Балалардың табиғат жайындағы білімдерін бекіту

Скачать

Сабақтың тақырыбы: Ғажайып аралға саяхат
Сабақтың мақсаты: Балалардың табиғат жайындағы білімдерін бекіту. Табиғатта болатын құбылыстарды танып сезіне білуге тәрбиелеу, тілдерін дамыту. Табиғатқа байланысты көріністер көрсету. Мақал - мәтелдер мен тыйым сөздерді жаттату арқылы ой - өрістерін дамыту. Табиғатты қорғап, аялай білуге тәрбиелеу.

Тәрбиеші: Балалар қараңдаршы бізге көптеген қонақтар келген екен. Ең алдымен қонақтармен амандасып алайық.
Балалар: Саламатсыздар ма?
Тәрбиеші: Балалар, біз осы өмір сүретін әлемде адамдар қайда тіршілік етеді?
Балалар: Барлық адамдар жер бетінде тіршілік етеді
Тәрбиеші: Адам тіршілігіне не ортақ деп ойлайсыңдар?
Тәрбиеші: Жер, күн, су, ауа, ай, жұлдыздар, ай.
Тәрбиеші: Олай болса, Аспан атамен, Жер анамен, шұғылалы Алтын Күнмен амандасып алайық. Шаттық шеңберге тұрайық.
Армысыз, қайырлы күн!
Армысыз қайырымды аспан ата!
Армысыз мейірімді жер ана!
Армысыз шұғылалы Алтын күн!
Қуанайық шаттанайық бәріміз,
Күліп шықты күн бүгін.
Бәріміз күндей жарқырайық.
Бәріміз тату болайық.
Бәріміз дос болайық!
Капитан: (Нұрдаулет) Жас теңізшілер сендердің көңіл - күйлерің қандай?
Балалар: Тамаша!
Капитан: Олай болса біз қандай баламыз?
Балалар: Біз ерекше баламыз,
Айтқан тілді аламыз.
Достарымды көргенде,
Қуана қарсы аламыз.
Тәрбиеші: Бүгінгі ауа - райымыз қалай?
Балалар: Тамаша!
Тәрбиеші: Тамаша болса онда балалар, біз жолға аттанайық.
Балалар: Қайда барамыз апай?
Тәрбиеші: Балалар бүгін біз екі кемеге отырып Ғажайып аралға сапар шегеміз. Ол арал ертегідей ғажайып арал деп аталады. Оны барып көргілерің келе ме?
Балалар: Ия, көргіміз келеді.
Тәрбиеші: Онда жолға шығуға екі кемеміз де дайын.
Капитан: Жас теңізшілер! Саяхат кезінде қандай болуымыз керек?
Балалар: Тату болу, капитанның айтқанын тыңдау.
Тәрбиеші: Дұрыс айтасыңдар балалар. Бір - бірімізді тыңдап ақылдасуымыз керек.
Тәрбиеші: Ал біз мінейік. Балалар осы біз немен демаламыз?
Балалар: Ауамен демаламыз.
Тәрбиеші: Балалар біз осы нені басып жүреміз?
Балалар: Біз жерді басып жүреміз.
Тәрбиеші: Ал су не үшін керек?
Балалар: Адамға сусыз өмір жоқ, гүлге де, егіске де, ағашқа да су керек, бәрі сумен.
Тәрбиеші: Дұрыс айтасыңдар балалар! Біз суды ішеміз, ауамен демаламыз,. Осылардың барлығы бізді қоршаған орта. Яғни, бір сөзбен қалай атаймыз?
Балалар: Табиғат деп атаймыз.
Тәрбиеші: Ендеше балалар, бізде кім табиғат туралы тақпақ біледі?
Нұрдаулет: Жомарт мынау табиғат,
Өзгергендей бізге арнап.
Қып - қызыл болып жалындап,
Қырда өседі қызғалдақ.
Диана: Табиғатты сүйеміз,
Қамқоршы болып жүреміз.
Күтіп баптап гүлдерді,
Көмекшілік етеміз.
Русланбек: Жаңбыр жауды себелеп,
Жасырынды көбелек.
