Сыныптан тыс шара тақырыбы: Физикада кім жүйрік? (8 - сынып)
Сыныптан тыс шара мақсаты:
Білімділік: Оқушылардың физикадан алған білімдерін жинақтау, жүйелеу, қайталау, бағалау арқылы физикадан кім жүйрік екенін анықтау
Дамытушылық: Оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын арттыра отырып, ойлау, есте сақтау, теория мен практиканы ұштастыра білу қабілеттерін дамытып, физикалық дүниетанымдарын, есеп шығару дағдыларын қалыптастыру.
Тәрбиелік: Оқушыларды ұйымшылдыққа, топтық, жеке, жұптық жұмыстар жасауға, бәсекеге қабілетті, физиканы жетік меңгере алатын өскелең ұрпақ тәрбиелеу.
Сыныптан тыс шара түрі: сайыс
Сыныптан тыс шара көрнекілігі: кітап көрмесі, оқулықтар - 8сыныпқа, дидактикалық материалдар жинағы, тәжірибе құрал - жабдықтары (жылуөткізгіштік, қайнау), плакаттар, слайдтар, бағалау парағы, жұлдызшалар, графопроектор
Сыныптан тыс шараның өту барысы:
І Ұйымдастыру бөлімі:
Оқушылармен амандасу, түгендеу, топқа бөлу (сайысқа қатысатындар мен көрермендер)
ІІ Сайыс бөлімі:
1 – Топтың аты, эмблема, ұраны
2 – Физика анықтамалығы
3 – Физикалық шамалар (белгіленуі, аты, өлшем бірлігі, формуласы)
4 – Сен маған, мен саған (жұмбақ жасыру)
5 – Физиканың зертханасында (топ басшыларының сайысы)
6 – Физика – сахнада (физикалық құбылысты жест арқылы көрсету)
7 – Физика әзілі
(әрбір дұрыс жауап – 1 балл)
Өту барысы:
Армысыздар, құрметті жиналған қауым!
Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар!
Босқа қарап тұрмаңыздар
Физикадан басталмақшы
Физикада кім жүйрік? сайысы, - деп, бүгінгі сайысымызды ашық деп жариялаймын.
Біз бүгінгі сайыстың көңілді, осы сайысқа қатысушылардың көңіл - күйлерінің жақсы болғанын қалаймыз. Сол себепті физик ғалымдардың әзіл - қалжыңынан мысалдар келтірейін.
Сен өте шаршағансың, түріңнен түр қалмапты, үйден кетіп бір күнге демалсаңшы , депті белгілі американ өнертапқышы Эдисонға әйелі. Эдисон әйелінің айтқанын мақұл көріп, үйінен кетіп қалады. Бір күннен кейін әйелі оны тәжірибе жасап жатқан жерінен кездестіреді. Әйелін көрген Эдисон: Мен өте тамаша демалдым! деп мақтанышпен жауап берген екен.
Кирхгоф өзінің спектрлік анализ жөніндегі жұмыстары жайлы айтып отырады. Күннің спектріне қарап онда алтын бар екенін байқадым - дейді ол. Тыңдап отырғандардың бірі: мұндай жаңалықтан не пайда, күндегі алтынды бәрібір ала алмаймыз - дейді. Біраз уақыттан кейін оның осы ашқан жаңалығына алтын медаль береді. Міне, мен күндегі алтынды алдым деп әзілдеген екен ол.
Айта берсең әзілдер жеткілікті ғой. Енді ортаға сайысушы екі топты шақырайық:
Шақырып жарыстарға сан - санамен
Жүйріктерден жүйріктер жар салады.
Ту етіп достық пенен татулықты
Жас физиктер бірін - бірі қарсы алады.
Жас физиктер биіктерге қалықтасын
Жеңіспен көк жүзінде шарықтасын!
Жеңіс туы желбіреп алауласын,
Бәйгені седерден ешкім ала алмасын - дей келе сайысымыздың 1 - бөлімі Топтың аты, эмблема, ұраны топтарға сөз береміз. (әр топ өздері алға шығып физикаға байланыстырып алған өздерінің топ аттарын таныстырады, ұрандарын айтады, эмблемаларын түсіндіреді)
Сайысымыздың келесі бөлімі 2 – Физика анықтамалығында әр топ мүшелері, топ болып анықтама айту керек.
Ойла - ойла тереңнен
Жақсы емес көп бөгелген
Формуланы білмесең
Өте алмайсың көпірден, - деп сайысымыздың келесі бөлімі 3 – Физикалық шамаларда әр топ физикалық шаманың атын, белгіленуін, өлшем бірлігін, формуласын жазып тапсыру керек.
Ал, балалар, балалар
Жыр - шумақты төгейік.
Талай жерді көрейік
Асулардан өтейік
Түзу жолды жасайық
Білімге біз енейік
Кедергіні жеңейік, - деп қазір сайысымыздың келесі бөлімінде 4 – Сен маған, мен саған әр топ физикалық терминге байланысты бір – біріне жұмбақ құрастырып жасырады.
Пайдаланады көп ғылым
Физиканың заңдарын
Сол заңдармен таныды
Табиғаттың сырларын, - демекші, келесі сайысымыз 5 – Физиканың зертханасында топ басшыларының додасын тамашалаймыз. Берілген физикалық құбылысты ашып береді, тәжірибесін жасап көрсету керек.
Көрермендер сайысы
- Көрермендер сайысында көрермендер 5 жолды өлең құрастырады.
И. Ньютонның 1687 ж. б. ә. тартылыс құбылысының заңын ашуына себеп болған не? ( алма деп жауап берген кезде алма беріп жауап берген оқушы, көрерменге, келесі сайыс бөлімі айтылады). Сайысымыздың келесі бөлімі 6 – Физика – сахнада физикалық құбылысты сахналау арқылы көрсету, қарсылас топ оны шешеді, топтың жасыру шеберлігі мен шешу дұрыстығы, шапшаңдығы бағаланады.
Сайысымыздың келесі бөлімі 7 – Физика әзілінде топ есептер шығара отырып, оған қоса физикалық терминдерді, құбылыстарды, ғұлама адамдар еңбегін пайдаланып әзіл құрастырады.
Есептер:
1. 15 кг ағаш көмірі түгел жанғанша қанша жылу бөлініп шығады?
2. Температурасы 00С, массасы 5 кг суды қайнатып, буға айналдыру үшін қанша мөлшерде энергия қажет?
ІІ Қорытындылау:
Сөзімді қорытындылай келе, сіздерге дүниедегі ең жүйрік не? – ой , Гиннес кітабына алғаш енген қазақ кім? - Т. Мұсабаев, немен енді? – 1994ж 135 тәулік бойы (4, 5ай) космос кеңістігінде болды, сіздердің де ойларыңыздың талай білім асуларын алып, білім белестерді бағындырып, қазақтан Гиннес кітабына енетін адам мен ой айтатын болашақ иесі болуларыңызға шын жүректен тілектеспін.
Талаптанайық жас достар ғылым деп
Ғылыммен ұлтымыз да, ұлт болып білінбек
Ғылыммен тереземіз теңдік ап
Болашақтың атар таңы күлімдеп
Жеңімпаздарды марапаттап, құттықтау.
- физика ақыны
- физика әртісі
- физика зертханашысы
- физика көрермендерінің көзайымы
- физика шешені
- Физиканың жүйрік тобы
- Физиканың жүйрігі
- Физика көрермендерінің жүйрігі
Сабақ аяқталды, сау болыңыздар!
Көңіл қойып тыңдағандарыңызға, келіп қатысқандарыңызға үлкен рахмет.