Жалпы ережелер

Скачать

. Осы Қазақстан Республикасында жануарлар дүниесін мемлекеттік есепке алуды, оның кадастры мен мониторингін жүргізу ережесі (бұдан әрі – Ереже ) “ Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы ” Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасында жануарлар дүниесін мемлекеттік есепке алуды, оның кадастры мен мониторингін ұйымдастыру мен жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Қазақстан Республикасында жануарлар дүниесін мемлекеттік есепке алуды, оның кадастры мен мониторингі ( бұдан әрі – есепке алу, кадастр мен мониторинг) жануарлар дүниесін қорғауды, өсімін молайтуды және орнықты пайдалануды мемлекеттік басқару, сондай-ақ жануарлардың биологиялық әртүрлілігі мен мекендейтін ортасын сақтау мақсаттарында жүргізіледі. Есепке алу, кадастр мен мониторинг жануарлар дүниесінің жай-күйі мен географиялық жағынан таралуы, мекендейтін ортасы, саны, жүйелі түрде байқаулардың нәтижелері туралы мәліметтердің жиынтығын, оларды шаруашылық мақсатта пайдалану туралы ақпаратты және басқа да деректерді қамтиды.
3. Жануарлар дүниесін есепке алуды , оның кадастры мен мониторингін осы ережеге сәйкес Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қоспағанда , жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті орган және балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қорғау , өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті орган ( бұдан әрі – тиісті уәкілетті органдар) жүргізеді.
Есепке алу, кадастр мен мониторинг жүргізу үшін мәліметтер жинауды тиісті уәкілетті органдар мен олардың аумақтық органдары жүзеге асырады.
Жануарлар дүниесін пайдаланушылар арнайы пайдалану кезінде жануарлар дүниесі обьектілерінің санын есепке алады және тиісті уәкілетті органның аумақтық органына есеп береді.
4. Жануарлар дүниесін есепке алу, оның кадастры мен мониторингі жануарлардың топтары : сүтқоректілер, құстар, бауырымен жорғалаушылар, қосмекенділер, балықтар, омыртқасыздар, соның ішінде жәндіктер бойынша республика үшін бірыңғай жүйе, әдістемелер және көрсеткіштер бойынша жүргізіледі.
5. Жануарлар дүниесін есепке алу, оның кадастар мен мониторингін жүргізу:
аң аулау обьектілеріне жатқызылған және өзге де шаруашылық мақсаттарда пайдаланылатын жабайы жануарлар бойынша;
балықтар және балық аулау обьектіліеріне жатқызыған және өзге де шарашылық мақсаттарда пайдаланылатын басқа да су жануарлары бойынша;
жәндіктер - өсімдік зиянкестері ( орманның зиянкес жәндіктерінен басқа ) және ауыл шаруашылығы дақылдары үшін пайдалы жәндіктер бойынша;
жәндіктер - орман зиянкестері және орман үшін пайдалы жәндіктер бойынша;
Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген жануарлар бойынша жүзеге асырылады.
6. Есепке алу, кадастр мен мониторинг жүргізілетін жануарлар түрлерінің тізбесін ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органмен келісе отырып тиісті уәкілетті орган айқындайды.

2. Жануарлар дүниесін есепке алуды жүргізу

7. Жануарлар дүниесін есепке алу мемлекеттік экологиялық сараптамамен келісілген және тиісті уікілетті орган бекіткен бірыңғай әдістемелер бойынша жүзеге асырылады.
8. Жануарлар дүниесін есепке алу деректері Қазақстан Республикасы жануарлар дүниесінің кадастры мен мониторингін жүргізу үшін негіз болып табылады.

