Екі сөйлеу - ерге сын.
Мақсаты: Шындық ұғымының адамгершілік құндылық ретіндегі мәнін түсіндіру. Адалдыққа, шыншылдыққа тәрбиелеу.
Міндеттері:
- шындық ұғымының адамгершілік құндылық ретіндегі мәнін түсіндіру;
- адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру;
- адалдыққа тәрбиелеу.
Шаттық шеңбері.
Оқушылар шеңберге тұрып, оқулықта берілген М. Нәбиевтің Өмір деген… оқулықта берілген өлең жолдарын оқып талдайды.
Өмір деген - осы сенің жолдасың,
Онда сені аяласын қорғасын.
Сенде оның қадіріне жете біл,
Бір - біріңе жақын жолдас болғасын.
Өмір деген – ол бір нәзік тіршілік,
Таң сыйлайды,
Нұр сыйлайды күн шығып.
Қадіріне жете алмасаң желдіріп,
Саған қарсы ұмтылады жұлқынып.
Өмір деген – сенің жүрген іздерің,
Қоңыр салқын,
Жайма шуақ күндерің.
Егер оның білгің келсе қадірін,
Шаттығыңнан,
Жастығыңнан іздеген.
Әңгімелесу.
Бүгінгі өтіліп отырған тақырып жайлы ойлануға мүмкіндік туғызу мақсатында төмендегідей сұрақтар қойылып, балалардың жауаптары тыңдалады.
• Сөз бен істің бірлігі дегенді қалай түсінесіз?
• Жиі уәде бересіз бе?
• Уәде берерден бұрын ойланасыз ба?
• Басқалар уәдесінде тұрмаған кезде қандай сезімде боласыз?
Әңгімелесу әдістемелік тәсілі арқылы оқушылардың жаңа тақырып бойынша не білетіндерін, жеке көзқарастарын анықтап аламын.
Жаңа ақпарат.
Балалар әңгімелесу арқылы өз қорытындыларын жасайды, оқулықтағы жаңа ақпаратқа назар аударамыз. Оқушы берілген ақпаратты тек қана оқып, түсініп қана қоймай, сонымен қатар әңгімелесу әдісіндегі өз шешімі мен ойының дұрыстығын, тіпті болмағанда оның басқа нұсқалардың ішіндегі артықшылығын түсінеді. Жаңа ақпаратты мәтінге қарап оқушы өз жауабын тереңірек және жан - жақты қарастыруды ойластырады. Оқулықта берілген ақпаратты мұғалім оқып береді. Оқулықта берілген ақпаратты оқимыз. Оқулықта жаңа ақпарат айдарында төмендегідей ақпарат берілген:
Уәде - берілген серт, уағда, яғни адамның басқа біреуге берген әрекеттік шарты, сөзінде тұрудың белгісі. Уәде берместен бұрын жақсылап ойлану керек. Ал берілген уәде орындалуы тиіс. Уәдеде тұру жауапкершіліктің, тәртіптіліктің, адамгершіліктің белгісі. Уәдеде тұрмайтын адамда намыс болмайды. Халқымызда уәдеде тұру, екі сөйлемеуге ерекше мән беріледі. Сондықтан екі сөйлеу ерге сын деп айтылады.
Мәтінмен жұмыс.
Оқулықта оқып үйренейік айдарында Ж. Баласағұнның Құтты білік дастанынан алынған үзіндісі талқылауға арналған сұрақтарымен берілген. Ол сұрақтар оқушыларды мәтін бойынша талқылау жүргізе алуға мүмкіндік береді.
Естінің сөзі - хауаздың лебіндей есер,
Естердің сөзі - сүйреңдеп өз басын кесер
Тиянақ жоқ әсіресе қызыл сөзіңде,
Пәтуа жоқ көк мылжыңнан өзінде.
Айтар болса, әр ойыңды қадап айт,
Бір сөзіңді мың толғамға балап айт.
Бір сөзбен - ақ ұлы болып шығарсың,
Көп мылжыңмен күлкі болып шығарсың,
Әр сауалың асыл болсын жасындай,
Ауыр тисін диірменнің тасындай.
Надан - мылқау, даңқың қалар соңында,
Көзі нашар, соқыр - мылқау болса олар.
Басың болса, даңқың қалар соңында,
Ізің қалар, хатың қалар жолыңда.
Өсек - өтірік қор қылмасын тіліңді,
Телитін тіл санаңа әкеп білімді.
Білер болсаң, мен айтайын ашығын,
Тіл кесілсе, ес кетеді бірінен.
У менен тең зәрлі сөзі наданның,
Күйе - жала - қаны зұлым адамның.
Ойлы сөзді, құлақ құрышын қандырар,
Білім ғана, май құйғандай жандырар.
Қорға жұртты, қорғағандай арыңды,
Тіл тигіздің - байлағаның бағыңды.
Қалар атың мынау жарық жалғанда,
Қайырымды сөз, қайырымды ісің қалғанда.
Өлсең бір күн, күлге айналар тәнің де,
Сөзің қалар тілі бардың бәрінде.
Өсиет еттім сәулесі бар пендеге,
Зеріккеннен емес, түйгін зердеңе.
Ел аралап, сырын ашсам білімнің -
Сол ғана арман - мәні күн мен түнімнің.
Түпті білмеу - одан асқан сор болмас,
Білер болсаң - одан даңғыл жол болмас.
*Шығарманы оқыған соң қандай ой түйдіңіз?
*Мәтіннен ойламай сөйлеудің адамға тигізетін залалдарын тауып, түсіндіріңіз.
Дәйексөз.
Оқулықта Ине көзінен сынады, адам сөзінен сынады мақалы дәйексөз ретінде берілген. Дәйексөзді оқушылармен бірге талқылап, мағынасын түсіндіремін.
