Қазақстан тарихы пәнінің дамуындағы кемшіліктер

Скачать

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін мектепке арналған тұңғыш бағдарлама "Тарихтың үлгі бағдарламалары" деген атпен 1920 жылы жарыққа шықты . Оларда жаңа қалыптасып келе жатқан кеңестік идеологияның талаптарын ескере отырып, халық бұқарасының қызметін, қоғам дамуындағы экономиканың рөлін, жұмысшы табының бостандық жолындағы күресін, Қазан төңкерісінің халықаралық маңызын оқытып, үйретуге баса назар аударылды. Бірақ та көп ұзамай тарих пәні дербес пән болудан қалды.
20-жылдардың бас кезінде мектептің оқу жоспарына "Қоғам тану" пәні енгізілді. Осы пән бойынша 1921 жылы шыққан алғашқы және 1923 жылғы "ГУС-тың бағдарламаларының" жетістік жақтары да, кемшіліктері де болды. Оларда тарихтағы халық бұқарасының роліне, тап күресі мәселелеріне, елдің ішкі және сыртқы жағдайына көбірек орын берілуі сол кездегі талап тұрғысынан әрине дұрыс та. Ал, азаматтық тарихқа мүлде көңіл бөлінбеуі, нақты тарихи оқиғалар мен тарихи қайраткерлер қызметінің оқытылмауы үлкен кемшілік еді. Тарихты оқытуда орын ала бастаған социологизм мен абстрактылық тенденция он жылдан астам уақыт үстемдік алып, жастарды тарих пәні арқылы оқытып, тәрбиелеу міндеттерінің толық жүзеге асуына кедергі келтірді. 20-жылдардағы Қазақстан мектептерінің тарихы мен олардағы оқу-тәрбие жұмысына арналған еңбектерде тарих пәнін оқыту мәселелеріне аздап болса да назар аударылған. Қазақ АКСР Халық ағарту Комиссариатының 1922 жылы бекіткен жеті жылдық қазақ мектебінің үлгі оқу жоспарына 14 пән енгізіліп, олардың апталық, жылдық сағаттары көрсетілген. Солардың ішінде "Отантану және география" (3-7-сыныптар), "Қоғамтану, саяси сауат" деген пәндер бар . Бірақ та бұл пәндердің бағдарламалары, оқулықтары, олардың құрылымы мен мазмұны, оқытылуы туралы мәлімет жоқ./1/
Әңгіме болып отырған он жылдан астам уақытта "Қоғамтану" пәнін орыс тілінде оқытатын мектептер Мәскеуден шыққан бағдарламалар мен нұсқаулар бойынша, ал қазақ, басқа да ұлт мектептері негізінен Қазақ АКСР Халық ағарту Комиссариатының нұсқаулары бойынша жүргізді. 20-жылдары бірінші басқыш мектептер көбірек, ал екінші басқыштар (жеті жылдық) азырақ еді, олар енді ғана қалыптасып жатқан болатын. Мұның өзі тарих пәнінің сапасыз оқытылуына соқтырды. Өйткені тарихи білімдерді көбірек қамтыған дүние жүзі тарихының материалдары 5—7-сыныптарда оқытылды. КСРО халықтары тарихының жеке элементтері соның құрамында үзік-үзік өтілді. Кеңес мемлекеті өмір сүрген алғашқы он бес жылда КСРО халықтары тарихының жүйелі курсының оқытылмауы кеңес мектебінде тарихтан білім беруде орын алған үлкен кемшілік болды/2/
Жоғарыда аталған бағдарламаларда да, олар бойынша жарияланған оқу құралдарында да, оқыту мәселелеріне арналған орталықтан шыққан кітапшалар мен ғылыми-әдістемелік мақалаларда да республикаларға аты берілген халықтар тарихын оқыту мәселелері көтерілген емес. Осы жылдардағы кеңес мектептеріндегі тарих пәнінің оқытылу жайын баяндайтын ғылыми-әдістемелік еңбектердің бір де бірінде бұл мәселе қарастырылмайды
Қазан төңкерісінен кейін кеңес елінде қоғамдық құрылыстың барлық саласында, соның бірі халық ағарту саласында да түбірлі өзгерістер жасала бастады. Белгілі ғалымдар мен ағартушылар, қоғам қайраткерлері осы саланың келешегі туралы, жастарды қай бағытта тәрбиелеу, оларға нені оқытып үйрету туралы ойларын ортаға салды.
