Дабыл - ұрып ойнайтын аспап

Скачать

Домбыра – дастан
Мақсаты: жас ұрпақты қазақ халқының ұлттық саз аспаптарымен жалпы таныстыра отырып, халықтың рухани қазынасы домбыраның құдіреті жөнінде түсініктерін кеңейту; күй шығармаларын сезіммен түсінуге баулу; оқушылардың танымдық қызығушылықтарын арттыру; қазақша сөйлеу тілін дамыту; қазақ халқының өнерін құрметтеуге тәрбиелеу.
Көрнекі құралдар: слайдтар, Қазақтың халық композиторлары стенді, нақыл сөздер, Музыка гор и степей атты бейне материалдар, күйлер жинағы.

Өткізу барысы: Роза Рымбаеваның орындауында Домбыра әні ойнап тұрады
Мұғалім: Қымбатты балалар, құрметті әріптестер! Бүгінгі қазақ тілі апталығының басталуына арналған 7 - сынып оқушыларының дайындаған Домбыра - дастан атты ашық сыныптан тыс іс - шарасына қош келдіңіздер.

Жүргізуші: Бұрынғы өткен заманда бір күйші ғұмыр кешіпті. Бала кезінен өнер қуып күй шертіпті. Өмір бойы домбыра, қобыз, жетіген, сыбызғы, шаңқобыз, шертер, дабыл аспаптарын жасапты. Оның орындаған күйлерін тыңдаған адамдар да, жан - жануарлар да, жүректеріне тәтті шырын құйылғандай ерекше бір сезімге бөленеді екен. Сырқат адам ауырғанын, мұңды адам қайғысын ұмытып, жылаған бала жылауын тоқтатып, өмір бойы осылай болуды қалайтын күйде болады екен. Жылдар өтіп, күйші қартаяды. Күйші:
Слайд: Құрманғазы

Мұғалім: - Кімде - кім менің сиқырлы аспаптарыма тіл бітіріп шырқатса, сол адамға аспаптарымды мұра етіп қалдырамын, - деп жар салады.

2 - жүргізуші: Сол заманда Өнербай деген кісінің тоғыз ұлы болыпты. Олар шетінен өнерлі, ақылды, дарынды болып өскен екен. Олар өнер, білім іздеп ел аралап жүріп күйшінің үйіне келеді. Балалар үйге амандасып кіргенде қазақ үйдің керегесінде ілулі тұрған аспаптар сыр шерткісі келіп тұрғандай күңіреніп кетеді. Осылайша домбыра, қобыз, жетіген, шаңқобыз, сазсырнай, сыбызғы, шертер, дабыл, асатаяқ, даңғыра өмірге келіпті.
Слайд: Қазақтың саз астаптары
Мұғалім: Алғашқы бөлім Қазақтың саз аспаптары деп аталады. Олармен бізді жас музыка зерттеушілер – 7 - сынып оқушылары таныстырады. (слайд бойынша оқушылар әңгімелеп береді)
Слайд:

