Мұқағали Мақатаев
Шаршадым білем,
Жантая кеткім келеді.
Миыңды жеген, құрысын бүйткен өлеңі!
Күйзеліп тапқан көңілімдегі көрікті ой,
Аузымнан түссе адыра қала береді.
Өлеңі құрсын,
Таппадым одан ұятты,
Жазбай - ақ қойдым,
Жазғаным енді ұят - ты.
Менсіз де мына ғаламат жырау - дүние,
Өзінен - өзі жырланып жатқан сияқты.
Өткізіп жылдар,
Өткізіп айлар,
Бекер күн,
Болғансып ақын,
Мұрнымды несін көтердім?!
Өлмей - ақ жүр ғой,
Өлең жазбаған адамдар,
Өлеңсіз мен де,
Өмірді бірдеңе етермін.
Жанды да жансыз,
Көрінген заттан сыр бағып,
Өлетін болдым,
Өзімнен - өзім ұрланып.
Шаршадым білем,
Жатпасам енді болмас - ты.
Жұрт кетіп жатқан
Қара теңізге бір барып...
Мұқағали Мақатевтың өлеңдері 1
Мұқағали Мақатевтың өлеңдері 2