Қазақстанда тарих пәнін мектепте оқытуға қатысты пікірлерді алғаш айтқандардың бірі Ж. Аймауытов болды. 1918 жылы Семей қаласында шыққан әдеби-ғылыми, қоғамдық "Абай" журналының 1 2-сандарында оның "Тәрбие" атты көлемді мақаласы жарияланады. Мұнда автор баланы тәрбиелеуде өз елінің әдет-ғұрпын, салт-санасын үйретудің, қоршаған ортамен таныстырудың маңызына назар аударады.
Ал, 1924 жылы Орынборда жарияланған "Тәрбие жетекшісі" деген еңбегінде тарих пәнінің маңызын ерекше көрсете келіп, оны қай кластан бастап оқыту керек деген мәселеге тоқталады. "Тарихты оқыту-- бала әр тараулы білім алып, әзірленіп, жазуға, оқуға әбден төселген соң, тарихи жеңіл әңгімелерді ұғынып, айтып берерлік дәрежеге жеткен кезде, төңіректегі тұрмыс пен жағырафиядан едәуір білім алғаннан кейін басталсын — дейді. Ал, қандай тарихты оқыту керек деген сұраққа: "Дүние жүзі тарихы, не СССР тарихынан бұрын алдымен балаларды күнделікті өмірдің тұрмыс-салтымен, тіршілігімен байланыстыратын өз жұртының тарихын оқытудан бастаған жөн. Басқа жұрттың тарихынан жергілікті тарихқа керекті, һәм қазіргі заманға қатысы бар жерлерін ғана алу керек — деп тұжырымдайды.
4-класта әдебиетті, тарихты, жағырафияны біріктіріп (интеграциялап) "Біздің Отан" деген атпен оқыту қажет деген ұсыныс жасайды. Арада жетпіс жылдан астам уақыт өтседе Ж. Аймауытовтың осы айтқандарының бәрінің де дұрыстығын өмір тәжірибесі дәлелдеп отыр. Оның ұсынған идеяларын кеңес дәуірінде Қазақстан мектептерінде толық жүзеге асыруға жол берілмеді. Ал, қазіргі уақытта оның жасаған қорытындыларын, есіресе 4-класта өз жұртының тарихын оқу, "Біздің Отан" деген интеграциялық курс туралы айтқандарының дұрыстығын өмір көрсетгі./3/
Кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдарда тарихты оқыту, соған қоса өз ұлтының тарихын мектептерде оқыту туралы пікір айтқан ағартушылар, ғалымдар болған болса, кейінірек, әсіресе 20-жылдардың екінші жартысынан бастап мұндай пікір айтушылар мүлде байқалмады. Мұның үлкен саяси-тарихи себебі бар еді. 20-жылдардың екінші жартысынан бастап бүкіл елде, Қазақстанда да саяси қуғын-сүргін басталды.
30-жылдардың басында мектептің оқу жоспарларындағы тарих пәнінің рөлі, оның бағдарламалары мен оқулықтарын, оқыту әдістемесін жасау жөнінде үлкен пікір таласы болды. Көп ұзамай мектепте тарихты оқытуда түбірлі өзгеріс жасаған, оны осы мемлекет пен коммунистік идеологияға қызмет ету талаптарына сәйкестендірілді./4/
1936 жылы 3—4-сыныптарға арналған "КСРО тарихының қысқаша курсы" жарыққа шықты, ол 1939 жылы қазақ тіліне аударылып басылып, қазақ мектептерінде пайдаланыла бастады. Кеңес елінде жарық көрген тарих оқулықтары ішінде бүл қазақ тарихынан аздап болса да материал енгізген тұңғыш оқулық болатын. Оқулықта 67 тақырыпша-сабақ бар. 32-тақырыпша "II Екатеринаның жаңа жерлерді жаулап алуы" деп аталады. Осындағы "Қазақстан және Қиыр солтүстікте жүргізілген жаулап алушылықтар" деген әңгімеде Қазақстан туралы бір бет материал берілген. Онда XVIII ғасырда қазақтардың мал баққаны, үш жүз деп аталатын мемлекеті болғаны, оларды хандар мен сұлтандар билегені айтылады. "Ілгеріде қазақ елін монғолдар жаулап алған еді. Олар қазақтарды 200 жылдай езіп келді. 1731 жылы Әбілқайыр ханның сұрауы бойынша кіші жүз Ресейге қосылды. Қалған жағын және бүкіл Орта Азияны Ресей жаулап алды. Қамалдар салды, орыс әскерін ұстады, қазақ жерлерін талау саясатын жүргізді. Оған қарсы қазақ халқы бірнеше рет көтеріліс жасады..." дей келіп, 1783 жылғы С. Датов бастаған көтеріліс туралы қысқаша тоқталады . Оқулық кейін бірнеше рет орыс тілінде де, қазақ тілінде де қайта басылған, бірақ та Қазақстан тарихына қатысты материал өзгеріссіз қалған.