Даңғыра - ұрып ойнайтын аспап. Даңғыраның дыбысы қоңыр, жуан. Дүрсілдеген дыбысы жан - жануардың аяғының шапшаң жүрісін, күннің күркірегенін т. б. салады.
Асатаяқ – сілкіп ойнайтын музыкалық аспап. Асатаяқ ағаштан жасалады. Тегіс бетіне түрлі темірден жасалған, өрнектелген сылдырмақтар ілінеді. Сілкіп ойнағанда сылдыраған дыбыс береді. Асатаяқтың түрі көп. Күй мен әнді орындау кезінде асатаяқпен сүйемелдейтін болған.
Жетіген – жеті ішекті, шертіп ойналатын көне аспатың бірі. Бұрауы жоқ. Құлақ күйі жеті асықты ары - бері жылжыту арқылы келтіріледі. Шанағы тұтас ағаштан жасалған. Ішектері аттың қылынан тағылады.
Қобыз – ысқышпен ойналатын қос ішекті музыкалық аспап. Шанағының беті ашық келеді. Ағаштан ойылып жасалады. Қобыздың жаңа және ескі түрі бар. Қобыздың пайда болуы 8 - ғасырда өмір сүрген күй атасы Қорқыттың есімімен байланысты.
Слайд: қобыздың түрлері
Мұғалім: Дұрыс айтасыңдар, әрине Қорқыт ата. Қорқыт туралы кім айтып береді?
Слайд: Қорқыт +қобыз
Оқушы: Қорқыт ата 8 ғасырда өмір сүрген, атақты ақын, асқан күйші, аңыз кейіпкері. Қобыз аспабын жасаған, шығарған күйлері де өте көп. Қорқыттың соңғы күйі Башпай деп аталады.
Шертер - қазақтың ішекті аспаптарының бірі. Үш немесе төрт ішегі болады. Құрылысы жағынан домбыраға ұқсас. Шертер аты айтып тұрғандай шертіп ойналады.
Сазсырнай - үрлеп ойнайтын аспап. Сазсырнай саз балшықтан жасалады. Кептіріледі және отқа күйдіріледі. Бірнеше ойығы бар. Аспаптың дыбысы табиғаттың үні тәрізді.
Дабыл - ұрып ойнайтын аспап. Ең көне аспаптың бірі. Дабыл теріден жасалады. Ағашқа керіліп кептіріледі. Дабылды қолмен немесе ағашпен ұрып ойнайды. Дабыл халықты жиынға шақыруға немесе хабар айтар алдында соғылатын болған.
Шаңқобыз - тілшікті аспап. Темірден жасалады. Тіспен тістеп, темір тілшігін саусақпен қозғап, дыбысын шығарады.

Слайд: домбыра
Домбыра Домбыра – қазақ халқының арасында кең тараған екі ішекті шертпелі музыкалық аспап. Домбыра өте ертеден келе жатқан баға жетпес музыка аспабы. Сіз оған жақын келіп, шектерін шертіп құлақ түрсеңіз, әсемдік дүниенің есігі ашылғандай болады. Күмбірлі әуен сізді сансыз қиял соңынан жетелейді. Домбыра аспабы арқылы ата - бабаларымыз ән шырқап, күй орындаған, оны өзінің өмірлік серігі еткен.
Слайд: оркестр Отырар сазы және Н. Тлендиев

Мұғалім: Міне балалар, біз сиқырлы аспаптардың сырын аштық. Қазір бәріміз бірге белгілі сазгер Н. Тілендиевтің Ата толғауы күйін тыңдайық. Осы күйді тыңдағанда күңіреніп шыққан домбыраның, қобыздың, сазсырнайдың, сыбызғы, жетіген, дабыл аспаптарының сиқырлы үнінен терең толғау, сырлы сарын естіліп тұрғанын сезуге болады.
Отырар сазы оркестрінің орындауында Ата толғауы күйін тыңдау
Жүргізуші: Ал енді, солардың ішіндегі ел арасында ең көп тараған музыкалық аспап – бұл домбыра.

Слайд: өлең
Жүргізуші:
Білмеймін теңі бар ма, бағасы да,
Домбыра – ата көзі, баба мұра.
Тербеліп кетсе шектер, теріп перне,
Теңіз күйі төгілгендей шанағына,
Домбыра – қазақ жаны, мөлдір әні.
Кімдер ол қомсынатын домбыраны?
М. Әлімбаев

Мұғалім: Енді бір сәт домбыраның шығу тарихы жөнінде тыңдап көрелік.
Бұл аспап – бүкіл түрік тектес халықтың ортақ игілігі болып табылады.
Жүргізуші: Домбыра аспабының қалай пайда болуына байланысты аңыз әңгімелер көп.
Бейнематериал қарау:
Слайд: домбыраның құрылысы
Жүргізуші: Домбыра негізінен үш бөліктен тұрады: басы, мойны және шанағы. Мойнына перне байланған, өн бойына екі перне байланып, олар түйме арқылы және басында құлағына байланған. Домбыра бетінде орналасқан дөңгелек ойық және перенені керіп тұратын тиек орналасқан.

