Сабақтың тақырыбы: Адам генетикасы
Мақсаты:
Оқушыларға білім тереңдету мақсатында адам ағзасындағы хромосомалардың атқаратын қызметін және маңызын, хромосомалар арқылы тұқым қуалайтын аурулар мен ауытқуларды толық ажырату.
Генетикада адамның тұқым қуалаушылығын зерттеуге мүмкіндік беретін әдістерді білу.
Әр түрлі білім көздерін қолдана білу Ойларын салыстыруға, анализдеуге, жалпылауға және қорытындылауға Ұлы, дарынды адамдардың шежірелік карталарын құруға үйрету. Топпен жұмыс кезінде оқушылардың жаңа көзқарастарын қалыптастырып оқушылар арасында ұйымшылдықты және сыйласымдықты ояту. Өз ата – тектерін құрметтеуге және шежірелік карталарды дұрыс құра білуге тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: кіріктірілген сабақ
биология, әдебиет, Абайтану
Сабақтың типі: Жаңа білім меңгеру
Сабақтың әдісі: СТО: элементтері
- түсіндіре басқарып, оза оқыту
- жеке және топтық жұмыс
- өздік жұмыс
- қосымша әдебиеттермен жұмыс
- сұрақ – жауап
Көрнекіліктер: - электронды оқулықтар
- слайдтар
- шежірелік карталар
- қазақтың мақал – мәтелдері және нақыл сөздері
- қосымша әдеби оқулықтар
Сабақтың құрылысы.
І. Ұйымдастыру кезеңі
ІІ. Жаңа сабақты меңгеруге психологиялық дайындық (өткен сабақты пысықтау)
Кубизм әдісі (6 сұрақ)
1. Жынысты қалай анықтайды және аутосом дегеніміз не?
2. Гомозигота және гетерозигота ұғымдарын түсіндір (мысал келтір).
3. Хромосомалардың әртүрлілігі.
4. Барр денешігі дегеніміз не?
5. Жыныспен тіркес тұқым қуалау деген не?
6. Есеп.
ІІІ. Негізгі бөлім. Жаңа тақырыпты түсіндіру.
Өздерің айтып өткендей хромосомалар арқылы әртүрлі аурулар тасымалданады, осы аурулар тұқым қуалайды дедік. Бірақ, хромосомалар тек ауруды ғана емес, сол сияқты адамзат бойындағы дарындылық қасиеттерді де ұрпақтан ұрпаққа таратып осы өмірге дейін жетелеп келген.
Атадан ұл туса игі,
Ата жолын қуса игі
деп қазақ аталарымыз айтқандай, атаның жолын қуар ұл туса, оның бойындағы бар жақсы қасиеттерді қайталар еді. осыған орай адам генетикасын бастай отырып, адам да өз алдына бір биологиялық тұлға екенін ескереміз. Соңғы жылдары адамның тұқым қуалаушылығын зерттеу кеңінен бет алған және түрлі әдістер қолдана бастаған.
Топпен жұмыс.
І топ. Генеологиялық әдіс
Жақсыдан жаман туса да,
Жаманнан жақсы туса да,
Тартпай қоймас негізге
Құнанбайдың дарындылық қасиетін көрсететін шежірелік карта құру.
Дарындылық қасиеттің берілу белгісі.
Генеологиялық әдіс. Бұл әдістің негізінде адамда болатын түрлі белгілер мен қасиеттердің немесе аурулардың тұқым қуалауын оның шыққан тегіне қарай зерттеу жатады. Ол үшін зерттелетін мәселе бойынша әкесі және шешесі жағынан бірнеше буын бойы мәліметтер жинақталып, соның негізінде шежірелік сызбанұсқа жасалады. Кейбір белгілер мен қасиеттер кез келген ұрпаққа беріле алады, яғни доминанттылық жолмен тұқым қуалап, Мендель заңдарына бағынады. Мұндай жолмен тұқым қуалайтын белгілерге полидактилия (саусақтардың артық болуы), беттің секпілі, катаракта, шаштың қаралығы және т. б. жатады. Генеологиялық әдіспен адамның кейбір қабілеттерінің мысалы, музыкаға, шешен сөйлеуге, математикаға бейімділігі және т. б. тұқым қуалайтындығы анықталған. Ондай қасиеттер ұрпақтан - ұрпаққа беріледі. Айталық музыкаға қабілеттілік әйгілі Бахтардың әулетінде болған. Мұндай мысалдарды өзіміздің қазақ дарындыларынан да келтіруге болады. Ұлы Абайдың әкесі Құнанбай әулетінен тараған ұрпақтардың ішінде ақындар, сазгерлер, шешен сөйлейтіндер көп болған. Олар: баласы, қазақтың жазба әдебиетінің негізін салушы — Абай (Ибраһим); немерелері — Шәкерім, Әбдірахман, Мағауия, Ақылбай және т. б.