НАЙМАНТАЙҰЛЫ БАЙҒОЗЫ

Скачать

Наймантайұлы Байғозы (1705-1803) - қазақ халқының елдігі мен еркіндігін қорғау жолында жоңғар шапқыншылығына қарсы жүргізілген Ұлы Отан соғысында ерен ерліктер жасап, исі қазаққа даңқы жайылған батырлардың бірі. Байғозы батырдың туып өскен жері Арқаның Ортау, Қызылтау деп аталатын сілемді тауларының арасы. Топырақ бұйырған жері Қарағанды облысының Жаңарқа және шет аудандарының жапсырындағы Жаман Сарысу өзенінің бойы. Батырдың бейіті тұрған жер «Батыр басы» деп аталады. Байғозы батырдың шыққан тегі Орта жүздің ноқта ағасы Тарақты руынан. Шежіре дерегі бойынша 12 ата тарақтының бір атасы Қыдыр болса, одан Қаржау , одан Есенкелді, одан Сүтемген, одан Наймантай батыр, одан Байғозы батыр туған. Байғозы батырдың шешесі Шолпан Кіші жүздің жеті руын билеген тархан Есет батырдың (1667-1749) туған қарындасы. Тәуке ханның бас батырларының бірі болған Наймантай (сүйегі Ахмет Яссауи кесенесіндегі қорымда) баласы Байғозыны жауынгерлікке өзі баулып, әкелі – балалы батырлардың даңқы жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінде қатар шыққан. Халық жырларында:
«Қолында қамшысы бар айбалтадай,
Батыл бол батыр болсаң Наймантайдай»
«Тарақты да Байғозы,
Бұ да асқан ер еді.
Ел шетіне жау кесе,
Мен барайын дер еді» - деп айтылады.
Қазақ пен қалмақ жасақтарының арасында болған Бұланты, Қарасире, Талқы, Қозымаңырақ, Қалба, Терісаққан, Аңырақай, Хантау, Қызылтау, Ерейментау,Түркістан, Қарқаралы, Ыстық көл шайқастарының Байғозы батыр бел ортасында болып, ерен ерліктер көрсеткен. Ол ерліктердің небір ғажайып оқиғалары Шоқан Уәлихановтың, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің еңбектерінде, Жанақ, Шөже сияқты ақын-жыраулардың жыр – толғауларында кездеседі. Қан майданда талай-талай сыннан өткен Байғозы батыр Абылай ханның ту ұстаушы батырларының бірі болған. Шоқан Уәлиханов XVIII ғасырдың батырларына арналған очеркінде Жәнібек, Баян, Жанатай сияқты әйгілі батырлармен бірге Байғозы батырдың да ерліктерін қызықты баяндайды. Ауызша, жазбаша жеткен тарихи деректерге сүйене отырып, академик Р.Б.Сүлейменов пен тарихшы ғалым Р.В.Мойсеев былай дейді: «Алғашқыда жоңғарлармен, кейін манжүр-қытай жаушылармен күрес барысында Бөгенбай, Малайсары, Жәнібек, Баян,Байғозы, Жанатай, Оразымбет, Тұрсынай сияқты ержүрек батырлардың , білікті әскер басылардың қалың легі ел ішінен суырылып шықты». Байғозы батыр өз кезінде Болат, Әбілмәмбет, Әбілқайыр, Абылай сияқты хандардың алдын көрді; Төле, Қазыбек, Едіге, Бұхар сияқты би жыраулардың ұлағатты сөзін естіді; Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек, Жанатай сияқты батырлардан тәлім алды; Керней, Жарылғап, Әлтеке Жидебай, Шанышқылы Бердіқожа, Шапырашты Наурызбай сияқты батырлармен төс тигізген дос болды. Байғозы батырдың Баяу деп аталатын жақын әпкесінен Қанжығалы Бөгенбай батыр туады. Сондай-ақ Байғозы батырдың Шәкі деген немере қызынан әйгілі қобызшы Ықылас Дүкенұлы туса, батырдың өз кіндігінен туған Қойсана деген қызы Шұбыртпалы Ағыбай батырдың туған анасы. Белгілі тұлғалардың өміріне қатысты мұндай деректер де елдік тарихтың қызықты беттері болып табылады. Байғозы батырдың ұрпағы өсіп-өнген, қазір Қарағанды, Ақмола, Жамбыл, Шымкент облыстарында көптеп кездеседі. Солардың бірі батырдың алтыншы ұрпағы, белгілі жазушы, филология ғылымының докторы Ақселеу Сейдімбек.


Скачать


zharar.kz