемнен, мәтіннен бірыңғай мүшелерді табу. Қыстырма сөздерді, құрмалас сөйлемді қолдану.

Сөз тұлғасы (12 сағат)
Күрделі сөз туралы түсінік. Біріккен сөз және оның емлесі. Қос сөз, түрлері, емлесі. Қысқарған сөз.
Практикум: Мәтіннен біріккен сөздерді табу, оларды дұрыс жазу. Қос сөзді, оның түрлерін ажырату. Қысқарған сөздерді пайдалану. Күрделі атауларды қысқартып айту және жазу.
Сөз таптары ( 28 сағат)
Зат есімнің септелуі. Септік жалғауының емлесі. Тәуелденген сөздердің септелуі. Зат есімнің жіктелуі. Етістіктің жіктелуі. Етістіктің шақтары. Сын есімнің дара және күрделі түрлері, олардың емлесі. Есімдік туралы жалпы түсінік. Жіктеу есімдіктері. Жіктеу есімдіктерінің септелуі. Үстеу туралы түсінік. Шылау туралы түсінік. Шылау мен шылау тұлғалас қосымшалардың жазылуы. Одағай сөздер, олардың мәні мен емлесі. Еліктеу сөз туралы түсінік.
Практикум: Зат есімнің септік жалғауларын ажырату. Тәуелденген сөздерді септеу. Зат есімдерді және етістіктерді жіктеу. Етістіктің шақтарын (осы шақ, өткен шақ, келер шақ) және сын есімнің дара, күрделі түрлерін ажырату. Жіктеу есімдіктерін септеу. Үстеудің түрлерін ажырату. Шылауларды қолдану және дұрыс жазу. Одағай сөздер мен еліктеу сөздерді ажырту. Мәтінді сөз таптарына талдау.
Сөйлеу мәдениеті (2 сағат) Өтіну, тілек білдіруге байланысты сөздерді пайдалану. Телефонмен әңгімелесу.
Жыл бойы өткенді қайталау ( 10 сағат)
Жазба жұмыстары (12 сағат)

Оқушылардың білім, білік және дағдыларына қойылатын талаптар

1-сынып оқушылары:
Әліпби әріптерін (таңбасы, жазба, бас, кіші);
дыбыс пен әріптің дұрыс атауын;
дыбыс пен әріптің негізгі өзгешеліктерін (дыбысты естимін және айтамын);
дауысты және дауыссыз дыбыстарды (дауысты дыбыстар әндетіліп, созылып айтылады, ауа кедергісіз шығады);
дұрыс жазу ережесін: 1) Кісі аттары мен үй жануарлары және жер-су аттарының, сөйлемнің бірінші сөзінің бас әріппен жазылуы; 2) сөйлемдегі әрбір сөздің бөлек жазылуы; 3) сөйлем соңына тиісті тыныс белгінің (нүкте, сұрақ, леп) қойылуы;
сөйлем, сөз, буын, дыбыс туралы;
сөз мағынасы туралы (сөздің заттың, құбылыстың, қимылдың, сапаның атауы екендігі; мағынасы мәндес, қарама-қарсы, дыбысталуы бірдей, бірақ беретін мағыналары әр басқа сөздердің болатындығы) біледі.
сөз, сөйлемнің шегін таба алады; сөзді буынға бөледі;
саналы, дұрыс, бірқалыпты буындап және тұтастай минутына 20-35 сөз оқиды (белгілерімен қосқанда);
мәнерлеп, дұрыс, түсініп оқуға дағдыланған;
монолог, диалог арқылы берілген синтаксистік құрылымдағы хабарлы, сұраулы және лепті сөйлемдердің оқылу ерекшеліктерін ажырата біледі;
кіші, бас әріп элементтерін жазу, оларды каллиграфия нормасына сақтай отырып, бір-бірімен байланыстырады;
жазуда орфографиялық және пунктуациялық ережелерді қолданады;
баспа әріптермен берілген мәтінді көшіріп жазады (10 белгіден кем емес);
сөздерді есту арқылы жазады (мұғалім сөздерді орфоэпиясы бойынша оқиды) (жыл соңында 10-15 сөз);
сөйлеуден сөзді бөліп алады; оны сызбамен көрсетеді;
бөліп алынған сөзге сұрақ қоя алады (кім? не? қандай? не істеді? қайтті? нешеу?);
сөйлеуден сөйлемді ажыратады және бөліп алады, мәтіннен оның орнын (шегін) таба алады; сөйлемнің сызбасын сыза алады;
сөзді буынға бөледі және оны графикалық түрде белгілейді;
сөздің дыбыстық және дыбыстық-әріптік сызбасын көрсете алады;
сөздегі дауысты, дауыссыздарды ажыратады;
затты не құбылысты, сапаны немесе қимылды білдіретін сөздерді таба алады;
тыңдағанын түсінеді, сұрақтарға толық жауап береді, диалогқа түседі, әңгімеге қатысады;
әңгіменің логикалық жүйесін сақтай отырып, естіген немесе оқыған мәтінін өз сөзімен айтып береді; оқыған немесе әңгімесіне өзінің бағасын бере алады;
тірек сөздер, сюжетті картиналар арқылы 4-5 сөйлемнен тұратын әңгіме құра алады;
мәтіннің берілген басы мен соңы арқылы мәтін, диалог құрастырады;
затты, құбылысты, аңдарды сипаттайды, өз тәжірибесінде 4-6 сөйлемнен тұратын әңгіме құрайды;
берілген тақырыпқа диалог құрастырады, сөйлеу әдебі сөздерін (амандасу, алғыс айту, кешірім сұрау) пайдаланады;
картина арқылы елестеуі (қиялдауы) бойынша шығарма жаза алады (4-6 сөйлем).

