Мұқағали Мақатаев
Иек артқан теңізге мүйістейін,
Келші, қарғам, шашыңнан иіскейін?
Иіскейін тек қана, тиіспейін,
Келші, қарғам, шашыңнан иіскейін?
Қолаң қара шашың - ай күн қақтаған!
Қос бұрым - ай жотанда бұлғақтаған!
Қарғам, сенде жерімнің иісі бар - ау,
Жер иісі жұпардан қымбат маған!
Иісі бар - ау дәннің де, шалғынның да,
Қырдың да, қырманның да, жаңбырдың да,
Тұр, сірә, мына шашта иісі аңқып
Аптаптың, аңызақтың, тандырдың да.
Шашыңнан иіскетші, қарғам, маған?
Есіме түсер ме екен арман - далам.
Иіскетші?
Жауқазын - жан екенсің;
Жасанды әсемдікке алданбаған.
Тұрғам жоқ сауға сұрау қылығыңнан,
Жан едім махаббаттың құрығы ұрған.
Иіскейін жұртымның топырағын,
Иіскет, қарғам, маған бұрымыңнан?
Мұқағали Мақатевтың өлеңдері 1
Мұқағали Мақатевтың өлеңдері 2