Тараз қаласының оңтүстік жағында – 20 шақты шақырым жерде Аса өзенінің жағасындағы Айша бибі ауылында өткен – кеткен талай жолаушы , әсіресе , зерттеушілер , жаңа үйленген жастар ат бастарын арнайы бұратын екі ғимарат тұр. Олар - Айша бибі және Бабажы қатынға орнатылған ескерткіштер . Үлкен археолог Н. Бернштамның өткен ғасырдың 30 -40 – шы жылдардағы зертттеулері негізінде бұл көне ғимараттар XI – XII ғасырларда салынған деп жазылған . Археологтар мұнда ескерткіштің салынған жылын дәл атап көрсетпесе де құрылыс ерекшеліктеріне байланысты жалпы мерзімін негізінен дұрыс топшылайды . Әйтсе де ежелгі тарихымызды зерделегісі келген әрбір адам бұл ғимараттар кімдерге арналғанын , қашан салынғанын , оларды кімдер салғанын білгісі келетіндігі табиғи нәрсе .
Айша бибінің әкесі Зеңгі баба шейх тілін алмай , Таразға – ғашығы Қараханға аттанғаны үшін Айшаға теріс батасын беріпті – мыс . Содан су жағасында қызды жылын шғып өлтіріпті – мыс . Бұл – аңыз . Ал ақиқат қандай ?
Ташкент архивнде бір кездегі Әулиеата қаласын билеген қалабасы ( городской и уездный начальник ) Василий Андреевич Калаур Түркістан өлкесінің әуесқой археолгтары үйірмесінде жасаған баяндамасында Айша бибі ескерткіші туралы біраз деректер келтірген екен . Тіпті мазардың маңдайшасына арабша жазылған бірқатар жазулардың көшірмелері Ташкент архивнде әлі күнге дейін тұр . Сонда қалабасы Калаурдың Шымкекнт және Әулиеата ояздарының Әулиеата - Қарахан туралы жазылған кітаптарды оқыған молдаларынан жинастырған деректері де сақтаулы .
Ең бастысы – Ташкент мұрағатындағы « Туркестанские ведомсти » газетінің 1900 жылғы № 97 және 1904 жылғы №37 сандарында Әбубәкір диваев Айша бибінің әкесі Сүлеймен Бақырғани , яғни Хаким ата және асырап алған әкесі Зеңгі бабаның тегі туралы деректер жариялапты . Сондай – ақ , Ташкент түбінде Зеңгі бабаның мазары , Айша бибінің анасы Әнбар бибінің және әжесі Ұлықпатшаның басына тұрғызылған қабірлер жақсы сақталған . « Зеңгі » арабшадан аударғанда қара түсті , еуропалықтар мен американдықтар айтатындай негр деген мағынаны білдіреді . Оның өзінің азан шақырып қойған аты – Айқожа . Әкесінің аты – Тәкіқожа ... Зеңгі бабаның алтыншы атасы атақты Қожа Ахмет Ясауи сопының ұстазы Арыстан баб екен . Өзбекстандық зерттеушілер бұл шежірені Пәкстандағы Лахор қаласынан алыпты . Өзбекстанның көп томдық энциклопедиясының 4 – томында Зеңгі атаның өлген мерзімі 1258 жыл екендігі анық жазылған . Бірақ туған жылы белгісіз .
