Чарлз Дарвин

Скачать

1.Ч.Дарвиннің биология ғылымында жасаған төңкерісінің маңызын толық бағалау үшін табиғи сұрыптау теориясы жасалған уақыттағы, яғни XIX-ғасырдың бірінші жартысындағы ғылымның дамуы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайға назар аударайық.
2.Ч.Дарвин теориясына алғы шарт болған жаратылыстану ғылымдарындағы жетістіктер
XIX-ғасыр әлемнің басты заңдарының ашылу кезеңі болды. Ғасырдың ортасына дейін жаратылыстануда көптеген ірі жаңалықтар ашылды. Франзус ғалымы П.Лаплас математикалық жолмен И.Канттың Күн жүйесінің дамуы туралы теориясын дәлелдеді. Г.Гегель философияға даму туралы идеяны енгізеді. А.И.Герцен 1845-1846 жылдары жарық көрген "Табиғатты зерттеу туралы хаттар" атты еңбегінде табиғаттың бейорганикалық заттардан бастап адамға дейінгі тарихи дамуы туралы идеяны баяндайды. Ол жаратылыстануда тарихи даму принципіне негізделген қорытындылар ғана дұрыс бола алады деп пайымдады. Энергияның сақталу заңдары ашылды, химиялық элементтердің атомдық құрылысының болу принципі орнықты. 1861 жылы А.М.Бутлеров "Органикалық қосылыстардың құрылысы" атты теориясын шығарады. Біраз уақыттан кейін Д.И.Менделеев өзінің атақты химиялық элементтердің периодтық жүйесін жарыққа шығарды.
Міне, Ч.Дарвин жұмыс істеген уақыттағы ғылымның дамуы осылай жалғасты. Енді оның ілімінің нақты алғы шарттарын қарастырайық.
3.Геологиялық алғы шарттар. Ағылшын геологы Ч.Лайель Жер бетін өзгертетін, кенет болатын апаттар туралы Кювье көзқарастарын негізсіз деп атап, қарама-қайшы көзқарасты дәлелдеді: планетаның беті қандай да бір ерекше күштердің әсерінен емес, күнделікті әдеттегі факторлардың – температураның ауытқуынан, желден жаңбырдан, толқынның жағаны шарпуынан, өсімдік пен жануар организмдерінің тіршілік әрекеттерінен – үздіксіз өзгереді. Тұрақты әсер ететін табиғи факторларға Лайель жер сілкінуін, жанартаудың атқылауын жатқызады.
Осыған ұқсас ойларды Лайелге дейін көп уақыт бұрын Ламарк, сондай-ақ М.В.Ломоносов өзінің "Жер қыртыстары туралы" еңбегінде айтқан болатын. Бірақ Лайель өзінің көзқарастарын көптеген және нақты мысалдармен дәлелдеді. Лайель теориясы Ч.Дарвиннің дүниетанымдық көзқарасының қалыптасуына үлкен әсерін тигізді.
4.Цитология мен эмбриология салаларындағы жетістіктер. Биологияда табиғаттың өзгермейтіндігі және түрлердің арасындағы туыстықтың жоқтығы туралы көзқарастарға қарама-қайшы келген бірқатар ірі жаңалықтар жасалды. Т.Шванның клеткалық теориясы барлық тірі организмдер құрылысының негізіне біркелкі құрылымдық элемент – клемент жататындығын көрсетті.
Омыртқалылар ұрықтарының дамуын зерттеу құстардың және сүтқоректілердің эмбриондарында желбезек доғалары мен желбезек қан айналымының бар екенін анықтауға мүмкіндік берді, мұнын өзі балықтардың, құстардың және сүтқоректілердің арасында туыстықтың бар екендігі туралы және құрлықта тіршілік ететін омыртқалылардың суда тіршілік еткен ата-тектерінен шыққандығы туралы ой қорытуға итермеледі. Орыс академигі К.Бэр барлық тірі организмдердің дамуы жұмыртқа клеткасынан басталатынын және дамудың ерте сатыларында әр түрлі класқа жататын жануарлардың ұрықтарының құрылысы таң қаларлықтай ұқсас болатындығын көрсетті.