3. Жануарлар дүниесінің кадастрын жүргізу

9. Қазақстан Республикасы жануарлар дүниесінің кадастры табиғи еркіндік жағдайларында, еріксіз немесе жартылай ерікті жағдайларда республика аумағында тұрақты немесе уақытша мекендейтін жабайы жануарлар түрлерінің ( түрлер топтарының ) таралуы, биологиялық жай-күйі, саны, шаруашылық мақсатта пайдаланылу сипаты мен қарқындылығы туралы қажетті мәліметтер мен құжаттар жүйесін, сондай-ақ осы жануарлардың тіршілік ету жағдайлары (мекендейтін ортасы), жүргізілетін биотехникалық, қорғау, қалпына келтіру және өзге де іс-шаралар туралы негізгі деректерді қамтиды.
10. Қазақстан Републикасы жануарлар дүниесінің кадастрын құрайтындар мыналар болып табылады:
1) жануарлар дүниесінің гендік қор кітабы – ғылы және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган жүргізеді. Ол жануарлар дүниесін есепке алудың және оның кадастрының бірыңғай зоологиялық негізін қамтамасыз етеді және мынадай:
республика фаунасының құрамы;
жануарлар түрлерінің ( түрлер топтарының ) жүйелік жағдайы, олардың ғылыми атаулары туралы мәліметтерді;
жануарлардың таралуы және олардың саны;
экологиялық жүйелері мен популяцияларының таралуы жай-күйінің өзгері үрдістері;
жануарларды шаруашылық мақсатта пайдалану туралы мәліметтерді қамтиды,
2) аң аулау обьектілері болып табылатын жануарлар түрлерінің және өзге шаруашылық мақсаттарда пайдаланылатын жануарлар түрлерінің кадастр кітаптары - өздерінің ауақтық органдары, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемелер, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар беретін деректер бойынша балық ресурстарын және басқа су жануарларын қоспағанда, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласндағы уәкілетті орган және ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган жүргізеді;
3) балықтардың және балық аулау обьектілеріне жатқызылған басқа су жануарларының және балықтар мен өзге шаруашылық мақсаттарда пайдаланылатын басқа су жануарларынының кадастр кітаптары - өзінің аумақтық органдары, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар беретін деректер бойынша балық ресурстарын және басқа су жануарларын қорғау , өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті орган және ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган жүргізеді;
4) омыртқасыз жануарлардың ауыл шаруашылық кадастры кітабы - өсімдіктердің зиянкес жәндіктері мен ауыл шаруашылығы үшін пайдалы жәндіктер туралы өзінің аумақтық органдары беретін деректер бойынша өсімдіктерді қорғау саласындағы уәкілетті орган және ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган жүргізеді;
5) омыртқасыз жануарлардың орман кадастры кітабы - өзінің аумақтық органдары, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар беретін жәндіктер – орман зиянкестері мен орман шаруашылығы үшін пайдалы жәндіктер туралы мәліметтерді қамтитын деректер бойынша орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган және ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган жүргізеді;
6) сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарлар түрлерінің кадастры кітабы - Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген жануарлар түрлері туралы өздерінің аумақтық органдары, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар беретін деректернегізінде уәкілетті органдар және ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган жүргізеді;
7) жануарлар дүнисін пайдаланушылардың жылдық есептері;
8) жануарлар санын есепке алу материалдары.
11. Жануарлар дүниесінің кадастры цифрлық геоақпараттық жүйелер негізінде жүргізіледі және Қазақстан Республикасы табиғи обьектілерінің мемлекеттік кадастрлары бірыңғай жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады.
Кадастр кітаптарын жүргізудің нысандары мен тәртібін тиісті уәкілетті орган айқындайды.
12. Кадастрлар шеңберінде алынған жануарлар дүниесі обьектілерін есепке алу мен тіркеу нәтижелері Қазақстан Республикасы табиғи обьектілері мемлекеттік кадастрларының бірыңғай жүйесіне тегін беріледі.

