Қас маңғаз малға бөккен кісімсініп, Әске жоқ кеселді істен биттей қорықпақ

Скачать

Абай Құнанбаев

Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ,
Оларға жөн, арамның сөзін ұқпа.
Қас маңғаз малға бөккен кісімсініп,
Әске жоқ кеселді істен биттей қорықпақ.

Бір аршопке шапаны сондай шап-шақ.
Мүшесінен буынып, басады алшақ.
Қас алдына жымырып келтірем деп,
Ақ тымақтың құлағы салтақ-салтақ.

Жаздыкүні ақ бөркі бүктелмейді-ақ,
Қолында бір сабау бар о-дағы аппақ.
Керегеге сабауды шаншып қойып,
Бөркін іліп, қарайды жалтақ-жалтақ.

Қу шалбар қулығына болған айғақ,
Тізесін созғылайды қалталанса-ақ,
Ұстаудағы кісідей мезгілі бап,
Түні бойы шешініп бір т...ақ.

Тірі жанға құрбы боп, жап-жасыңда-ақ,
Қалжыңдамақ, қасынбақ, ыржаңдамақ.
Бет-аузын сөз сөйлерде жүз құбылтып,
Қас кермек, мойын бұрмақ, қаразданбақ.

Осындай сидаң жігіт елде мол-ақ,
Бәрі де шаруаға келеді олақ.
Сырын түзер біреу жоқ, сыртын түзеп,
Бар өнері – қу борбай, сымпыс шолақ.

Олардың жоқ ойында малын бақпақ,
Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ.
Жалғыз атын терлетіп, ел қыдырып.
Сәлемдеспей алыстан ыржаң қақпақ.


Скачать


zharar.kz