Тапсырма.
Оқулықта төмендегідей тапсырма берілген:
Төмендегі тірек сөздерді пайдаланып, Екі сөйлеу - ерге сын тақырыбында шағын әңгіме құрастырыңыздар.
Тірек сөздер: уәде, ант, серт, ар - намыс, шындық, азаматтық, қымбат, өмір, жеңіл, ой, пейіл, ниет, ақиқат, өтірік, ұят, абырой, артық сөз, мақтаншақтық.
Бұл тапсырманы орындау барысында оқушылар тақырып бойынша түйінді сөздерді пайдалана отырып, өз бетімен мәтін құрастырады. Тапсырманы топпен немесе жұппен орындауға болады.
Назар аударайық.
Сабақта өткен материалдарды тиянақтап, есте сақтап алу мақсатында оқулықта төмендегідей ақпарат берілген.
Сөзіңді жерге тастама. Жеңіл ойлылықпен уәде берме. Өз сөзіңе өзің ие бол. Сөзіңе, антыңа берік болуға жастайыңнан үйрен. Сөзіңе беріктік – өз мерейің, өз абыройың.
(В. А. Сухомлинский)
Шығармашылық жұмыс.
Оқулықта төмендегідей шығармашылық жұмыс берілген. Мен білетін ең әділ адам тақырыбында очерк жазыңыз.
Әңгімелесу.
Ойланайық, пікірлесейік айдарында берілген төмендегі сұрақтарға жауап беру арқылы оқушылар өз ойларын ортаға салып, өзгелердің де пікірлерін, көзқарастарын тыңдайды.
*Өз - өзіңізді алдаған кезіңіз болды ма?
*Болса, ондай кезде қандай сезімді басыңыздан өткіздіңіз?
*Адамдар неліктен өзін алдайды деп ойлайсыз?
Адам өзінің жалқаулығын, ерік - күшінің әлсіздігін бүркемелеу үшін түрлі сылтаулар іздеп, өзін - өзі алдайды. Өзін - өзі алдағанда адам бір сәтке көңілі орныққандай сезімде болады. Алайда мұндай өзіне көңілі толу адамға ешқандай жақсылық әкелмейді. Сондықтан өз ар - ұятыңның алдында адал болуың керек. Сол үшін өз еркіңді жетілдіріп, намысың мен ар - ұжданыңды барлығынан жоғары қоя білу маңызды.
Дәйексөз.
Өтірікші бірінші өзін алдайды мақалы сабақтың дәйексөзі ретінде түсіндіріледі. Дәйексөз оқып, талқыланады..
Мәтінмен жұмыс.
Шындық ұғымының адамгершілік құндылық ретіндегі мәнін түсіндіру мақсатында оқулықта Оқып үйренейік айдарында берілген М. Мақатаевтың Шындық туралы атты өлеңінімен таныстырады.
Шындық көзге шұқиды қашаннан да,
Шыбын жаның шындықтан қаша алған ба.
Ар ақиқат үкімі жалғанда,
Қолға тұрар ноқтасыз асаулар да.
Қолға тұрар қулар да, зұлымдар да,
Ат жалынан мал тапқан жылымдар да.
Арамзаны, ұрыны жұлып түспей,
Ақиқаттың алмасы суынған ба!
Шындық деген шымылдық біреулерге,
Қалқа қылып шындықты жүрер пенде.
Шымылдығын шындық кеп жұлып алса,
Шыбыны ұшып, бишара кірер жерге.
*Шығармадағы шындыққа қатысты сөз тіркестерін теріп алып, оның мағынасын түсіндіріңіздер.
Шығармашылық жұмыс.
Оқушыға тек қана ақпараттар беріп қана қоймай, өз бетімен ізденуге, теорияны өмірмен салыстыра қарауына көмектесу мақсатында оқулықта төмендегідей шығармашылық жұмыс берілген.
Өз құрдастарыңыздың арасында Өзіңді алдайсың ба тақырыбында сауалнама жүргізіңіз. Сауалнаманың қорытындысымен сыныптастарыңызбен бөлісіңіз.
Сахналау.
Оқулықта сахналау айдарында төмендегідей тапсырма берілген:
Төмендегі кейіпкерлердің қасиеттеріне сәйкес, өзара диалог құрастырып, Өтірікшіге сылтау көп…… тақырыбында шағын қойылым қойыңдар.
1. Уәде бергіш оқушы;
2. Ақталуға дайын тұратын оқушы;
3. Жалқау оқушы;
4. Жігерлі оқушы;
5. Адал оқушы.
Жүректен жүрекке.
Оқушылармен бірге үнтаспаға қосылып Б. Тәжібаевтың Асыл арман өлеңін орындайды.
Арманым, ақ сәулелі күнімбісің,
Әлдебір алаулаған гүлімбісің.
Әлдебір желпіп өткен самал ма едің,
Арманым, айтарым көп саған менің.
Қайырмасы:
Асыл арман, асыл арман.
Көгімде шалқып ұшқан құсым ба едің.
Асыл арман, аспанымда жарқылдаған
құсым ба едің.
Мен сенің құдіретіңе, мен сенің
құдіретіңе түсінбедім.
Арманым, құздан құлар бұлақпысың.
Әлдебір күлімдеген шырақпысың.
Әлдебір албыраған ай ма екенсің,
Арманым, айтшы маған қайда екенсің?
Қайырмасы:
Асыл арман, асыл арман,
Көгімде шалқып ұшқан құсым ба едің.
Бұл өмірде, бұл өмірде,
Мен жайқалған алау гүлмін,
Арманым, күнде сені, арманым күнде сені
іздеп жүрмін