Жұмыстың жалпы сипаттамасы

Скачать

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақ КСР ҒА Ш.Уәлиханов атындағы 1-ші дәрежелі сыйлығының лауреаты6 филология ғылымдарының докторы, профессор Шәмшиябану Қанышқызы Сәтбаева – қазақ әдебиеттану ғылымына үлкен үлес қосқан, әлем әдеби байланыстарының өзекті проблемаларын, қазақ әдебиетінің тарихы мәселелерін зерттеген аса бағалы еңбектерімен республиканың, ТМД елдерінің ғылыми қауымына кеңінен мәлім көрнекті тұлға.
Бұл диссертациялық жұмыс Ш.Қ.Сәтбаеваның қазақ әдебиеттану ғылымы мен сынын дамытуға қосқан елеулі үлесін саралауды, ғалым еңбектерінің зерттеушілік және әдістемелік қырларын ашуды көздейді. Диссертация авторы өз жұмысында қоғамдық ғылымдарда кең қолданылып жүрген тарихи тұлғатану (персоналистика) принциптерін басшылыққа алды. Тұлғатану ғылымы жеке адам өмірі мен шығармашылығын оқшау түрде емес, оның өзі өмір сүрген қоғам аясында қарастыратыны мәлім. Ш.Сәтбаева шығармашылығы ғалымның жеке тұлғасын зерттеудегі әдебиеттану ғылымының сындарлы жүйесінде қарастырылады.
Соңғы жылдарда әдебиеттану қайраткерлерінің еңбектерін зерттеу кең өріс алуда. “З.А.Ахметов как теоретик и исследователь казахской литературы”, “С.Қирабаев – әдебиеттанушы”, “ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің зерттелуі және Т.Кәкішұлы шығармашылығы” сынды бүгінгі қазақ әдебиеттануының аға буын өкілдерінің ғылыми мұрасы негізінде бірнеше кандидаттық диссертациялар қорғалды. Мұндай еңбектер қазақ әдебиеттану проблемаларының зерттелу сапасын, бағыт-бағдарын айқындауға да көмектеседі.
Шәмшиябану Сәтбаеваның ғылыми мұрасы жекелеген ғылыми мақалаларды есептемегенде толық ғылыми тексерістен өткен жоқ. Әдебиет тарихы мен әдеби байланыстар саласында зор еңбек етіп, өз құндылығын жоймай келе жатқан іргелі еңбектер қалдырған ғалымның ғылыми мұрасы жан-жақты талдап, зерттеуді қажет етеді.
Зерттеудің өзектілігі. Қазақ әдебиеттануындағы әдебиет тарихы мен ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап дамыған, бүгінгі күнде филология ғылымдарының маңызды, перспективасы жоғары саласының бірі болып отырған әдеби байланыстар мәселесі бойынша жетекші рөл атқарған ғалымдарымыздың бірі – Шәмшиябану Қанышқызы Сәтбаева болды.
Ш.Қ.Сәтбаева өзінің қазақ әдебиетінің тарихы және әдеби байланыстар мәселелеріне арналған алғашқы мақалаларын өткен ғасырдың 50-60 жылдарынан бастап жариялай бастады. “Француздар қазақтар жайында”, “ХІІІ-ХІХ ғғ. қазақ жеріндегі еуропалық саяхатшылар”, “Қазақ фольклорының шетел әдеби сынында бағалануы” атты т.б. еңбектері бірден ғылыми жұртшылық назарын аударды. Ғалым “Қазақ әдебиетінің ұлтаралық байланысы” (Алматы, 1970), “Әдебиеттер достығы” (Алматы, 1986) және т.б. жинақтарды, сондай-ақ, “Қазақ әдебиеті тарихының” үшінші томын шығару ісіне белсене ат салысты. 1971 жылы “Қазақ әдебиетінің шетел әдеби сынында бағалануы” атты жинақ Ш.Қ.Сәтбаеваның құрастыруымен әрі көлемді алғысөзімен жарық көрді. Мұнда шетелдік авторлардың деректері мен жолжазбаларындағы құнды мәліметтер орыс тіліне аударылып, тұңғыш рет ғылыми айналымға енгізілді.
