Бұл сонау көне заманнан келе жатқан жыр жолдары. Ал Қазығұрт тауы – біздің көне дәуіріміздің алып ескерткіштерінің бірі іспетті. Жалпы қазақ даласының тарихы ұшан-теңіз. Оны біріміз білсек, біріміз білмей келдік. Әйтеуір абырой болғанда, соңғы кездері сол мүлдем жоғалтып ала жаздаған асыл қазынамызды біртіндеп болса да түгендей бастаған сияқтымыз, ең болмағанда іздеу сала бастадық.
Қазақтың Атыраудан Алтайға, Сарыарқадан Жетісуға дейін жайылып жатқан кең даласында талай-талай тарихи орындар бар. Тек қана Ұлытау мен Қаратаудағы, Қозыбасы мен Аңырақайдағы, Ерейментау мен Маңғыстаудағы тарихи орындардың өзі неге тұрады. Осылардың бәрінің тарихын бір ізге түсіріп, жүйелей келсең бүкіл қазақ даласының да, қазақ халқының да тарихы жарқырап шыға келеді емес пе.
Осындай қаситті орынның бірі Қазығұрт тауы. Оның қасиеттілігін, ел тарихындағы орнын дәл бүгін жеке-даралап айтып жатудың қажеті бола қоймас. Өйткені, Қазығұрт жөніндегі аңыз-әңгімелер халық арасында кең тараған.
Дегенмен, Қазығұрттың аты аталған оның жалғыз өзі ғана емес аумағындағы тарихи аймақтарды еске бір салып кеткен жөн секілді. Іргесінде жатқан Қарт Сайрам (Көптеген тарихы еңбектерде нақ осылай «Кәрі Сайрам» деп жазылды) мен оның солтүстік-шығысына қарай жалғасып кеткен Манкент пен Майлыкент, Түркібасы мен Тараз жатса, батысында Ордабасы мен Қараспан, Отырар мен Түркістан жатыр. Оңтүстігіне қарай Тұрбат асуы арқылы өткен «Жібек жолы» Қытай жылнамашыларының жазып кеткеніндей Темірқақпадан өтіп Ташкент, Самарқанд, Хиуа, Бұқараға жол тартады.
Қазығұрт маңы бір кездегі Түрік қағанаты құрылғанда Батыс орданың орныққан жері, «Қорқыт ата» мен «Оғызнамада» жырға қосылып, Тәуке хан мен Төле бидің жайлауы болған тау. Бәйдібектің шоқысы Қазығұрттың оңтүстігінде, «Орда қонған» деп аталатын мекені Шығыс сілемінде болса, сол бабамыздың бейіті солтүстігінде жатыр.
Ал шығысындағы Батыс Тянь-Шань тауларының етегі саналатын тізбек таулар Өгем, Қаржан, Шымған қыраттары мен табиғаттың тамаша тартулары Ақсу-Жабағалы, Шатқал, Шарбақ қорықтары өз алдынабір төбе. Міне осы табиғат байлықтарын аман сақтап, келесі ұрпақтың иелігіне тапсыру мқсатында бастама көтерген Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекістан елбасыларының ниеттері қабыл болып, өткен жылдың соңында Батыс Тянь-Шань табиғи аймағын сақтап қалу жөнінде шешім қабылданып, оған Халықаралық даму банкі қаржы бөлетін болды.
Қасиетті Қазығұрт тауы дәл осы аймақтың орта белінде тұр.
Міне, біздің ұсынысымыз да осыған байланысты. Ендігі ашылатын жаңа мемориалдың бірі осы Қазығұрт тауында орнатылуы тиіс...
Қазығұрт тауы жөніндегі ең көне мәлімет әйгілі Нұх пайғамбардың кемесінің әлемді топан су басқанда бір таудың басына қайырлап, аман қалуы туралы аңызда айтылады. Бұл жөніндегі жыр қазақ арасына кең тараған, көне дүние. Осы ұзақ жырдың ең болмаса алғашқы екі жолын,
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Болмаса ол әулие неге қалған,-
деген сөздерді есітпеген қазақ азаматы кемде-кем шығар.
Нұх пайғамбардың кемесінің Қазығұртқа қайырлағаннан кейінгі уақиғасы қазақ аңыздары бойынша былай өрбиді.