4. Жануарлар дүниесінің мониторингін жүргізу
13. Жануарлар дүниесінің мониторингі жануарлар дүниесі обьектілерінің таралуын, санын, физикалық жай-күйін, олардың мекендейтін ортасының құрылымын, сапасын және алаңын жүйелі түрде байқау жүйесін білдіреді. Ол экологиялық жүйелер мен биологиялық сан алуандықты сақтау, жануарлар дүниесін теңдестірілген дәрежеде және орнықты пайдалануды қамтамасыз ету үшін болып жатқан өзгерістерді анықтау және бағалау, теріс процестер мен құбылыстар салдарларының алдын алу және жою мақсаттарында жүргізіледі.
14. Жануарлар дүниесі мониторингінің деректері жануарлар дүниесінің кадастрын жүргізу үшін пайдаланылады.
Жануарлар дүниесінің мониторингін жүргізу тәртібі мен нысандарын қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органмен келісім бойынша тиісі уәкілетті органдар анықтайды.
15. Жануарлар дүниесі мониторингінің нәтижелері белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің біыңғай жүйесіне енгізу үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органға тегін беріледі.

ҚЫЗЫЛ КІТАПҚА ЕНГЕН ҚҰСТАРДЫ ДА ҚЫРЫП ЖАТЫР
Мемлекеттік тұрғыда заңдастырылып, ірі бизнес құрылымдарына аң шаруашылығы мен туризмді ұйымдастырумен айналысуға, осы бағыттағы тағы басқа да жұмыстарды жүргізуге “жол” ашқан нормативтік-құқықтық актілер бір жағынан еліміздің табиғат байлықтарын қорғауда кемшілікке бой алдыруда. Заң шығарушылар нормативтік-құқықтық актілерді қолдағанда, табиғат байлығына жамандық ойламағаны анық. Керісінше, материалдық және техникалық мүмкіндіктері мол, қаржысы да жетіп-артылатын корпорация мен компаниялар, кәсіпорындар бірінші кезекте дамыған туристік инфрақұрылым жасау арқылы қоршаған ортаның қорғалуына, табиғат байлығының сақталуына, көбеюіне және тиімді түрде пайдаланылуына мүмкіндік жасап, сол арқылы туризмді, оның ішінде шетелдік туризмді дамытуға жағдай туғызуды көздегені белгілі. Алайда, әзірге бұл керісінше болып тұр.
Орман шаруашылығындағы тәжірибелі мамандар ірі бизнес құрылымдарының табиғат байлығының өсіп-өнуіне және қорғалуына бір тиын қаржы салмастан ҚР Орман кодексінің заңдық талаптарын аяққа таптап, аңшылық тәртіпті бұзып, заңсыз аң, балық аулап, тіптен “Қызыл кітапқа” енген жануарлар мен құстарға да “күн көрсетпеуге” айналғанын жасырмағанмен қолдарынан еш дәрмен келмейтінін айтып, қынжылады. Осыған байланысты Алматы облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасындағы жануарлар әлемін қорғау және балық шаруашылығы бөліміндегі мамандармен тілдесіп, мәселенің мән-жайын сұрағанда, қалыптасқан жағдай алаңдатарлық екені аңғарылды.
Қазіргі кезде еліміздегі аңшылық және орман шаруашылықтарындағы, табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу қызметтеріндегі қалыптасқан жағдай “Қойшы көп болса, қой арам өледінің” кері келгенін көрсетеді. Аймақтардағы бір кездегі табиғатқа қатысты құрылымдардың барлығына ортақ болған бірегей міндетті атқаруды ұйымдастыру мен бақылау бүгінде түрлі ведомстволарға жататын екі құрылымға жүктелген. Облыста негізгі міндеттері — орман мен оны мекендейтін жан-жануарларды қорғау болып табылатын қос басқарма жұмыс істейді. Олардың қызметтеріндегі өзгешелік – жүктелген міндеттерін орындаудың түрлерінде ғана. Аймақтық орман және аңшылық шаруашылығы басқармасы – Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы комитетінің құрылымдық бөлімі ретінде жергілікті жерлердегі бақылау және қадағалау міндеттерін ғана атқаратындықтан тікелей орман шаруашылығымен айналыспайды. Ал, облыстық табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармалары орманды қорғаумен, олардағы флора мен фаунаны көбейтумен шұғылдану арқылы орман қорғаушылық және тиімді пайдалану бағытындағы кешенді шараларды ғана жүзеге асырып, құзырлары одан арғыға жүрмейді. Ал, олардың негізгі міндеттерін толыққанды жүргізуге орман және аңшылық шаруашылығы аймақтық басқармаларына заңмен берілген құқықтар кедергі келтіреді.
