Қазақтың келіндері
- Апа, неге осы қазақтың келіндері орамалсыз жүрмеуі керек?
– Е, жарығым! Әйел орамал тақпаса – арын ұмытады. Күйеуінің барын ұмытады! Шашы – тамаққа түседі, өзіне келген қонақтың назары түседі.
– Ал, сәлем салмаса ше?
– Сәлем салмаса – өзін сыйлайтын қайын ата, қайын ағадан айырылады, тегін батадан қайырылады!
– Келін міндетті түрде униформа (халат, ұзын көйлек, орамал) киіп, келін боп шауып жүруі керек пе?
– Қыз қалыптан әйел болуға көндіретін ол – сәлемі, жат жұрттың алдындағы әдебі! Қыз күнін қиып, қыдыруын тиған – қатын болады! Қатын болған адам – қазанға, отқа жақын болады. Құрсағын кеңітіп, бала тапқан – кең болады! Алпыс екі тамырын иіткен ана болады! Басқа салғаннан ой түйіп, тағдырына бас игенге құдай өзі пана болады! Үлкеннен көргенін бойына сіңіріп, өзі де сол әулетке сіңген келін – дана болады!
– Ой, қазір жастарды емес үлкендерді тәрбиелеу керек сияқты ғой!
– Бүркіт көзіне көрінгенді алмайды, көңілдегісін алады. Ақылды атаның баласы ерегіспей, тектілігіне салады. Көргеніңе көз жұм да, көңілдегіңді істе!
– Бәрін бір келін байғұсқа жүктейді қазақ!
– Е, балам! Жақсы келін ата - енесін бағады. Ата - анасы ұнатқанды – отағасы жылатпайды! Кемінде алты бала тапқанның не айтса да сөзінің құнары болады, қамықса – қарайтын “шырағы” болады. Аз бала тапқанның тыпыршып айтар “ұраны”болады. Көп баласы бардың – шөлдетпейтін бұлағы болады. Әйел – келін болмаса, керім болмайды. Ана болмаса, ене болмайды. Ене бола алмаса – әдепті келіні және болмайды!
– Бәрі әйелге байланысты емес қой. Ер азамат та жәрдем беруі қажет!
– Дұрыс! Азамат таппаса – ақшада береке болмайды! Дүние тапқанмен, баққаны көше болса – екі дүниеде сорлайды! Еркегі үйіне қонбайтын үйдің – қызы етегін жаппайды, еркіндік сақтайды. Қылық сақтап, қымсынбайды. Айналасын жинайын деп ұмсынбайды! Ұлы – ұсақтау, бәдік болады, қатындардың тірлігіне қанық болады! Әйелі ашынып жүреді, бір ысып, бір суып, басылып жүреді. Көршімен әңгімешіл боп, үйі бықсып, шашылып жүреді. Ондай әйелден – әдеп сақтар жар, салиқалы ана шықпайды.
Еркекті ерітетін де – әйел, жерітетін де – әйел! Беделін биік қып, абыройын кемітетін де – әйел! Әйел жұмсақ болмаса – ер далаға қашады. Далада жүріп көп былыққа араласады. Араласқан соң – тапа тал түсте сөз таппай сасады, әрнәрсені сылтау ғып, өтірік ғайбат шашады. Әйелі жақсының ағайыны айналасында жүреді. Ұрпағы ізетті болады.
Дайындаған: Жадыра
Дереккөзі: Әлеуметтік желіден алынды