2-Бөлім. Кәсіпорынның қызмет ететін орталары, капиталы, кадр саясаты, шығындары, өндірістік құрылымы
3.тарау. Кәсіпорынның қызмет ететін орталары
3.1. Кәсіпорынның үлкен және шағын ортасы
Кәсіпорынның маркетингтік ортасы – маркетинг қызметінің басшыларына өз клиенттерімен сәтті байланыс жасауларына тиімді ықпал ететін және кәсіпорыннан тыс іс атқаратын субьектілер жиынтығы.
Кәсіпорынның маркетингтік ортасының құрылымы:
үлкен орта;
шағын орта.
Кәсіпорынның үлкен ортасы – ұйымның жалпы экономикалық қызметіне шешуші ықпал ететін демографиялық, экономикалық, табиғи, ғылыми-техникалық және саяси факторлардың жиынтығы (3.1-сурет).
Кәсіпорын қызметінің өсіп-өркендеуіне үлкен орта факторлары жанама сипатта болса да әсер етеді.
Демографиялық орта:
адамдардың жасы, жынысы, отбасы мүшелерінің саны;
табыс мөлшері, кәсіби мамандығы, білімі;
халықтың тығыздығы;
адамдардың өсу, туу және өлу көрсеткіштері.
Экономикалық орта:
тұрғындардың сатып алу қабілеттілігі;
баға, жинақ, несиелер;
жұмыссыздық;
инфляция және табыс көздері;
тұтыну шығынының көлемі;
Жалпы Ұлттық Өнім;
Жалпы Ішкі Өнім;
жан басына шаққандағы табыс пен шығын;
басқа да мәселелер.
Табиғи орта:
айналадағы ортаны қорғау және оны тиімді пайдалану;
шикізат түрлерінің жетіспеушілігі (дефицит);
тұщы су;
энергия көздері;
айналадағы ортаның ластануы;
өнеркәсіп қалдықтары және басқа да мәселелер.
Ғылыми- техникалық орта:
ғылыми және техникалық жетістіктер және оларды жеделдету жолдары;
өндірісті автоматтандыру;
ғарыш кешендері;
медицина және фармакология;
тәжірибелер жасау;
жаңалықтар ашу;
басқа да салалар.
Саяси орта:
кәсіпкерлік қызметті реттеу заңдылықтары;
қоғамдағы әр түрлі заңдар, ережелер, қаулылар, нұсқаулар мен жарлықтардың дұрыс қабылдануы;
шығарылған заңдылықтарға сәйкес жүзеге асырылуы мен тәртібінің сақталуын және олардың дер кезінде орындалуын қадағалау;
басқа да салаларға бақылау жасау.
Мәдени орта:
халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары;
өнер, кино, театр туындылары;
атадан балаға мирас болып келе жатқан рухани құндылықтар;
мәдениет және өнер туындылары, сондай-ақ қолөнер бұйымдары;
адамдардың өзіне деген пайымы, адамдардың өзара қарым-қатынастары, адамдардың қоғамдық құрылымдармен қарым-қатынасы, адамдардың қоғаммен байланыстары, адамдардың табиғатпен қарым-қатынасы, адамдардың шартараппен, әлеммен байланыстары.
3.1-сурет. Кәсіпорынның үлкен ортасы
Кәсіпорынның шағын ортасы – кәсіпорынның өзіне және клиентураға зат берушілер, клиенттер, бәсекелестер, қарым-қатынас аясы және басқа да қызмет ету мүмкіндіктеріне қатысты элементтердің жиынтығы (3.2-сурет).
Жалпы кәсіпорынды басқару кәсіпорынның ішкі бөлімдерімен тығыз байланыста жұмыс істеуін талап етеді (3.3-сурет).
3.2-сурет. Кәсіпорынның шағын ортасы
Ал енді кәсіпорынның шағын ортасындағы бөлімдердің қызметіне тоқталайық.
3.3-сурет. Кәсіпорынның шағын ортадағы байланыстары
Қаржы бөлімі кәсіпорынның қаржы жағдайын қарастырады. Ол кәсіпорынның қаржылық (бизнес) жоспарын нақтылы іске асыру үшін қажетті қолма-қол және қолма-қолсыз ақшамен, оларды мақсатқа сай тиімді пайдалану жұмыстарымен айналысады.
