ӨЗ ЖҮРЕГІҢНІҢ ҮНІ
Қандай қиындық болса да, өмірді сүймей болмайды. Өйткені бар қызығың да – осында екені даусыз.
* * *
Адамның тағдыры үйренумен, үлгі алумен, қорытынды шығарумен шешіледі. Адам да гүл тәрізді. Шуақтық, жылылық, нәзіктік құлпырта түседі.
Суықтық, ызғарлық, іштарлық, демде пендені тікенге айналдырады.
* * *
Өмірде бәрі ойдағыдай емес. Ойдағының бәрі өмір емес.
* * *
Өз күнәңді өзіңнен басқа ешкім түзете алмайды.
* * *
Сыныптастар - ай! Бәрімізде бір уақыттың баласымыз. Сондықтан да бірге басталған өткеніміз біздерді табыстырады. Ал, мектепті бітірген, есейген шақтағы тағдыр жолы әр тарапқа салып, әр түрлі қазанда қайнатып келеді.
* * *
Адамда жүрек болса ғана сағыныш болады. Ал балалығын, кәусар дүниені сағынбаған, одан сусындамаған жанда қайдан жүрек болсын?!
* * *
Сенім – жақсы, ал ешкімге сене алмау – азаптың азабы.
Сәрсенбі, 28 қыркүйек, 1994 жыл
ЖҮРЕК ТЕ БІР – ЖАНАРТАУ
КӨКІРЕГІМДЕ ҚАНСЫРАП сандаған сыр жатыр... Дәл қазір ішкі иірімдері дауылды толқындармен алмасып, жүрекке құяр қан арналары шыдай алмай бұлқынып, зор қысыммен шектен тыс ағып жатқан болар. Дәл қазір іштегі ой тасқыны, сыр тізбесі теңіз буырқанысындай сырт жағаға ұмтылып, толас табар емес. Ақ қағазға қаламыңды алып, түсірмесең – сабасына келер жәй байқалмайды.
Өзгені кінәлай алмайсың. Жәй таппаған езгіленген жүректің не жазығы бар, әйтпесе? Жаншып өткен қараниеттілікті де, азапты да өткеретін осы бір жапырақ ет қой!
Мұхаммед пайғамбардың хадистеріндегі мына сөз ойға оралады: Адал да, арам да анықталды. Бірақ олардың ортасында шүбә тудыратын мәселелер бар. Көп адамдар мұны білмейді... Біліп алыңдар. Әрбір патшаның қоршап, белгілеп қойған қорықтары болады емес пе? Тәңірінің де сол секілді белгілеп қойған арам нәрселері бар. Біліп алыңдар. Адам денесінде бір жапырақ ет бар. Егер ол сау болса – бүкіл дене сау, ол бұзылса – бүкіл дене ауырады. Ол бір жапырақ еттің аты – Жүрек!
Иә, айнала әрдайым керемет болып тұруы мүмкін емес. Айды бұлт бүркейтініндей, жүректе ақ пен қара кезек алмасып шарасыздыққа ұрынады, беймаза күй кешеді. Үздіксіз жауын жауып тұра берсе, плащыңнан да су өтіп кететіндей, еріксіз жаурайды екенсің. Жүрекке сол салқындық тиді - ау деймін?!
Тынысың тарылғандай. Таза ауа қайда? Ауа екеш ауаның да бұзыла бастағаны ма? Болмаса ол неге жетпейді? Дәл қазір маған ғаламат қуанышты хабарды жеткізсе де, жүрегім селт етпейтін шығар. Аласұрып қатты қиналуда. Біреу сені сабап, қараңғы қораға қамап тастағандай. Кейде осы теледидарды қосқанда экран жөнді көрсетпей, быжырлап кететіні болады ғой. Тура сол сияқты. Менің көңіл экраным да сондай күй кешуде. Иә, қалыпты да әдемі көрсету үшін қандай тетіктерді бұрау керек екен? Бұны қандай шеберден сұрау керек екен? ЖАУАП: Тағдырдан артық шебер, өмірден артық ұстаз жоқ!