Қалжан ахунға
Ауру-сырқау айналып,
Елдің құты қашсын! - дер.
Әлпештеген біреудің
Жаңа түскен келінін –
Қара албасты бассын! - дер.
Әулиеге ат айтып,
Қорасанға қой айтып,
Абыржып, әбден сассын! - дер.
Аттерлетіп алдырып,
Басына зікір салдырып,
Дәулетін сөйтіп шашсын! - дер.
Бұл - бақсылар тілегі,
Сондай тілек бола ма,
Жақсылардың тілегі?
Жаны ардақты жақсының,
Күнде бірі өлсін дер,
Жаназасын оқы - деп,
- Шақырушы келсін! - дер.
Қатым құран шығарып,
Мал мен мүлкін бөлсін! - дер.
Сол бөлінген олжадан,
Өзгелерден көбірек,
Сыбағама берсін! - дер.
Бүл - молдалар тілегі.
Жақсы тілек бола ма,
Сонда олардың тілегі?
Ақ, жарылқап, күн туып,
Күнде қызық болсын! - дер.
Келін түсіп, ұл туып,
Үйге бала толсын! - дер.
Ел, азамат аман боп,
Басына бақыт қонсын! - дер.
Жамандық тілек тілейтін,
Жауыздық гүлі солсын! - дер.
Ойын-ойнап, жыр-жырлап,
Мерекелеп той-тойлап,
Жұрт жиналып келсін! - дер.
Бұл - жыраулар тілегі.
Сол тілекті тілейтін,
Мен солардың біреуі!
Молдалар, сауап іздесең,
Құранды оқы молаға.
Басына түне демеймін,
Келіңдер қайтып қонаға.
Өлім барды шашады,
Жоқтың артын ашады ,
Қосыла сендер тонама,
Жылап-сықтап жатқанда,
Олжада - ойы барларың,
Қараң құрсын жолама,
Тірінің көңілін ауласақ,
Дүние үшін жолдан аумасақ,
Мен сендерден садаға!
Құран оқып күңіреніп,
Сары уайым саласың,
Берсе, қағып аласың.
Соларың дұрыс бола ма?
Қажеті болса сөзімнің,
Аямаңдар, айта бер,
Көңіліме менің қарама!