БАҚЫТ ДЕГЕН НЕМЕНЕ?
Өмірде ақылды болсаң –
бақытты болуың оңай...
Күнделіктегі жазу
БАҚЫТТЫ БОЛҒЫМ келмейді - дейтін ешкім жоқ шығар, сірә.
Қайта барша жан бақытты болсам ғой - деп армандайды.
Бар адамның тыныс - тіршілігі, талпынысы, ойлауы, шаршауы... Осы бір ауыз сөзге жету үшін емес пе?
Бақыт! Кейде жүрегінде ғана сақтайтын, кез келген айтпайтын аяулы да құдіретті сөзге айналады.
Бақыт! Иә, кейде жақын адамға жеткізер тілегіміз де осынау сөзге келіп тіреледі.
Бақыт! Айтыңызшы мұны сіз қалай түсінесіз? Мәселен, біреу үшін бұл байлық... Лотереядан машина ұтып алу немесе зәулім, әдемі үй салу, болмаса іскерлікпен мол ақша табу.
Бәлкім, біреу үшін ол – адал дос. Ешқандай шүбәсіз, көңіл түпкіріндегі айнымас жан.
Енді біреулер оны сүйгеніңмен қосылу, отбасын өрбіту, бала - шаға сүю дейді.
Енді біреулер жер - жаһанды аралау, елді - жерді көру деп біледі. Кейбіреу қалаған мамандығын алғанды айтады, өзге біреу жақсы қызметке тұрғанды, тілге тиек етеді. Енді бірі аңсап күткен арманыңның орындалуы дер еді...
Иә, әркім әрқалай бағалайды.
Атамыз қазақ ер бақыты – жүйрік ат, жақсы жар, тіл алғыш бала, таудай әке, аққан бұлақтай ана деп білген.
Әйтеуір, бақытқа апаратын жол жарқырап тұрған жоқ. Ол адамның сана - сезімінде, ақыл - ойында, жүрегінде жатыр.
Меніңше, ол бір - ақ нәрсеге байланысты емес. Оның астары да, аясы да кең.
Мен өзім бақыт дегенді жеті жағдайда түсінемін:
1. Жарық дүниеде өмір сүріп Адам екеніңді сезіну.
2. Қабілетіңді, бойыңдағы дарынды, азаматтығыңды дәлелдеу.
3. Адамдарға қуаныш сыйлай білу.
4. Сені іздейтін, сағынатын адамыңның бар екенін ұғыну.
5. Адамдардың сеніміне ие болу.
6. Борыш пен парызға адал болу.
7. Артыңда өшпейтін ізгілікті із қалдыра білу.
Ал, мұның бәріне жету үшін ең алдымен ақыл - парасатың мен денсаулығың болмаса – бәрі далбаса!
Адам екі нәрсеге шүкіршілік етуі керек екен.
1) Ақыл - есінің бүтіндігіне
2) Денінің сау екендігіне
Міне, бақыт деген осы!
Әкім Ысқақтың Жүректегі жазулар Күнделік эссесінен
Толық нұсқасын қарау