Кәсіби білім беру - өнеркәсіп, ғылым, техника және мәдениеттің әртүрлі салалары үшін жоғары, орта және төменгі білікті мамандар даярлау оқу орны.
[өңдеу]
Кәсіптік білім
Кәсіптік даярлық, кадрларды кәсіптік даярлау – білім беру жүйесінің маңызды саласы; мамандар мен жұмысшыларға кәсіптік білім беру, оларды мамандыққа даярлау, қайта оқыту және олардың біліктілігін көтеру. Бастауыш кәсіптік білім беру ісі негізгі жалпы білім беру базасы негізінде кәсіптік мектептер мен кәсіптік лицейлерде жүзеге асырылады және ол еңбек қызметінің түрлі бағыттары бойынша біліктіжұмыскерлерді (жұмысшыларды, қызметшілерді) даярлауға бағытталған. Кәсіптік мектепте оқу мерзімі 2 – 3 жыл, кәсіптік лицейде – 3 жыл, ал ерекше маңызды кәсіптер және бірегей жабдықтарға күтім жасауға байланысты кәсіптер бойынша – 4 жыл. Сондай-ақ, тікелей өндірісте, оқу-өндірістік комбинаттарда, оқу орталықтарында, курстарда және жұмысшылар мен қызметшілерді даярлайтын басқа да оқу-өндірістік құрылымдарда да кадрлар кәсіпке даярланады. Орта кәсіптік білім оқушыларға колледждер мен училищелерде беріледі, мұнда кәсіптік білім беру ісі арнаулы орта білім берумен ұштастырыла жүргізіледі және ол орта кәсіптік білімі бар мамандарды даярлауға бағытталған. Колледжде оқу мерзімі – 3 – 4 жыл. Жалпы орта білімі бар, сондай-ақ, сабақтас мамандықтар бойынша бастауыш кәсіптік білімі бар азаматтар колледждерде қысқартылған, жеделдетілген бағдарламалар бойынша орта кәсіптік білім алады. Колледждерде тиісті лицензиясы болғанда ғана бастауыш кәсіптік білім беру бағдарламалары іске асырылады.
Экономиканың нарыққа бағдарланып қайта құрылуына байланысты мамандардың біліктілік деңгейіне, олардың кәсіптік ілкімділігіне, ептілігі мен шеберлігіне, бастамашылдығына жоғары талаптар қойылып отыр. Осыған орай кәсіптік білім беру жүйесіне ерекше назар аударылып, дағдарысқа қарсы күрес барысында оған экономикада жүргізілетін құрылымдық өзгерістерді қамтамасыз ететін, нарықтық сауаттылықты енгізетін “қуатты фактор рөлі” жүктелуде. 1999 ж. колледждердің мемлекттік қазыналық кәсіпорындар қатарына жатқызылуына байланысты олар ақылы оқытуға көшті, олардың тек кейбіреулері ғана мемлекттік тапсырыс бойынша жұмыс істейді. Бұл тапсырысты тиісті мемлекттік органдар білікті жұмысшылар мен қызметшілерді даярлаудың мемлекттік бюджет есебінен іске асырылатын жоспары ретінде белгілейді. Қазіргі кезде колледждерде оқушыларға конкурстық негізде мемлекттік гранттар мен несиелер беру жолымен мамандар даярлаудың тетігі әзірленіп, тәжірибеге енгізілуде.
Білім беру
Білім беру статистикасы - мектепке дейінгі, жалпы білім беретін ұйымдардың, техникалық және кәсіби, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі ұйымдардың қызметін зерттейтін – статистика саласы.
Тұрақты мектепке дейінгі ұйымдар – (жылына кем дегенде 10 ай жұмыс істейтін) 1 жастан 6 (7) жасқа дейінгі балаларды күту, қарау, денсаулығын жақсарту, тәрбиелеу және оқытуды қамтамасыз етеді.
Мектепке дейінгі ұйымдарға кіретін балалардың орынмен қамтылуы (100 орынға қанша баладан келетініне шаққанда) мектепке дейінгі ұйымдардағы балалар саны ондағы орын санының қатынасымен анықталады.
Күндізгі жалпы білім беретін мектептер – бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын оқу орындары. Жалпы білім беретін мектептер үздіксіз білім берудің негізгі буыны болып табылады. Статистикалық есептіліктерде күндізгі жалпы білім беретін мектептер типтері бойынша: бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, арнаулы түзету мектептері, түрлі пәндерді тереңдетіп оқыту мектептері, гимназиялар, лицейлер болып топталады.
Кешкі жалпы білім беретін мектептер – негізгі және орта жалпы білімді әр жастағы (жұмыс істейтін және жұмыс істемеймін) Қазақстан азаматына алуға мүмкіндік беретін оқу орны. Жалпы білім беретін бағдарлама күндізгі, сырттай, жанұялық білім, экстернат нысандарында меңгеріледі.
Кәсіптік мектептер (лицейлер) – жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары мен техникалық және қызмет көрсету еңбегінің білікті кадрларын даярлау жөнінде техникалық және кәсіптік білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын оқу орны.
Колледждер – қоғамдық пайдалы кәсіптік қызметтердің негізгі бағыттары бойынша техникалық және қызмет көрсету еңбегінің білікті мамандарының даярлауға бағытталған, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары мен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын оқу орны.
Жоғары оқу орындары – біліктілікті және (немесе) бакалавр академиялық дәрежесін бере отырып мамандар даярлауға, жоғары білікті ғылыми және педагог кадрлар даярлауға бағытталған, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын оқу орны.
Білім беру ұйымдарының оқушылар саны білім беру ұйымдарындағы, бастауыш, орта және жоғарғы кәсіптік білім беру ұйымдарындағы оқитындар саны.
Оқу орындарына қабылдау – осы оқу жылында оқуға қабылданған адамдар санының көрсеткіші. Бекітілген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады. Қабылдағандар санына екi жыл бiр сыныпта қалған балалар және оқытуға қайта алынған адамдар қосылмайды.
Оқу орнын бітірушілер – оқу орындарындағы толық курсты бітірген және тиісті білім (мамандық) алған тұлға саны. Жоғары оқу орнын бітіргендерге мамандығына сәйкес біліктілік беріледі, диплом және белгілі нұсқадағы белгі беріледі.
Магистр – жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіби оқу бағдарламасын менгерген тұлғаға берілетін академиялық дәреже.
Аспирантура, докторантура – аспирантурасы немесе докторантурасы бар оқу орындары мен оқу мекемелерінде ғылым және ғылыми-педагогикалық кадрлардың жоғары біліктілігін дайындайтын нысан.
Пайдаланылған әдебиеттер:
''Қазақ энциклопедиясы'', 4-том