Қазірдің өзінде Берел қазбалары және олардың негізінде құрылған тарихи-мәдени қорыққа атбасын бұрушылар легі толастар емес. Оның құрылысына мемлекет жүз миллион теңге қаржы бөліп отыр. Облыс және аудан басшылары Берелдің болашағынан көп үміт күтеді. Себебі Берелден табылған тарихи дүниелер қазірдің өзінде әлем жұртшылығының назарын аударып отыр. Мыңдаған жылдар бойы сақталып қалған патша мен оның аттары, құнды жәдігерлер қаз-қалпында бізге жетті. Енді олардың көшірмелерін осында әкеліп, ашық мұражай ашу міндеті тұр.
– Қазір Берелде құрылыс салуды жоспарлап отырмыз. Оның директоры үшін тұрғын үй салып беру, штат кестесін жасауды қолға аламыз. Катонқарағай – Берел жолына биыл 81 миллион теңге қаржы бөлінді. Оны жол салудың шебері, жергілікті азамат, облыстық мәслихаттың депутаты Темірбек Исабаев салып жатыр. Қысқасы, ашық аспан астындағы Берел мұражайы көпшіліктің таңдайын қақтырып, ел игілігі үшін жұмыс істемек, – деп аудан әкімінің орынбасары Қайыржан Садуов біраз жайларға қанықтырды.
Берелдің тағы бір ерекшелігі, ол әлем халқының, ғалымдардың басын қатырып отырған сыңайлы. Бірнеше мың жыл бойы адам мүрдесі, аттардың бұзылмай сақталуында не сыр бар? Сол кездің адамдары озық ойлы, ғылым мен білімді терең меңгерген екен деген ойға еріксіз иланасыз. Жеті қабат жердің астындағы мұздатқыш мүрделерді бүлдірмей сақтап келген. Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Түсіпхан Түсіпбеков міне, осы сауалдардың барлығына ашық аспан астындағы мұражай жауап бермек деген ойда.
Берелдің берері берекелі. Ол үшін қаржыны мемлекеттің аямағаны дұрыс. Себебі дәл Берелдегідей байлық бірде-бір елде жоқ. Ендеше Берел қорғаны енді біраз жылдан кейін ел халқы үшін адал қызмет ете бермек. Шетелдіктердің де Берелдің мұражайын тамашалауға әдейі атбасын бұратынына сенгіміз келеді.