Слайд: Домбыра – күй аспабы
Жүргізуші: Іс шараның келесі бөлімі Домбыра – күй аспабы деп аталады.
Слайд: Домбыра тілі – тілсіз тіл
Жүргізуші: Күй – жеке музыкалық жанр болып қалыптасқаннан бастап, домбыра аспабы қоса дамып келеді. Домбыра адам жүрегінің тереңінен жарып шыққан жан самалы, жан сыбдыры болып ұрпақтан - ұрпаққа ортақ тіл, жүрек тілімен жалғасады. Домбыра тілі – тілсіз тіл, бірақ оның үні арқылы ойыңды жеткізе аласың. Оның куәсі Ақсақ құлан күйінің шығу тарихына байланысты аңыз.
Жүргізуші: Енді осы Ақсақ құлан күйін тыңдап, бейнеклипті тамашалайық.
Бейнематериал қарау:
Мұғалім: Күй үні адам тілімен айта алмайтын, адамның ішкі жан дүниесіндегі ойын жеткізетін, сұлулықты жырлайтын, адамның көңіл күйін, сезімін түсінуге тәрбиелейтін музыка. Соның куәсі жаңағы өздерің тыңдаған Ақсақ құлан күйі адам өмірінің арашасы болған домбыраның құдіретін баяндайды.
Слайд: Нағыз қазақ ол өзі емес..
Жүргізуші: Қазақ үшін күй оның бар жан - дүниесі, салт - дәстүрі мен мәдениеті, сыңғырлаған тарих беттері. Сондықтан қазақтар күй орындаушыларды өте жоғары бағалаған. Қазақ халқы осы домбыра үні арқылы басынан кешкен сан қилы заман тағылымын ел болашағын, асыл арманын жеткізе білген. Қазақ - нағыз қазақ өзі емес, нағыз қазақ – домбыра деп тегін айтпаса керек.
Слайд: өлең
Мұғалім: Осы кезде қасиетті қара домбыраға тіл бітіпті:
Үнім менің шалқиды бар ғаламға,
Арнаймын саз - күйімді бар адамға.
Құрманғазы, Тәттімбет, Дина әжемнің
Күйлерін кім жеткізер болашаққа.

