Тақырыбы: Гүл және оның құрылысы
Гүл және оның құрылысы
Гүл - көбеюге қажетті жыныс мүшелері бар, бұтақтанбайтын, түрі өзгерген, қысқарған өркен. Гүлден жеміс пен тұқым дамиды. Гүлдің құрылысы күрделі.
Аналық – гүлдің жеміс түзуге қатысатын негізгі бөлімі, гүлдің дәл ортасында орналасады.
Аналықтың құрылысы
• Аузы
• Мойны
• Жатыны
Аналықтың аузы – өсімдік түріне қарай түрліше домалақ үлпекті, қостелімді, көптелімді болып келеді. Аналық аузынан жабысқақ сұйықтық бөлінеді, тозаңның аналық аузына түсіп, тез өнуіне жағдай туғызады.
Аналықтың мойны - аузы мен жатынын жалғастырып, басқа бөлімдерінен жоғары биіктетіп тұрады. Мойны болмайтын аналық: көкнәр, қызғалдақ.
Аналықтың жатыны – аналықтың ең негізгі бөлігі бір және көп ұялы. Жатынның ішінде бір немесе бірнеше мыңдаған тұқымбүршігі бар. Жатынның сыртын екі қабат қабықша қаптайды. Тұқымбүршігінің ішіндегі ұрық қалтасында жұмыртқажасуша болады. Сондықтан ұрықтану аналықтың ішінде жүреді.
Аталық
Аталық – гүлдің көбеюге қатысатын бөлімі.
Аталық құрылысы
• Тозаңқап
• Жіпше
Жіпше – аталықтың жіңішкерген жері.
Тозаңқап – бір - бірімен байланысқан екі бөліктен тұрады. Әр бөлігінде 2 - ден тозаң ұясы бар. Тозаңқапта мыңдаған тозаң түйіршіктері түзіледі, пісіп - жетілгенде тозаңдары сыртқа шашылады.
Тозаң – сыртқы және ішкі қабықшасы бар жасуша, пішіндері де алуан түрлі. Тозаңдар сырттай қарағанда ұнтақ тәрізді. Атқаратын қызметіне қарай сыртқы қабықшасы қалыңдап өзгереді. Тозаңның құрамында май, қант, минералды тұздар, нәруыз, витаминдер бар.