Ал ғылыми зерттеу бөлімі зиянсыз тауарларды анықтайды, техникалық зәруліктер бойынша жобалау жұмыстарымен айналысады, сонымен қатар оларды өндірудің тиімді көздерімен іс-тәжірибеде қолдана алу әдістерін іздестіреді.
Өндіріс бөлімінің негізгі бағыты қажетті мөлшерде тауарларды өндіруді қамтамасыз ету.
Материалдық-техникалық жабдықтау бөлімі қажетті ішкі заттар мен қосалқы бөлшектердің жеткізіп тұруына тиісті жағдай жасауға міндетті.
Есеп бөлімі кәсіпорынның кірісі мен шығысын бақылайды және кәсіпорын қызметкерлерінің көзделген мақсатқа жетудің қаншалықты сәтті жүріп жатқандығы жөнінде хабардар етіп отырады.
Жабдықтаушы – бұл кейбір нақты тауарлар өндірісіне және көрсетілетін қызметтерді қажетті материалдық ресурстармен қамтамасыз етіп отыратын іскер кәсіпорындар мен жеке тұлғалар.
Маркетингтік делдалдар – бұл кәсіпорынға тауарлардың клиенттер арасындағы қозғалысын реттеуіне, тауарды өткізіп, таратуына көмектесетін кәсіпорындар.
Маркетингтік делдалдарға жататындар:
тауар өндіруді ұйымдастыратын кәсіпорындар;
маркетинг қызметімен айналысатын агенттіктер мен қаржы мекемелер.
Сауда делдалдары – клиенттерді іздеумен, оларға тауарды тиімді сатумен айналысатын іскер кәсіпорындар.
Тауар қозғалысын ұйымдастыруды қамтамасыз ететін кәсіпорындар кәсіпорынға өз өнімдерін қорын құруға да көмектеседі.
Маркетингтік қызмет көрсететін агенттіктер:
маркетингтік ғылыми зерттеулер кәсіпорындары;
жарнама агенттігі; жарнама құралдарын іздестіруді немесе жасап шығаруды ұйымдастыру,
маркетингтік қызмет туралы тиісті кеңестер беретін кәсіпорындар. Олар компанияның көздеген мақсаттарына жетулеріне ең қолайлы жағдайлар туғызуды көздейді.
Қаржы-несие ұйымдары – банктер, несие және сыртқы ұйымдар. Олар тауарларды сату және сатып алу барысында туындайтын төтенше, қолайсыз жағдайлардан сақтануға жәрдемдесетін, сондай-ақ кәсіпорынға қандай да бір істі қаржыландыруда ақшалай көмек беретін ұйымдар.
Клиенттер
Кәсіпорын өз клиенттерін нарықтың төмендегі бес түрі бойынша анықтайды (3.4-сурет):
1. Тұтыну нарығы. Өздерінің жеке тұтынулары үшін тауарларды (ақылы қызмет көрсетуді) сатып алатын үй шаруашылығындағы адамдар.
2. Өндірушілер нарығы. Тауарларды өндіріс процесінде қолдану үшін сатып алатын ұйымдар.
3. Белгілі бір уақыт аралығындағы сатушылар нарығы. Бұл белгілі бір мөлшерде табыс табу мақсатында тауарлар мен қызмет көрсетулерді қайта сату үшін алатын ұйымдар.
3.4-сурет. Нарықтың түрлері
4. Мемлекеттік мекемелер нарығы. Бұл тауарлар мен қызмет түрлерін коммуналдық қызмет саласында қолдану немесе оларды тұтынатын тұлғаларға беру мақсатында сатып алатын мемлекеттік ұйымдар.
5. Белгілі бір уақыт аралығындағы нарық. Бұл шетел тұтынушылары мен тауар өндірушілері, яғни халықаралық нарық.
Бәсекелестер
Қандай да бір кәсіпорын болмасын өзінің қызмет барысында көптеген бәсекелестермен кездеседі. Бұл нарықтық қатынастар заңдылығы.
Кәсіпорындарды жалпы қызметінде бәсекелестерді танып-білу үшін ең алдымен сатып алушы тұлғалардың қандай шешім қабылдайтынына көз жеткізу қажет.
Кәсіпорындардың және оларға қатысты нарық субьектілері: делдалдардың, киленттердің, бәсекелестердің, байланыс саласының қызметтері макро деңгейдегі ортада атқарылады.
Нарықтық экономикада бәсекенің негізінен төрт түрі кездеседі (3.5-сурет):
1. Тілекті бәсеке, яғни тұтынушының тауарға деген қанағаттануынан туған ізгі тілек.