2-сынып оқушылары:
тіл және сөйлеудің мәні мен қажеттігін;
өтілген дыбыс түрлерін;
мәтіннің жеке сөйлемдерден өзгешелігін;
сөйлемнің айтылу мақсатына қарай бөлінетін түрлерін,
түбір мен қосымшаны, қосымшаның түрлерін;
өтілген сөз таптарын;
мәтінге ат қоюды біледі.
дыбыс түрлерін ажыратады;
белгілері бойынша дыбыстық талдау жасайды;
сөз құрамына талдау жасайды;
өтілген сөз таптарын талдайды;
мәтіннің әр бөлігін азат жолдан бастап жазады;
сөйлем соңына тиісті тыныс белгілерін қоюға дағдыланған.
сөйлемнің айтылу мақсатына қарай бөлінетін түрлерін (хабарлы, сұраулы, лепті) ажыратады және оларды сөйлеу тәжірибесінде пайдаланады;
тірек сөздер, жоспар бойынша мәтін құра алады;
қоршаған орта мен мақсатқа сәйкес диалог құра алады;
өтілген орфографиялық нормаларға сай қатесіз жазады.

3-сынып оқушылары:
э, в, ф, ц, ч, щ, х, һ әріптерінің емлесін;
мәтін түрлерін;
сөйлемнің тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелерін;
жай сөйлемнің жалаң және жайылма түрлерін;
түбір сөз бен туынды сөзді;
түбір мен қосымшаның емлесін;
негізгі және туынды зат есімді;
зат есімнің тәуелденуін;
негізгі және туынды, болымды, болымсыз етістікті;
сын есім мен сан есімді біледі.
сөзге дыбыстық талдау жасайды;
сөйлемді сөйлем мүшесіне талдай алады;
мәтіннен қаратпа сөздерді таба алады;
сөздің лексикалық мағыналарын (мәндес, қарама-қарсы мағыналы, көп мағыналы) ажыратады;
туынды сөздерді ажыратады;
сөз құрамына және сөз тұлғасына талдай алады;
сөз таптарын өтілген белгілері бойынша талдай алады;
оқылған мәтін түрлерін (әңгімелейді, сипаттайды, пайымдайды) ажыратады;
мәтіннің тақырыбы мен негізгі ойды анықтауға дағдыланған.
тұрақты сөз тіркестерін өз тәжірибесінде пайдалана алады;
мәтіндегі тірек сөздерді табады және олармен мәтін құрай алады;
қоршаған орта мен мақсатқа сәйкес диалог, монолог құра алады;
өтілген орфографиялық және пунктуациялық нормаларға сай қатесіз жазады;
өздеріне таныс заттарды, құбылыстарды салыстырады, сипаттайды;
өз ойларын еркін, дәлелді түрде айтады.

4-сынып оқушылары:
ауызекі және жазба тілді;
буын және дыбыс үндестігін;
мәтіннің құрылымы мен түрлерін;
cөйлемнің тұрлаулы (бастауыш, баяндауыш), тұрлаусыз мүшелерін және бірыңғай мүшелерді;
жалаң және жайылма сөйлем түрлерін;
сөз тіркесін;
синоним, антоним, омонимдерді;
күрделі сөздерді, олардың түрлерін;
сөз таптары мен олардың түрлену жүйесін біледі.
жай сөйлемге синтаксистік талдау жасайды;
жай сөйлемді құрмаласқа айналдырады;
мәтіннен қыстырма сөздерді табады;
сөз таптарын ажыратады, талдайды және оларды топтастырады, өзара салыстырады;
мәтіндегі тірек сөздерді табады және олармен мәтін құрауға дағдыланған.
қоршаған орта мен мақсатқа сәйкес диалог, монолог құра алады;
түрлі жағдаяттарда әңгімелеседі, пікірлеседі, өз ойын түсінікті жеткізеді (кіммен? қайда? қашан? не туралы?);
өздеріне таныс заттарды, құбылыстарды салыстырады, сипаттайды;
берілген мәтінге жоспар жасайды;
түрлі жанрда шығарма құрады (әңгіме, хат, өтініш, хабарландыру).