Зеңгі бабаның зәулім биік мазары Ташкент қаласынан 25 – 30 километрдей жерде оңтүстікке , Самарқанға қарай апаратын жол бойында . Бұл атырап қазір Зеңгі ата ауданы деп аталады . Байқасақ , қазақтар сиыршылардың пірі Зеңгіні « баба » десе , өзбек ағайындар « ата » дейді , мұның өзі оның жас шамасы кемінде сексеннен асқан – ау деп болжалдауға мүмкіндік береді . Өзбекстан энциклопедиясында сол сияқты Зеңгі атаның басына көтерілген күмбездің әр қырынан түсірілген суреттері , оюлы кірпіштерінің кескіндері берілген . Зеңгі ата мазарының ішіне енген кезде оның қолына ұстаған аса таяғын көруге болады . Сол сияқты Самарқанның көк тасымен көмкерілген Әнбар бибінің , яғни Айша бибінің анасының қабірі , әжесі Ұлықпатшаның ( өзбекше - Улугподшо ) қабірі Әнбар бибінің зиратына ұқсаған мазарларды көруге болады . Амал не , Қазақ совет энциклопедиясында Зеңгі баба туралы дәл деректер жоқ . Есесіне ұлы Шоқан Уәлиханов 1858 жылы қазанның 25 – і күні « Қашқар күнделігінде » « В Ташкенте – могила Зенги ата ... Анбар ана – жена Зенги , вдова учителя Зенги Хаким ата , Эрхуббу , сын ее от первого брака , Али – Аскар – от второго . Акбар ана носила обед , когда муж пас коров...» - деп жазыпты . ( Собрание сочинений , т.3, А. , 1985 , 50 – 51 – бб . ) .
Қазақтардың да , өзбектердің де арасында Әнбар бибінің алғашқы жұбайы Сүлеймен Бақырғани сопы өлген соң , оның шәкірті әрі жақын туысы да болуы керек , Айқожа шейхқа қалай ерге шыққаны туралы да аңыз бар .
Сүлеймен Бақырғани - Қожа Ахмет Ясауи сопының атақты шәкірттерінің бірі . Ол Өзбекстандағы Бақырған қыстағында туған . Сүлеймен өте тапқыр да, ақын да , іскер де шәкірті болғандықтан Қожа Ахметке сүйікті екен . Сүлеймен Бақырғанидың « Ақыр заман » кітабы , Иса пайғамбардың анасы туралы « Бибі Мариям » дастаны көне түркі шағатай тілінде 1848 , 1898 жылдары Қазан қаласында жарияланған екен . Өзбек тілінде бұл кітап 1991 жылы Ташкент қаласында жарық көріпті . Сүлеймен Бақырғанидың өмірі туралы деректерден оның туған жылы беймағлұм болғанымен , опат болған жылы 1186 екндігін білуге болады . Олай болса , Сүлеймен сопы мен Әнбар бибінің артында қалған қызы Айша ең бері дегенде 1185 жылы өмірге келген болып шығады .
Сүлеймен өмірден өтер алдында үйіне кіріп – шығып жүрген Зеңгі бабаға қарап , зайыбы Әнбар бибінің алдында күліпті деседі аңыз . Сонда Әнбар бибі : « Сопы , « Жылағанды сұрама , күлгенді сұра» деген » , - депті жұбайына . Сонда көріпкелдігі де бар Сүлеймен : « Мен өлген соң сені осы шәкіртім айттырады . Түсі қара деп тимей жүрме , сенің қадіріңді біледі » , - деп уағыз өсиетін айтып , көзін мәңгілікке жұмады .
Жесір қалған уыздай аппақ сұлу келіншек уақыт өте келе өзін қайта – қайта айттырған Зеңгі – Айқожа шейхқа ерге шығып , одан жалғыз ұл тапқан екен . Жоғарыда аталғандай , Ш . Уәлихановта Айшаның ағасы Ерхүббу да , інісі - Әлиасқар . Анасынан - үшеу , туған әкеден екеу Айшаның Қарахан әулетінің біріне ерге шыққандығы оның « бибі » деген қосымша атауынан анық байқалады . Түркі халқында хан әйелін ертеректе – « қатын » , кейініректе - « ханым » , қызын - « ханша » , би мен бай әйелін - « бәйбіше » ( байбише ) , қызын - « бикеш » , « бике » десе , қожа қыздары ерге шыққанда оларды тек « бибі » деп атағандығы белгілі .
