Құлагердің бермесе екен тағдырын…
Автор: жас ақын Бек Ноғайбайұлы
Құлагердің бермесе екен тағдырын…
Өлкесінде ойнақтаған өлеңнің,
Құлаш керген, бастықпаған құлынмын.
Бөрі ұлыған қасқа түннің ішінде,
Дәрігердің құрығына іліндім.
Тағдыр неткен қатал еді аяусыз,
Кімдер мұнда тау тағысын түсінеді.
Аңқаны алған аңызақты сағынып,
Тұрам күнде терезеден кісінеп.
Күндер қайда кең далада көсілген,
Кімдер қойды тар бөлмеге шідерлеп.
Бәрі осылай іліксе егер бұғауға,
Еркіндіктің не екенін білер ме ед?
Алдыртпай да түлкіге де бөріге,
Жүргенімде қос айылды тең тартып.
Тұрғаным - ай қапастай бір бөлмеде,
Құлагердей бір қазықта жер тарпып.
Ауыздықпен жүрген едім алысып,
Шашағыма шаң жұқтырмай шапқанда.
Енді тұрмын емханада кісінеп,
Мұңымды айтып, арайланған ақ таңға.
Көп ұзамай босанармын шідерден,
Төгіп тұрса күнде осылай таң нұрын.
Көктұйғынның берсе берсін бәйгісін,
Құлагердің бермесе екен тағдырын.
Қарағанды облысы, Бұқаржырау ауданы
Үштөбе жалпы білім беретін тірек мектебі РО КММ
Жинақтаған: 9 сынып оқушысы Серікова Айгерім Серікқызы
Жетекшісі: Өзін өзі тану мұғалімі Жунусова Куралай Мухамедьяровна.