Қазақ тілі 6 сынып
Сабақтың тақырыбы: Сан есім. Дара және күрделі сан есімдер.
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Оқушыларға сан есім және оның сұрақтары жайлы мағлұмат беру. Сұрақты дұрыс қоя отырып, оларды бір - бірінен ажырата білуге және мәтіннен дара, күрделі сан есімдерді таба білу.
Дамытушылық: Танымдық қызығушылығын дамыту, ой қорытып нақты шешім жасата білу, шығармашылық ізденістерін арттыруға ықпал жасау;
Тәрбиелігі: Сандардың маңыздылығын түсіндіре отырып, өмірмен байланыс арқылы туған халқының өнерін сүйіп өсуге баулу, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: жаңа білімді меңгерту сабағы
Сабақтың әдісі: түсіндіру, сұрақ - жауап, ізденіс, баяндау, талдау, т. б.
Көрнекілігі: тест тапсырмасы, кеспе қағаздары
Пәнаралық байланыс: математика, әдебиет.
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру:
1. Амандасу, оқушыларды түгендеу
2. Сынып тазалығына көңіл бөлу.
3. Сабақтың мақсатымен таныстыру
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру
100, 104 - жаттығу. Ереже.
ІІІ. Жаңа сабақты түсіндіру.
Сан есім - заттың санын, мөлшерін, ретін білдіреді. Қанша? Неше? Нешеу? Нешінші деген сұрақтарға жауап береді.
Сан есімдер құрамына қарай дара сан есім және күрделі сан есім болып бөлінеді.
Бір түбірден құралған негізгі және туынды сан есім дара сан есім деп аталады.
Мысалы, он, екі, бес, мың, жүз, отыз – негізі сан есімдер;
ондаған, мыңдаған, алтыншы, екеу, жетеу – туынды сан есімдер.
Екі немесе одан да көп түбірдің тіркесінен немесе қосарлануынан жасалған сан есім күрделі сан есім деп аталады.
Мысалы, екі мың он үш, жиырма бес, бес - алты, үш - үштен т. б.
Сөздердің қосарлану мен қайталануы арқылы жасалған күрделі сан есімдер дефис (-) арқылы жазылады. Мысалы, қырық - елу, алпыс - жетпіс,
Артық білім кітапта . Оқулықпен жұмыс
105 - жаттығу. Мәтіннен сан есімдерді табыңдар да, оларды тіркескен сөзімен бірге цифрмен жазыңдар.
108 - жаттығу. Төмендегі сандарды сөзбен жазып, оларды дара және күрделі түріне ажыратыңдар.
Кім тез табады . Дара сан есімдерді атағанда оң қолдарыңды көтересіңдер, күрделі сан есімдерді атағанда сол қолдарыңды көтересіңдер.
Екінші, жиырма бес, үш бүтін оннан бес, бес, қырық - елу, тоғыз жүз бір, жетеу, жүздеген, үш - үштен, бесеу, он бүтін жүзден елу бір, ондаған, тоқсан, жүз шақты.
“Киелі сандар қасиеті” - ауызша жұмыс түрі
Сандарға байланысты халқымыздың ұғымында 1, 3, 5, 7, 9, 40 секілді сандардың бәрін бір ырымға негіздеп, киелі деп есептеген. Сондықтан да менің қоятын сұрағым осы төңіректі қамтиды.
1. Жеті атаңды ата (ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене)
2. Халқымыздың кие тұтқан сандарын ата (7, 9)
3. Үш арсызды ата (ұйқы, тамақ, күлкі)
4. Жігіттің үш жұрты (өз жұрты, қайын жұрты, нағашы жұрты)
5. Жеті күн(бүгін, ертең, бүрсігүні, арғы күн, ауыр күн, соңғы күн, азына)
6. Ер қаруы бес қару (найза, садақ, шоқпар, қылыш, айбалта)
7. Төрт құбыла(Оңтүстік, Солтүстік, Батыс, Шығыс)
8. Үш бәйтерек (Ілияс, Сәкен, Бейімбет)
9. Бес арыс (Шәкәрім, Ахмет, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбек)
Жалғасын тап
Бір дегенім –...
Шықтық содан өсіп,
Екі деген – …
Далам, тауым, көгім.
Үш дегенім –...
Үміт аптар жігіт.
Төрт дегенім – …
Төзе білем өзім.
Бес дегенім –...
Бағалайтын уақыт.
Алты деген – …
Тыңдағаның мақұл.
Жеті деген – …
Жүректегі алау.
Сегіз деген – …
Серт беретін кезің.
Тоғыз деген – …
Елдің жоғын жоқтау.
Он дегенім – …
Қорға оны, ботам!
Бір және мың Көп нүктенің орнына сан есімдерді қойыңдар. Керекті жалғауларын өздері қояды.
1.... кісі... кісіге олжа салар.
2. Білекті... жығар, Білімді... жығар.
3.... жаудан... жансыз жаман.
4.... түсініп танығанша... атын біл. (мақал.)
5.... бір кісі...
Жүз кісі сұмға
Әлі жетер заман жоқ.
Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен... жұмбақ адаммын, оны да ойла,
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
... жалғыз алыстым, кінә қойма. (Абай)
Керекті сөздер: бір және мың.
Сабақты қорыту.
Тест тапсырмасы
1. Сан есім қандай сұраққа жауап береді?
а. қандай? қанша?
ә. не? нешінші?
б. қанша? неше?
2. Сан есімді көрсетіңдер
а. белсенді
ә. есептік
б. бес
3. Сан есім... болып бөлінеді?
а. есептік, реттік, қатарлық
ә. қатарлық, кезектік
б. есептік, реттік
4. Сан есімді көрсетіңдер.
а. бес, сана, ұйықта
ә. елу бес, жас, кәрі
б. қырық, елу, жүз
5. Берілген сөздер қай сөз табына жатады? Екінші, бес, алпыс алты
а. сын есім
ә. сан есім
б. есімдік
6. Заттың санын, ретін білдіретін сөздерді... дейміз.
а. сан есім
ә. сын есім
б. зат есім
7. Артық сөзді табыңдар:
а. жүз, алты
ә. бірінші, сегізінші
б. қырық, алпыс
8. Көп нүктенің орнына керекті сан есімді жазыңдар: Ер... рет өледі.
Қорқақ... рет өледі.
а. бір, бесінші
ә. бір, мың
б. бір, көп
9. Жұмбақты шешіңдер:
Басында таяғы бар,
Төрт аяғы бар.
Сегіз тұяғы бар,
Иегінде сақалы бар.
а. ешкі
ә. қой
б. архар
10. Артық сөзді табыңдар.
а. елу сегіз
ә. алты адам
б. көркем сурет
Үйге тапсырма:
107, 109 - жаттығу. Құрамында сан есімі бар жұмбақтар, мақал - мәтелдер жазу
Бағалау