Ғалымның зерттеушілік аясы барған сайын кеңейе берді. Фирдоусидің “Шахнамасының” қазақ тіліндегі нұсқасы, шығыстық сюжетке құрылған қазақ дастандары, Абай шығармаларындағы шығыстық сюжеттердің қолданысы, кеңестік кезең қаламгерлерінің шығармаларындағы шетелдік Шығыс тақырыбы, қазақ қаламгерлерінің Азия және Африка елдері жазушыларының ынтымақтастығы қозғалысындағы әдеби байланыстар мәселесі жайлы айтқан ой-пікірлері мәселелері де кең тұрғыда қарастырылған. Осындай құнды мәліметтердің қатарына Байронның сүйіктісі Клер Клермонттың атынан жарық көрген неміс ақыны Герман Гамбстың қазақ елі жайлы жазылған “Владимир және Зара” атты романтикалық поэмасын жатқызуға болады. Ш.Қ.Сәтбаева поэманың 1836 жарық көргенін ескере отырып, қазақ халқы туралы шетелде жазылған тұңғыш поэмаға ерекше мән беріп, оған ғылыми терең талдау жасады. Ш.Сәтбаеваның ғылыми-зерттеу еңбектері осылайша әдеби байланыстар саласын жаңа сатыға көтерді.
Зерттеушіні ерекше қызықтырған мәселелердің бірі – әдеби сапарнама мәселесі. Ғалымның көп жылдар бойғы ізденісінің нәтижесінде “ХІХ – ХХ ғғ. шетелдік саяхатшылар Қазақстан туралы” атты қолжазба әзірленді. Орта Азияда, қазақ даласында болған еуропалық саяхатшылар Плано Карпини, Вильгельм Рубрук, Марко Поло және тағы басқа батыс саяхатшыларының қазақ халқының тарихы, мәдениеті, дәстүрі мен салт-санасы жайлы пікірлері жинақталды. Сондай-ақ, әлем әдебиетінің классиктері Даниэль Дефо, Джакомо Леопарди, Жюль Верн, Адам Мицкевич, Александр Дюма т.б. қазақ еліне қатысты жолжазба, естеліктерін тапты. Тек европалық саяхатшылардың қазақ елі жайлы жазған жолжазбаларын талдаумен ғана шектелмей, қазақ ағартушылары Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев сынды ойшылдардың батыс өркениеті жайлы айтқан ой-пікірлерін қорытуға ерекше мән берді. Ш.Қ.Сәтбаева Шығыс және Батыс Европа, Азия елдері жайлы жазған жолжазбалары мен күнделіктері арқылы өзі де әдеби саяхаттардың озық үлгілерін жасап берді. Зерттеушінің барлық ғылыми еңбектері өз уақытында ұлттық салыстырмалы әдебиеттану ғылымына арналған алғашқы ғылыми зерттеулер ретінде осы саладағы ғалымдар мен қоғамдық ортаның жоғары бағалауына ие болған еді.
Қазақ тарихында, мәдениеті мен әдебиетінде “ақтаңдақтардың” ашылуы, тарихқа бір топ талантты ақын-жазушылар мұрасының қосылуы ғылыми зерттеулер бағытын да толықтыра түскені мәлім. Ш.Қ.Сәтбаева Ш.Құдайбердіұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабайұлының шығармашылық мұрасын зерттеу комиссиясының құрамында болып, кейін Ш.Құдайбердіұлы, А.Байтұрсынұлының шығармаларын жүйелеп бастыру ісіне қатысты, олардың өмірі мен шығармашылығы туралы зерттеулер жазды.
Шәмшиябану Қанышқызы өзінің ғылыми-теориялық зерттеулерінің бір саласын халық ағарту ісіне арнады. Ол орыс мектептерінің 9-10 сыныптарына және Қазақстан жоғарғы оқу орындарының филология факультеттерінің орыс бөлімдеріне арнап жазылған “Қазақ әдебиеті” оқулығының, “Қазақ әдебиеті” оқулығына арналған методикалық құралдың авторларының бірі болды. Сондай-ақ, ғалымның екі ғасыр бойы қазақ елінің өркендеуіне еңбек еткен Сәтбаевтар әулеті туралы кітаптары да құнды еңбектер.
Ш.Сәтбаева қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі мен ХV-ХVІІІ ғасырлардағы тарихын игеру жоспарлары мен проспектісін жасап, үлкен текстологиялық жұмыс жүргізді. Мұнда VІІ-ІХ ғасырлардағы ежелгі жазбалар, Жүсіп Баласағұнның “Құтадғу білігі”, Қожа Ахмет Иасауидің “Диуани хикмет”, А.Иүгүнекидің “Хибат-ул-хакаих” тағы басқа жалпы түркілік ортақ ескерткіштердің қазақ әдебиетінің дамуына әсері зерттелді.