Сол кездегі тарих ғылымының даму дәрежесіне байланысты берілген тарихи материалда жаңсақтық бар еді. Мәселен, "мал баққан" жоқ, мал шаруашылығымен айналысты, "үш жүз деген мемлекет" емес, Қазақ хандығы деген мемлекет болды. Ал, кейбір маңызды тарихи фактілер мен құбылыстар тарихи шындық тұрғысынан бағаланған. Оларға: Қазақстанның көп жерін және бүкіл Орта Азияны патшалы Ресейдің жаулап алғаны, оларды айналдыра қамалдар салып, әскер ұстағаны, патшалы Ресейдің отаршылдық саясат жүргізгені, соған қарсы қазақ халқы мың бірнеше рет көтеріліске шыққаны туралы материалдар жатады. 30-жылдары жарық керген КСРО тарихының осы алғашқы оқулығында одақтас республикалар тарихына байланысты материалдар, әсіресе Орта Азия мен Қазақстан халықтарына қатыстылар мүлде аз болды. Кейбір ұлт республикаларында өз халқының тарихын мектепте оқытуға талпыныс байқалды, соның бірі Қазақ АКСР-і еді

1.2.1934 жылы қабылданған Қазақ КСР тарихының программасы және Асфендияровтың «Қазақстан тарихының очерктері» атты еңбегі.

Қазақстан Халық ағарту Халық Комиссариатының алқасы 1934 жылы орта мектептің жетінші оқу жылы үшін Қазақ ССР тарихының программасын бекітті, ол 1934 жылы шыққан программалар құрамында жарық көрді .
Бағдарламаның кіріспесінде автор Қазақ тарихының дүние жүзі тарихы сабақтарына қосымша өтілетінін, оны оқытуға 24 сағаттай уақыт бөлінетінін ескертеді.
Бағдарлама Қазақ тарихын ерте дәуірден бастап 30-жылдарға дейін қамтиды. Ол кіріспеден және үш дәуірден түрады.
Автор кіріспеде кеңес өкіметі жылдарында Қазақстанда көп өзгерістердің болғандығын айта келіп, артта қалған ұлттардың капитализмге соқпай, социализмге өту жөніндегі лениндік ілімді қазақ халқы тарихының айқын көрсететінін, сондықтан да оны жастарға оқытып үйретудің маңызды екеніне назар аударады.
Бірінші дәуір — "Қазақ халқының капиталистік деуірінен бұрынғы даму тарихы (XVIII ғасыр)" - деп аталады. Мүнда біздің эрамыздан бұрынғы дәуірден бастап, XVIII ғасырға дейінгі аралық қамтылған. Бұл ұзақ уақыт тарихы бес тақырыпқа бөлініп берілген.
"Қазақстан патша өкіметінің отары болғандығы және Қазақстаңда Октябрь төңкерісінің тууына себеп-жағдайы (XVIII—XIX ғғ.)" — деп аталатын екінші дәуір төрт тақырыпты қамтиды.
Үшінші дәуірге, — дейді автор, — Маркстың белгілі қисын сөзімен байланыстырып алғанда шынында қазақ еңбекшілерінің тарихының басы болады - деп атап көрсете келіп, ... бұл бөлім былайша жіктелуі керек" — дейді.