2. Тауарлы сабақтас бәсеке, яғни қандай бір нақты тілектерді қанағаттандырудың басқа да әдістері.
3. Тауарлы-көрнекті бәсеке, яғни тұтынушының талап-тілегін қанағаттандыру үшін, сол тауардың алуан түрлі болуы.
4. Маркалы бәсеке, тұтынушының қажеттілігін қанағаттандыру үшін тауар маркаларының көп болуы.
3.5-сурет. Бәсекенің негізгі түрлері
Байланыс аясы
Байланыс аясы кәсіпорынның алға қойған мақсаттарына жетулеріне ықпал ететін немесе ұйымдастыру жұмыстарында нақтылы немесе мейлінше мүдделі кез-келген топ (3.6-сурет).
Осы топтарды кәсіпорынның қызметтеріне әсер етуіне орай игілікті және қажетсіз (игіліксіз) деп бөлуге болдаы.
Игілікті топ (аудитория) кәсіпорынды игілікті сипаттармен зерделеуді қамтамасыз ететін мүдделі топтар.
Қажетсіз топ (аудитория) – кәсіпорын қажетсінбейтін топ, өндіріс орны өзінің іс-әрекеттеріне мүдделі топтарды тартпауға тырысады. Алайда олар пайда болған сәтте мұнымен есептесуге тура келеді.
Кез-келген кәсіпорын байланыс аудиториясының мына төмендегі жеті түрінің пайда болу жағдайында қызмет етеді:
1. Қаржы бөлімі. Бұл кәсіпорынның өзін-өзі қаржымен қамтамасыз ету жүйесі.
Мұндағы негізгі байланыс аудиториялары:
банктер;
инвестициялық компаниялар;
қор биржасының брокерлік фирмалары;
акционерлер.
2. Ақпарат құралдарының байланс аясы. Бұл жаңалықтардың, мақалалар мен редакциялық түсініктемелердің мезгілінде таратылуын ұйымдастыру. Мұны газет-журналдар мен әр түрлі басылымдарды таратушылар, радиостанция, теледидар орталықтары және басқа да органдар жүзеге асырып отырады.
3. Мемлекеттік мекемелердің байланыс аясы. Кәсіпорын міндетті түрде мемлекеттік деңгейдегі жаңалықтар мен өзгерістер туралы үнемі хабардар болуы тиіс.
4. Жұмыс істеп тұрған азаматтық топтар. Бұлар кәсіпорында шешім қабылдау барысында тұтынушылардың сұранысын, талап-тілектерін ескеруі қажет.
5. Жергілікті байланыс аясы. Кез-келген кәсіпорын жергілікті деңгейдегі барлық органдармен тығыз қарым-қатынаста болуға тиіс.
6. Қалың бұхаралар. Кәсіпорын халыққа өзінің өндіретін тауарлары мен көрсететін қызмет түрлерін ұсына отырып,олардан:
– әр түрлі сын-ескертпелер;
ұсыныстар мен бағдарламалар;
орын алған кемшіліктер жөнінде және кәсіпорынды дамытуға қатысты ой-пікірлер күтеді,
7. Ішкі байланыс аясы.
Бұған қатыстылар:
басқарма органы;
директорлар кеңесі;
кәсіпорынның қызметкерлері мен жұмысшылары;
кәсіпорынның көмекшілері және басқа да кеңес беру салалары.
3.6-сурет. Кәсіпорынның әр түрлі байланыс аясы
3.2. Кәсіпорынның сыртқы және ішкі ортасы
Кәсіпорын қызметінің нәтижелігі оның сыртқы ортасынан көрінеді. Сондықтан сыртқы ортаны шеберлікпен реттеп отырудың және оның кәсіпорынның ішкі құрылымымен үйлесімді байланысын қамтамасыз етудің маңызы зор.
Кәсіпорынның сыртқы ортасы төмендегі негізгі факторлармен сипатталады:
факторлардың өзара байланысы;
күрделілік;
қозғалмалық;
белгісіздік.
Сыртқы орта факторларының өзара байланысы сыртқы ортаның бір факторының өзгеруі басқа факторларға қаншалықты және қандай деңгейде ықпал ететінін анықтау арқылы көрінеді.
Сыртқы ортаның күрделілігі факторлардың санына байланысты. Осыған орай әр кәсіпорын өзінің түпкі мақсатының орындалуына оң ықпал ететінін факторларды есепке алып, оның деңгейін анықтап отыруға мүдделі.
