Мемлекеттің орталықтандырылған ақша қорын қалыптастырумен және пайдаланумен байланысты болып келетін бюджеттің жұмыс жасауы ерекше экономикалық нысандар- бюджеттің кірістері мен шығыстары арқылы болып отырады. Олар құндық бөліністің жеке көздерін білдіреді. Категориялардың екеуі де бюджеттің өзі сияқты объективті және олардың өзгеше қоғамдық арналымы болады: кірістер мемлекетті қажетті ақша қаражаттарымен қамиамассыз етеді, шығыстар орталықтандырылған ресурстарды жалпы мемлекеттік қажеттіліктерге сәйкес бөледі.
Кірістер мен шығыстардың құрамы мен құрылымы нақты әлеуметтік- экономикалық және тарихи жағдайларда жүзеге асырылатын мемлекеттік бюджет және салық саясатын жүргізудің бағыттарына байланысты болады. Бұл кезде мемлекет белгілі бір жағдайларда кірістерді қалыптастырудың және шығыстарды жұмсаудың қолайлы нысандары мен әдістерін пайдаланады.
Нарықтық қатынастарға көшкенге дейін КСРО- ның мемлекеттік бюджетінің кірістері мемлекеттік кәсіпорындардың ақша жинақтарына негізделіп келді. Ол бюджет кірістерінің жалпы соммасының 90% құрады және негізінен екі төлемнен- айналым салығы мен пайдадан алынатын төлемдерден тұрды. Бұл жүйе 1930 жылдан 1990 жылға дейін өмір сүрді. 1980 жылдары енгізілген өндірістік қорлар, еңбек ресурстары және басқалары үшін ақы түріндегі пайдадан алынатын нормативті төлемдер қолданылып жүрген төлемдер жүйесін өзгертпеді және жеке кәсіпорындар қызметінің жеке- дара нәтижелеріне бағытталып отырды.
Дағдыдағыдай, кірістердің көзі салықтар немесе оларға бара- бар төлемдер болып табылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджеті кірістерінің құрамы мен құрылымы салық төлемдерінің қолданыстағы жүйесімен және салыстырмалы тұрақсыз сипаттағы салықтық емес қаражаттардың түсімдерімен айқындалады.
Бюджет жүйесі туралы заңға сәйкес бюджеттің құрылымы мыналардан тұрады;
1) түсімдерден;
кірістерден;
алынған ресми трансферттерден (гранттардан):
бұрын бюджеттен берілген кредиттер бойынша негізгі борышты өтеуден;
2) шығыстардан және кредит беруден:
шығыстардан;
кредит беруден;
3) бюджет тапшылығынан (профицитінен);
4) бюджет тапшылығын ( профицитті пайдаланудан) қаржыландырудан;
Өз кезегінде кірістер;
Салықтық түсімдер;
Салыққа жатпайтын түсімдер:
Капиталмен жасалатын операциялардан алынатын кірістер болып бөлінеді.
Бюджеттік түсімдердің бұл үш категориясы алынған ресми трансферттер бөлігімен (және бір уақытта санатымен) яғни тауарларды немесе қызметтер көрсетуді сатып алуға, кредиттер беруге немесе өтелмеген борышты төлеуге байланысты емес тегін және қайтарылмайтын төлемдермен толықтырылады.
Бюджеттен берілген кредиттерді өтеу санаты бюджеттік кредиттер бойынша (қайтару негізінде берілген- бұрынғы жылдардағы несиелендіру) мемлекеттік шаруашылық жүргізуші субъектілер тарапынан ақшалай қаражаттардың түсуі болып табылады.
Бюджеттік шығыстар бөлігі функционалдық топтардың шығыстарын қаржыландыруға жұмсалады.
Мемлекеттік борышқа қызмет ету ету жөніндегі шығыстар « борышқа қызмет ету » функционалдық тобы бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің мемлекеттік мекемелерін- әкімдер аппаратын және кіші бағдарламалар- қарыздар бойынша сыйақылар төлеу және қарыздарды орналастырғаны үшін комиссиялық сыйақылар төлеу бойынша Қаржы министрлігін бөле отырып жүргізіледі.
