Тақырыбы: Ұстазым, өзіңменен мақтанамын (әдеби-сазды кеш)
Интерактивті тақтадан презентациялар көрсетіледі.
Жүргізушілер: Серғазы Ақбота, Қожбан Гүлжайна
Мұғалімдер, әз хандар!
Білім іздеп инемен құдық қазғандар!
Сан ұрпақты тәрбиелеп оқытқан,
Өмір деген үлкен жолда тарландар!
Бүгін міне білім кілті – Ұстазымыз,
Әніменен де жырына, тарландарым сал құлақ.
Кеше сәби, бүгін міне, жасұлан,
Лаулап жансын болашағың шамшырақ!
Ұстаздарым биік тұлға байсалды,
Құшақ жайып өз мерекең қарсы алды.
Қуанышты жарқын тілек білдіріп,
Құттықтаймыз ұстаздарым баршаңды!
Армысыздар ұстаздар мен оқушылар! Және бүгінгі мерекелік кешіміздің қонақтары! Бүгін мектебіміздегі 9 В сыныбының ашық тәрбие сағаты барысында өткізіліп отырған Ұстазым, өзіңменен мақтанамын атты мектебіміздің аяулы және ардагер ұстаздарымызбен мерекелік кездесу кешіне қош келіпсіздер!
Пауза шапалақ
Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы.
Мұғалім – бұл адамның ардақты аты,
Білімдік бар биікке шығар саты.
Ең алғаш басталады осы адамнан,
Сүйеді сондықтан да жақын, жаты, - деп ақын ағаларымыз жырлағандай, қазақтың көзінің қарақты болуы, ұрпақтарының талапты болуы үшін айналасына білім мен тәрбие, нұрын төгетін мектебіміздің бүкіл ұстаздар қауымын төл мерекелері Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Пауза шапалақ. Құттықтау. Ұстаздар жайында слайд көрсетіледі.
Өз уақытын аямаған, шәкіртінің әр ісін аялаған ұстаздарымызды ұлықтай отырып,
Жүресіз баршамызды сүйсіндіріп,
Даналықтан қазына жүрсіз жиып.
Ұстаздарды жетелеп ұлылыққа,
Тұғырында өмірдің тұрсыз биік.
Ажырамай ұжымнан бір елі Сіз,
Жақсылыққа жаралған жүрегіңіз.
Сөз берелік құрметпен өзіңізге,
Ұстаздарға арналсын тілегіңіз, - дей келе бүгінгі мерекелік кешімізді ашу үшін құттықтау сөз кезегін мектеп басшысы Утепбергенов Ерлан ағайға береміз.
Рахмет ағай. Сіздің құрметіңізге сыныбымыздың үздік оқушысы Әділхан Жазира Ұстазым өлеңін мәнерлеп жатқа оқиды. Қабыл алыңыз!
Тәрбиеге жан бар ма бас имейтін,
Бауырмал бол, адалдық сүй дейтін,
Үйретуден жалықпаған ұстазым,
Мерекеде шуақ төгіп жүргейсің!
Асыл қасиет жас жүрекке ектіңіз,
Шәкірт бойына білім нәрін септіңіз,
Мектептің абыройын биік ұстап,
Еліңізге адал қызмет еттіңіз! – дей келе мерекелік құттықтау сөз кезегін мектебіміздің тәрбие ісі меңгерушісі Қапаров Дауылбай ағайға береміз.
Рахмет ағай.
Бүгінгі жаңа ғасыр азаматы білімді де білікті жеке тұлға болып қалыптасуы тиіс. Әр шәкірттің қабілетіне, мүмкіндігі мен шығармашылық деңгейіне қарай білім беру – уақыт талабы, білікті де, білімді әр ұстаздың міндеті. Сыныбымыздағы ақынжанды оқушыларымыз өз шығармашылықтарын жылдан - жалға дамытуда. Кішкентай ақындарымыздың жүрегінен жарып шыққан шығармалары аудандық газеттерде, т. б. баспа беттерінен көрініп жүр. Бүгін сіздерге сыныбымыздың ақынжанды оқушылары ұстаздарына деген алғыстарын өз өлең жырларымен өрнектейді.
Ел жақсысын еске алу – ұлтымыздың ұлы істерінің бірі. Қазақ қашаннан ақыны мен ардагерін ардақтап, аялай білсе, жалпы адамзат баласы алдында ұстаз еңбегінің алар мәртебесі зор. Бүгінгідей мереке күні саналы ғұмырының тең жартысын табан аудармай жас ұрпаққа білім беріп, тәрбие үйретуге арнаған мектебіміздің ардагер ұстаздары біздің жүрегімізден ерекше бір құрметпен орын алады.
Өмір - өз өнегесімен өлшенеді. Адам өмірінің өлшемі - өмір сүрген күндерімен, жылдарымен емес, ғұмырындағы мәнді тірлігімен, елге тигізген пайдасымен, өнегелі істерімен өлшенетіні анық. Өрнекті, өнегелі істерімен ардақты ардагер ұстаздарымыз мәңгі біздің жүрегімізде!
Ардагер ұстаздарымыздың слайды көрсетіледі.
Ұстаз атты ұлы есім қашанда кісілік келбеті жоғары сан мыңдаған шәкірттерге үлгі - өнеге, білім - тәрбие беретін, ізгілік нәрін төгетін ерен еңбектің иелері. Қай қоғамда да ұстаз құрметті орындардың төрінен табылады. Осындай құрметті мамандықтың иесі болып, ұлағатты ұстазға тән үлгі көрсеткен, талай шәкірттердің жүрегінен орын алып, тәлімді тәрбие берген ардақты ардагер ұстаздарымыз бүгін бізде – қонақта!
Ардагерім – ардақты слайды көрсетіледі.
