Сабақтың тақырыбы: Тарқаған өкпе Толымбек Әбдірайым. (4 - сынып).
Сабақтың мақсаты: 1) мәтін мазмұнын түсініп, идеясын ашуға негіз жасау, өмірлік тәжірибе мен теорияны ұштастыра білуге, қолайсыз жағдайдың алдын алуға, болдырмауғаа жол аша білетін тәрбиенің бірден – бір көзі екенін ұғындыру;
2) сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерінің дамуына жағдай туғызу, қорытынды жасау, салыстыру, толықтыру, негізгі ойды түйіндеу, сипаттау, алған білімін жаңа жағдайларға пайдалана білу қабілеттерін дамыту, өзінше ойлау, сөйлеу мүмкіндігіне еркіндік беру, қолдау; 3) Өмірдегі қарама - қайшылықтар мен жағымды - жағымсыз деген түсініктерді ажыратып, баға беру арқылы шындыққа, адалдықа, достыққа деген қарым - қатынасын қалыптастыруға жағдай туғызу, өмірдің әртүрлі жағдайларына дұрыс көзқараспен қарауға, өмірдегі өкініші мен адалдығы және жан қиналысы бойындағы кемшіліктерін түзеу жолындағы әрекеттерін дұрыс қалыптастыру.
Сабақтың көрнекілігі: автор суреті, нақыл сөздер, әңгіме желісімен салынған сюжетті сурет, кемпірқосақтың суреті, түрлі - түсті таспалар, интерактивті тақта.
Әдісі: түсініп оқу, түсіндіру, сұрақ - жауап, ойын әдісі.
Пәнаралық байланыс: тіл дамыту, бейнелеу, ән - музыка.
Түрі: аралас сабақ.
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру бөлімі.
Күлім қағып қолымды
1, 2, 3 деп ұрайын.
Қасымдағы құрбыма
Қолымды мен бұлғайын.
Жылы - жылы сөзіммен
Жүрегімді сыйлайын.
Ыстық алақаныңмен
Қолыңды бер қысайын.
- Балалар, алақанымыздың жылуын бір - бірімізге сездіру арқылы сабағымызды сенімді және сәтті өткізейік.
ІІ. Үй тапсырмасын сұрау, қорытындылау.
Қазантаста С. Кенжеғұлов.
1) Мәтін мазмұнын талдау.
2) Шығармалар кестесін құру.
Әңгіме тақырыбы
Бай баласы мен жарлы баласы ------------ Қазантаста
Авторы
Ы. Алтынсарин --------------------------------------- С. Кенжеғұлов
Оқиға орны
Көшкен ел жұрты ------------------------------------ көшкен ел жұрты
Кейіпкерлері
Асан мен Үсен ----------------------------------------- Баттал мен Қойшыбай
Оқиға
Жұртта адасып қалу ---------------------------------- жұртта қалу
Себебі
Көшкенде ұмыт болған ---------------------------- жұртта қалу
Неге жылады?
Қорықты, қарны ашты ------------------------------ қорықты, қарны ашты
Оқиға немен аяқталды?
Екеуі аман - есен елге оралды ------------------- Бір бала тасқа айналды
Себебі
Досының айтқанын тыңдады ---------------------- Білгеннің тілін алмады
Мәтіннің соңғы сөйлемін оқып, әңгіменің негізгі ойын ашу.
Бұл қазантас – жалқау болма деген ескерту сияқты символ.
ІІІ. Жаңа сабақ.
1. Қызығушылықты ояту.
Белгілі бір жағдайға баға беріп, дұрыс шешімін табуға көмек беру үшін, оны сырттай бақылап, және ол жағдайды жан - жақты, әртүрлі бағытта байқау керек. Ол жағдайды қарастырудың қаншалықты жағын тапсаң, оны соншалықты жақынырақ танып, өзің үшін соншалықты мәлімет алуға жағдай туғызасың, дұрыс шешімін табуға мүмкіндік аласың.
- Қазір біз осындай оқиғаны қарастырамыз. Және бізге дұрыс шешімін табу үшін алдымыздағы кемпірқосақ көмектеседі. Ал сендер кемпірқосақ қай кезде шығатынын білесіңдер ме?
Қажет дерек. (қосымша мәліметпен толықтыру)
Кемпірқосақ ұдайы жаңбыр жауған жақтан шығады. Яғни, жаңбыр жауған кезде ауаны мың сан су түйіршіктері кернеп алады. ал әрбір су түйіршігі бір - бір кішкене призмаға ұқсас. Мұндай призмалар шексіз көп болғандықтан, кемпірқосақ та аспанның жартысын орай көрінеді.
Негеш 1995 жыл. 88 - бет.
2. Мағынаны тану.
1. Мәтінді оқымас бұрын автор жайында мәлімет беріп өту.
Толымбек Әбдірайым 12. 09. 1955 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Аякөз қаласында дүниеге келген. Ол – жазушы. 1991 жылы Қаз. ҰУ - ды бітірген. 1997 жылдан бері Қазақ әдебиеті газетінің Астанадағы меншікті тілшісі. Алғашқы әңгімесі 1970 жылы жарияланған.