Қозғалмалылық – бұл кәсіпорын қызмет жасап тұрған ортада болып жатқан құбылыстардың қозғалысы. Ұйым айналасында болып жатқан өзгерістер неғұрлым жедел қозғалыста болса, өндірістік жүйедегі өзгерістер де солғұрлым тез дамып отырады.
Сыртқы ортаның белгісіздігі кәсіпорынның сыртқы орта факторларын есепке алуына, олардың әрқайсысының қаншалықты және қандай денгейде ықпал ететінін анықтап отыруына, ақпараттардың саны мен сапасына байланысты ақпараттардың жеткіліксіздігі немесе анықтауға ешбір мүмкіндіктердің болмауы.
Сыртқы ортаға қатысты беймәлім жәйлар неғұрлым көп болса, тиімді шешімдер қабылдау да соғұрлым қиындай түседі.
Сыртқы орта факторлары:
тікелей;
жанама әсер ететін болып бөлінеді (3.7-сурет).
Тікелей әсер ететін факторлар:
мемлекет;
жеткізуші;
тұтынушы;
бәсеке болып бөлінеді
Мемлекет – кәсіпорын үшін реттеуші, қорғаушы және басшылық етуші ролін атқарады.
Сонымен қатар,ол:
салық жеңілдіктерін белгілейді;
субсидия (жәрдем), несеиелер береді;
заңдардың орындалу барысына бақылау жасайды;
несиелердің пайыз мөлшерін белгілейді;
басқа да көптеген реттеу жұмыстарын жүзеге асырады.
3.7-сурет. Кәсіпорынның сыртқы ортасының негізгі факторлары
– тікелей әсер ететін факторлар;
– жанама әсер ететін факторлар.
Жеткізуші – кәсіпорынның өндірістік қызыметтеріне қажетті материалдық-техникалық ресурстарымен, құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етуші.
Жеткізуші материалдық қорлардың бағасына, тауарлар мен шикізаттардың сапасына, сонымен қатар тұлғаларға әр түрлі қызмет көрсетуге қатысты келісім-шарттарға сүйене отырып ұтымды байланыстарды ұйымдастыруға міндетті.
Жанама әсер ететін факторлар:
елдегі экономикалық хал-ахуал;
техникалық немесе технологиялық;
әлеуметтік (мәдени);
саяси болып бөлінеді.
Ал енді экономикалық хал-ахуалдың өзі:
экономикалық өсудің қарқыны;
төлем балансы;
жұмыспен қамту денгейі болып бөлінеді.
Экономикалық өсу – Үкіметтің инфляцияны таяу жылдарда ауыздықтау, ал келешекте мүлдем тоқтату және төлем балансын қалыпқа келтіру жолындағы негізгі мақсаты.
Экономиканы серпінді дамыту жан басына шаққанда Ұлттық Өнім үлесінің өсуіне, тұлғалардың, оның барлық әлеуметтік топтарының ауқатты өмір сүруіне негіз болады.
Экономикалық хал-ахуал кәсіпорынның мүддесіне қосымша капитал тартуына тікелей ықпал етеді.
Үкімет:
салықтарды, ақша массаларын, несиенің пайыз мөлшерін реттейді;
экономикалық жағдайдың тұрақты қалыптасуын қамтамасыз етеді.
Төлем балансы – елдің белгілі бір уақыт ішінде сыртқы экономикалық операциялар балансын көрсететін маңызды статистикалық құжат.
Жұмыспен қамту деңгейі. Мұндағы басты мәселе жұмыссыздық. Ол жұмыс істегісі келетін, еңбекке жарамды адамдардың өндірісте және басқа да қызмет орындарында жұмыспен қамтылмауы.
Жұмыссыздық – нарықтық экономика жағдайында жұмыс күшіне деген сұраныс пен ұсынымның арақатынасының көрсеткіші. Жұмыссыз қоғам мүшелерінің санын барған сайын азайтып, жұмыссыздық деңгейінің оңтайлы межеден аспауын қамтамасыз ету жолында іске асырылатын макроэкономикалық шаралар кәсіпорындар қызметінің оңалуына тікелей әсер етеді.
Мәселен:
салыққа қатысты жеңілдіктер беру;
шектеу аясын тарылту.
