ДҮНИЕТАНУ ПӘНІН ДАМЫТА ОҚЫТУДА ТІРЕК-СЫЗБАЛАРДЫ ПАЙДАЛАНУ

Скачать

Бүгін Қазақстанға қалыптан тыс ойлай алатын, шұғыл шешімдер қабылдай білетін, шығармашыл адамдар қажет. Сондықтан сабақтарда тек білімдік мақсаттарды шешіп қоймай, балалардың жекелік қажеттерін, қабілеттерін дамытудың жолдарын қарастырған жөн.
Ұлы Абай өзінің қара сөздерінде (43 сөз) бала өмірге келгендегі қабілеттері әрі қарай дамытуды, шыңдауды қажет ететінін, сонда ғана олар пайдаға асатынын жазған. ал назардан тыс қалған қабілеттер бара-бара жойылып, жоқ болатынын айтқан.
Қазіргі педагогика ғылымында «оқыту» мен «даму» ұғымдары қатар алынып жүр. Оқыту бала дамуының негізі болып табылады. бұл мәселені түбегейлі зерттеп, бала дамуындағы оқытудың рөлін, алар орнын анықтаған көрнекті психолог
Л.С. Выготский. Оның «жақын даму аймағы» теориясында айтылғандай оқушыны бүгінгі ғана емес, ертеңгі даму деңгейіне бағыттайтын «тек дамудан озып отыратын оқыту ғана пайдалы болмақ» деген пікірі бүгінгі заман талабына дәл келіп отыр.
Оқушыны дамытуға бағыттала құрылған бастауыш білім мазмұны, соның негізінде жазылған оқулықтар деңгейлік, шығармашылық тапсырмаларға оқушыларды іздендіретін, өз бетінше жұмыс жасай білу іскерліктерін қалыптастыруға бағытталған.
Бастауыш сатыда білім берудің түбегейлі мақсат-міндеттерін жүзеге асыруда әр оқу пәнінің өз орны мен рөлі бар.
Математика, қазақ тілі, ана тілі т.б. пәндерімен қатар дүниетану пәнінің де бала дамуындағы орны ерекше.

Дүниетану пәні мектептегі жаратылыстану ғылымдарының негізі болып есептелетін пән. Бұл пән балаға қоршаған ортаны танытып, дамыта отырып білім беруге, жеке басын тәрбиелеп, денсаулығын сақтауға, шығармашылықпен өз ойын жинақтай білуге және жаңа мәліметтерге деген қызығушылығын арттыру арқылы өздігінен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға жол ашады.
Баланың айналадағы өзін қоршаған дүниені зерттеу арқылы әсем табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен қызығушылығы артып, өз жеріне, еліне деген құрмет, мақтаныш сезімдері ояна бастайды.
Адам мен табиғат арасындағы тығыз байланыс, табиғатты қорғау мен үнемдеп пайдалану, маусымдық еңбек нәтижелерімен жақыннан танысуға мүмкіндік береді.
Дүниетану пәні балалардың адамгершілік, әсемдік, азаматтық сезімдерін оятып, эмоциялық әсер ететін, ізгілік-имандылық рухта тәрбиелейтін ерекше пән.
Пән балаларды өмірмен, халықтың ұлттық ерекшеліктерімен, халықтың асыл мұраларымен, әсем табиғат сұлулығымен тығыз байланыстырады. Ел өмірінен есте қаларлықтай табиғат өзгерістерінен мол мәліметтер береді. Еліміздің өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы, мәдениеті мен өнер саласында қол жеткен табыстарынан хабардар етеді, таныстырады.
Дүниетану пәні балалардың табиғат құбылыстары, өзін қоршаған заттардың өзгерістері, табиғат байлықтары мен жыл мезгілдерінің өзгеруіне байланысты алған білімдерін толықтырып, оқығаны жайында өз көзқарастарын білдіруге, өз ойын еркін, түсінікті етіп саналы баяндауға, өз пікірі мен болжамын тиянақтап айта білуге баулиды.
Алайда, біздің балалар осындай дәрежеде ме? Өкінішке орай, ондай дәрежеде емес ...
Білімді меңгерту сөйлеу кезеңімен байланыста жүру керек. Еркін сөйлеу дағдысы да өздігінен келмейді. Ал бастауыш сынып баласының біршамасының ЖҮЙЕЛІ сөйлеу, өз ойын тура да толық жеткізе алу дағдысы әлі жақсы жетілмеген, қалыптаспаған. Кейбір баладан мәлімет алу үшін әңгіме барысында бірталай сұрақ қоясың.
«Атамұра» баспасынан шыққан дүниетану пәні оқулығының кейбір мәтіні, ғылыми тілі баланың өздігінен оқып дайындалуға, үйренуге ауырлау соғып, пәнге деген қызығушылығының төмендеуіне әкеліп соғуы мүмкін.
Және бір айта кететін нәрсе, жас ерекшелігіне сай, бастауыш сынып оқушысы мұғалімнің сабақта түсіндіргенінің тек 30-35 пайызын ғана есте сақтай алады екен. Сонда өтілген материалдың қалғанын оқушы өздігінен үйде дайындалып келуі керек болса, оның үй тапсырмасы бойынша қосымша жұмыстарға уақыты жетпейді. Сондықтан баладан «қолым тимеді», «есімнен шығып кетті» деген сияқты жауап естиміз.
Екінші бір айта кетерлік жай, оқушыларды жаппай сұрау кезінде қол көтерген оқушы көп те, ал оқушыны жеке сұрағанда жауабы қанағаттандырмайды. Өйткені оқушы сабаққа дайындалса да, құбылыстар арасындағы байланысты, оның логикалық тізбегін ажырата, құрастыра алмайды.
Бұл жерде не істеу керек деген сұрақ туындап, мен мынадай жауаптар қарастырдым:
мұғалімнің сабақта түсіндірілген тақырыбының 30-35 пайызы ғана емес, толық меңгерілуі үшін сабақта тек есту қабілетін ғана емес, мүмкідігінше барлық сезім мүшелерін ( көру, елестету, тыңдау, ойлау, қабылдау, зейін, жазу, сөйлеу) қатыстыру. Сондықтан пәнге деген қызығушылығын арттыру, баланың өздігінен жұмыс істеу, іздену әрекеттерін дамыту, қосымша материалмен жұмыс істеу дағдысын қалыптастыру, жүйелі сөйлеу дағдысына үйрету мақсатында оқыту процесінде көрнекілік принципін пайдалану – дүниетану пәніне қойылатын басты талаптардың бірі болғандықтан сабақтарымда түрлі суретті тірек-сызба, тірек-сызбаларды пайдалана бастадым.
Бастауыш сыныптарда көрнекілік жиі қолданылады, өйткені балалардың ой-өрісі, қисынды ойлау қабілеті, дүние тануы көбінесе тәжірибелік сипатта болады.


Скачать


zharar.kz