Шешендік сөздердегі адамгершілік тағылымы

Скачать

Ұрпақ тәрбиесіне ерте кезден-ақ ерекше мән берген дана халқымыз баласына болашақта елімнің арқа сүйер азаматы, келешегімнің иесі, ғұмырымның жалғасы деп қараған. Жастайынан ел қамын ойлайтын, Отансүйгіш, ұлтжанды азамат етіп қалыптастыруға тырысқан. Жаңа туылған сәбиге бесік жырын жырлап, тілі енді шыққан балаға жаңылтпаш үйретіп, ертегі айтып, мақал-мәтел, эпостық жырлар, шешендік сөздерді сіңіре отырып ұрпағын тәрбиелеген.
Қазақ халқы шешендік сөздерге өте бай. Шешендік сөздер — ел құралып қалыптаса бастағаннан бері халықтың өнеге тұтып, өмір тәжірибесіне пайдаланып келе жатқан билер мен хандардың, ақындар мен шешендердің, ел ағалары болған данышпандардың, жастайынан жалындап өскен өткір ойшылдардың аузынан шыққан дуалы, өнегелі, қисынды, қасиетті сөздері [1;32-33]. Халық сынынан, ғасыр шыңдауынан өткен ұлы көшпелі қазақ қоғамында би-шешендер көп болған.Олар дауласқан даугерлерді, жауласқан жаугерлерді бір ауыз сөзбен тоқтатқан. Қазіргінің жастары осындай ділмарларымыздың шешендік сөздері түгілі, есімін де біле бермейтіндігі жаныңды күйзелтіп, қажырыңды мұқатады. Мұндай олқылықтарға жол бермес үшін алмастай өткір, адамгершілікке тәрбиелейтін ойлы сөздерді тарих, әдебиет, құқық пәндерінің оқулықтарына көптеп енгізуіміз қажет. Филология ғылымдарының докторы Нысанбек Төреқұл ағамызда осы ойымызды құптайтындығын «Даланың дара ділмарлары» атты кітабының алғы сөзінде: «Ежелден келе жатқан аталы дәстүріміз – шешендік өнерді қайта қалпына келтіріп, оны жаңа талап, жаңа мақсатқа сай игілігімізге айналдырып, ұрпақ тәрбиелеу ісіне, болашақ мүддесіне пайдалану ләзім...Би-шешендердің өмір жолдары мен кезінде айтқан билік қағидаларын мектеп жасынан бастап дәріс ретінде үйретсек, жоғарғы арнаулы оқу орындарында сабақ, лекция оқылса нұр үстіне нұр болар деген ойдамыз» - деп көрсетеді [2;8-11].
Ата-бабамыздан мұра болып қалған бұл шешендік сөздерде халық даналығы мен кемеңгерлігі жарқырап тұрады. Сөзіміз дәлелді болу үшін мысал келтіре кетейік.
Қазақтар арасына ғана емес, қырғыз, өзбектерге де белгілі әрі белді шешен болған Бөлтірік Әлменұлы:
Күншілдік деген бар, содан сақтан,
Кекшілдік деген бар, содан сақтан.
Астамшылық деген бар, одан алыс жүр.
Сараңдық деген бар, одан қалыс жүр.
Қараулық деген бар, одан таза бол,
Бәлеқорлық деген бар, одан ада бол,
Ынсапсыздық деген бар, содан аман бол[2;346]-деген өлең жолдары арқылы қалың көпшіліктің жанының осы жеті жаманнан аман болуын өсиет етеді.
Немесе, Есей бидің мына нақыл сөзіне назар аударыңызшы:
Өсиетке терең бол,
Өсек сөзге керең бол.
Кедеймін деп налынба,
Арыңды сатып жалынба.
Бұл атаңнан қалға арық
Егін ек те бол қарық.
Атаңның ботасын алма, батасын ал,
Бота өліп қалады, батадан бағың жанады.
Ит жақсыны да, жаманды да қабады.
Жалақор өз жазасын өзі табады.
Ағайынмен жауласпа,
Басың азаяды.
Көршіңмен дауласпа,
Асың азаяды.
Етегің түріп елге жет,
Терің төгіп еңбек ет.[2;193]
Тұнып тұрған тәрбие. Әр бір жолы адамгершілікке, бірлікке, еңбексүйгіштікке шақырады. Жиіркенішті, жеңілтек қасиеттерден аулақ болуға үндейді. Бұл ой төре әрі төбе биіміз Төле Әлібекұлының өсиетті өлең жолдарында да кездеседі:
Бір үйдің баласы болма,
Көп үйдің санасы бол!
Бір елдің атасы болма,
Бар елдің данасы бол!
Бір тонның жағасы болма,
Көп қолдың ағасы бол!
Ақты ақ деп бағала,
Қараны қара деп қарала.
Өзегің талса өзен бойын жағала
Басыңа іс түссе көпшілікті сағала.
Өіңе-өзің кәміл бол.
Халқыңа әділ бол,
Жауыңа қатал бол!