Ғалым ауыз әдебиетінен бастап кейінгі кезең әдебиетін зерделеп, зерттеді, ғылыми өрісінің кеңдігінің өзі ғалымның көпқырлылығын көрсетеді.
Жұмыстың мақсаты мен міндеті. Диссертациялық жұмыстың басты мақсаты Ш.Сәтбаеваның қазақ әдебиеті тарихы мен оның халықаралық әдеби байланыстары жайлы жазған еңбектерінің әдебиеттанудағы орны мен рөлін анықтау болып табылады. Осы ретте алдымызға мынадай мәселелерді міндет етіп қойдық:
– Әдеби байланыс ұғымының мәнін, оның әдебиеттану ғылымындағы рөлін, қазақ әдебиеттануындағы әдеби байланыстар мәселесінің тарихи негізін анықтау;
– Ғалымның әдеби байланыстар мәселесін зерттеуді жолға қоюдағы атқарған істерін зерделеу;
– Әдеби байланыстардың зерттеуші еңбектерінде сөз болған ішкі салаларын ашып көрсету;
– Ш.Сәтбаева зерттеулеріндегі қазақ әдебиеті тарихы мәселелерінің зерттелу деңгейін анықтау және ғалымның ғылыми ой-тұжырымдарының қазіргі мән-маңызын ашу;
– Ғалым зерттеулерінің шоқантану іліміне қосқан үлесін бағамдау;
Зерттеушінің Шәкәрім шығармашылығына арналған алғашқы монографиялық еңбектерінің ғылыми мәні мен маңызын ашып көрсету;
Совет әдебиетінің ғалым зерттеулерінде алатын орнын айқындау және бұл зерттеулердің бүгінгі күн талабына сәйкестілігін көрсету.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Ш.Сәтбаеваның ғылыми мұрасы бүгінге дейін қазақ әдебиеттануында арнайы ғылыми нысанға алынған жоқ. Ғалым еңбектері жайлы жекелеген ғылыми мақалалар мен рецензиялар кездескенімен осыған дейін көлемді зерттеу жұмысы жазылған емес. Жекелеген ғылыми мақалалар мен рецензиялар қатарында М.Әуезов, З.Ахметов, С.Қасқабасов, Ш.Елеукенов, Ж.Ысмағұлов, Т.Кәкішев, М.Жармұхамедұлы, Ә.Нарымбетов, Ж.Тілепов, Б.Мамыраев, А.Ісімақова, М.Маданова, Г.Елеукенова, А.Ананьева, А.Түсіпова және т.б. ғалымдардың Ш.Сәтбаева өмірі мен зерттеулеріне қатысты ғылыми және ғылыми-танымдық мақалаларын атауға болады.
Әдеби байланыстар мәселесі В.Жирмунский, А.Веселовский, Н.Конрад, Д.Дюришин, А.Дюма, Г.Белинский, М.Бахтин, В.Шкловский және т.б. шетелдік ғалымдардың, ал қазақ әдебиетінің шығыс және батысеуропалық әдебиеттермен байланысы Ш.Уәлиханов, М.Әуезов, С.Мұқанов, З.Ахметов, Б.Ысқақов, С.Сейітов, З.Кедрина, С.Қирабаев, Ш.Елеукенов, М.Базарбаев, Р.Бердібаев, Ә.Қоңыратбаев, А.Қыраубаева, С.Қасқабасов, Р.Нұрғали, Ж.Ысмағұлов, Ә.Дербісәлі, Е.Лизунова, Ө.Күмісбаев, Б.Әзібаева, А.Жақсылықов, Б.Мамраев, К.Ш.Кереева-Канафиева, С.Дәуітов, М.Маданова, А.Түсіпова, С.Алтыбаева, С.Ананьева және т.б. отандық ғалымдарымыздың еңбектерінде жан-жақты қарастырылған.
Ал қазақ әдебиетінің тарихы, соның ішінде Ш.Уәлиханов, Ш.Құдайбердіұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Әуезов және т.б. қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің өмірі мен шығармашылығы жан-жақты сөз болған С.Қирабаев, М.Базарбаев, Р.Нұрғали, Ш.Елеукенов, Т.Кәкішев, М.Жармұхамедұлы, Ә.Нарымбетов, А.Жақсылықов, А.Ісімақова, Б.Әбдіғазиев, Т.Тебегенов, С.Дәуітов, Б.Омаров, Г.Пірәлиева және т.б. көптеген жетекші ғалымдардың еңбетері диссертациялық жұмысына арқау болды.