Кейін бюджетке өтеу түрінде қайтаруға жататын, басқа экономикалық бірліктерді несиелендіруге арналған қаражаттар тиісті бөлікте- функционалдық топ болып табылатын несиелендіруде көрсетіледі.
Бюджет тапшылығы шығыстар мен бюджеттен қайтарымды негізде бөлінген кредиттер ауқымының бюджетке түсетін түсімдердің жалпы сомасынан асып түсуін қамтып көрсетеді. Бекітілген республикалық бюджет тапшылығының көлемі ұлттық валютамен және жалпы ішкі өнімге пайызбен, ал облыстық бюджеттер, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің тапшылығы ұлттық валютамен көрсетіледі.
Ал бюджет профициті- бұл бюджетке түсетін кірістер мен ресми трансферттер түсімдерінің және бұрын бюджеттен берілген кредиттер бойынша негізгі борышты өтеудің жалпы соммасының жалпы шығыстардың және қайтарымдық негізде бөлінетін кредиттердің ауқымынан асып түсуі. Бекітілген бюджет профицитінің көлемі де ұлттық валютамен немесе жалпы ішкі өнімге пайызбен есептеледі.
Мемлекеттік бюджеттің соңғы бөлігі- бюджет тапшылығын қаржыландыру ішкі және сыртқы мемлекеттік борышты өтеу жөніндегі шығыстарды қамтып көрсетеді.
Оның қос арналымы бар;
1) тапшылық болған жағдайда- ішкі көздерден (Ұлттық банктен, коммерциялық банктерден, бағалы қағаздар сатудан, есепке алу бойынша, шығыстарды жабуға бағытталатын жыл басындағы бюджет қаражаттарының қалдықтары) және сыртқы қарыздардан қаражаттар тарту;
2) профицит кезінде- жоспардан тыс түсімдерді, бірінші кезекте мемлекеттік міндеттемелерді өтеуге немесе немесе бірінші кезектегі бюджеттік бағдарламаларды қосымша қаржыландыруға пайдалану.
Кірістер мен шығыстардың егжей-тегжейлі тізбесі мен топтамасы бюджеттік сыныптамамен айқындалады. Қаржы Министрлігі бекіткен біріңғай бюджеттік сыныптама- функционалдық, ведомствалық және экономикалық сипаттамалар бойынша бюджетке түсетін түсімдер мен бюджеттен жұмсалатын шығыстардың топтастырылуын белгілейтін нормативтік құқықтық акт. Ол кірістердің
сыныптамасынан, шығыстардың функционалдық және экономикалық сыныптамаларынан тұрады. Біріңғай бюджеттік сыныптама бюджеттің мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік дамуының жоспарларымен, болжамдарымен және бағдарламаларымен, министрліктер мен ведомствалардың, ұйымдар мен мекемелердің қаржы жоспарларымен тығыз байланысын қамтамассыз етеді; жеке сметалар мен қаржы жоспарларын құрама сметалар мен жоспарларға біріктіруге мүмкіндік береді, құрама жоспарлар мен бюджеттің жазбаша тізбесі арасындағы үйлесуді қамтамассыз етеді.
1996 жылға дейінгі бюджеттік сыныптама мынадай бөліктерді қамтыды: бөлім, параграф, бап, тарау.Алайда ұзақ уақыт қолданылып келген сыныптама бюджет қаражаттарын жобалаудың, оған есеп жүргізудің және бақылаудың, сондай- ақ бюджет процесін жүзеге асырудың қазіргі заман талаптарына сай болудан қалды. Сондықтан 1996 жылдан бастап ол жаңа, халықаралық стандартқа сәйкес келетін сыныптамамен ауыстырылады.
Жаңа бюджеттік сыныптамаға сәйкес кірістер енді төрт бөлікке жіктелетін болды, олар; санат, сынып, ішкі сынып, ерекшелік. Мысалы; бюджеттің кірістері мына санаттарды қамтиды: салық түсімдері; салыққа жатпайтын түсімдер; капиталмен жасалатын операциялардан алынатын кірістер; алынған ресми трансферттер; бюджеттен берілген кредиттерді өтеу; жалпы қаржыландыру; бюджеттің қаражаттары қалдықтарының қозғалысы. Қалған бөліктер кірістерді кіріс көздерін неғұрлым тәптіштеу ретінде сипаттайды. Мысалы; салық түсімдеріндегі сынып- салықтобын, ішкісынып- салық түрін, ерекшелік- нақты салық төлеушіні немесе салық объектісін білдіреді.
