Асыл сөз зияткерлік байқауы
Мақсаты:
Бәсекеге қабілетті жас ұрпақты тәрбиелеу, оқушылардың мемлекеттік тілге, қазақ халқының әдебиетіне, мәдениетіне, өнеріне, ұлттық құндылықтарына деген сүйіспеншілігін арттыру, оны қастерлеуге баулу.
(Қазақтың әсем ұлттық әуені ойнап тұрады, сахна безендірілген, қанатты сөздер, баннер ілінген)
Фанфара
Тілім менің қайыршы емес қаңғыбас,
Тілім тұлпар – қуған желге шалдырмас.
Кенже ұлдай үлкен үйге мұрагер
Жер иесі – менің тілім мәңгі жас.
Әуезов, Абайды өткен дәріс тілі,
Тіл қатқан Тоқтар, Талғат ғарыш тілі.
Қанша Заң қабылдаймыз, жетер енді,
Естілсін мемлекеттік әр істе үні!
Жүргізуші:
Құрметті әдебиетті, өнерді, тілді сүйетін қауым, аяулы ұстаздар мен ардақты оқушылар! Қазақ тілі мен әдебиеті пәндер апталығы аясында өткізіліп отырған дарынды балаларға арналған Асыл сөз зияткерлік ойынына қош келдіңіздер!
Жүргізуші:
Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?!
Бұл жанды тіл – менің азат тілім,
Жадымда талмай самғар қанат тілім.
Бірлік, достық, татулық жүрегі боп
Жасай бер, Ана тілім – Қазақ тілім!
Бүгінгі Асыл сөз зияткерлік ойнына қатысушы топтарды шақырмас бұрын экранға назар аударайық.
(экраннан топтар сәлемі, қатысушылар жайлы мәлімет)
Олай болса, қарсы алыңыздар Жігер тобы. (әр топта 4 оқушыдан)
----------------------------
Екінші топты қарсы алмас бұрын тағы да назарларыңызды экранға аударайық.
Қарсы алыңыздар, Бәйтерек тобы.
----------------------------
Қарсылас топтар бір - бірлеріңізге айтар тілектеріңіз болса рұқсат.
(хормен)
Туған тіл қасиетін ардақтайық.
Сабырмен ойымызды салмақтайық.
Ырыс алды - ынтымақ деген сөз бар,
Сайысты көріңіздер, біз бастайық!
Жүргізуші:
Жанын сап, халқын сүйіп, баққан тілім,
Жалықпай құпиялар ашқан тілім!
Жаһанның төрт бұрышы түгел танып,
Жат жұрттан да достарын тапқан тілім!
Бүгінгі Асыл сөз зияткерлік сайысы төмендегідей бөлімдерден тұрады.
1. Ана тілім - асылым, бай қазынам
(қатысушы топтар өздеріне берілген 10 сұраққа тез арада жауап береді)
2. Даналық сөзден дән ізде
(тілге қатысты айтылған ұлт зиялыларының қанатты сөздерін жалғастыру)
3. Көңілден шыққан көрікті ой
(тілге қатысты айтылған ұлт зиялыларының өлең жолдарын жалғастыру)
4. Сөз тапқанға қолқа жоқ
(қатысушылар өздеріне жасырылған шешендік сөздерді жалғап, ойды айқын, тұжырымды жеткізе білуі тиіс)
5. Көркем тіл - көрікті жарнама
( Халқымыздың бай тілін меңгерту, көркейту, қастерлеу, өз ұрпағын өз тілінде сөйлету мақсатында Ана тіліміз - қазақ тілін жарнамалау. Тілді елдік ұранға айналдыру)
Жүргізуші:
Туған тілім - бабам тілі - өз тілім
Туған тілім – анам тілі - өз тілім.
Туған тілім - далам тілі - өз тілім
Туған тілім - адам тілі - өз тілім.
Ана тілім - асылым, бай қазынам
Бәйтерек тобына
1. Шоқанның шын аты кім?
2. Аяз би ертегісіндегі Жаманның қалыңдығының аты қалай аталады?
3. Бес арысты ата
4. Табу деген не?
5. Өз туындысында Отырар тарихын шебер суреттеген ақын
6. Білге қаған құлпытасы қай жерден табылды?
7 Тамырына балта шабу тіркесінің мағынасы қандай?
8. Дауыссыз дыбыс буын құрай ала ма?
9. Морфология терминге жата ма?
10. Ғылым таппай мақтанба өлеңінің авторы кім?
Жүргізуші:
Жігер тобына
1Дүние жүзінде неше тіл бар?
2. Махамбеттің Қызғыш құс өлеңі кімге арналған?
3. Үш бәйтеректі ата
4. Ирония деген не?
5. Аягөз, қайда барасың? кімнің өлеңі
6. Қарасазда дүниеге келген ақын кім?
7. Мұзбалақ сөзінің мағынасы қандай?
8. Үш арсызды ата
9. Балалар әдебиетінің атасы кім?
10. Балуан Шолақтың шын аты кім?
Жүргізуші:
ІІ Даналық сөзден дән ізде
Тілім менің!
Ұлы Абайдай, Мұқтардай пірім менің.
Тұтастығым рухани жан азығым,
Ол бүлінсе менің де бүлінгенім.
(тілге қатысты айтылған ұлт зиялыларының қанатты сөздерін жалғастыру, тақтаға қанатты сөздердің бірінші жолы жазылған слайдтар шығады)