Сонда Айша Қарахан әулетінің ішінде Тараз төңірегін, сол қаланың өзін билеген қандай ханға ерге шығуы мүмкін ? Айтпақшы , « Айша » деген сөздің мағынасы арабшадан аударғанда « өмірге құштар , іңкәр » деген мағынаны білдіреді . Айша - Мұхаммед пайғамбардың хижра алдында , яғни дінсіздер тыныштық бермегендіктен Меккеден Мәдина қаласына қоныс аударар алдында - 622 жылдан сәл бұрын алғашқы зайыбы Хадиша өлгенде тұл қалған соң өзінің досы Әбубәкір Сыздықтың айттырып алған қызы .
Міне , сол кейінгі Айша 1185 жылы өмірге келген болса , ол бойжеткен кезде Тараз қаласын билеген Қарахан әулетінің кезекті өкілі түркіше лақабы - Арыстан , мұсылманша Мұхаммед аталған хан еді . Бұл Қарахан Мұхаммед 1212 жылы Тараз қаласынан қуылып , Қашқарды паналаған – ды . Сол жерде бақталастарының қолынан қаза тапқандығын атақты академик В . В . Бартольд жазған болатын . Қарахан Мұхаммедті Тараздан әуелі қуылған қарақытай бурханы Чулуку мен найман ханы Күшлік болса , кейін біржолата бездіріп жіберген хорезмшах Мұхаммед еді . Отқа табынатын көп құдайшыл Чулуку гурханның әуелі қызын алып , артынан өзінің басын алып , Тараз өлкесін де билей бастаған найман ханы Күшліктің соңына түскен моңғол Шыңғыс хан ақырында оның түбіне жеткендігі мәлім .
Біздіңше , Айша бибі Қарахан Мұхаммедке ол қаза табардан әлдеқайда бұрын ерге шыққаны күмән туғызбайды . Өйткені , Айша бибі ескерткішінің Мұхаммед тұрғызды деп батыл айтуға негіз болатын бір жәйт бар . Қазақстанның сәулетші зерттеушілері В . Қадырбаевтың , Н . Бәсеновтің және басқалардың мәліметтеріне қарағанда , күмбездің маңдайшасында мазарды тұрғызған Мұхаммед хан деген сөздер мұндаға дейін сақталған екен .
Айша бибі өмір сүрген дәуір Қарахан әулетінің , оларға бағынышты ата – бабаларымыздың әуелі дінсіз қара қытайларға , одан кейін діндес хорезмшах Мұхаммедке , артынша әуелі христиан дінінде болғанымен , көп ұзамай қара қытай гурханының қызына үйленген соң будда дініне көшкен найман Күшлік ханға қарсы күрескен заманына тұтас келеді .
Енді Қарахан атауына тоқталған жөн болар . Көп жұрт Қараханды билеушінің аты деп ұғады . Бұл – мүлдем қате түсінік . Қарахан лауазымы көне түркі заманында ұлы хан деген мағынада қолданылған . Мәселен , « қара халық » деген сөз « көп халық , ұлы халық » деген мағынаны білдіреді . Ал сол ұлы ханға бағынатын хандарды « илек хандар » деп атаған . Қарахан әулеті – « қараханидтер » деген атауды көне грек дәстүріне сәйкес орыстың шығыстанушысы , Шоқан Уәлиханов шығармашылығын алғашқы зерттеушілердің бірі В . Григорьев ғылыми айналымға енгізген болатын .
Осы орайда Тараз қаласының қақ ортасындағы мазардағы « Әулиеата атанған Қарахан кім ? » деген сауал өзінен - өзі туындайтындығы сөзсіз . Ғалымдар бұл мәселеге де жауап беріп отыр . Австрия ғалымы О . Прицак « Мусульманские династии » деген кітабында 1059 жылға дейін Таразды билеген Қарахан Шах – Махмуд екендігін нумизматикалық деректер арқылы дәлелдеп көрсетсе , академик В . В . Бартольд сол Шах - Махмудтың қарақытайларға қарсы талай қырғын соғыстарда қол бастап , талай жеңістерге жеткенін , бірде Талас өзенімен тоғытылған қойдай ағып бара жатқан жау өліктерін көріп , жиреніп , алтын тағын мүлдем тастағанын , сопылық жолға түсіп , жер астынан қылует үй қазып алып , өле - өлгенше Аллаға жалбарынып өткенін , сондықтан да Әулиеата атанғанын жазған еді . Академик Әлкей Марғұлан да «Шоқан және Манас » деген кітабында әулие атанған Қарахан туралы жазады . ( А . , 1971 , 65 , 83 – бб . ) .