Аспан кетті күркіреп,
Бұл не деген керемет.
Тәрбиеші: Балалар, табиғатқа қамқорлық кере пе?
Балалар: Табиғатқа барлық заттарға қамқорлық жасау керек, ластамау керек, таза болу керек.
Тәрбиеші: Дұрыс айтасыңдар, балалар! Енді су туралы не айтасыңдар? Балалар бізге су патшасы келіп қалыпты. Қане тыңдайық су патшасын.
Су патшасы: Мен осы теңіздің су патшасы боламын. Бәрін ұмытатын, маужырап ұйықтайтын теңізге кірдіңдер. (Теңіз туралы нәзік әуен қосылып тұрады). Ұйықтаңдар саяхатшылар. Сендерді ұйықтатқан себебім: мыстан кемпір қызыма тапсырма беріпті. Ол көп ойланды. Бірақ тапсырманы орындай алмады. Бұл тапсырманы шағаладан беріп жіберіпті. Мен енді қызымды босатып алуым керек. Мыстан кемпір қызымды байлап тастаған. Жібермейді. Тапсырманы орындаған соң жіберемін дейді. Сендер бұл тапсырманы орындауға көмектесесіңдер ме?
Балалар: Ия, көмектесеміз!
Капитан: Жас теңізшілер! Бой бермеңдер еркіне көнбеңдер, ұйқыдан ояныңдар! Қанекей сап түзеңдер! Мынау мыстан кемпірдің тапсырмалары:
1 - ші тапсырма:
Жер, су, ауа туралы тыйым сөздер мен мақал - мәтелдер айта белісз бе?
Тәрбиеші: Балалар қане кім мақал - мәтел біледі, айта қойыңдаршы.
Дияс: Көп тілесе алар,
Күн бұлттанса жауар.
Көркем: Көпке топырақ шашпа.
Ақниет: Сумен ойнама батарсың,
Отпен ойнама жанарсың.
Аружан: Көп толқыса ер құлайды,
Көл толқыса жар құлайды.
Тәрбиеші: Балалар ал енді кім тыйым сөздер біледі, айта қойыңдаршы.
Ерсұлтан: Ағынды суға кір жума.
Диана: Жас шыбықты сындырма.
Сағадат: Бұлақ көрсең көзің аш.
Русланбек: Суға түкірме, суды босқа төкпе.
Тәрбиеші: Міне, су патшасына да көмектестік.
Капитан: Жас теңізшілер! Қараңдаршы біз нағыз ертегідегі ғажайып аралға жеттік. Құстардың сайраған дауыстары естіледі, қандай тамаша жер!
Тәрбиеші: Балалар енді біз табиғат туралы жаттаған жұмбақтарымызды келген қонақтарға жасырайықшы.
Диана: Аспаннан жүзі жарық етті,
Ақ найза жерге жарық етті. (Найзағай)
Ерсұлтан: Түнде күлімдейді, суда дірілдейді. (Ай)
Нұрдаулет: Қанаты жоқ ұшпайды, аяғы жоқ қашпайды. (Жел)
Ақниет: Алдымда әртүрінен жібек жіптің,
Аспанға әшекейден кесте тіктім. (Кемпірқосақ)
Аружан: Аспанға ұшар біз болып,
Жерге қайтар су болып (Бұлт)
Сағадат: Бір түкті кілем, бір түксіз кілем (Жер, Аспан)
Тәрбиеші: Балалар қазір күз мезгілінде тұмау, салқын тию көп болады. Сондықтан ауырмау не үшін не істеуіміз керек?
Балалар: Жылы киініп жүруіміз керек, спортпен шұғылдануымыз керек, таза ауада серуендеуіміз керек, жеміс - жидектер, дәрумендер пайдалануымыз керек.
Тәрбиеші: Біз ауырған кезде кім көмектеседі?
Балалар: Дәрігер.
Тәрбиеші: Ал енді дәрігер туралы кім тақпақ біледі?
Ақниет: Ақ халатты киемін,
Аппақ болып жүремін.
Аппақ болып жүргенді
Өзім жақсы көремін.

