Мұхаметжан Тынышбаев

Скачать

Мұхаметжан Тынышбаев (1879-1937) — қазақтың көрнекті саяси және қоғам қайраткері, алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, Алаш Орда үкіметінің мүшесі және оның төрағасының орынбасары, тарихшы-ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол қатынастарының инженері.
1879 жылы мамырдың 12 бұрынғы Жетісу облысы, Лепсі уезі, Мақаншы-Садыр болысында (қазіргі Қабанбай ауданы) дүниеге келген.
1889-1900 жылдары Верный ерлер гимназиясында оқып, оны үздік бітіріп шығады. Жыл сайын кластан класқа І-ші дәрежелі марапатпен көшіп, үздік үлгірім, өнегелі тәртібімен ұстаздарының ықыласына бөленеді. Гимназияны бітіргенде педагогикалық кеңестің шешімімен ол ғылымда, әсіресе, математикада үздік жетістікке жеткені үшін Алтын медальмен марапатталады.
Жиырма жасар Мұхаметжанның Жетісу әскери губернаторының кеңсесіне тілмаш болып орналасуына жол ашады. Бірақ оқуға ынталы жас жоғары білім алуға ұмтылып, император Александр І атындағы Петербург теміржол транспорты институтына түсуге тілек білдіреді. Бұл жолы да тағдыр оған күле қарайды. Өзінің мұғалімі, гимназия директоры М.В.Вахрушевтің көмегімен қазынадан 360 сом жылдық стипендия алып, Петербургке аттанады.
1900-1906 жылдары Санкт-Петербургтегі І Александр атындағы жол қатынасы инженерлерін даярлайтын институтта оқып, мұнда да ол ерен қабілетімен ұстаздарын таңқалдырып, институтты үздік бағамен бітіреді.
Институттың соңғы курсында жүргенде 1905 жылғы төңкеріске қатысады. Сол жылы өткен автономистерінің съезіне қатысып, онда «Қазақтар және қоғамдық қозғалыс» деген тақырыпта баяндама жасайды, өз халқының мұңын жеткізіп, Министрлер комитеті атына өтініш жолдайды. Онда қазақтарды басқарудың басты принциптерінің қазақтардың мүддесімен сай келмейтіндігін ғылыми тұрғыдан негіздеуге күш салады және басқарудың әскери жүйесінен азаматтық жүйеге көшуді талап етеді. Жас саясатшының бұл талабының атақты «Қарқаралы петициясы» талабымен үндесіп жатуы — халқым деген қазақ азаматтарының әр жерде жүріп, бір мақсатқа қызмет еткенін айқын көрсетеді.
Институт қабырғасында оқып жүрген кезде-ақ ол туған халқының, мұңын мұңдап, жоғын жоқтап баспасөзде уытты мақалалар жариялайды және әр түрлі жиындарда сөз сөйлейді. Осындай бір жиында 1905 жылы 19 қарашада өткен автономшылар одағының 1 съезінде ол баяндама жасайды. Онда ол былай өткір сөйлейпті:
Қазақтардың жер мәселесі — сөзсіз аса маңызды… Үкіметтің нені көздеп отырғаны түсінікті: біріншіден, … қазақтарды дербес ұлт ретінде жою және бүкіл өлкені орыстандыру; екіншіден, қазақтарды … қауқарсыз тобырға айналдыру; үшіншіден, …ежелгі атақонысынан айыру… қандай қанқұйлы, зымиян мақсат?!
Жалпы М.Тынышбаев 1905-1907 жылдары Ресей империясының қоғамдық саяси өміріне белсене араласа бастайды. 1907 жылы Ресей ІІ-ші Мемлекеттік Думасына Жетісу облысынан депутат болып сайланады. Қазақ депутаттарының Дума трибунасынан Столыпиннің аграрлық саясатын сынаған үндері естіледі, әсіресе Бақытжан Қаратаевтың жасаған баяндамасы үлкен шу тудырды. Мұның аяғы 1907 жылдың 3 маусымдағы заң бойынша «еркіндікшіл» Дума таратылып, қазақтардың Мемлекеттік Думаға өз өкілдерін сайлау құқығынан айырылуымен тынады.
