Халел Досмұхамедовтың (1883-1937) педагогикалық қөзқарастары.
Кенес үкіметінің алғашқы жылдарында халық ағарту институтында оқытушы, Орта Азия университетінің ординатор қызметін, 1924жылы Ресей академиясының Орталық өлкетану бюросының мүше корреспонденті болып сайланды. 1926 жылы Қазақ педагогика институтының проректоры, кейіннен педология кафедрасының меңгерушісі профессор қызметін, бұған қоса Денсаулық халық комиссариатының жоспарлау-ұйымдастыру басқармасының меңгерушісі болып істеді. Сол жылдары ұлттық мектептің жаңа жүйесін құруға, қазақ тілінде ғылыми терминология жасау ісіне, ұлт тілінде журнал шығаруға белсене атсалысты. Х.Досмұхамедов жаратылыстану ғылымы саласында ұлттық ғылыми терминдерді жасау мәселелерінің теориялық астарларына үңіліп, оның принциптік жақтарына ерекше назар аударды. Х. Досмұхамедовтың фольклортану саласындағы еңбектерінің ішінде оқшау тұратыны “ Қазақ халық әдебиеті ” очеркі. Х.Досмұхамедов халықтың астрономиялық түсініктері мен ырымдарына да үлкен мән береді. Жер мен көктің жаратылуы, жұлдыздардың пайда болуы, топан су қаптауы т.с.с. ауыз әңгімелер қазақ арасында өте көп тараған. Х.Досмұхамедов халқымыздың шаруашылық кәсібі, тұрмыс-тіршілігі, аңшылық өмірі, киіз үй мен оның барша жиһазы, ұлттық киімдері, әсіресе қыздар тағатын алтын-күміс, сырға-шолпы, теңге, бес қару мен ер тұрманды т.б. тізбектей келіп, осылардың жас буынды еңбекке кәсіпшілдікке, ерлікке, әсемдікке, сыпайылыққа адамгершілік қасиеттерге баулып тәрбиеленудің маңызы зор екенін нақты деректер келтіріп дәлелдейді. Х.Досмұхамедов тіл, сөйлеу-адам психологиясының басты белгілерінің бірі екенін айтады “ Мектеп пен баспаның тілі дұрыс болса елдің тілін көркейтіп, байытып, гүлдендіреді. Мектеп пен баспада қолданудан қалған тіл - шатасқан тіл. Ол ел- сорлы ел, мұндай елдің тілі бұзылмай қалмайды. Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, ол күйініш. Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлеу бұл сүйініш, өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беру зор қате -дейді ”.