Сап - сап көңілім сап, көңілім

Скачать

Абай Құнанбаев

Сап-сап, көңілім, сап көңілім!
Саяламай, сай таппай,
Не күн туды басыңа
Күні-түні жай таппай?
Сен жайыңа жүргенмен,
Қыз өле ме бай таппай?
Түн кезгенің мақұл ма,
Жан-жағыңа жалтақтай?
Өлермін деп жүрмісің,
Мұнан басқа жан таппай?
Сап-сап көңілім сап, көңілім!
Сабыр түбі – сары алтын.
Сабыр қылсаң жайыңды
Білер ме екен бакзатым?
Көңіл аулап сөз айтар
Арадағы тілхатым;
Ағын судай екпіндеп,
Лайы жоқ суатым.
Ауру да емес, сау да емес,
Құрыды әл-қуатым.

Сап-сап, көңілім, сап көңілім!
Сана қылма бекерге!
Сана қылғанмен пайда жоқ.
Дүние даяр өтерге,
Ажал даяр жетерге,
Хош, қыз алмын қойнына,
Бейнет көрмей, дәулет жоқ,
Әлі барып кетерге,
Оныменен бойыңа
Иман, дәулет бітер ме?
Адалдың сатсаң арамға,
Құдай қабыл етер ме?
Қыз сүйеді мені деп,
Оған көңіл көтерме!

Сап-сап, көңілім, сап көңілім!
Сарқа берме санасын.
Бәрін өзің білсең де,
Әлі-ақ өзің танасың.
Өртенесің, жанасың,
Өз-өзіңнен бейнетке
Өз басыңды саласың.
Қай мезгілде тайғыздың
Аюдайын ағасын.
Қатыны мен қалашын?
Қарсақ жортпас қара адыр,
Қарамай неге шабасың?
Сонда тәуір болса ма,
Ұстап ап біреу сабасын?
Киіміңді тонасын,
Елге де күлкі боласың.

Сап-сап, көңілім, сап көңілім!
Сағынышқа сарғайма!
Жәй жүрсең де қыз қумай,
Сені біреу қарғай ма?

Қыз іздесең, қалың бер,
Мұным ақыл болмай ма?
Көріп алсаң көріктіні,
Таңдап алсаң тектіні,
Сонда да көңіл толмай ма?

Егер адал жүргенде,
Тіпті жолың болмай ма?


Скачать


zharar.kz