Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектебі
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Анар Арыстанғалиева
“Тілім менің – тірлігім менің” ашық журнал
Мақсаты:
Ана тілін терең меңгеруге құштарлықтарын ояту;
Ана тілінің кең қанат жаюына үлес қосуға, мақтан тұтуға тәрбиелеу
көрнекілігі: слайдтар, плакатқа жазылған ұлағатты сөздер, шар, компьютер, презентация, ақын жазушылар портреті
Мұғалім: Құрметті достар, ұстаздар!
Сіздерді Қазақстан Республикасы халықтарының тілдер мерекесімен құттықтаймын.
Тілім менің - болашақтың бастауы,
Тілім менің - жүрегімнің қалауы.
Тіл дегенің асыл дүние ардағым,
Тек бағалай білсең ғана болғаны.
Тілім менің-өмірдегі ырысым,
Тілім менің-қазба байлық мырышым.
Тілім менің-ол қатынас құралым,
Тілім менің- ол сарқылмас бұлағым.
1-жүргізуші:
Қыркүйектің 22-сі Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері күні болып жариялануы аса маңызды әлеуметтік қадам.Ол ең алдымен тілге, сол арқылы жасалатын мәдениет пен өнерге деген
қоғам мен мемлекет тарапынан көрсетілуі тиіс ілтипаттың бір өнегесі.
2-жүргізуші:
Тәуелсіз еліміздің қоғамдық өмірінде өзгеше орын алған бұл ұлт тілдеріне құрмет көрсетілетін мейрам. Адамның жас күнінен ата-анасына айналасындағы ересектерге басында еліктеу арқылы үйреніп, кейін табиғи түрде бірте-бірте еселене отырып, қоғамдық тұрмыста өзгелермен өмір бойы ұғынысатын негізгі қатынас құралы, туған халқының тілі-ана тілі.
1-жүргізуші:
Ана тілі халықтың жазуы жоқ кітабы, мектебі жоқта ұстазы болған.Ана тілі халық өсіп, өркендесе дамиды да, халық жоғалса құриды.
1-оқушы:Ойымды Ана тілмен оюлаймын,
Жүректе Ана тілсіз, қоюлар мұң.
Құдіретті тілімнің арқасында,
ешқашан, жер бетінен, жойылмаймын.
2-оқушы:
Ар тұтып ардақтаған азаматын,
Бар ойын, ана тілмен жазды ақын.
Салт –сана, ана тілден айырғанда,
Жоюға жанталасты-ау, қазақ ақын...
3-оқушы
Сезімнің тілмен төгіп кестелерін,
Ғасырдан ғасырларға көшті өнерім.
Ұлтымның ана тілі ғой, Ар таңбасы,
Тіл өшпесе, менің де өшпегенім!