ЖОО бітірген соң Орта Азия өңірі мен Жетісу теміржол құрылысында инженер болып қызмет істейді.
1916 жылғы көтеріліс туралы Түркістан генерал-губернаторына берген түсініктеме нұсқасында оны кеңінен толғап, отаршылдық зорлық-зомбылық қимыл-әрекеттеріне қысқаша шолу жасауы — тобықтай түйіндеп айтылған зор ғылыми еңбек болып табылады. Ақпан төңкерісіне дейін Мұхаметжан өзінің темір жол инженері мамандығы бойынша Орта Азияда, Жетісу облысында біраз жыл қызмет етеді.
1917 жылғы Ақпан төңкерісінен өзге қазақ зиялылары сияқты ол да үлкен үміт күткен еді. Сондықтан да ол бұл кезде бел шеше қызмет етіп, қоғамдық-саяси қайраткер ретінде тез танылады. Сол жылы көктемде Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі, сонымен қатар осы үкіметтің Жетісу облысындағы комиссары болып тағайындалады.
1917 жылы қазан айында Том қаласында өткен Жалпы Сібірлік съезге өзге алаш қайраткерлерімен бірге қатысып, Сібір кеңесінің құрамына енгізіледі. Сол жылғы желтоқсанда өткен Жалпықазақтық съезде Алашорда үкіметінің мүшелігіне сайланып, кейін Алашорда үкіметінің төрағасының орынбасары ретінде көптеген заң актілеріне қол қояды.
Алаштың арысы Әлихан Бөкейхановтың төңірегіне топтасқан ұлттық-демократиялық интеллигенция өкілдерімен бірге М. Тынышбаев та жалпыұлттық «Алаш» партиясын құруға тікелей араласады.
1917 жылы шілдеде өткен Жалпы қазақтық съезде Жетісу облысынан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа ұсынылады.
1917 жылғы желтоқсан айында жарияланған Алаш автономиясы үкіметінің он бес мүшесінің бірі болады, «Алаш автономиясы аумағындағы уақытша жер пайдалану туралы Ереженің» жобасын қабылдауға қатысады.
1918 жылы бүкілтүркістандық ІV-ші мұсылмандар съезіне қатысып, онда жарияланған Түркістан («Қоқан») автономиясының премьер-министрі болып сайланады.
Түркістан автономиясын Кеңес өкіметі күшпен талқандағаннан кейін М. Тынышбаев Алашорда қайраткерлерімен бірге сол кезде бірінен соң бірі құрылып жатқан көптеген әр түрлі үкіметтермен (Уақытша Сібір үкіметі, Уфа директориясы, Колчак үкіметтері сияқты) келіссөздер жүргізіп, хат-хабар жазысады, азамат соғысы жылдарында қызылдарға қарсы күреседі. Бірақ одан күткендей нәтиже болмайтынын көргеннен соң 1920 жылдан бастап, Кеңес өкіметінің жағына шығып, «буржуазиялық маман» ретінде Ташкентте, Қызылордада, Алматыда әр деңгейдегі шаруашылық мекемелерінде еңбек етеді.
1925-1926 жылдары жаңа астана Қызылорда қаласын көріктендіру жүйесінің бас инженері болып тұрғанда қаланы сумен қамтамасыз ету жолын және көптеген жаңа объектілер салу туралы ұсынады.
1926 жылдан бастап Тұрар Рысқұловтың қолдауымен Түркістан-Сібір жолын салуға қатысады.
Сталиндік зобалаңда ол 1930 жылы 3 тамызда тұтқындалып, бес жылға сотталып Воронежге жбес жылға жер аударылады.
Онда ауырып, оралғанымен 1937 жылы қараша айында қайта тұтқындалады да, 1938 жылы Ташкент түрмесінде атылады


Скачать


zharar.kz