Слайд: Құрманғазы
Жүргізуші: Ендігі кезекті осы домбыра тілін сөйлеткен, адамның ішкі жан дүниесін халқына жеткізе білген ұлы күйшілер мен күйші - композиторларға берелік. Олардың ішінен қазақтың күй өнерінің негізін салушы ұлы күйші, композитор Құрманғазы Сағырбайұлы.
Бейнематериал қарау:
Оқушы: Құрманғазы Сағырбаев – 19 ғасырдағы аса көрнекті композитор, теңдесі жоқ ұлы күйші, күй атасы. Ол – өз заманындағы қоғамдық - әлеуметтік әділетсіздікпен күресіп, азапты ғұмыр кешкен. Ол өзінің бар өмірін, ел басына түскен ауыр кезеңдерді өзі шығарған күй тілімен жырлап өтті. Оның Серпер , Сарыарқа , Адай , Балбырауын , Ақбақай , Көбік шашқан , Қайран шешем , Түрмеден қашқан , Аман бол, шешем, аман бол және т. б. көптеген күйлері баға жетпес асыл туындыларға жатады.
Құрманғазының Сарыарқа күйі тыңдалады.
Жүргізуші: Осы күйді тыңдағанда қандай сезімде болдыңдар? Көңіл - күйлерің қандай? Күйші бізге домбыра үні арқылы нені жеткізіп отыр?
Оқушы: Сарыарқа - еркіндік іздеген қазақ халқының жан дүниесі, сол халықтың жеңіс жыры , мақтанышы. Сарыарқа төкпе күйге жатады. Екпіні жылдам. Күйдің басынан аяғына дейін көптеген аспаптардың үнімен қатар домбыра аспабының дыбысы ерекше естіліп тұрады. Бұл күйді Құрманғазы Сарыарқаны басып өтіп, Сыр бойына бет алып бара жатқан кезінде, кең даланың кербез көркі мен сұлу табиғатына тамсанып, шаттанып шығарған күйі екен.
Слайд:
Мұғалім: Современник Курмангазы Сагырбаева уральский журналист и поэт Н. Савичев в газете "Уральские войсковые ведомости" писал: "Сагырбаев - редкая музыкальная душа и, получи он европейское образование, то был бы в музыкальном мире звездой первой величины..."
Халыққа жеткіз күйімді көрініс
Автор: Қолына кішкене ғана домбыра ұстаған жасөспірім қыз бала Құрманғазының жанына келіп отырады. Қария күйін тоқтатып, жас гүлге көз тікті. Тек осыны күтіп отырғандай, жас қыз қарияның әлгі күйін ойнай жөнелді. Оның перне басқан саусақтарына көз ілеспейді. Қарияның риза болғаны соншалықты, жас баланы мейірімді құшағына алып, бетінен кезек - кезек сүйеді.
Құрманғазы: Айналайын қарағым, қыз да болсаң, мұрамды ұстарлық болып туыпсың. Көп жаса, қызым, көп жаса! Мен осы күнге дейін:
Жан шошыр бастан өтті талай майдан,
Шыққан жоқ атқан оғым терең сайдан.
Екпінді кек күйінде күш беретін
Ұл туар дәл өзімдей ана қайдан? – деп налып едім. Өркенің өссін, қарағым, мұрамды менің алып қал. Бұл тартқаның қандай күй?
Дина: Ата, бұл күйді Көбік шашқан деп атаса болады.
Құрманғазы: Тауып айттың, қарағым. Күйдің аты Көбік шашқан , бұл – кек күйі, халық қаһары. Атың кім сенің, қарағым?
Дина: Менің атым – Дина.
Құрманғазы: Мерейлі бол, Динажан, мен – кек күйшісі Құрманғазымын. Тәрбиешім – Махамбет ақын. Бар мұрамды саған тапсырдым, халыққа жеткіз күйімді! (Динаға үкілі домбырасын ұсынады).
Дина: Ата, шын маған сеніп берсеңіз, күйлеріңізді халыққа ойнап беруге, келесі ұрпаққа жеткізуге ант етемін! (тізерлеп отырып, домбыраны қолына ұстап, сүйіп - сүйіп алады).
Автор: Міне, Құрманғазы мен Динаның кездесуі жөнінде ел осылай аңыз айтады. Ардақты Дина анамыз осы антын адал орындады. Ол Құрманғазыдан алған асыл мұрасын алтындай сақтап, қазақ халқының қымбат қазынасына табыс етті.
Жүргізуші: Бұл көріністе Құрманғазының шәкірті болған қазақ қыздарының арасынан алғашқы шыққан домбырашы Дина Нұрпейісовамен таныстық. Ол ұлы күйші Құрманғазының мол мұрасын, күйлерін бізге жеткізді.
Мұғалім: Жаңағы айтқан Дина Нұрпейісова бізге Құрманғазының күйлерін жеткізсе, енді сол күйлерді келесі ұрпаққа жеткізетін талантты жастар біздің мектепте де бар. Солардың бірі 6 сынып оқушысы Диас Есенгелдин.
6 сынып оқушысы Диас Есенгелдин Алатау күйін орындайды, қабыл алыңыздар.
Слайдтар: Беташар , Тойбастар , Құдаша т. б
Мұғалім: Домбыра аспабы арқылы ата - бабаларымыз ән шырқап, күй орындаған, оны өзінің өмірлік серігі еткен. Халықтың бірде - бір мейрамы домбырасыз өтпеген. Қазір де солай, концерттерде, әрбір жиын - тойда, үйлену тойларында, мерекелерде домбырамен ән айтылады.
Мұғалім: Домбырада әлем халықтарының кез - келген музыкасын ойнауға да болады. Мысалы Моцартты.

Бейнематериал қарау:
1 - оқушы:
Бұл күні тұрақты орын алып төрден,
Әр үйдің санасына жарық берген.
Домбыра сырын жайып сан ғасырдың,
Зар - мұңын бабалардың алып келген.

2 - оқушы:
Тыңдасам сені күнде түлеп ұшам,
Кезіккен әр адамды күле құшам.
Сиғызып бар сезімін шанағына
Нұр төккен қазағымның жүрегі сен.

Мұғалім: Міне, балалар, домбыра қазақ даласының үні, асқақтығы, еркіндігін жеткізетін құдіретті аспабы.
Мұғалім: Ол дарынды бабаларымыздың бізге қалдырған асыл мұрасы, рухани байлығы.
Жүргізуші: Осы домбыра біздің жаңа ғасырдағы жан серігіміз болып қала бермек.
Жүргізушілер бірге: Сыңғырлай бер, жырлай бер, төгілте бер күйіңді қасиетті домбыра!
Бейнематериал қарау:
Мұғалімнің қорытынды сөзі.

Ақмола облысы, Ақкөл ауданы,
№1 Ақкөл орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Сағынбаева Зинаркүл Қызыриновна


Скачать


zharar.kz