Топ: Балдырған .
Білім беру бөлімі: Денсаулық.
Бөлім: Қауіпсіздік мінез - құлық негіздері.
Тақырыбы: Азық - түліктер. Дәрумендер.
Мақсаты: Пайдалы азық - түліктер мен дәрумендер және салауатты тамақтанудың маңызы туралы білімдерін бекіту.
Есте сақтау, ойлау қабілеттерін арттыру, зейіндерін дамыту.
Өз ағзасын күтуге тәрбиелеу.
Сөздік жұмыс: дәрумендер.
Қос тілдік: дәрумендер - витамины
Мотивациялық қозғаушылық
Шаттық шеңбері.
Біз балдырған тең басқан,
Дос құшағын кең ашқан.
Тілегіміз әділдік,
Ашық болсын көк аспан!
Тосын сәт: Дәрумендер еліне баруға Дәрігер шақырады.
Ұйымдастырушылық - ізденістік
Кіріспе бөлім.
- Қалай ойлайсыңдар, бұл ел неге Дәрумендер елі деп аталды екен?
- Тұрғындары нені жақсы көреді деп ойлайсыңдар?
Дәрумендер туралы түсінік беру:
- Дәрумендер - балалар денсаулығының күшті болып өсуіне көмектесетін заттар. Дәруменді өсімдіктер мен жануарлар өздері бөліп шығара алады, ал адамдар бұлай жасай алмайды. Сондықтан адамдар дәруменді тамақ арқылы қабылдайды. Көкөністер мен жемістерде, басқа да азық - түліктерде көптеген дәрумендер бар. Егер бала дәруменді аз қабылдаса, ол аурушаң болып, тәбеті нашарлайды, баяу өседі. Бізге жақсы таныс көкөністерде дәрумендер өте көп.
Жұмбақ жасырады:
Шашы жердің бетінде,
Өзі жердің астында. Ол не?
Сәбіздің суретін көрсетіп, өлең оқиды.
Сәбіз бізге керекті,
Дәруменді береді.
Пайдалансаң оны көп,
Көзің жақсы көреді.
- Сәбізде А дәрумені көп кездеседі. Бұл дұрыс өсуге және көздің жақсы көруіне көмектесетің дәрумен.
Суреттермен жұмыс.
Тақтада азық - түліктердің (сары май, ірімшік, бауыр, қызанақ, қызыл алма, шабдалы, өрік) суреттері.
- А дәрумені бар азық - түліктерді кім атап береді?
- Ал, В дәрумендері ми мен бүкіл ағзамыздың жақсы жұмыс істеуі үшін өте маңызды. В дәрумені бұршақ, қарақұмық, сонымен қатар ірімшікте, балықта, қара нанда кездеседі.
- В дәрумені бар азықтарды кім біледі?
Сергіту сәті.
Саусақтарға қараңдар,
Бұл кішкентай балалар.
Тапырлатып жүреді,
Көңілденіп күледі.
Жаттығуды енді сен,
Бірге жаса менімен.
Жинап алып күшінді,
Көрсет маған ішінді.
Сымбатты боп келеміз,
Сәл еңкейді денеміз.
Аман, сау боп ағзамыз,
Түзу болды арқамыз.
Досымызға қарайық,
Күлімсіреп алайық.
- Енді С тобының дәрумендерімен танысайық. Бұл дәрумендер ағзамызды әртүрлі аурудан қорғап, қан айналатын тамырларымыздың берік болуына көмектеседі. С дәрумені көптеген жеміс - жидек, көкөністерде кездеседі.
Ал пияз туралы тіпті мынадай мақал да бар:
Пиязды көп жеген,
Ауырмайды екен.
- Суреттегі жеміс - жидек, көкөністерді атап айтыңдар. Олардың құрамында қандай дәрумен бар екен?
- Дәрумендер елін ары қарай аралайық.
Д дәрумені біздің сүйегіміздің берік болуы үшін өте қажет. Олар өсімдіктекті емес, жануартекті азықтарды кездеседі, мысалы: ет, бауыр, сары май, ірімшік.
- Қалай ойлайсыңдар, жылдың қай мезгілінде біз дәрумендерді көбірек қабылдаймыз?
- Неліктен?
- Ал, жылдың басқа мезгілінде дәрумендерден тапшылық көрмеуіміз үшін, олар дәріханаларда түйіршік дәрі ретінде сатылады.
Ойын: Дәрумендер себетін жинау .
Шарты: Дәруменнің аты жазылған себетке тек ғана сол дәрумен кездесетін азықтарды салу керек.
Әр топтың балаларынан дәл осы суреттерді неліктен таңдағанын түсіндірулерін сұрайды.
Рефлексиялық түзетушілік
- Міне, біздің саяхатымыз да аяқталды.
- Қандай дәрумендермен таныстық?
- Дәрумендер елінде қандай қызықтар көрдік?