1. Қазақстандағы Ақпан төңкерісі.
2. Қазан төңкерісі.
3. Қазақстан Кеңес өкіметінің бірінші дәуірі.
4. Орта Азия республикаларының ұлт аудандасуы және Қазақстан ұлт мемлекеті болып құрылуы.
5. Қазақстан социалды қайта құру жолында.
6. Қазақстанның Кеңес Одағы республикаларының қата-
рындағы орны.
Бағдарлама Кеңес мемлекеті тарихындағы саяси жағынан өте күрделі кезеңдегі коммунистік идеологияның талабына сәйкес жазылған, басқаша жазу мүмкін емес, онда бұл еңбектің жарыққа шықпайтыны белгілі. Соған қарамастан Қазақ тарихының бірқатар маңызды оқиғаларына объективті баға берілген. Мәселен, Ресей империясы Қазақстанды жаулап алды, отарына айналдырды деп көрсеткен, ал Кенесары бастаған көтерілісті ұлт-азаттық қозғалыстар қатарына қосқан, соңдықтан да бұл бағдарламаны қазіргі таңда терең талдап, баға берудің реті жоқ.
Ең бастысы Сталиндік әкімшілдік-әміршілдік жүйенің қылышынан қан тамып тұрғанда өз ұлтының тарихын барлық мектепте оқыту қажет деп ұсыныс жасаудың, оны жүзеге асыруға айтарлықтай үлес қосудың өзі үлкен парасаттылық пен білімділікті, ұлтжандылық пен батылдықты қажет етеді.
Бағдарламаға жазылған алғы сөзде бұл курс осыған негізделіп жазылған проф. С. Аспандияровтың оқу құралы бойынша оқытылады делінген. "Қазақстан" баспасынан 1934 жылы шығатын оқулықтар тізіміне 6—7 кластарға арналған Қазақ тарихы да ендірілген. Онда авторы проф. С. Аспандияров, кітап жақында баспадан шығады деп белгі соғылған. Көп ұзамай оқулық баспадан шыққан .
Бірақ 30-жылдары бұл маңызды іс бағдарлама мен оқулық шығарудан әрі аспады, курс мектептерде оқытылмады./5/
С. Аспандияровтың "Қазақстан тарихының очерктері" үш тараудан тұрады.
I тарау: "Қазақстан тарихының ескі дәуірі. Орталық және Орта Азияның тарихы";
II тарау: "1. Қазақ хандығының шығу тарихы"; "2. Патша өкіметінің Қазақстанды жаулап бағындыруы, оған қарсы бұқаралық қозғалыстар";
III тарау: "Қазақстан патша өкіметінің отары" — деп аталады.
Соңғы тарау үш тақырыпқа бөлінген.
Олар: Патша өкіметінің жер саясаты..., 1905 жылғы революция, оның Қазақстанға еткен әсері және 1914 жыл. Қазақ-тың халық еңбекшілерінің патша өкіметіне қарсы көтерілісі...
Оқулықтың мазмұнын осылайша қысқаша шолып өткенде-ақ автордың Қазақстан тарихының бірқатар елеулі мәселелерін объективті тұрғыда қарастырғанын байқау қиын емес.
Жоғарыда аталып өткен "КСРО тарихының қысқаша курсы" тарих оқулықтарына жарияланған бәйгеде бірінші сыйлық алды. Шын мәнінде ол сол атаққа лайықты оқулық болды. Оқулық тілі оқуға жеңіл, әрі тартымды. Осы оқулықты жазған авторлар тобының . жетекшісі проф. А. В. Шестаковтың басшылығымен дайындалған "В помощь изучающим историю СССР" деген көлемді жинақтың I бөлімі КСРО халықтары тарихының ежелгі заманнан XVIII ғасырдың соңына дейінгі кезеңіндегі кейбір маңызды мәселелерді қамтиды. Кітапта Қазақстан мен Орта Азия халықтарының тарихына қатысты: Түрік қағанаты; ғүндар; дәшті қыпшақтар; Монғол жаула-ушылығы; Алтын Орда, оның ыдырауы; XVI—XVII ғасырлардағы Қазақ ордалары; XVIII ғасырдағы Қазақстан; қазақтар көтерілісі -деген материалдар бар./6/
Осы құралдың екінші бөлімі, яғни XIX ғасырдың басынан бастап, XX ғасырдың 40-жылдарына дейінгі аралықты қамтитын кітап жарыққа шықпай қалды. Ал бірінші кітап қазақ тіліне аударылмады. Дегенмен, алғашқы кітаптың жарыққа шығуы Қазақстан мектептеріндегі тарихшы мүғалімдерге Қазақстан тарихы материалдарын оқытуда көмек болғаны анық.