Батыс және шығыс әдебиеттану ғылымындағы қалыптасқан жүйе негізінде Ш.Қ.Сәтбаева қазақ әдеби байланыстардың жүйелі түрде зерттеуді жолға қойған зерттеуші. Осы салада мектеп қалыптастырып, шәкірттер тәрбиелеп шығарған. Бүгінде ғалымның көптеген шәкірттері ұстазының ізін басып, қазақ әдебиетінің тарихы мен әдеби байланыстары саласында жемісті еңбек атқаруда. Олардың қатарында отандық әдебиеттанудың дамуына өз үлесін қосып жүрген – Ж.Тілепов (“ХІХ-ХХ ғғ. басындағы қазақ поэзиясының тарихилығы”), Б.Мамыраев (“Основные тенденции развития казахской литературы 1-й четверти ХХ века”), М.Маданова (“Казахско-французские литературные связи ХХ века проблемы сравнительного литературоведения”), А.Түсіпова (“Казахско-английские литературные связи ХІХ в.”), С.Қорабай (“Развитие сатиры в казахской литературе начала ХХ века”), Н.Жармағанбет (“Поэтическая трансформация сюжетов “Тысяча и одной ночи”, “Калилы и Димны” в казахской дореволюционной литературе”) және т.б. көптеген ғалымдар мен зерттеушілерді атауға болады. Бұл еңбектер де қазақ әдебиетінің әдеби байланыстары мен тарихын зерделеуде үлкен рөл атқарады, қазақ әдебиеттану қорына қосылған елеулі үлес деуге толық негіз бар.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. Ш.Сәтбаева шығармашылығын зерттей келе, біз мынадай негізгі тұжырымдарды анықтадық:
– Ш.Қ.Сәтбаева Қазақстанда әдеби байланыстар мәселесін зерттеу ісінің басында тұрып, осы бағытта мектеп қалыптастырған ғалымдарымыздың бірі.
– Сәтбаеваның Шоқан мұрасын орыс әдебиетімен байланыстыра зерттеуі қазақ әдебиетінің өзге ұлттар әдебиетімен әдеби байланысын зерделеу мақсатында жасалған алғашқы ғылыми еңбектердің бірі.
– Әдеби байланыстар мәселесін сөз ете отырып ғалым қазақ әдебиетінің жалпы әлемдік әдебиетпен байланысын жақсы ашып көрсеткен. Соның негізінде қазақ әдебиеті үлгілері мен кейбір авторлардың шығармалары жете зерттелген.
– Шығыстық сюжетке құрылған дастандар, ондағы көркем мотивтер мәселесі, имагология проблемасын қазақ әдебиетінде алғашқылардың бірі болып сөз еткен Ш.Сәтбаева.
– Ш.Қ.Сәтбаеваның саяси қуғынның құрбаны болған Ш.Құдайбердіұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы шығармаларының өз оқырманымен қайта қауышуына еңбек сіңірген алғашқы ғалымдар қатарынан табылып, орасан зор үлес қосқандығы анықталды. Сәтбаеваның аталған авторлардың әдеби мұралары жайлы айтқан ой-пікірлері кейінгі зерттеу еңбектеріне бірден-бір негіз болып отыр.
– Қазақ әдебиеттануындағы Сәтбаеваның Шәкәрім шығармашылығына арнаған тұңғыш монографиялық еңбегінде автордың барлық мұрасы қамтылған және ақынның енді ғана ақталып жатқанына қарамастан өте мол материалдар ғылыми айналымға енген. Мұрағат қойнауларындағы көптеген деректер мен қолжазбаларды осы еңбектен табуға болады. Бұл еңбекте Шәкәрім шығармашылығы толыққанды зерттеліп, оның әр шығармасы өзінің оң бағалауын алып, қазақ әдебиетінің көркем мұрасына айналды.
– Ш.Сәтбаеваның Шоқан Уәлиханов шығармашылығы жайлы еңбектері әдебиеттану саласындағы шоқантануға қосылған бірден-бір ғылыми мәні зор зерттеулер.
– қазақ әдебиетінде совет дәуірінде қалыптасқан өндірістік тақырыпқа жазылған шығармаларды кейінгі кезде көркемдігі төмен, әдебиетте жасанды образдардың тууына себеп болды деген біржақты бағалау айтылған-ды. Сәтбаева еңбектерін қарастыру негізінде бұл тақырыптағы шығармалардың тууының тарихи және саяси себептері анықталып, мұндай туындылардың барлығының бірдей шынайылығы төмен, көркемдік деңгейі әлсіз еместігі дәлелденді.