Кеме тоқтаған соң Нұх пайғамбар қасындағы серіктестерімен жерге түсіп, өздерімен бірге аман сақтап қалған хайуандар мен жануарларды өріске жіберіп, алып келген тұқымдарын жерге сеуіп, жаңа өмірді бастайды. Бұл енді рухани арылудан (тазарудан) кейінгі жаңа өмір. Осы өмірдің өркендеуі туралы халық арасында сақталып қалған талай-талай жырлар бар. Белгілі жазушы Ш.Мұтаза өзінің «Егемен Қазақстан» газетінде жазған мақаласында Нұх пайғамбардың кемесі қайырлады-ау деген өзге атулар туралы поэма бары-жоғын білмейтінің, ал Қазығұрт туралы поэма бар екенін айтады. Рас, өзге таулар туралы полэма (халық жаратқан көне туынды мағынасында) бары-жоғы бізге де белгісіз, тек Арараттың арғы-бергі бетіне барып жүргенде ешкімнен есіте қоймадық, ал Синай тауына байланысты эпос бола қойса оны еврей ағайындар әлдеқашан-ақ бүкіл әлемге таратып үлгіретін еді.
Қазығұрт тауы туралы жыр (Шәкеннің сөзімен алып отырмыз) біреу емес екеу. Оның екеуі де ешжақтан келген емес нақ осы таудың өз баурайында өмірге келген. Өйіткені, олар қанша балталасаң да Қазығұрттан бөліп әкете алмайсың. Соның бірі төрт түлік туралы. Әрі ол ешқандай діни немесе қияли, қоспасы жоқ таза халықтақ ағымдағы өмірдің өз талабымен, өмірдің өзіне бағышталған туынды. Бұл жырда қоғамдық дамудың нышаны жатыр, қазақ дүниетанымның негізгі темірқазығы қалған.
Ал Қазығұртқа байланысты екінші жыр-таулар соғысы. Бұл тіптен де Қазығұрттың өзіне ғана тән дүние. Оның үстіне оның өмірге келуінің өзі де заңды құбылыс. Өйткені, Қазығұрт батыс Тянь-Шань тауларының батысында жекеленіп жатқан тау. Шығысында төбесінен қар кетсе де мұз кетпейтінҚаржан мен Өгем тауларының шыңдары желкесінен қарап тұр. Нұх пайғамбардың кемесі осы шыңдардың біріне де тоқтамай неге аласа ғана тауға тоқтайды деген заңды сұрақ туатыны айдан анық. Себебі Қазығұртты әлгі шыңдардан Өгем қойнауы ғана бөліп тұр. Міне, дана халық мұның да жауабын тауып, үйлестіре қойған. Бұл туралы да жыр бар.
Нұх пайғамбардың кемесі «енді біздің төбемізге тоқтайды» деп көкіректерін керіп, масаттанып тұрған биік шыңдарға тоқтамай Қазығұртқа келіп тоқтаған әлгі алып таулар Қазығұртқа қарсы соғыс жарияламақ болыпты. Осыны есіткен Қазығұрт бар әлемге жар салып
Ордабасы ұлыма айт,
Қызылсеңгір қызыма айт,-деп бастаған өлеңінде Қазығұрт тауының кең далада нақ өзі сияқты жекеленіп тұрған таулардың бәрінің атын атап барып, ең соңында «Қыңыраққа бар да қайт»,- деп бітіріп жеті тауға елші жұмсайды. Осыны есіткен әлгі соғысқұмар таулар тез-ақ ниеттерін қайта қояды. Ал Қазығұрттың осы көмекке шақырған ұл-қыздары мен бауырлары атанған таулардың бәрі аласа таулар. Мысалы, қазір Ордабасы тауын білмейтін адам жоқ біздің елімізде. Тіптен біздің еліміз түгілі көрші елдердің президенттері де келіп, тағзым етіп кеткен қасиетті орын. Ал Маңсары тауын жергілікті тұрғындар осы күнге дейін «Маңсар әулие» деп құрмет тұтады. Сол жердің бір қасиетті сыры бар деп жаңбырлы-бұлтты күндері қасына көп жолай да қоймайды. Тіптен, соңғы жылдары бір жаңбырлы күні сол таудың бауырына өрмелемек болған әскерилердің машинасының таңғажайып оқиғаға ұшырағанын әлі айтып жүреді. Осылардың ішінде шеткірек жатқаны-Қынырақ. Әлгі жырдың бір нұсқасында «Қыңыраққа бар да қайт» деп айтылса екінші нұсқасына «қайтарында Қыңыраққа бар да қайт» деп айтылады. Аңыз бойынша өз аты ең соңында айтылғандықтан, әрі көзге ілмегендей болып «бар да қайт» дегеніне шамданып Қыңырақ қыңырайып, шеткірекке барып орналасыпты дейді.