Қасым Аманжолов өлеңі
ХАН ТӘҢІРІ
Хан тәңірі –
қарт Тянь - Шаньнің жүрегі...
Хан тәңірі –
көк аспанның тірегі...
Хан тәңірі –
көп жасаған қария, –
Хан тәңірі –
жер жүзіне жария.
Хан тәңірі –
жүрегі – тас, қаны – сел,
Хан тәңірі –
лебі – боран, демі – жел.
Хан тәңірі –
қабағынан қар жауған,
Хан тәңірі –
балағынан қан тамған.
Хан тәңірі –
бұлт жамылып, мұз киген,
Хан тәңірі –
көкті құшып, Күн сүйген.
Хан тәңірі –
жерге басын имеген,
Хан тәңірі –
көк әлемін билеген.
Хан тәңірі –
қаһарынан қайтпаған,
Хан тәңірі –
ешкімге сыр айтпаған
Хан тәңірі –
ешкімге бой бермеген,
Хан тәңірі –
еш бағынып көрмеген
Хан тәңірі –
бағынбасқа серт қылған,
Хан тәңірі –
қарсылассаң, мерт қылған.
Хан тәңірі –
Күнге ғана табынған,
Хан тәңірі –
хабар алған сағымнан.
Қасым Аманжоловтың өлеңдерін қарау