Зерттеудің нысаны. Негізгі зерттеу нысаны ретінде Ш.Сәтбаеваның мынадай ғылыми-зерттеу еңбектері алынды: “Казахско-европейские литературные связи ХІХ и первой половины ХХ вв.” (1972); “Әдеби байланыстар” (1974); “Өрнекті өріс” (1977); “Л.Толстой в Казахстане” (1979); “Әдебиет мерейі” (1981); “Казахская литература и Восток” (1982); “Достық дастандары” (1983); “Шоқан Уәлиханов – филолог” (1987); “Чокан Валиханов и русская литература” (1987); “Шакарим Кудайбердиев” (1993); “Уақыт шуағы”, “Веяние времени” 2 томдық мақалалар жинағы (2000); “Әр жылдардан” (2002).
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Диссертациялық жұмыста әдебиеттанушы ғалым Ш.Қ.Сәтбаеваның ғылыми мұрасы тұңғыш рет диссертациялық зерттеу нысанына алынып отыр. Зерттеуде қазақ әдебиеті тарихы мен әдеби байланыстар мәселесі өзара сабақтастықта қарастырылды.
Бүгінгі жаһандану дәуірінде өзекті мәселеге айналып отырған әдебиеттер мен мәдениеттер арасындағы әдеби байланыс, мәдениеттер диалогы, жатұлттық сюжетке құрылған қазақ қисса-дастандары, әдебиеттанудағы көркем мотивтер мәселесі, қазақ әдебиетінің орыс, батысеуропа әдебиеттерімен байланысы және т.б. мәселелер жайы қарастырылған ғалым зерттеулері бүгінгі әдебиеттану ғылымының талаптары тұрғысынан қарастырылды.
Сондай-ақ, ғалымның қазақ әдебиетінде саяси-әлеуметтік өзгерістер негізінде 20-30 жылдары қалыптасқан өндірістік тақырыптың көркем әдебиеттегі көрінісін зерделеудегі ғылыми тұжырымдары жаңаша көзқараста талданды. Ғалымның ақтаңдақтар әдебиетін зерттеуге қосқан үлесі оның ғалымдық бейнесін нақтылай түсетіндігі дәлелденді. Ш.Сәтбаеваның Ш.Құдайбердіұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, сонымен қатар, Ы.Алтынсарин, С.Торайғыров сынды қазақ ақын-жазушыларымен қатар Л.Тостой, Т.Шевченко, Н.Тургенев, А.Горький, Г.Плеханов сынды қаламгерлердің өмірі мен шығармашылығы жайлы айтқан пайымдаулары өз құндылығын жоймағандығы анықталды.
Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы. Қазақ әдебиетіндегі көркем сарындардың сюжет құрудағы рөлін айқындау, әдеби байланыстардың тарихи және теориялық негізін анықтау, қазақ әдебиетіндегі әдеби сапарнама жанры, Сәтбаева зерттеулеріндегі қазақ әдебиетінің шығыс және батысеуропалық әдебиеттермен өзара байланысы мәселелерін тарихи және теориялық тұрғыда бағамдау жұмыстың теориялық маңызын танытады.
Зерттеу жұмысының негізгі тұжырымдары мен қорытындыларын арнаулы орта мектептерде, жоғарғы оқу орындарындағы филология, шығыстану факультеттерінде, “қазақ әдебиетінің тарихы” пәні мен арнаулы курстарды оқытуда пайдалануға болады. Сонымен қатар қазақ әдебиетінің өзге шетелдік әдебиеттермен байланысы жайындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары мен әдеби байланыстар мәселесіне қатысты оқулықтар мен оқу құралдарын жазуда көмекші құрал ретінде пайдалануға болады.
Зерттеудің әдістері. Диссертациялық жұмыста жүйелі-кешенді, типологиялық, салыстырмалы-тарихи, тарихи-әдеби, объективті талдау әдістері пайдаланылды.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі мен сарапталуы. Диссертациялық жұмыстың негізгі мазмұны мен тұжырымдары жалпы саны 17 басылымда жарық көрді. 3 ғылыми мақала Қазақстан Республикасы Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитеті бекіткен отандық ғылыми журналдарда жарық көрді. Сондай-ақ диссертация тұжырымдары халықаралық және республикалық ғылыми-теориялық конференциялар мен халықаралық симпозиумдарда жасалған ғылыми баяндамаларда қамтылды.
Жұмыстың құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, негізгі екі бөлімнен, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.


Скачать


zharar.kz