Техникалық факторлар – кәсіпорынның атқарымдылығы, өзгерту, жетілдіру, қосымша мүмкіндіктер мен шектеу тенденцияларын қамтиды. Жоғары деңгейдегі технологиялармен жұмыс істейтін кәсіпорындар техниканың жаңа түрлерін әзірлеп, олармен өндірісті жабдықтаудың тиімді жолдарын басқаларға ұсынады. Өндірісті жаңа техникамен жабдықтаудың өнім өндіруде, оны дайындау мен тиімді сатуда, ақпарат жинауда, кәсіпорыннан тұтынушылардың қандай жаңа өнімдер мен қызмет түрлерін күтетіндігін анықтауда алатын орны ерекше.
Әлеуметтік факторлар. Кәсіпорын белгілі бір мәдени ортада қызмет атқарады, оның қызметтерінің табыстылығына ел тұрғындарының:
мәдени артықшылықтары;
тарихи ерекшеліктері;
менталитеті мен әдет-ғұрыптары әсер етеді.
Саяси факторлар қоғамның саяаси жағдайын және оның тұрақтылық денгейін анықтайды. Бұл – мемлекеттің, құқық және сот органдарының кәсіпорынмен қарым-қатынасы барысында ұстанатын көзқарасы.
Осы көзқарас:
табысқа салық салу;
салық жеңілдіктерін белгілеу;
тұтынушылардың құқын қорғау жөніндегі заңдарды әзірлеу;
қоршаған ортаны қорғау;
бағаға бақылау жасау;
жалақыны реттеу мәселелерінде үкіметке ықпал етеді.
Кәсіпорын үшін саяси тұрақтылық элементтеріне көптеген партиялар тобының қызметі мен ұстанымдары, шетел инвестицияларын тиімді пайдалану да жатады.
Ішкі орта – тауарлар алмасуының жиынтығы. Бұған бартер, өтем келісімдері, екі жақты клиринг жатады. Қарама-қарсы сауда үлесіне халықаралық тауар айналымының төрттен бірі келеді. Көптеген экономикалық пәрменді дамыған елдер импорт шарты ретінде өз тауарларын сатып алуды талап етеді.
3.8-суретте кәсіпорын қызметтеріне әсер етуші қоршаған орта факторлары көрсетілген.
3.8-сурет. Кәсіпорын және оны қоршаған орта
3.8-сурет. Кәсіпорын қызметтеріне әсер етуші қоршаған орта факторлары
Экономика саласында бір ғана өндіруші және сатып алушы болған жағдайдағы олардың бір-бірімен қарым-қатынасы және олардың саны артқан кездегі өзгерістер төмендегі 3.9-суретте берілген.
3.9-сурет. Нарықты ұйымдастыру нұсқалары
БАҚЫЛАУ СҰРАҚТАРЫ:
1. Кәсіпорынның маркетингтік ортасы және оның құрылымы.
2. Кәсіпорынның үлкен ортасы.
3. Демографиялық орта.
4. Эканомикалық орта.
5. Табиғи орта.
6. Ғылыми- техникалық орта.
7. Саяси орта.
8. Мәдени орта.
9. Кәсіпорынның шағын ортасы.
10. Жалпы кәсіпорынды басқару.
11. Кәсіпорынның қаржы бөлімі.
12. Кәсіпорынның ғылыми зерттеу бөлімі.
13. Кәсіпорынның өндірістік бөлімі.
14. Кәсіпорынның материалдық-техникалық жабдықтау бөлімі.
15. Кәсіпорынның есеп бөлімі.
16. Жабдықтаушылар және маркетингтік делдалдардың қызметі.
17. Сауда делдалдарының қызметі.
18. Маркетингтік қызмет көрсететін агенттіктер.
19. Қаржы-несие ұйымдары.
20. Кәсіпорын клиенттерінің қызметі.
21. Тұтыну нарығы.
22. Өндірушілер нарығы.
23. Мемлекеттік мекемелер нарығы.
24. Халықаралық нарықтар.
25. Кәсіпорын бәсекелестерінің қызметі.
26. Нарықтың түрлері.
27. Бәсекенің түрлері.
28. Кәсіпорынның байланыс аясы.
29. Кәсіпорын сыртқы ортасының негізгі факторлары.
30. Тікелей әсер ететін факторлар.
31. Жанама әсер ететін факторлар.
32. Кәсіпорынның ішкі ортасы.
33. Кәсіпорынды қоршаған орталар.
34. Нарықты ұйымдастыру нұсқалары.