Биологияның дамуында Ж.Кювье жасаған типтер теориясы үлкен роль атқарды. Ж.Кювье түрлер өзгермейтіндігін жақтаушы болғанымен, оның өзі анықтаған тип шеңберіндегі жануарлар құрылысының ұқсастығы объективті түрде олардың арасында туыстықтың болуы және тамырының бір болуы мүмкін екендігін көрсетті.
Сонымен, жаратылыстанудың алуан түрін салаларында ғалымдармен жиналған материалдар табиғаттың құдай жаратқандығы және оның өзгеріссіз қалатындығы туралы көзқарастарға қарама-қайшы болды. Бұл фактілердің барлығын түсіндіріп, жалпылап, эволюция теориясын жасай алған ұлы ағылшын ғалымы Ч.Дарвин болды.
5.Ч.Дарвиннің экспедициялық материалы
Ч.Дарвин өмір жолын, оның дүниетанымдық көзқарасының қалай қалыптасқанын және оның дәлелдемелер жүйесін бақылап көрейік.
Чарлз Роберт Дарвин 1809 жылдың 12 ақпанында дәрігер отбасында дүниеге келген. Университетте ол алғашқы кезде медициналық факульттетте, одан кейін дін факультетінде оқып, дін қызметшісі болуға дайындалды. Дегенмен, ол жаратылыстану ғылымдарына деген үлкен бейімділік танытқан, оны геология, ботаника және зоология қызықтырды. Университетті бітіргеннен кейін Дарвинге (1831) картографиялық суреттерді түсіру үшін жер шарын айналатын саяхатқа шығуға дайындалған "Бигль" кемесінде табиғат зерттеушісінің орны ұсынылды.
Дарвин ұсынысты қабылдап, экспедицияда өткізген бес жылы (1831 – 1836) оның ғылыми тағдырында және биология тарихында жаңа кезең болды.
Саяхат кезінде өте тура және сауатты жасалған бақылаулар Дарвинді түрлер арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтары туралы қатты ойланды. Оның Оңтүстік Америкада геологиялық шөгінділер арасында тапқан басты жаңалығы қазіргі заманғы сауыттылар мен жалқау аңдарға өте ұқсас өліп біткен тісі толық емес алып жануарлар қаңқалары болды. Дарвинді көбірек қызықтырған Галапагосс аралдарындағы жануарлардың түрлер құрамын зерттеу жұмысы болды.
Осы жаңадан пайда болған жанартау аралдарында Дарвин құрлықтағы кезеген торғай түріне ұқсас, бірақ әр түрлі қорек көзіне – қатты тұқымға, насекомдарға, гүлдердің тәтті шірнесіне бейімделген құстар түрлерін кездестірді. Әрбір пайда жанартау аралы үшін Жаратушы жануарлардың ерекше түрлерін жаратты деп ойлау мағынасыз болар еді. Одан гөрі мынадай қорытынды жасау дұрысырақ: құстар аралға материктен келді және тіршілік етудің жаңа жағдайларына бейімделу нәтижесінде өзгерді. Сонымен, Дарвин орта жағдайларының түр пайда болуындағы рөлі туралы сұрақ қояды. Осыған ұқсас жағдайды Дарвин Африка жағалауларында да бақылады. Жасыл мүйіс аралдарында тіршілік ететін жануарлардың материктегі түрлерімен ұқсастығына қарамастан, олардан айтарлықтай өзгешеліктері бар. Түрлерді Құдай жаратты деген позиция арқылы Дарвин өзі сипаттама берген жер астындағы індерде тіршілік ететін туко-туко кеміршігінің даму ерекшеліктерін түсіндіре алмады, бұл жануардан көзі көретін төл туады, бірақ біраз уақыттан кейін олардың көзі көрмей қалады.
Жоғарыда атап өтілген және басқа да көптеген фактілер Дарвиннің түрлердің жаратылуы туралы сенімін айнытты. Англияға қайтып келген соң ол өзінің алдында мақсат қояды: түрлердің шығуы туралы сұраққа жауап беру.
