Фариза Оңғарсынова өлеңі
Қасиет көп адамда табынардай,
(шығара алмай қалмаса бағы жанбай),
ең керімі солардың - жат біреуді
сүйіп, жақсы көруі жаны қалмай.
Күйіп - жанып ауырады, сенделеді,
талпынады жан дертін емдегелі.
Сүйте тұра ол жаннан талап етер:
"тиесің, - деп, - сүюге сен де мені!"
Болмаса да о баста еш тірегі,
талмай жақсы көре алар естілері.
Тек адамдар өзінің сүйгенін де
міндет етіп кейіннен тепсінеді.
"Сүйем, жақсы көрмейсің сен неге?" - деп,
сонау сүйіктісіне елден ерек
бойындағы бар харам қылықтарын,
былықтарын көрсетер ең керемет.
Ұмыт қалып сезімнің сағым таңы,
(адамзаттың кешірген сан ұрпағы)...
Басқаға өзі биязы, сүйгенінің
жанын осып, жүрегін ауыртады.
Ақиқатқа күн тумас айла қалмай,
өмірің де қайнаған тайқазандай.
Көк темір де құрышқа айналмайды,
от - жалынға өртеніп қайнап алмай.
Фариза Оңғарсынованың басқа өлеңдерін қарау