Білім беру саласы: Шығармашылық
Білім көздері: Жапсыру
Тақырыбы: Күзгі өнімді жинауға арналған себет
Мақсаты: Балаларды өз қолдарыменен қағаздан әртүрлі бұйымдар жасауға үйрету. Қағаздармен жұмыс жасау техникасын игерту. Сабаққа деген қызығушылықтарын арттыру. Достыққа тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: Жыл мезгілдерінің суреттері, жеміс - жидек суреттері
Құрал - жабдықтар: Түрлі түсті қағаз, желім, қайшы
Сабақ барысы:
Ынталандыру, сезімді ояту
- Қане балалар бәріміз амандасып алайық:
Алма баққа барайық
Алма теріп алайық.
Ең үлкенін, дәмдісін
Анамызға сыйлайық!
Ізденістер ұйымдастыру:
Тосын сәт: Есік қағылады. Ішке бағбан атай келеді.
- Сәлеметсіңдер ме, балалар. Мен бағбан атаймын. Менің себетім сынып қалды. Сендер маған көмектесесіңдер ме?(балалар қуана амандасады)
- Иә, әрине
Тәрбиеші: - Балалар қазір жылдың қай мезгілі?
Балалар: Күз мезгілі
Тәрбиеші:- Ауа - райы қандай?
Балалар: Суық, жаңбырлы
Тәрбиеші: - Балалар күз айында астық жинаймыз. Көкөніс, жеміс - жидектер піседі. Оларды жинап аламыз. Олар бізге көп еңбекпен келеді. Егеміз, суарамыз, баптап күтеміз. Піскеннен кейін жинап аламыз. Балалар мына суреттерде қандай жемістер?
(балалардың жауабы)
Тәрбиеші:
Дәмі қандай?
Түсі қандай?
Ал пішіні ше?
Балалар аналарымыз базардан жеміс сатып әкелгенде оны қайда саламыз?
Балалар: себетке саламыз.
Тәрбиеші: Ендеше қағаздан себеттер жасаймыз және бағбан атайға да көмектесейік. Жарай ма?
Балалар: Әрине!
Балалар жұмысты қызығушылықпен жасайды. Қауіпсіздік техникасы еске түсіріледі. Алдымен түс таңдап алып, себеттің бейнесін бастыру тәсілі арқылы себетті қиып алып, қағаз бетіне орналасу бірізділігін сақтап, жапсырады.
- Себетті жасап болсақ, балалар, ойын ойнап алайық.
Ойын: Бөлігін тап
Тәрбиеші: Балалар мен тақтаға бөлінген жемістерді орналастырдым. Осы бөлінген жемістердің бөліктерін тауып құрастыруларың керек.
Сергіту сәті:
1 - дегенде тұрайық.
2, 3, 4 – дегенде алақанды соғайық,
Оң жаққа бұрылып,
Сол жаққа бұрылып
Біз шынығып алайық.
Тәрбиеші: - Жарайсыңдар, отырыңдар.
Бағбан атай да бірге қайталайды.
Ойын: Жемістер жинау ( Бағбан атай ұйымдастырады)
Қане, балалар жасаған себетімізге жемістерді салайық.
Қорытынды. Балаларды мадақтау. Қорытындылау. Жұмыстарын бағалау.
Тәрбиеші:
Енді балалар, бәріміз үлкен шеңбер құрып, келген бағбан атаймен қоштасайық:
Қол ұстасып тұрайық,
Шеңберді біз құрайық.
Көріскенше күн жақсы.
Сау саламат болайық!