Қадыр Мырза Әли
Тыныштық
Тып - тыныш боп тұратындай әманда,
Тыныштықты ұқпай қалдым табанда.
Табиғатта дөңбекшу жоқ,
Діріл жоқ,
Суретке бір түсетұғын адамдай
Қайран дала көпті көрген кәртамыс
Қалғып - мүлгіп,
Қалғып - мүлгіп тұр, таныс!
Жаратылыс жаратылыс болғалы
Жер бетінде болмағандай арпалыс!
Тіршіліктің бітелген бе құлқыны?
Тым - тырыс - ау,
Тым - тырыс - ау бұл түні.
Тыныштықтың құрсағында осындай
Тентек дауыл, жатырсың ба бұлқынып?!