Бір кездері бірегей болған ұйымды екіге бөлу арқылы олардың арасында төрт жылдан бері жалғасқан, бүгінде бір-біріне кейде жасырын, кейде ашық түрде кедергі келтіру арқылы ведомствоаралық қарама-қайшылықтар туындауға жол ашылғанына және соған сай әрекеттердің көрініс бергеніне куә болудамыз. Мұның соңы ортақ іске – табиғат байлығын сақтау мен көбейтуге керағар, қоршаған ортаға орны толмас шығындар әкелуде. Әсіресе, Үкіметтің 2003 жылдың желтоқсанындағы “Мемлекеттік орман қоры аумағындағы жануарлар әлемін пайдалану, оның ішінде аңшылық шаруашылықтардың мұқтаждықтарына пайдалану тәртіптерін бекіту туралы” қаулысынан кейін екі басқарманың арасындағы түсінбестік ортақ ұйымдардың бір-біріне деген қарым-қатынасындағы бақталастыққа жол ашқандай. Аталған қаулы жарыққа шығысымен осыны күткендей, аңшылық шаруашылықтар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Жабайы жануарларға бай орман қойнаулары коммерциялық және өндірістік құрылымдардың және қалталы жекелеген тұлғалардың “көз құртына” айналды.
Көп күттірмей-ақ, яғни 2004 жылдың 13 қаңтарында шыққан Үкіметтің кезекті қаулысына сәйкес, мемлекеттік орман қоры учаскелерінен орман қорларын ұзақ мерзімге пайдалануға беруге байланысты тендерлер ұйымдастырыла бастады. Тендерді ұйымдастыру міндеті орман және аңшылық шаруашылығының аймақтық басқармаларына жүктелді. Осылайша жаны ашымастықтың кесірінен, байқауларда “жеңіске” жеткендер бүгінде өздеріне қойылатын заң талаптарын елемейтін кездері кездеседі. Оның себебін де алыстан іздеудің қажеті жоқ. Мәселен, тек соңғы екі жылда облыс бойынша орман қорын пайдалануда өткізілген тендерлер кезінде 60 аңшылық шаруашылық жеңіске жеткен. Оларға ұзақ жылдар бойы пайдалануға берілген орман телімдеріндегі әрекеттерін көргенде: “Бізден кейін шөп шықпаса да болады”, – деген көзқарас пен пейілді аңғарасың. Арандарының ашылғаны соншалық, тиесілі телімдердегі қорғансыз аң мен құсты, балықты қырып, маңайындағыларға да ауыз сала бастаған. Бұл жергілікті атқарушы билік орындарының да алаңдаушылығын тудыруда. Мәселен, Балқаш ауданындағы “Аттика” ЖШС тікұшақтар мен ұшақтарды пайдаланып, аңшылық жасау үшін шет елдік туристерді шақырады. Өздеріне бекітілген өңірдегі аң мен құсты қорқытып, мекенінен бездіріп, туристер мен аңшыларды тікұшақ пен ұшаққа мінгізгеннен кейін Балқаш көлінің жағалауларын түгелдей шарлап, жазықсыз жабайы жануарлар мен құстарды атса, ауыл-аймақтың браконьерлері олардың қасында жіп есе алмай қалды. Туристердің еркінсігені сондай, тіптен жеке шаруашылықтардың аймағына да баса-көктеп кіріп, ауыл шаруашылығы дақылдарын таптап, алаңдаушылық туғызуда. Ал өздеріне тиесілі учаскені тікенек сым тартылған биік қоршаулармен қоршап алып, шлагбаумдар қою арқылы тірі жанды ішке енгізбейді. Меншіктеген аймаққа басқаны айтпағанда, Бақанас орман шаруашылығының қорықшылары мен жергілікті тәртіп сақшылары да кіре алмайтынын айтуға болады.
