Атырау облысы,
Исатай ауданы, Х.Наубетов атындағы
орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі.
Шарбану Нұрмашева Насырқызы
Сабақтың тақырыбы: Ө дыбысы мен әрпі.
Тақырыбы: Ата мұрасы – балаға үлгі.
Мақсаты:
а) Білімділік: Аталардан қалған ұлағатты ғибрат аларлық сөздерді балаларға ұғындыру;
ә) Тәрбиелілігі: Сол сөздерден өнеге алуға баулу.
б) Дамытушылығы: Ойын нақты дұрыс жеткізуге, тапқыр сөйлеуге, ақылды, салмақты ой айтуға үйрету.
Жүрісі:
1. Ұйымдастыру.
2. Мұғалімнің кіріспе сөзі.
3. Оқушыларға кезек берейік.
1 – жүргізуші: Сәлем сөздің анасы демекші, армысыздар ағайын!
2 – жүргізуші: Қадірменді көпшілік. Бүгінгі Ата мұрасы – балаға үлгі атты сынып сағатымызға қош келіпсіздер!
1 – жүргізуші: Ата - бабаларымыздан бізге жеткен көптеген ұлағатты ғибрат аларлық, тамаша тәлім – тәрбие берерлік өсиет сөздер өте көп.
2 – жүргізуші: Ендеше, күнделікті өмірде ата - әжелеріміздің, ата – аналарымыздың, Аталар сөзі – ақылдың көзі деп айтып отыратын.
Бала:
Ата! Қол бастау қиын ба,
Жол бастау қиын ба,
Сөз бастау қиын ба?
Қарт: Е, балам!
Қол бастау қиын емес,
Көк найзалы ерің болса,
Жол бастау қиын емес,
Соныңнан ерген елің болса,
Бәрінен де сөз бастау қиын.
Тауып айтсаң, мереке қылады.
Таппай айтсаң, келеке қылады.
Бала: Дұрыс айтасыз, дұрыс айтасыз.
Қарт: Е, балам!
Таза мінсіз асыл сөз,
Ой түбінде жатады.
Таза мінсіз асыл тас,
Су түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас,
Жел толқытса шығады.
Ой түбінде жатқан сөз,
Шер толқытса шығады.
Қарт: Сөз туралы ұлағатты сөздер өте көп
Әділ төре ел бастар,
Батыр жігіт жау бастар.
Аға жігіт қол бастар,
Шешен адам сөз бастар.
Құсты жисаң, бүркіт жи.
Қыс тоныңды түлкі етер.
Бір жақсымен дос болсаң,
Азбас – тозбас мүлік етер.
Бір жаманмен дос болсаң,
Бүкіл алаңға күлкі етер.
Қарт: Иә, балаларым, сөз кезегін түйіндейтін болсақ
Ақыл – адамды аздырмайтын ем.
Білім – таусылмайтын кен.
Адамның басшысы - ақыл.
Жетекшісі – талап.
Шолғыншысы – ой.
Жолдасы – кәсіп.
Қорғаны – сабыр.
Қорғаушысы – мінез болуы керек.
1 – жүр: Айдос.
Аталар мұрасы – халық қазынасының бірі домбыра.
2 – жүр: Асылзат.
Халық әні. Еркем - ай
1 – жүр: Айдос.
Әй, тәкаппар, дүние!
Маған да бір қарашы!
Танимысың сен мені,
Мен қазақтың баласы.
2 – жүргізуші: Асылзат.
Ізетіңді ине етіп
Иманыңды түйме етіп
Инабатты күйме етіп,
Жүрші балам жамандықты күйретіп, - дегендей біз, яғни еліміздің ертеңі, бабаларымыздың мұрасын, халқымыздың жақсы дәстүрлерін бойымызға сіңіріп, жалғастырып, жамандықтан аулақ, жаны таза елжанды ұрпақ болып өсейік.
1 – жүр: Айдос.
Бата халықтың рухани күш алатын құдіретті сенім күші. Ол ел сенімін ақтайтын абзал азаматтарға, таланты жастарға, көптің жүгін көтерген, адамдарға, жас сәбиге, немесе үлкендер жақсы ісіне риза болған жағдайларда берілетін ұлы адамдар мен ақсақалдардың ақ тілегі, әрі өмірлік жолдамасы.
Батаның түрлері көп.
Бала: Ата бата беріңізші!
Қарт: Жақсы айналайын!
Ата сөзі дарып мол,
Ақ уызға арып бол,
Абылайдай алып бол,
Шоқан сынды жарық бол,
Абайға ұқсап милы бол,
Құрманғазыдай күйші бол,
Ақандайын сері бол,
Қажымұқандай ері бол,
Сәкен сынды сұңқар бол,
Бағың жанып әрдайым,
Жақсыларға жақын бол,
Осы айтқаным періште, құлағыңа шалынсын.
Бәрінен де құлыным,
Аман бол, қалқам, аман бол!
Әумин!
1 – оқушы: Аманғали.
Кең даланың ежелгі,
Қазақ деген халқымыз.
Өзге ұлттай біздің де,
Бар дәстүр мен салтымыз.
2 – оқушы: Назерке.
Ата салты ардақты,
Әрбір сөзі салмақты.
Сол сөздерді ұқпасаң
Тістерсің бір күн бармақты.
3 – оқушы: Мұрагер.
Тілім бар да, қазағым бар, халқым бар,
Дәстүрім бар, ата жолы салтым бар.
Кең даладай жиналмаған шалғайы,
Аңқау ашық мінезім бар аңқылдақ
Жарасып тұр дәстүрім!
Қорытындылау:
Мұғалім: Кешеге күнсіз келешек жоқ. Бүгінгі жас ұрпақты сонау замандардан жинақталған ата – бабаларымыздың мол мұрасы мен сусындату біздің міндетіміз. Ұлдың батыр, қыздың әдепті болып қалыптасуы, бабалар мұрасына байланысты. Демек, бабаларымыздың өнеге өсиетін пайдалана отырып тәрбиелеу ұлттық тұлғаны қалыптастырады.