Шығармалары:
1. Еркешора Әңгімелер, ертегілер, повесть. 1996.
2. Мақтаншақ сары сағат ертегілер. 2001
3. Ине мен жіп . Ертегілер. 2001.
2. Тақырыпқа Болжау стратегиясы бойынша талдау жасау.
- Қалай ойлайсыңдар, әңгіме не туралы болуы мүмкін. Олай ойлауыңа не себеп болып тур.
- Нені негізге алып отырсың?
3. Мәтінді Түртіп алу стратегиясы бойынша оқушыларға тізбектей оқыту.
4. Сөздік жұмысын жүргізу.
Күн құрғатпай – күнде немесе күн сайын.
5. Жаңа ұғым, жаңа әрекеттерді меңгерту кезеңі.
- Қалай ойлайсыңдар, әңгіменің негізгі ойы неде?
- Бұл әңгімені бізге нені үйренсін, қандай тәлім - тәрбие алсын деп берген екен?
6. Әңгімедегі болған оқиғаны топта талдау.
- Бұл оқиғаны топта талқыламас бұрын, біз қазір кемпірқосақтың түрлі - түсі бар ленталарды тағайық. Кемпірқосақтың түрлі түсті шапақтары барлық әлемді шарлап, жер әлем жаңарып, тіршілік нәрімен сусындағанда, тазарғанда шығады. (Әр топқа өз қалауы бойынша түстерді таратып беру, әр топ сол түске байланысты тапсырмаларды орындайды.)
Қызыл түс – шынайылықтың белгісі болып келген, осы түс арқылы оқиғадағы Алданның ішкі жан - дүниесіне үңіліп көрелік. Оның жан - дүниесінде не болып жатыр деп ойлайсыңдар?
- Бір сәтке өзімізді оның орнына қойып көрелік.
- Алдан Сәруарға деген достығын әңгімеде көрсете білді ме?
- Олардың арасындағы достық міндет, Алданның досы алдындағы борышын өтеу сияқты міндеттер қалай орын алған?
- Әңгіме соңында олар қандай жағдайда болды?
Қызғылт сары түс таққан топ әңгімедегі келеңсіз жайт неге орын алды? Оған себеп болған не? Осыны зерттейді. ( Топтастыру стратегиясы)
Келеңсіз жайт неге орын алды?
Себеп не?
Сары түс – бізге бұл оқиғаның тек жақсы жақтарын қарастырады, болған жайттың қандай пайдасы болғанын анықтайды. Яғни тәрбиелеудің де түрлі тұстары болатынын қарастырады. ( Т кестесін құру)
Жасыл түс – бұл шығармашылық адамдары. Бұл топ бізге болған жайды суреттеп, өлең немесе сурет салуы керек.
Көгілдір түс – бейбітшілік, ынтымақ белгісі. Ендеше бұл топ әңгіменің өзімізге өмірлік сабақ болатын жаман жағы мен жақсы жағын атап көрсетуі керек. ( Венн диаграммасы арқылы)
Көк түс – бұл оқиғада бала үшін жағымды және ол үшін ұнамай тұрған нәрсені атап көрсетулері керек.
Күлгін түс – Автор рөлін атқарады. Бұл оқушылар автор ретінде нені жеткізгісі келгенін, нені негізге ала отырып бұл әңгімені жазу себептеріне тоқталады. ( Автор орындығы стратегиясы)
Оқушылар пікірін тыңдау.
- Өмірде әр біріміздің басымызда әртүрлі жағдайлар кездесіп жатады. Бүгін біз осындай жағдайлардың біріне сырттан қарап, оған жан - жақты баға беріп, бақылап көрдік. Олар бізді шыдамды болуға, дұрыс шешім қабылдай білуге, өз эмоциямызды сырттай бақылап, өмірлік сабақ алуға көмектеседі. Яғни, сендер бүгінгі сабақ арқылы достық қамқорлықты түсіне аласыңдар. Тек осылай ғана өзімізге пайдалы жақтарын еске ала аламыз.
- Өзің Алданның орнында болсаң не істер едің? (Балалардың жауабын тыңдау)
3. Ойтолғау.
- Біз бүгін өте жақсы жұмыс жасадық. Сендер өздеріңнің көптеген сұрақтарға шешім таба алатын жеке тұлға екендіктеріңді көрсете білдіңдер. Бүгінгі кемпірқосағымызға рақметімізді айтып, әдемілейік. Кемпірқосағымыздың жан - жағына бүгінгі сабақтан алған әсерімізді стикерге жазып, жапсырайық.
IV. Сабақты қорытындылау.
Дос туралы мақалдар айту.
V. Бағалау.
VI. Үйге тапсырма.
1) Менің досым атты эссе жазу.
2) Мәтінді қайта оқып, мазмұндауға дайындалу.
Батыс Қазақстан облысы, Зеленов ауданы,
Белес жалпы орта білім беретін мектептің
бастауыш пәні мұғалімі Гайсина Дамели Бактыгалиевна