Судың құқықтық тәртібі және оны қорғау

Скачать

Екі қаланы бірдей ауыз сумен жарылқағысы келген облыстың бір басшысына Кентаудың Хантағы жағынан Түркістанға су құбырын тарту идеясы келе қалады. Жақсы идеяның ыстығы басылмай тұрғанда орындау керек қой. Бас кәлла айтып тұрғаннан кейін бағыныштылары, әрине, шыбындаған атша бастарын шұлғып құп­тайды. Тендер өтеді. Киелі қала Түркістанды ауыз сумен қамтамасыз етуді Алматыдан ат арытып келген “ПСГ КАРО” ЖШС өз мойнына алады. Бастапқы жоба бойынша құны 1077,8 млн. теңге құраған ауыз су құбыры жолайрыққа келгенде жарамай қалды. Есепте 615,2 млн. теңгенің жұмысы атқарылды делінгенімен, теңге түгілі тиын санап отырған қазіргі уақытта бюджеттің осынша ақшасы желге ұшты. Бақандай 600 млн. ақша ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті.
Қызығы да, күйініштісі де сол, Кентаудың суы Түркістанның шөлін баспақ түгілі өзіне де жете бермейді екен. Кентаулықтар әлі де суды сағаттап ішіп отыр.
“ПСГ КАРО” ЖШС оңтүстікқазақстандық шенеуніктер тістеуіктің арасына салып шаға қоятын жаңғақ емес екен, жалына қол апартпаған күйі сылаң қағып кете барды.
Облыстық мәслихаттың сессиясында түркістандық депутат Ә.Тәңірбергенов серіктестік директорының аты-жөнін облыс әкімінің бірінші орынбасары И.Әбішке айтқыза алмады, өзі де батылы жетіп айта алмады-ау. Артымен диірмен тартқан бір дәудің туысқаны болғандықтан, жел жағына шығып қалудан қаймықты ма, кім білсін.
“КАРО”-ның артында Түркістанға Кентаудан кіре берісте ескерткіш болып алып резервуар қалды. Бір қызығы, Түркістан қаласының жаңа әкімі Бейбіт Сыздықов қалаға сырттан су керек емес, рухани қала астында суы тұщы екі үлкен көл бар, жобасы нақтыланып жатыр дегенді айтады.
Бірақ, бұл ауыз суды сағаттап алып отырған қала халқы үшін жұбаныш болғанымен, желге ұшқан мемлекет қаржысының обалы қайда және кімге?
Облыстық прокуратура ҚР Бас прокуратурасының тапсырмасына сәйкес “Таза су” мемлекеттік бағдарламасының орындалу заңдылығына тексеру жүргізгенде талай бы­лықтар ашылды. Облыстық прокуратураның басқарма бастығының орынбасары М.Сматовтың Сарыағашта сыбайлас жемқорлыққа байланысты үйлестіру жиынында жасаған баяндамасында осы жәйттер егжей-тегжей айтылды.
Нақты есепке жүгінсек, облыстағы 897 (8 қала, 3 поселке, 886 ауыл) елді мекенінің 425-інде тұрғындар ауыз суды құдықтардан, бұлақтардан және ашық табиғи су көз­дерінен алады. Ал 100 елді мекен ауыз суды сырттан тасымалдап ішеді.
Облыста тек 372 елді мекенде ғана орталықтандырылған су құбырлары бар. Оның өзінде 26 елді мекенде су құбырлары істен шыққан. Ал 42 құбырдың санитарлық қорғау аймағы бұзылған. 213 құбырға су залалсыздандырылмай берілсе, 219 елді мекенде су тек уақытпен беріледі. 72 құбырға меншік иесі осы күнге дейін белгіленбеген..

