Жаудыраған көзіңнен

Скачать

Қасым Аманжолов өлеңі
БЕСІК ЖЫРЫ
І
Әлди, әлди! Әлпешім,
Ұйықта деймін, – ұйықтайсың.
Мә - Мә берсем қайтесің,
Ұйықта десем, – ұқпайсың.
Жоқсың бүгін көз ілген,
Көп ісімнен бөгедің.
Жаудыраған көзіңнен!...
Ұйықтай қойшы, бөбегім.
Әлди әлди, әлди - ді,
Әлди біздің қалғиды.
ІІ
Ұйықта десем, күлесің,
Айналайын күлкіңнен!
Ержеткен соң білерсің,
Тұр - тұрлармын бір күн мен.
Кешіктің, – деп, – сабақтан ,
Тынышыңды алсам тұр - тұрлап .
Жоқ қой әлі таң атқан
Деп жүрмеші бұртыңдап.
Әлди - әлди, әлди - ді,
Әлди біздің қалғиды.
ІІІ
Ұйықта бөпем, ұйықтай ғой,
Ұйықтайтын бұл шағыңда.
Қызық өмір – думан той,
Тұр ғой күтіп алдыңда.
Ұйықтап өткен не табар
Бұл өмірге бекер кеп?
Ұйықта, бөпем, бөпемсің,
Кім боп шығар екенсің?
IV
Күлімдейсің, күнімсің,
Батардағы күн шығар.
Уілдейсің, күйімсің,
Күй де бір кез тыншығар.
Сен де тынық бір мезгіл,
Толқып қана жат, бөпем.
Аспанымда жүзе біл,
Айым менің ақ бөпем!
Әлди - әлди, әлдиім,
Назды, нәзік ән күйім!
Қасым Аманжоловтың өлеңдерін қарау


Скачать


zharar.kz