Өткен жылдары “Аттика” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кесірінен аса үлкен бірнеше өрт оқиғасы тіркелсе, олар өздері өршіткен өртті өшіруге атсалыспаған. Сондай-ақ, олар осы ауданда ондатр аулаумен шұғылданатын “Заготпушнина” ЖШС-нің орман шаруашылығы қызметкерлерін өздерінің учаскелеріне кіргізбей, мемлекеттік қорықтардағы ондатрларға да “тыныштық” бермеуде. Соның кесірінен аталған аймақтағы ондатрдың, басқа да аң-құстардың қатары азайып барады.
“Патриот”, “Динамо”, “Қазохота” аңшылық шаруашылықтары да табиғат байлығына атүсті қарап, келеңсіздіктерге жол беруде. Осыған байланысты Балқаш ауданының басшылығы алаңдаушылық туғызса, мұндай күйінішті Райымбек ауданы да басынан өткізуде. Әуесқой аңшылықпен айналысатын туристер жүрген, түнеген жерлерін бүлдірумен бірге, жабайы жануарларды атудың квотасын да сақтамайды. Ұйғыр ауданында орын алған жағдай да дәл осындай.
Шетелдіктердің біздің елдегі заңсыздық пен жауапсыздыққа үйренгені сондай, аңшылыққа рұқсат алмастан-ақ, облыстың орман-тоғайлары мен тауларын еркін шарлап жүр. Мәселен, осыдан біраз бұрын Лепсі орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесіне қарасты мемлекеттік орман қоры аймағында “Рекорд” ЖШС-нің заңсыз тіккен аңшылық лагері табылды. Онда Австрия, Германия, Словения мемлекеттерінің тоғыз бірдей “байшікештері” таутекеге тәуекелділік жасаған жерлерінде ұсталды. Олардың бірде-бірінде таутеке ату үшін берілетін рұқсат қағазы болмай шықты. Ал аңшылықты ұйымдастырған фирманың директоры аларын алып, табанын жалтыратып үлгерген.
Табиғат байлығы – баршаға ортақ. Ендеше, оған деген көзқарасты түбірімен өзгерту қажет.
Қазіргі кезде басқармаға қарасты орман қорының ауқымы 4341621 гектарды құраса, оның 14715 гектары қылқан жапырақты, 38254 гектары жапырақты, 1133992 гектары сексеуілді орман, тоғай. Міне осынау аса ауқымды алқаптағы байлықты қорғау, күтіп-баптау, көбейту жұмыстарын облыс бойынша 17 орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесі атқаруда. Өткен жылы басқармаға облыстық бюджеттен 664,0 млн. теңге қаражат қарастырылса, оның тікелей орман шаруашылығы саласына бөлінген 307,6 млн. теңгесі игеріліп, нәтижесінде ағымдағы жылы басқармаға бөлінген қаржы көлемі біршама артқанын айтуға болады.
Жалпы үстіміздегі жылы салаға бөлінген қаражаттың басты бөлігі орман шаруашылығына беріліп отыр. Орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелерінің материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға бөлінетін қаражат та жыл сайын көбеюде. Мәселен, 2005 жылы осы мақсаттарға 5,1 млн. қаржы бөлінсе, былтыр 6, 4 млн. теңгеге өртке қарсы қолданылатын құрал-саймандар, 49,8 млн. теңгеге 3 өрт сөндіргіш машина, күзет қызметіне 7 “УАЗ” автокөлігі, 10 “МТЗ” тракторы мен 14 мініс аттары алынды. Ал биылғы жылы 2 өрт сөндіргіш мәшине, 7 “МТЗ” тракторы, 19 “Нива” және 3 “УАЗ” автокөліктері мен радиостанса сатып алуға бюджеттен 67,2 млн. теңге қарастырылса, барлық мемлекеттік мекемелер автокөлікпен, байланыс құралдарымен және тағы басқа керек-жарақтармен, техникамен толықтай жабдықталды деуге болады.