Шығыстарда функционалдық , экономикалық және ведомстволық сыныптама қарастырылған. Функционалдық сыныптама қызмет түрлерінің , шаралардың және бюджет қатынастары қатысушыларының кең көлемді сипаттамасы болып табылады. Функционалдық сыныптамаға байланысты шығыстар бес бөлімге бөлінеді: функционалдық топ , ішкі функция, мемлекеттік мекеме – бағдарламалардың әкімшісі, бағдарлама, ішкі бағдарлама. Аталған деңгейлердің ұштастырылуы шығыстардың функционалдық сыныптамасының кодын құрайды.
Шығыстардың экономикалық сыныптамасы оларды экономикалық белгілері бойынша төрт бөлімге бөледі: санат, сынып, ішкі сынып, ерекшелік. Санат мыналарды қамтиды: ағымдағы шығыстар, күрделі шығыстар, кредит беру, қаржыландыру. Сынып ішкі сынып және ерекшелік шығыстардың арналымы мен сипатын нақтылай түседі, мысалы, ағымдағы шығыстарда : тауарлар мен қызметтер көрсетуге жұмсалатын шығыстар – жұмысшылар мен қызметшілердің жалақысы – жұмысшылар мен қызметшілердің негізгі жалақысы.
Бюджеттің атқарылуы кезінде екі сыныптаманың негізгі бөлімшелерін қамтитын тоғыспалы сыныптама түріндегі функционалдық және экономикалық сыныптамалардың ұштастырылуы пайдаланылады.
Ведомстволық сыныптама бойынша шығыстардың атқарылуы мен бюджеттік несиелендіру әкімшілер бойынша бюджет бағдарламаларын, мысалы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, Парламенттің шаруашылық басқармасы , Премьерминистрдің Кеңсесі, облыстар мен Астана және Алматы қалаларының әкімдері, министрліктер, комитеттер, агенттіктер, Қазақстан Республикасының басқа ведомстволары мен службалары бойынша топтастыруды білдіреді.
Бюджеттік сыныптама автоматтандыру құралдарын қолданатын басқарудың жоғары жеделдігіне жету үшін түсімдер мен шығындарды жан – жақты, айқын және арнаулы етіп жүйелеуге мүмкіндік береді.
Бюджеттік жоспарлау – мемлекеттің қаржы саясатының талаптарына бағындырылған қаржылық жоспарлаудың маңызды құрамды бөлігі. Мұндай жоспарлаудың экономикалық мәні елдің жалпы ұлттық әлеуметтік – экономикалық дамуы негізінде түрлі деңгейдегі бюджеттердің жасау мен олардың атқарылуы процесінде бюджет жүйесінің буындары арасында қоғамдық өнімнің құны мен ұлттық табысты бөлу және қайта бөлуде болып отыр. Бюджеттік жоспарлау барысында қаржы елдің дамуының мемлекеттік бағдарламасының экономикалық және сапалық көрсеткіштеріне және табиғи , материал, еңбек және қаржы ресурстарына белсенді ықпал жасайды.
Бюджеттік жоспарлаудың бірлігі мыналарға негізделген:
1) республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын бюджеттік бағдарламалардың тізбесін қалыптастыруға:
2) заңнамалық актілер мен кірістерді республикалық және жергілікті бюджеттер арасында бөлу нормативтерін, облыстық өкілді органдардың шешімдерімен- кірісті облыстық бюджет пен аудандар бюджеттерінің арасында бөлудің тұрақты нормативтерін белгілеуге, т. б.
Қазақстан Республикасының экономикасы басынан кешіріп отырған нарықтық қатнастарға көшу кезеңі оның бюджетінің мазмұнына, кірістері мен шығыстарына айтарлықтай ықпал етіп отыр. Бюджетке түсетін салықтар, олар арнайы қабылданған заңдарға сәйкес кәсіпорындардан тағада басқа ұйымдар мен мекемелерден бюджетке түсіп отырады.