ІV. оқытудың әдістемелік жүйесінің ерекшеліктері

Бастауыш сыныптарда қазақ тілін оқытудың өзіндік әдістемелік ерекшеліктері бар. Әсіресе, бірінші циклдің әдістемелік ерекшеліктерін білудің маңызы зор. Өйткені бұл циклда сауат ашу жұмыстарымен қоса тілдік грамматикалық ұғымдар да қоса меңгертіледі.
6 жасар баланың сауатын ашу, тілін дамыту – олардың физиологиялық-психологиялық ерекшеліктеріне негізделе отырып жүзеге асырылатын, баланың ойын әрекетінен оқу әрекетіне өтуін қамтамасыз ететін үдеріс. Осыған орай балалардың алты жастан бастап сауатын ашу жүйесі:
1-сыныптың тұтасымен сауат ашуға берілуімен;
оқу мен жазу жұмыстарының кіріктірілуімен;
сабақ уақытының кезеңдерге бөлінуімен т.б. ерекшеленеді.
Алты жасарлар балалардың:
біріншіден, зейіні тұрақсыз болғанымен, қабылдауы қарқынды келеді;
екіншіден, танымдық қабілеті жоғары;
үшіншіден, ұйымдастырылған түрлі әрекетке белсенді.
Сондықтан оларға арналған оқыту үдерісінің өзіндік ерекшеліктері болуы шарт. Білім мазмұнының көлемі шағын, құрылысы қарапайым болумен қатар, білім беру мен тәрбиелеу баланың жеке тұлға ретінде дамуына бағдарлануы тиіс. Сондай-ақ, оқыту үдерісіндегі түрлі әрекеттер ойынға негізделіп құрылуы қажет.
Екінші циклда тілдік ұғымдар біртіндеп күрделене түседі. Тілдік материалдар балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты тілдік фактілерді байқату, салыстыру, жаттығу және көрнекілік әдістері арқылы түсіндіріледі. Бұл әдістер қазіргі дамыта оқыту талабына сай қолданылады. Бұл үшін сабақта төмендегі мәселелерге баса назар аудартылады:
сабақ құрылымының икемділігі;
түсіндірілетін жаңа ұғым бойынша проблема қою;
оқушылардың жаңа ұғымды меңгерудегі интенсивті өзіндік әрекетін ұйымдастыру;
тақырыпқа қатысты пікірталастың болуы;
дидактикалық ойындар;
тілдік бірліктерді салыстыруды, топтауды, жүйелеуді ұйымдастыру;
білім алушының белсенділік көрсетуіне мүмкіндік беретін педагогикалық жағдаяттар құру.
Дамыта оқытуда сабақ құрылымында да өзгешеліктер болады. Оқушының оқу-танымдық әрекетінің психологиялық ерекшеліктеріне байланысты сабақ үш кезеңге сай ұйымдастырылады:
мотивациялық-бағдарлау кезең;
операционалдық-орындаушылық кезең;
рефлексиялық-бағалау кезең.
Мотивациялық-бағдарлау кезеңде оқу міндеттері қойылып, оқушылардың сабаққа қызығушылығын оятатындай тапсырмалар мен жұмыс түрлері ұйымдастырылады. Операционалдық-орындаушылық кезеңде нақты оқу тапсырмаларын орындау арқылы оқушылар жаңа теориялық ұғымды өзара талқылайды, соның негізінде теориялық білімін бекітеді, оны қолдануға үйренеді. Ал рефлексиялық-бағалау кезеңінде оқушының теориялық түсініктерді меңгеруі тексеріледі, түзетулер енгізіліп, қайта қорытындыланады.
Бастауыш сыныпта қазақ тілін оқытуда жаттығулардың алатын орны ерекше. Қазіргі талапқа орай тілдік-грамматикалық жаттығулар, ойын жаттығулары, сөйлеу жаттығулары, рефлексиялық жаттығулар орындатылады.
Ойын жаттығулары оқушылардың оқу-танымдық қызметін ойын (пәндік, пәнаралық, сюжеттік, рөлдік ойындар) арқылы басқаруға мүмкіндік береді. Білім алушының өзін көрсетуіне, жолдасының пікірін ескеруіне, қарым-қатынас жасауына, стандартты емес жағдайда өз білімін қолдана білуіне ықпал етеді. Ойын және сөйлеу жаттығулары арқылы қатысымдық және ақпараттық құзыреттіліктерді қалыптастыру міндеті шешіледі. Сонымен бірге проблемаларды шешу құзыреттілігінің әрекетті жоспарлау және мақсат қою, технологияларды қолдану, іс-әрекеттің нәтижесін бағалау аспектілерін сабақта жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Тірек сызбалардың проблемаларды шешу құзыреттілігін қалыптастыруда үлкен рөлі бар. Өйткені мұндай сызбалар арқылы тілдік категориялардың ұқсастығын, айырмашылығын, өзіндік ерекшеліктерін салыстырып көрсетуге болады. Сызбаларда көбінесе дерексіз байланыстар мен қатынастар көрсетіледі. Мәселен, тірек сызба бойынша сөйлем құратуға, сөйлемдегі сөздердің байланысын көрсетуге болады. Сонымен қатар тірек сызбалар дербестікті дамыту үшін де қолданылады.


Скачать


zharar.kz