Досыңа адал бол! [2;128].
Осындай өнегелі асыл мұрамызды бала тәрбиесіне пайдалану ұлағатты ұстаздарымыздың борышы. Мектепте шешендіктің мәнін жан-жақты ұғындыратын әр түрлі әдеби іс-шаралар мен әдіс тәсілдерді қолдануға болады. Қаламыздағы Т.Рысқұлов атындағы №25 этнопедагогикалық мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқытушыларымен бірге мына тәсілдерді қолданып көрдік.
Ұлттық бірлігімізді сақтауға зор әсерін тигізген данагөйлеріміздің тұлғаларын қастерлі қойылымдар мен сахналық көріністер арқылы оқыттық. Өйткені, балалардың мінез-құлқын қалыптастырып, олардың білімін дамытуда сахналыққ шығармаладың эмоциялық әсері мол болады. Оқушыларды рөлдерге бөлдік. Бірін-автор, бірін-ақылшы би, ал бірін-ақыл сұраушы еттік. Балалар бұл әдісті ерекше қабылдады, оқушылардың өздеріне рөлдерге бөліп оқу ұнап жатты.
Сол сияқты, аталмыш әдісті құқық сабағында сот сабағы ретінде өткіздік. Біз қолданған әдіс өз нәтежиесін берді. Оқушылардың көңілінен шықты, пәнге деген қызығушылығы арта түсті.
Сонымен қатар Б.Қалимұқашева өзінің «Шешендік өнерді оқытудың дидактикалық принциптері» атты мақаласында: «Шешендік сөз үлгілерін оқытуда көрнекілік принципін қолданғанымыз жөн»[3;23],-дейді. Бұл пікірге мен де қосыламын. Себебі, сабақта би-шешендердің сурет-бейнелерін, өнер қайраткерлерінің дауысымен жазылған шешендік сөздердің үнтаспаларын пайдалансақ, оқушылардың қызығушылығы мен өнерге деген қабілетін арттырады.
Келесі әдісіміз — семинар пікірталас сабақтарын ұйымдастыру. А.Қыдырашев «Шешендіктің негіздерін оқыту формалары» деген мақаласында: «Оқытудың белсенді формаларына коммуникативтік ойын, семинар пікірталас сабақтарын жатқызуға болады»[4;25],-дейді. Бұл әдісті 10-11 сыныптар арасында қолдандық. Әдістің өз нәтежиесін бергендігін практикалық бақылау кезінде байқадық.Оқушылар өз ойларын жеткізуге тырысып бақты. Әдісті пайдаланғанда балалардың ойлау деңгейі дамып, өзіндік пікірі қалыптаса бастады.
Шешендік сөздерді оқушыларға оқытып шыққаннан кейін, егер сен сол бидің орнында болсаң не етер едің, қандай шешім шығарар едің? деген проблемалық сұрақтар қою арқылы шығарма жаздырсаңыңыз ол баланың ойлау қабілетін дамытады. Шығармашылық қабілет әр баланың табиғатында бар қасиет. Мұғалімнің міндеті — оқушының бойында жасырынып жатқан мүмкіндікті ашу. Біз бұл әдісті әдебиет сабағында қолдандық. Оқушылар өздерінің ойларын жеткізуге тырысып, түрлі пікірлерін қағаз бетіне түсірді. Әдістің тиімділігі біріншіден — оқушылардың ойлау қабілетін дамытады, екіншіден — сөздік қорын байытады.
Жоғарыда айтылған әдістердің тиімді екеніне практикалық бақылау барысында көз жеткіздік.
Шешендік сөздер – халқымыздың өзіне тән табиғи дарындылығын көрсететін мәдени мұрамыз.Ол ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасасып кеғле жатыр. Ата-бабаларымыз көне замандарда шешендікті екінің біріне қона бермейтін қасиет, дарын санап, қоғамды қажетті өнер деп бағалап, оны күнделікті тәрбие арқылы ұрпақ санасына сіңіріп отырған. Бүгінгі тәуелсіз еліміздің жас ұрпағын ұлтжанды, адамгершілі мол, жігерлі, рухани бай, парасатты етіп тәрбелеуде шешендік өнер баға жетпес құндылығымыз десек артық айтпаған болар едік. Тілімізді, өнерімізді, дінімізді насихаттап, болашақ ұрпақты халықтық тәрбиемен сусындата өсіреміз десек, шешендік сөздердің маңызы ерекше. Сондықтан, би-шешендеріміздің даналық сөздерін оқушыларға оқытудың түрлі тиімді әдіс-тәсілдерін қарастыру біздің мақсатымыз екендігін естен шығармауымыз керек


Скачать


zharar.kz