Көп жыл бұрын шыққанменен ол зейнетке,
Бір табан әлі жақын жүр Бейнетке .
Ақсақалдар кеңесін басқарады,
Дауды шешіп, болысып кем - кетікке.
Үлгілі отбасында отағасы,
Төрт ұл мен төрт қыздың ата - анасы.
Жайқалтқан өз қолымен бауын баптап,
Сан түрлі жеміс толы айналасы.
Шәкірттері болды оның академик,
Әр салада жүр қазір еңбек етіп.
Академик болғанда кім біліпті,
Дайындай алар ма еді академик!
Өмір сырын түсініп ұққан терең,
Демалысқа құрметпен шыққанменен.
Қызығыңыз тарқамай замандағы,
Ұзақ ғұмыр тілейміз сізге әлі, - дей келе бүгінгі мерекелік кешіміздің құрметті қонағы ардагер ұстаз Жетес ағайдың жас ұрпаққа айтар жылы лебізін тыңдайық.
Рахмет ағай, келесі кезектегі Сырғалым бишілер тобының орындауындағы тамаша би сіздің құрметіңізге арналады. Қабыл алыңыз!
Ұстаз деген - өмірімнің бұлағы,
Мәңгі өшпес көңілімнің шырағы.
Сен жүрген жер толы болды білімге,
Шақырасың әр кез бізді ілімге.
Сен кентісің сана білім көзінің,
Біз бәріне қанығамыз сөзіңнің.
Мақтанышымыз бола берші әрқашан,
Жамандықтан қайда жүрсең болшы аман, - дей келе құрметті қонағымыз ардагер ұстаз Жетес Ешнияз ұлына арналып жарық көрген Өнегелі өмір атты кітаптың авторы Керімбердиев Жанғазы ағаймен Сыр сұхбат айдарына кезек береміз.
Ағай ақын ретінде біздің кішкентай ақындарымыздың өлеңдеріне қандай баға берер едіңіз? Жүрегіңізге жол тауып жатыр ма?
Мұғалім – мектептің жүрегі. Мұғалім – мектеп үшін жаралған, бар ғұмырын балаға арнаған жан. Шәкіртінің қабілет дарынын ашу, келешекке жетелеу - әрбір ұстаздың мейірлі де мерейлі ісі. Шәкірт жүрегіне жол таба білу екінің бірінің қолынан келмесі анық. Бала бойындағы қабілетті ұштап, шәкірттердің сүйікті ұстазына айналған жанның бірі, мектебіміздің аяулы ұстазы, ардақты ана, көптеген шәкірттеріміздің алғашқы ұстазы, бастауыш сынып мұғалімі – Сүйімбай Рысбике апай! Қол соғып құрметтеп қояйық!
Түзеттіріп шалалықты,
Есейттіңіз балалықты.
Ойламайтын ертеңін,
Ойсыз кейбір еркені,
Түзеп жөнге салдыңыз,
Ел алғысын алдыңыз,
Сабырыңыз құрыштай,
Жөн айттыңыз ұрыспай,
Түзедіңіз тентекті,
Тұрғызбай - ақ бұрышқа – дей келе Рысбике апайымызға кезекті мерекелік сөз кезегін береміз! Апай! Өзіңіз ұстаздық еткен жылдарыңыздың қызықты бір сәтін жас ұрпаққа әңгімелеп берсеңіз!
Рахмет апай! Біздің оқушыларымыз да сіздердей ұстаз болғылары келеді екен. Келесі кезекте оқушыларымыздың Ұстаз болғым келеді атты көріністі тамашалайық!
Шәкірттерін азамат қып саналы,
Ұстаз ана, ұстаз дана болады.
Ең бастысы – ұстаз мына өмірде,
Ұлағат боп, ұлылық боп қалады.
Келесі кезекте мерекелік құттықтау сөз кезегін мектебіміздің бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары Қалиева Жадыра апайға береміз.
Қорытынды:
Сонымен балалар, Ұстаз дегеніміз кім екен? Қандай жанды ұстаз деп атаймыз? Бүгінгі кештен не ұқтыңдар?
Ұ – ұлағатты
С – салмақты
Т – танымал
А – ардақты
З – зиялы
Осы қасиеттердің барлығын кімнің бойынан көре алады екенбіз? Әрине (хормен) ҰСТАЗДЫҢ.
Білдіріп шәкірттердің ақ ниетін,
Ұстаздың алып жүрген атын еркін.
Біз сізге сыйлық қылып ұсынамыз,
Жүректің алғысы мен рахметін.
Сыйлық тапсыру сәті.
Аяқтау. Бәрі бірге (Алғыстарым көп менің)
Мұғалім болу әркімнің қолынан келеді. Бірақ нағыз ұстаз болу – барлығының бағына бұйырмайтын бақыт. Ал бүгінгі біздің мерекелік кешіміздің кейіпкерлері шын бақытқа ие болған жандар. Сондықтан да ұлағатты ұстаздарымыздың еңбегі елеусіз қалған жоқ.
Өзі ұшырған қырандарын қиядан,
Іздейтұғын құздан емес, қиядан.
Біз бәріміз берешекпіз ұстазға –
Ұстаздарды, ұстаздарды сүй адам!
Қала, дала жайнап тұрған бау болсын!
Тәрбие теңіз, береке білім, құт болсын!
Ел байлығын маңдай термен жасастың,
Ұстаздарым дендеріңіз сау болсын!
Аяулы ұстаздар! Төл мерекелеріңіз тағы да құтты болсын! Білім беру жолындағы еңбектеріңіз еленіп, абырой биігінен көріне беріңіздер деген ізгі тілекпен бүгінгі мерекелік кешімізді жабық деп жариялаймыз!