Мемлекеттік тұрғыда қабылданған “Жасыл ел” бағдарламасына сай, бірқатар жұмыстар атқарылып, бүгінгі күнге 280 гектарға орман өсімдіктері: қылқан жапырақты, жапырақты ағаштардың көшеттері отырғызылса, 25 гектарға жеміс ағаштары егіліп, 171 гектар бойынша сиреген жерлерді толықтыру мақсатындағы агротехникалық жұмыстар жүзеге асырылды. Тұқым бақтардағы 7,05 гектарға түрлі ағаштардың тұқымдарын отырғызуды жоспарлап отырмыз. Мәселен, 2004 жылы Кеген орман шаруашылығы мен Қаскелең орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелеріндегі тұқым бақтарында суландыру жүйесі толығымен жаңартылып, осы бағыттағы қаржыландыру көлемі жыл сайын өсуде. Өткен жылы бұл бағытқа 6372,6 мың теңге, ал биыл 12023 мың теңге бөлінді. Көгалдандыру, орман қорын молайту шаралары алдағы уақытта да жарасымды жалғасын табуы мақсатында ізденіспен еңбек етудеміз.
Жетісу жасыл желекті аймақ дегенімізбен, орман қорын сақтау мен көбейту үшін оны күзету және қорғаудың маңыздылығы ерекше екенін айтқан жөн. Әсіресе, тілсіз жау – өрттен қорғауды қамтамасыз ету жолында үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастырып, нақты шараларды қолға алып, кеңестер өткізіп, қырағылық танытудамыз. Биылғы ауа райының құбылмалылығы, күннің аптап ыстығының жиілеуі осы бағыттағы жағдайды күрделендіре түскені анық. Сонымен бірге орманды алқаптарда демалуға құмарлар мен қорғалатын аймақтар маңында мал өсіретін шаруашылықтардың, аңшылар мен балықшылардың қоршаған ортаны қорғауға жете көңіл бөлмеуі, табиғатқа жанашырлық танытпауы да жыл сайын орманды алқаптардың жалын құшағына орануына жол ашатыны белгілі жәйт.
Әзірге адамдардың барлығы бірдей қоршаған ортаның қадірін жете сезінді, табиғатқа деген оң көзқарастары орнықты деп айта алмаймын.
Өлкеміздің бағасын: “Жер жаннаты Жетісу”, – деп ата-бабаларымыз бағзы заманда-ақ беріп кеткен ғой. Облыс аумағында табиғат белдеулерінің барлығы кездеседі. Қар басқан шыңдар, шалғыны белуардан, жанға жайлы жайлау, орман-тоғайлы алқап пен өзен-көлді аймақтар, шөл мен шөлейтті өңірлер, несін айтасыз, табиғат тамашасын Жетісудан табатыныңыз анық. Осынау климаттық сан алуандық арқасында мұнда жан-жануарлар дүниесі де аса бай. Облыс аумағында әлемде теңдесі жоқ, сирек кездесетін құстар мен аңдар және тағы басқа да жан-жануарлар кездеседі. Өлкемізде тек омыртқалы жануарлардың 300-ден астам түрі мекендейді. Олардың ішіндегі аулауға жататындары 30-ға жетеқабыл. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының “Қызыл кітабына” енгізілген аң мен құстардың көптеген түрі де Жетісудың орман-тоғайлы, таулы-сулы, шөлді және шөлейтті өңірлерінде жортып немесе аспанында қалықтап, сәніне сән, берекесіне береке қосуда.


Скачать


zharar.kz