Шардара, Бәйдібек, Қазығұрт, Отырар, Сарыағаш аудандарында және Түркістан қаласында халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 39 пайыздан аспайды.
Алайда, бұл мәселелерді шешуге жергілікті әкімдердің талпынысы байқалмауда.
Бағдарлама орындалғаны жөнінде тезірек есеп беру мақсатында жергілікті атқарушы органдар талапқа сай келмейтін су құбырларын қабылдауын тоқтатар емес. Өкінішке қарай, бағдарламаның орындалуы тек прокуратураға керек сияқты болып отыр. Ал басқа органдар оған сырттай бақылаушы ретінде қарайтын сияқты.
Баяндаманың басында айтып өткендей, осы салада заң бұзушылықтар құрылыс нысандарын жобалау сатысынан-ақ басталады екен. Мысалы, жеке кәсіпкер “Проек­­тировщик” дайындаған жоба-сметалық құжаттамасында Мақтаарал ауданының Ленинабад және Абибулла ауылдарында 215 метр тереңдіктен су алуға болады деп көрсетілген. Алайда, осындай тереңдіктен алынған судың сапасы санитарлық талаптарға сай келмейді. Енді тұрғындарға таза ауыз судың орнына өте тұзды су беріліп отыр (өте қатты және сульфаттар мен хлоридтер тым көп). Бұл жобаны іске асыру үшін бюджеттен 35,6 млн. теңге жұмсалған. Ал мұндай суды соншалықты қаржы жұмсамай-ақ кәдімгі құдықтардан да алуға болар еді ғой. Бұл ауылдардағы жер асты сулары осыдан 36 жыл бұрын, 1972 жылы зерттелген, ал қолданыстағы заңдарға сәйкес мұндай зерттеулер әр 25 жыл сайын өткізілуі тиіс. Яғни, жобалаушы ескі, қолдану мерзімі өтіп кеткен зерттеу қорытындысын басшылыққа алған. Ал “Оңтүстікмемсараптама” еншілес мемлекеттік кәсіпорны осы жобаға неліктен оң қорытынды берді деген сұрақ туындайды.
Көптеген жобалар су құбырларын тұтынушының үйіне дейін жеткізудің орнына тек магистралды су құбырын салумен шектелген. Ал мұндай жағдай, өз кезегінде жоба­дан ауытқуға, ескі немесе жарамсыз құрал-жабдықтарды пайдалануға, атқармаған жұмыстарды қосып жазуға өз септігін тигізеді. Себебі, тұтынушыға су бірден берілмегендіктен, оның сапасы қандай екеніне ешкім жауап бере алмайды. Бұл сапасыз жұмыстарды дер кезінде анықтап, оларды мердігер есебінен тез арада жоюға кері әсерін тигізетіні де сөзсіз.
Мысалға, Сарыағаш ауданының Абай ауылы мен оған жақын орналасқан елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 2006-2008 жылдары 290,2 млн.теңге бюджет қаржысы жұмсалған. Нысан пайдалануға қабылданса да, 18 мың халқы бар Абай ауылының тұрғындары атқарылған жұмыстың жемістерін көре алмай отыр. Себебі, жоба тек магистралды су кұбырын салуға арналған. Енді тұрғындар әрқайсысы үйіне өз күшімен су тарта ма, әлде жаңа жоба жасалып, үйіне судың келуін тағы да бірнеше жыл күте ме, белгісіз. Мұндай жобаға 300 млн. теңгеге жуық бюджет қаржысын жұмсау қажеттігі бар ма еді? Мемлекеттік сарапшылар тарапынан бұл жобаға оң қорытынды қалай берілгені жөнінде сұрақ та орынды сияқты.

Осы тектес жағдай Сарыағаш қаласында және облысымыздың басқа да аудандарында орын алған.
Сондықтан, жергілікті атқарушы органдарға су жүйесінің құрылысына жоба жасауға тапсырыс бергенде тұтынушыға су құбыры жеткізілетін жоба жасауды, ал сараптама өткізетін уәкілетті мемлекеттік органдар тек осындай жобаларға оң қорытынды беруге тиісті деп санаймыз.
Жобалаушы “Атриум-АС” ЖШС кінәсінен Отырар ауданына қарасты Көкмардан және Темір ауылдарында орнатылған 201 су таратқыш жәшіктері (жалпы құны 25,86 млн. теңге) 2008 жылы қыс айларында аяздан жарылып істен шыққан. Бұл жәшіктерді жер астына орнатудың орнына жобалау құжаттамасында жер бетіне орнату көзделген.
Мемлекетке елеулі залал келтірілсе де, оны “Атриум-АС” ЖШС-інен өндіруге Отырар аудандық әкімдігі прокурорлық тексеруге дейін ешбір шара қолданбаған.
Сарыағаш ауданының Достық-2 елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету барысында атқарылмаған жұмыстары үшін “Дина-Н” ЖШС-іне 1,4 млн. теңге заңсыз төленген. Ал бюджет қаржысын заңсыз иемдену фактісі тек аудандық прокуратурамен анықталып, аталған қаржы прокурордың ұсынысы негізінде ғана бюджетке қайтарылды.
Осы тектес жағдай Сарыағаш ауданының Көктерек ауылында орын алған.
Бәйдібек аудандық құрылыс бөлімі мен “Оңтүстік Құрылыс-ТУ” ЖШС арасында 2005 жылы жасалған келісім-шарт бойынша Көктерек елді мекенінде ауыз су жүйесінің құрылысы аяқталмаса да, 6,4 млн.теңге мөлшерінде соңғы төлем 2008 жылы серік­тестікке толығымен төленген.
Ал аталған құрылыс осы күнге дейін аяқталмай, ауыл тұрғындары бағдарлама нәтижесін көре алмай отыр.
Шымкент қаласына мемлекеттік су бағдарламасы бойынша қаржы бөлінбегеніне қарамастан, облыс орталығында да ауыз сумен қамтамасыз ету сын көтермейтінін айта кету қажет, Өткен қыс сумен қамтамасыз ететін монополист “Су ресурстары – Маркетинг” ЖШС-нің осал жерлерін бәрімізге айқын көрсетіп берді. Былтырғы жылы ауыстырылған жер асты құбырлардың көпшілігі аязға шыдамай, көптеген тұрғындарымыз көктемге дейін сусыз қалғаны ешкімге құпия емес. Сонымен бірге, тозығы жетті деген негізбен темір құбырлар полиэтилен құбырларға жаппай ауысты­рылып жатқаны осы жұмыстарды өз қалтасынан қаржыландырып жатқан тұрғындар­дың наразылық білдіруіне соғуда.
Облыстық прокуратураның басқарма бастығының орынбасары М.Сматов жасаған баяндамада жергілікті атқарушы органдардың лауазым иелері өз қызметін теріс пай­далану нәтижесінде және уәкілетті мемлекеттік органдардың әрекетсіздігінен “Таза су” мемлекеттік бағдарламасы тиісті деңгейде орындалмай, болжамдаған нә­тижелерге қол жеткізілмей отырылғандығы ащы айтылды.


Скачать


zharar.kz