САБЫР ТҮБІ — САРЫ АЛТЫН

Скачать

Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың еліміздегі телеарналар басшыларына берген сұхбатында қазақ тілінің жағдайына қатысты айтқан салиқалы ойлары қым-қуыт оқиғаларға толы өткен ғасырдың 90-жылдарын есіме оралтты. Егемендігіміз жарияланып, ұлттық мүддемізге қатысты мәселелер біртіндеп шешіле бастаған тұста кей тіл жанашырларының мәселенің байыбына бармастан аттанға айқай қосып шыға келгені бар. Олардың жиындарда қызбалана сөйлеп, шетін проблемалардың бір мезетте шешілуін талап еткенінің талай куәсі болғанымыз бар. Кеудені кеу-кеулеген ұлттық намыс деген дұрыс-ау. Алайда әр нәрсенің өз кезегімен атқарылатыны бар емес пе. Қанша асықтырғанмен, уақыт атты ұлы құдыретке бағынулы екенімізді ешқашан ұмытуға болмайды.

Иә, облыс орталығы — Петропавлда бір ғана ұлттық мектеп болатын. Қазақ ата-ана­лары балаларын оқыту үшін амалсыздан орыс мектептеріне беретін. Балабақшада орысша тәрбиеленген балаға ана тілін білу өте қиынға түсетіні бәрімізге жақсы мәлім еді. Солай екен деп, бәріміз жан-жақтан ұлардай шуласақ, онсыз да арамызға ши жүгіртіп жүрген сепаратистік пиғылдағы топтар төбемізге шығып кетер еді. Сол себепті жоғарыдай “жанайқайларға” солтүстіктегі ағайындардың қосылмағаны, әліптің артын асқан шыдамдылықпен тосқаны рас.

Бәріне уақыт төреші. Қазіргі жағдай бұрынғымен еш салыстыруға келмейді. Бүгін қазақ тіліне деген ынта-ықыластың түбірімен өзгергенін көріп отырмыз. Облыс орталығында алты ұлттық мектеп жұмыс істейді. Балабақшаларда қазақ тілі тереңдетіп оқытылады. Күн өткен сайын ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесі артып, мемлекет тарапынан үлкен қолдау тауып келеді. Алысқа ұзамайық, өзім жетекшілік ететін орталықтың тыныс-тіршілігінен мысалдар келтірейін. Бізде қазақ тілін оқып-үйренуге барлық жағдай жасалған. Бүгінге дейін бір ғана мультимедиялық кабинет жұмыс істеп келсе, екіншісін орнатуға облыс әкімі С. Біләлов 5 миллион теңге бөлдіртіп, таяуда іске қосылды. Қазір 26 компьютер, 2 интерактивті тақта, бірнеше грамматикалық стендтер 105 топта оқитын 1500-ден астам мемлекеттік қызметшіге қызмет көрсетеді. Қазақ тіліне ынта қоюшылар үш деңгейлі бағдарламамен оқытылуда.

Сұхбатта Елбасы атап өткендей, ұлттық намыс ел тәуелсіздігін одан әрі нығайтуға қызмет етуі тиіс. Асықсақ та аптықпаған дұрыс. “Сабыр түбі — сары алтын”. Сабыр­лының қашанда көздеген мұратына жететіні, ал сабырсыздың ұятқа қалатыны аян.

Айбала МӘЖЕНОВА, Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры. Петропавл.


Скачать


zharar.kz