Диана: Ақ халаты үстінде,
Аппақ оның ісі де.
Ауырсаң сені емдейді,
Келеді түн ішінде.
Көркем: Іш ауырса, тіс ауырса,
Мамам дәрі береді.
Барлық бала, барлық ана,
Оны жақсы көреді.
Тәрбиеші: Балалар ендеше Емхана ойынын ойнайық.
(Емханада дәрігер отыр, бір қыз есікті қағып кіреді)
Аружан: Саламатсыз ба!
Ақниет: Саламатсыз ба!
Аружан: Менің қызым Диана түнімен ауырып шықты, қызуы көтеріліп, жөтеліп шықты.
Ақниет: Қане, қызуын өлшейін, аузыңды ашып көрсете ғой. Тамағы қызармаған жақсы екен. Енді өкпесін тыңдайын, өкпесінде сырыл бар екен. Салқын тиген қызыңызға. Қазір мен сізге дір - дәрмек жазып беремін. Дәріханадан барып алыңыз.
Аружан: Рахмет сізге дәрігер ханым! Сау болыңыз!
Ақниет: Сау болыңыз! Тезірек сауығып кетіңіз!
Аружан: (Дәріханаға келеді) Саламатсыз ба маған дәрі беріңізші.
Диана: Саламатсыз ба! Дәрігердің қағазы бар ма? Әкеліңіз (дәрілерін береді)
Аружан: Рахмет, сау болыңыз!
Диана: Сау болыңыз, келіп тұрыңыз!
(Емханада көз дәрігері отыр, бір бала есікті қағып кіреді)
Русланбек: Саламатсыз ба!
Нұрдаулет: Саламатсыз ба!
Русланбек: Менің балам Ерсұлтанның көзі ауырып жүр еді, қарап беріңізші.
Нұрдаулет: (көзін қарап тексереді). Көзіңді шаң тозаңнан сақтау керек. Көп уақыт теледидар алдына отыруға болмайды, компьютер ойнамау керек. Көзді күту керек. Көзіңізге мына дәрумендерді күніне 2 - 3 рет тамызыңыз.
Русланбек: Жарайды дәрігер мырза! Сізге көп - көп рахмет, сау болыңыз!
Нұрдаулет: Сау болыңыз, тезірек сауығып кетіңіз!
Русланбек: (Дәріханаға келеді) Саламатсыз ба маған мына дәрумендерді беріңізші.
Диана: Дәрігердің қағазы бар ма? Әкеліңіз. Мінекейіңіз алыңыз (дәрілерін береді)
Русланбек: Рахмет, сау болыңыз!
Диана: Сау болыңыз, келіп тұрыңыз!
Тәрбиеші: Балалар, ауырмау үшін әрдайым дәрумендерді қолданып, денемізді шынықтырып отыруымыз керек. Жарайды, балалар. Ендеше бүгінгі біздің саяхатымыз сендерге ұнады ма?
Балалар: Ия, ұнады.
Тәрбиеші: Ендеше жарайсыңдар, балалар! Бүгін біз мыстан кемпірдің тапсырмасын орындадық ия, сондықтан мыстан кемпір тапсырманы орындағанымыз үшін бізге дәрумені өте көп құрманы беріп жіберіпті. Бұл жемісте дәрумендер өте көп екен. Сондықтан біз осы құрманы күнбе-күн жеуіміз керек екен балалар. Мыстан кемпірге не деу керек балалар?
Балалар: Рахмет!
Тәрбиеші: Жарайсыңдар, балалар! Ендеше бүгінгі Ғажайып аралға жасаған саяхатымыз аяқталды. Сау болыңдар! Қонақтармен қоштасайық балалар.
Балалар: Сау болыңыздар!
Тәрбиеші: балалар сендерге бүгінгі саяхатымыз ұнады ма?
Балалар: Ия.
Тәрбиеші: Біз қайда бардық балалар, кімге көмектестік? айта қойыңдаршы?
Балалар: Аралға, теңізге... мыстан кемпірге.
Тәрбиеші: Жарайсыңдар балалар! Осымен бүгінгі біздің қоршаған орта және экология сабағынан дайындаған ұйымдастырылған оқу іс - әрекетіміз аяқталды. Келгендеріңізге көп - көп рахмет, біз сіздермен қоштаспаймыз. Тек келесі кездескенше дейміз. Сау болыңыздар!
Қонақтардан ата - аналарға, ұстаздарға сөз береміз.


Скачать


zharar.kz