Академик В . В . Бартольд Қарахан әулеті түркілердің яғма тайпасынан шыққандығын айтады . Мұны Қазақ совет энциклопедиясының 12 – ші томындағы « яғма » деген сөз парсы тілінде « көшпелі » деген мағынаны білдіреді . Энциклопедияда жазылғандай , яғмалардың , яғни , көшпелілердің мұрагерлері қазіргі қазақ тайпасының құрамындағы жалайырлар екен .
Қарахан әулетінің негізін салушы Сұлтан Сатук Бура хан бейіті Қашқар қаласының іргесіндегі Артуш деген мекенде әлі күнге дейін жақсы сақталған . Қашқарлық Махмұд ғұламаның үш томдық түрік сөздігінде Қарахан әулетінің түп тамыры Афрасиабтан – Алып Ер Тоңадан басталғандығы көрсетілген . Ал атақты «Шахнама » дастанындағы Туран мемлекетінің , яғни түркілер мемлекетінің басшысы Афрасиб - Алып Ер Тоңа өз ұрпағы алғашқы Қарахан Сұлтан Сатук Бура ханнан мың жарым жыл бұрын , яғни қазіргі заманнан 2628 жыл бұрын парсы шахының қолынан опасыздықтан қаза тапқаны тарихтан , сондай – ақ профессор Мекемтас Мырзахметов пен шығыстанушы Ислам Жеменей зерттеулерінен тағы белгілі .
Астанадағы Л . Н . Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қызмет ететін зерттеуші ғалым Қойшығара Салғараұлының деректеріне қарағанда , Қытайда Қарахандар әулеті туралы едәуір деректер сақталған .
Сонымен Айша бибі - қазақ халқының әлбетте , түркі халқының екі жарым мың жылдан да ары тарихына терең бойлататын Қарахан әулетінің бір ұрпағына ерге шыққан қасиетті анамыз . Өзінің асырап алған әкесі Зеңгі бабаның сиыршы - падашылар пірі болғаны , Айшаның махаббат пірі , ғашықтардың пірі саналатындығы тегін емес . Айтпақшы , « Айша қатын» деген атау ұлы тарихшымыз Мұхаммед Хайдар Дулатидың « Тарих – и Рашиди » кітабында да кездеседі. Қазіргі Аса өзені бұдан бес ғасыр бұрын Айша қатын аталса керек . « Қатын » демекші , бұл сөз , кейбіреулер жазып жүргендей , ешқандай парсы сөзі емес , көне түркі атауы . ХІ ғасырда өмір сүрген қашқарлық ғұлама Махмуд бабамыз өзінің түрік сөздігінде « қатын » деген атау Алып Ер Тоңаның қыздарына байланысты айтылғанын жазады . Айша бибі ескерткіші қасындағы Бабажы қатын күмбезі де Қарахан әулетінен шыққан ақсүйек әйелге тұрғызылғандығын осыдан да білуге болады . Ал Бабажы атауына келсек « бажы » деген сөз тіпті қазіргі түрік тілінде де тұңғыш қызға байланысты айтылады . « Ажа » - көне түрікше билеуші деген сөз . Мәселен , « Қой ! » дейтін қожа жоқ , « Әй!» дейтін ажа жоқ » деген қазақ мәтеліндегі « ажа » осы билеуші мағынасында .
Қарахан әулеті қожалар арасында да бар . Олар Қожа Ахмет Ясауи сияқты өздерін Мұхаммед пайғамбардың немере інісі әрі күйеу баласы хазірет Әли халифаның Әнафия атты әйелінен туған ұлы Мұхаммед - Әнафиядан таратады . Сірә , бұл арабтардың Түркістан өлкесіне 714 жылдары келуінен кейін қойылған – ау .