6.Ч.Дарвиннің эволюциялық теориясы
Ч.Дарвиннің негізгі еңбегі – "Табиғи сұрыпталу жолымен түрлердің шығуы немесе тіршілік үшін күресте жақсы іріктелінген тұқымдардың сақталуы" 1859 жылы жарық көріп, тірі табиғат туралы көзқарастарды түбегейлі өзгертті. Бұл еңбек Ч.Дарвиннің, сондай-ақ өзге де ғалымдардың жинаған, іс жүзінде дәлелденген фактілерін жиырма жылдан астам уақыт бойы зерттеу мен ұғынудың жемісі.
7.Ч.Дарвинның қолдан сұрыптау туралы ілімі
Жер шарын айналған саяхаттан кейін Дарвин Англияға түрлердің тіршілік ету ортасы жағдайлардың әсерінен өзгеретіндігін мойындаушы ретінде оралды. Геология, палеонтология , эмбриология және тағы да басқа ғылымдардың мәліметтері органикалық дүниенің өзгеретіндігін көрсетті. Дегенмен, ғалымдардың көпшілігі эволюция құбылысын мойындаған жоқ: ешкім бір түрлердің екінші түрлерге айналуын бақылаған жоқ. Сондықтан Дарвин эволюциялық процестің механизмін ашуға назар аударды. Осы мақсатпен ол Англияның ауыл шаруашылығының практикасын зерттей бастады. Ағылшын фермерлері мен әуесқойлары сол уақытқа дейін кептердің 150 тұқымын, иттердің , ірі қара малдың, тауықтардың және т.б. жануарлардың көптеген тұқымдарын шығарып үлгерді. Жануарлардың жаңа тұқымдары мен мәдени өсімдіктердің жаңа сорттарының селекциясы жөніндегі жұмыс қарқынды жүрді. Түрлердің тұрақтылығы жақтаушылар - әрбір сорттың, тұқымның ерекше жабайы ата-тегі бар деп пайымдады. Тауықтардың барлық тұқымдары жабайы банкив тауығынан бастау алады, үй үйректері – жабайы барылдауық үйректен, қояндардың тұқымдары – жабайы еуропалық қояннан, ірі қара малдың ата-тектері жабайы турдың екі түрі болады, ал иттердің қасқыр және оның кейбір тұқымдарының ата-тегі шиебөрі болуы мүмкін. Мұндай жағдайға қарамастан жануарлардың тұқымдары және өсімдіктердің сорттары бір-бірінен күрт ерекшеленеді.
Қолдан сұрыптау деп адам үшін белгілі бір мақсатта бағалы белгілерді және қасиеттерді ұрпақтар қатарында жүйелі сақтау мен көбейту арқылы жануарлардың жаңа тұқымдарын және мәдени өсімдіктердің жаңа сорттарын шығару процесін айтамыз.
Дарвин қолдан сұрыптаудың екі формасын ажыратады – саналы немесе әдістемелік және санасыз.
8.Ч.Дарвиннің табиғи сұрыпталу туралы ілімі
Тіршілік үшін күрес – организмдер мен орта жағдайлары арасындағы түрлі және күрделі өзара қарым-қатынастардың жиынтығы.
Дарвин тіршілік үшін күрестің үш негізгі формаларын анықтады: а) түраралық, б) түрішілік, в)ортаның қолайсыз жағдайларымен күрес.
Жалпы теориялық көзқарасқа сәйкес Дарвин іліміндегі басты нәрсе – қатып қалған өзгермейтін дүние туралы көзқарасқа қарама-қайшы тірі табиғаттың дамуы туралы идея болды. Дарвин ілімін мойындау биологиялық ғылымдар тарихындағы жаңа кезең, Дарвинге дейінгі кезеңде жинақталған фактілер жаңаша түсіндірілді. Биологияда жаңа бағыттар пайда болды. Оларға эволюциялық эмбриология, эволюциялық палеонтология және т.б. жатады.
Дарвин еңбегі XIX-ғасырда жаратылыстану ғылымының ірі жетістіктерінің бірі болып табылады.


Скачать


zharar.kz