Мемлекеттік және жалпы сыртқы борышты басқару
жөніндегі тұжырымдама
1. Кіріспе
Еліміздің дүниежүзілік экономикаға белсенді кірігуі, еліміздің тәуелсіз кредит рейтингінің жақсаруы, шетел инвестициясының үлкен көлемін тарту, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Ұлттық Банктің валюта режимін ырықтандыру жөніндегі жоспарлары Қазақстан Республикасының тұрақты дамуында сөзсіз шешуші рөл алады.
Сонда да, экономиканың ашық деңгейін арттыруға бағытталған қадамдар, сондай-ақ толыққанды ішкі қаржы нарығын қалыптастыру қажеттілігі Қазақстан Республикасы Үкіметі, Ұлттық банкі және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның республиканың экономикалық қауіпсіздігінің тиісті деңгейін қамтамасыз ету, сондай-ақ борыш құралдарының ішкі нарығын дамыту үшін жағдайлар жасау жөніндегі бірқатар шаралар қабылдауға алып келеді.
Біріншіден, бұл қаржы секторы тұрақтылығының қажетті деңгейін қамтамасыз етуді және экономика салаларын дамытуды ескере отырып, несие капиталының ішкі және сыртқы нарықтарында қарыз алуды дұрыс жоспарлау мәселесі. Екіншіден, бұл мемлекеттік сектордың борышын басқару тетіктерін жетілдіру және қажетті нәтижелерге қол жеткізу мақсатында жеке сектордың сыртқы борышын реттеу мәселесі.
Халықаралық тәжірибе байыпты қарыз алу саясатын жүргізу және мемлекеттік сектор борышын басқару және жеке сектордың сыртқы борышын реттеу саласында мемлекеттің әлеуетін нығайту үшін қажетті шараларды уақтылы қабылдау елдің макроэкономикалық тұрақтылығының жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін ең маңызды фактор болып табылатындығына куә болып отыр.
Әлемдік практикада, әдетте, көптеген елдердің сыртқы және ішкі нарықтарда өз қарыз алу стратегиялары және борышты басқару саласындағы әлеуетін нығайту жөніндегі жоспарлары бар. Бұл қажеттіліктер капиталдың ішкі нарығын дамыту деңгейімен, валюта режимінің ерекшеліктерімен, макроэкономикалық саясаттың және нормативтік реттеу шараларының сапасымен, реформаларды әзірлеу және жүзеге асыру саласында ұйымдастыру-құқықтық әлеуетпен, елдің кредит қабілеттілігімен және оның борышты басқару саласындағы мақсаттарымен айқындалады.
Экономикалық ахуалын және институционалдық мүмкіндіктерін ескере отырып, жеке бір ел алып қарайтын берешектің экономикалық жағынан қолайлы деңгейлері көрсеткіштерінің (өлшемдерінің) белгілі бір біріздендірілген нормалары бар.
Бұрын Қазақстан Үкіметтің, жергілікті атқарушы органдардың және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің борыштарын қамтитын мемлекеттік сыртқы борышты басқаруға басым көңіл бөлді. Бұрын қабылданған шаралардың нәтижесінде мемлекеттік сыртқы борыш 2001 жылдан бастап азайып отыр. Халықаралық ұйымдардың бағалауы бойынша қазіргі уақытта Қазақстанның мемлекеттік сыртқы борышының мөлшері бірқалыпты болып табылады.
Бұл ретте, еліміздің жалпы сыртқы борышы 2006 жылғы 1 тоқсанның аяғына ЖІӨ-нің 77,6%-ын құрай отырып, 2001 жылдан бастап өсіп келеді. Халықаралық ұйымдардың жіктемесі бойынша көрсетілген көрсеткіштер Қазақстанды сыртқы борышның бірқалыпты деңгейі бар елдер тобына жатқызуға мүмкіндік береді. Алайда, жалпы сыртқы борышты одан әрі арттыру елдің ішкі экономикалық жағдайларына ғана емес, экономикалық қауіпсіздігіне де теріс әсерін тигізе алады.
Бұдан басқа, қаржы қауіпсіздігінің тиімді жүйесін қамтамасыз ету мақсатында ЖІӨ-ге шаққанда белгіленген қатынас шегінде орта мерзімді кезеңде елдің жалпы сыртқы борышының деңгейін ұстау қажет.
Елдің борышын басқарудың тиімді жүйесін құру үшін мемлекеттік борышты, мемлекеттің басым қатысуы бар ұйымдардың борышын, мемлекеттің шартты міндеттемелерін басқару және жеке сектордың сыртқы борышын реттеу сапасын арттығуға бағытталған бірқатар шараларды қабылдау қажет.
2. Тұжырымдаманың мақсаты мен міндеттері
Осы Тұжырымдаманың мақсаты елдің жалпы сыртқы борышының қазіргі бар деңгейін орта мерзімді кезеңде ЖІӨ-ге шаққанда 65-70% деңгейіне дейін азайтуға және ұзақ мерзімді перспективада елдің жалпы сыртқы борышын ел үшін қауіпсіз деңгейде ұстауға, мемлекеттік борышты, мемлекеттің басым қатысатын ұйымдардың, мемлекеттің шартты міндеттемелерін сапалы басқаруға және несие капиталының сыртқы нарықтарында жеке сектордың қарыз алу мәселелерін тиімді реттеуге ықпал етуге мүмкіндік беретін біртұтас және тиімді жұмыс істейтін борышты басқару жүйесін қалыптастыру болып табылады.
Тұжырымдаманың міндеттері мыналар болып табылады:
мемлекеттік сектордың борышын, оның ішінде борыштық міндеттемелер бойынша тиісті есеп жүргізу бөлігінде басқару жүйесін оңтайландыру, борыш ахуалының жүйелік мониторингін және оны бақылауды жүзеге асыру, тәуекелдерді басқару, мемлекеттік органдар мен мемлекеттің басым қатысуы бар ұйымдардың тиімді өзара іс-әрекеті;
елдің жалпы сыртқы борышын барынша есепке алу әдістемесін айқындау;
Қазақстан үшін «дабылды» шекті мәндер ретінде әрекет ететін жалпы сыртқы борыштың орта мерзімді перспективаға арналған салыстырмалы көрсеткіштерін айқындау, оларға сәйкес мемлекеттік органдар жалпы сыртқы борыштың осы шектерден асып кетуіне жол бермеу үшін белгілі бір шек қою шараларын қабылдайтын болады;
несие капиталының сыртқы нарықтарында жеке сектордың қарыз алу мәселелерін реттеу тетіктерін айқындау;
борыш құралдарының ішкі нарығын дамыту үшін алғышарттар жасау.