40-жылдардың орта кезінде редакциясына А. М. Панкратованың басшылық етуімен жарыққа шыққан 8-10-сыныптарға арналған КСРО тарихының үш оқулығының, олардың қазақ тіліне аударылып, республиканың барлық мектептерінде оқытылуының мектептерде тарихтан білім беруді жақсартуға айтарлықтай пайдасы тиді. Осы үш кітапқа Қазақстан тарихынан оншақты материал енген. Олар: Қазақ хандығының құрылуы; қазақтар; XIV— XVI ғғ. Орта Азия (I бөлімде); оқулықтың II бөлімінде: Орта Азия; XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақтар; Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев; III бөлімде: 1916 жылғы көтеріліс, Амангелді Иманов; Орта Азия мен Қазақстанды азат ету. Бұл материалдардың көлемінің шағындығы сондай көбі кітаптың жарты бетіндей ғана, барлығын қосқанда 7—8 беттей ғана болатын. Бір оқулыққа КСРО-ның барлық халықтары тарихынан мұнан көп материал қос деу де артық болар еді. Осыған қарамастан аталған оқулықтарда Қазақстан тарихынан материалдың болуы бүкіл елдегі мектеп оқушыларын азын-аулақ болса да Қазақстан тарихымен таныстырса, екінші жағынан шығармашылықпен жүмыс істейтін тарихшы мүғалімдердің өз мүмкіндіктеріне қарай бағдарламалық материалды кеңейтіп өтуіне жағдай жасады.
Тарих пәнін оқытуда болып жатқан жаңалықтар, осы пәнді оқытуды жетілдіру туралы орталық баспалардан жарық көрген белгілі әдіскер ғалымдардың ғылыми-әдістемелік еңбектері Қазақстан мекгептерінде тарихты оқытуды жақсарта түсуге, бұл пән әдістемесінің жетіле түсуіне септігін тигізді, алғашқы бағдарламалар, әдістемелік кітапшалар (С. Аспандияров, "Қазақ тарихы програмы", 1934; С. Бақшилов. "Тарих сабағын оқытудағы кейбір мәселелер", 1941, т.б.) шыға бастады./7/
40-50-жылдары кеңес елінде, Қазақстан мектептерінде тарихты оқытуда болған өзгерістерге: соғыс жылдарында КСРО тарихының кеңес дәуірін оқытуға, әскери-патриоттық, интернационалдық тәр-биеге, еліміз халықтарының бостандық, тәуелсіздік үшін жүргізген күресіне, осы жолда халықтар арасында қалыптасқан ынтымақтастық пен достықты көрсетуге ерекше мән берілгендік жатады. Осы жылдары Алматыда, А. М. Панкратованың басқаруымен 1942 жылы шыққан "Ұлы Отан соғысы жылдарында тарихты оқыту" деген екі кітапша мектеп оқушыларын отаншылдыққа тәрбиелеуге үлес қосты.
Сонымен қатар 40-жылдардың аяқ кезіне дейін мектептерде тарихты оқытуда фактология үстемдік етіп, негізгі тарихи ұғымдарды ашып көрсетуге, оларды шәкірттер санасына берік қалыптастыруға жеткілікті көңіл бөлінбеген. Тарихты оқытуда орын алған осындай елеулі кемшіліктер мен формализм белгілі тарихшы-ғалымдардың, әдіскерлердің, мұғалімдердің еңбектерінде, "Преподавание истории в школе" журналындағы мақалаларда дер кезінде орынды көрсетілді (И. А. Гувковский, А. Н. Хмелев, Д. Н. Никифоров).


Скачать


zharar.kz