Киіз үй физикасы
Табиғаттағы тіршілік атаулының өсіп - өнуі, даму көзі – оның тамыры, адам баласының даму көзі – тілі, діні, салт - дәстүрі. Біз осы уақытқа шейін ғылым мен білімге тек еуропалықтардың көзімен қарап келгенімізге мән бере бермейміз. Әсіресе отаршылдық саясаттың арқасында: дінімізбен күресіп - дінсіз, тектілерімізбен күресіп - тексіз, ұлтжандыларымызбен күресіп - ұлтсыз, білімділерімізбен күресіп - білексіз, салт – дәстүрімізбен күресіп - санатсыз қала жаздаған елміз. Сондықтан ендігі жерде ғылымның қай саласында болса да осы кемшіліктеріміздің орнын толтыруға ат салысқан жөн.
Ғасырлар бойы қалыптасқан тілімізді, дінімізді, тәрбиемізді, ұлттық салт - дәстүрлер, үлгі - өнеге үйреніп, бойыма сіңіріп, күнделікті тіршілігіме пайдаланғым келеді.
Олай болса туған халқымыздың тарихи дамуы барысындағы, атам заманнан өмірмен бірге жасасып, біте қайнасып, өзінің айшықты бояуын солғындатпай, ұрпақтан - ұрпаққа мирас болып келе жатқан бай қазыналардың бірі - киіз үйдің физикасы жөнінде дүниетанымымен таныстырғым келеді. Киіз үй құрылысының физикасын тану арқылы халқымыздың данышпандығын таныту, даналықтың қыр - сырына үңілу, дәлелдеу осы жұмысымның шығармашылық мәселесі.
Физика пәні - табиғатты, табиғат құрылыстар мен заңдарын пайдалануды зерттейтін ғылым. Ғұламалар айтып кеткендей, осы киіз үйден қазақ халқының аспан әлеміне, есептеу жүйесіне, физикалық заңдылықтарына, табиғат заңдылықтарын біліп, олармен тұрмыс - тіршілікте санасу жолдарын білу, экономикалық біліктілігіне, мәдениет пен өнердегі талғамы - жалпы өмір тәжірибесіндегі іске бейімділігі аңғарылады. Арғы - бергі тарихымыз бен мәдениетімізді зерделей қарасақ киіз үйдің атқарған рөлі өте зор екеніне көз жеткіземіз. Біздің киіз үйіміз тек баспана ғана емес, ол сәулет, құрылыс, сурет, қолөнер сияқты бірнеше өнердің басын құрайтын ғажайып туынды десек те болады. Басқа елдердегідей емес, бұл ағаш, киіз, ши, әрі көшпелі (жылжымалы) құрылыс түріне жатады. Соңғы 7 – 8 ғасыр бойына киіз үйге өзгеріс енгізілмей, қазақтар үшін ең қолайлы баспана болып қалды. Киіз үй әлемге белгілі, яғни әлемдегі ең тез құрастырылып, тез жығылатын үй. Және де киіз үйіміз басқа халықтардың үйлерімен салыстырғанда бір де бір шеге пайдаланбай – ақ құрастырылатын үй деп танылады. Ол ауа райының қандай жағдайында да пайдалануға өте ынғайлы, ішіне жарық жақсы түседі, ауа алмасу талапқа сай, жел – дауылға шайқалмайды, берік, төбесі жадағай емес, күмбез болып келеді. Осының бәрінің себебін ғылыми жұмысымда қарастырайық және физика тұрғыдан түсіндірейік.
Киіз үй өлшемдері.
Киіз үй негізгі 3 бөліктен тұрады:
Үйдің сүйектері (ағаштан тұратын бөліктері)
Киіздері (ши де осыған кіреді)
Бау шылаулары (баулары мен басқұр арқандары) Киіз үй бөліктерін дайындағанда экологиялық таза, табиғи материалды қолданған, яғни ешқандай денсаулыққа зиян келтіретін синтетикалық қоспалары жоқ.